Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 6917 0 пікір 16 Қараша, 2016 сағат 08:35

ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ҚАЙТСЕК САҚТАП ҚАЛАМЫЗ?


Республикалық "Айқын" газетінің соңғы сандарында Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин белгісінің иегері Әділхан ДҮЙСЕБЕК-тің "Тәуелсіздікті нығайтудың" тетіктері деген мақаласы жарияланды. "Мәңгілік ел" болу жолына түскен Қазақстан тәуелсіздігін сақтап қалудың тетіктерін жіпке тізген материалдың айтары мол. Сол себепті де аталған мақаланы толығымен Abai.kz ақпараттық порталы оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз. 

Елбасы Н.Назарбаевтың тәуелсіз­дігіміздің тұғырын нығайтып, түтінін түзу ұшыруға бағытталған сындарлы саясаты мен жанкешті еңбегінің, көш бастаған қазақ ұлтының асыл қасиет­терінің арқасында экономикалық-әлеу­меттік дамудың іргетасын қаладық, халықаралық аренада беделді, іргелі мем­лекетке айналдық. 

Постиндустриялық өркениетке өту­ге байланысты адам капиталы қо­ғам­ның орнықты дамуының басты ло­ко­мотивіне айналды. Адам капиталы – бұл сапалы білім мен ғылым, инно­вация, креативті еңбек ресурстары, өмір сапа­сы. Адам капиталы – үдемелі даму­дың тетігі, өздігінен еселеніп пай­да бе­ретін фактор, оған салынған ин­вес­ти­цияның қайтарымы өндірістегі қай­та­рымнан 3 есе көп. 

Қазіргі жоғары дамыған елдер өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап ішкі ресурстардың 70 пайызын адам капи­талын дамытуға жұмсай бастаған. Көп ұзамай бұл қуатты ресурс жан-жақты және жедел өркендеудің пәрменді драй­веріне айналып, сол мемлекеттер адамзат өркениетінің алдына шықты. Біріккен Ұлттар Ұйымы мәліметтері бо­йынша АҚШ, Финляндия, Германия, Жапония және Швейцария елдерінде ұлттық байлықтың 80 пайызы адам капиталы есебінен жасалады. Салыс­тыр­сақ, Ресейде оның үлесі 14 пайыз ғана, қалған 72 пайызы табиғат ре­сурс­тарын пайдалану, 14 пайызы фи­зика­лық өндіріс есебінен жасалады екен. Өз еліміздегі осы көрсеткіштер бо­йынша мәліметтерді кездестірмедім.
Қазақстан Адам дамуының индексі бойынша (ұзақ ғұмырлық және ден­саулық, білім беру, жан басына шақ­қандағы ішкі жалпы өнім көрсеткіш­тері) әлемде 56-орында. Бәсекеге қа­білеттіліктің ғаламдық индексі бойынша еліміз 53-орында. Бұлар, әрине, ТМД елдері арасында жаман көрсеткіш емес, бірақ Елбасы белгілеген меже­ден төмен, 30 дамыған елдердің қа­тарына ену міндеті үшін жеткіліксіз.
Әлемдік тәжірибені зерделей келе еліміздің даму қарқынын жоғарылата түсу үшін Адам капиталын дамыту ұлт­тық тұжырымдамасы қажет деген ойға келдім. Бұл тұжырымдама Қазақстан­да адам сапасын арттыру саясатының өзегі, бағыт-бағдарымыздың темір­қазығы, халықтың ынта-жігерін арт­ты­рып, мемлекеттік органдар мен ұйым­дарды бір мақсатқа жұмылдыратын идео­логиялық құжат болар еді. 
Адам капиталын дамытудың ең пәрменді факторы халыққа сапалы бі­лім беру екені даусыз. Білімді халық­-тың ғана – еңбегі ұтымды, мәдениеті жоғары, өмірі салауатты. Білімді адам­ның ғана – рухани дүиесі бай, рухы жоғары, өресі кең, мақсаты биік. Кері­сінше, білімі сапасыз, мәдениеті төмен, елжандылығы таяз халықтың ісі бере­кесіз, еңбегі өнімсіз, қаржылары шығын.

Статистикалық зерттеулердің ата-сы атанған американдық экономист Эдвард Денисонның мәліметтері бо­йынша, егер акционерлік капиталға салынған инвестицияны 10 пайызға көбейту еңбек өнімділігін 3-4 пайызға арттыратын болса, білім беруге бөлі­не­тін инвестицияны осыншама көбейту еңбек өнімділігін 8,6 пайызға ұлғайтады. 

Сондықтан адам капиталын да­мы­тудың ұлттық тұжырымдамасының бас­ты қағидаларының бірі – білім беру саласына салынатын инвестицияны ұл­ғайту. 

Елбасы Н.Назарбаев 2014 жылғы «Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақ­-стан халқына Жолдауында Эконо­микалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің стандарт­тарын ендіру туралы тапсырма берді. Білім беруді осы деңгейге көтеру ең ал­дымен осы салаға тиісті дәрежеде инвестиция салу арқылы мүмкін бо­лары анық. Дүниежүзілік банк мәлі­меттері бойынша, ЭЫДҰ-на кіретін мемлекеттер білім беруді дамытуға ел­дің ішкі жалпы өнімінің 5,5 пайызын бағыттап отырса, өкінішке қарай бұл көрсеткіш біздің елімізде 3,1 пайыз 
ғана (2015 ж.). Мұғалімдердің орташа жалақы­сы елдегі қызметкерлердің ор­таша жалақысынан АҚШ-та – 1,3 есе, Германияда – 1,4 есе, Оңтүстік Ко­реяда – 1,5 есе, ал Жапонияда 2,4 есе көп. Орташа алғанда ЭЫДҰ елдерінде білім беру жүйесі қызметкерлерінің жалақысы елдегі орташа жалақының 79 пайызын құрайды, ал Қазақстанда – 62% ғана. 

Финляндияға барған іс-сапары­мыз­да елдің Білім және ғылым вице-ми­нистрімен кездесудің сәті түсті. Елдің даму деңгейіне таңданып, «мұның сыры неде?» деген сұрақ мазалай бер­ген. Осы сұрақты вице-министрге қой­дым. Сонда ол: «Осыдан 30 жыл бұрын Финляндия барлық тұрғыда депрес­сияда болды. Сол кезде көрнекті тұлға­ларымыз, ел ағалары «не істеу керек, елді тығырықтан шығарудың басты тетігі неде?» деп жан-жақты ақыл­дасқан. Нәтижесінде «мұғалім дәре­жесін көтеру керек, мұғалім – ха­лық­тың қалың ортасында жүрген тұлға, ол көтерілсе, соңынан жас ұрпақ, бүкіл халық көтеріледі» деген тұжырымға келді» деп жауап берді. Мемлекет эко­номикалық қиындықтарға қарамас­тан, елдің басты табиғи байлығы орман шаруашылығынан түсетін қаржыны білім беруді дамытуға, мұғалімнің мәр­тебесін көтеруге молынан жұмсаған. Ауқатты адамдар да байлықтарын жеке пайдасына емес, отандастарын дамы­туға, олардың білім алуына, денсау­лы­ғын жақсартуға инвестициялаған. Білім беруді дамытуға бөлінетін қаржы ІЖӨ-нің 6,8 пайызына дейін көбейтіліп, 7,4 млрд евроға жеткізілді. Нәтижесінде мұғалімдік қызмет елдегі ең мәртебелі қызметтер қатарына қосылды, ең үлкен бәсеке педагогикалық оқу орнына тү­суге – орташа бір орынға 12 адамға де­йін. Педагог қызметкерлер айлығы – 2,5-5,0 мың евро шамасында. Мұға­лімдік – еркін және қорғалған маман­дық. Бағыныштылық тәртіп, қағаз­бас­тылық, тексерулер жоқ, яғни мұғалімге толық сенім білдірілген, шығар­машы­лықпен, өз әдістемесімен жұмыс істеуге шек қойылмайды. Себебі, әрбір мұғалім өз мамандығын аса қадір тұтатын, өз­дігінен ізденуші, жоғары дәрежелі ше­бер. Бастауыш мектепте тек магистр­лер сабақ береді. 
Осылай білім беруді дамыту, мұға­лімді көтеру арқылы аз уақытта ел кел­беті де танымастай өзгерді. 
Дүниежүзілік экономикалық форум (WEF) халықаралық еңбек ұйымы, ЭЫДҰ және Mercer Human Resource Con­sulting компаниясымен бірлесе оты­рып 2015 жылы адам капиталы да­муының рейтингін шығарды. Рейтинг білім беру және кәсіптік дайындық, денсаулық, дене және психологиялық хал-ахуал, жұмыспен қамту, құқықтық қорғау және әлеуметтік ұтқырлық де­ген төрт топтан тұратын 46 көрсеткіш бойынша шығарылды. Осы рейтингте 85,78 индекспен Финляндия көшбас­-шы орын алды, одан соң – Норвегия (83,84), Швейцария (83,58), Канада (82,88), Жапония (82,74), т.б. мем­ле­кеттері.
Өткен ғасырдың ортасында қыл­мысы бойынша рекордтық көрсет­кіштерге жеткен Финляндия – қазір адам басына шаққанда полиция қыз­меткерлерінің саны ең аз мемлекеттің бірі. Сөйте тұра ең қауіпсіз, қылмыс жа­сау деңгейі әлемдегі ең төмен ел­дер­дің қатарында. Бұл елде сағат 15-16 ке­зінде қараңғы бола бастайды, бірақ ата-анасы кішкентай балаларының мек­тепке өзі барып келуінен қауіп­тен­бейді. Жемқорлық жоқ. Transpa­rency International ұйымының мәлі­меттері бойынша, 2011-2015 жылдары Фин­ляндия жемқорлықтан тазалық жөнінен әлемдік рейтингте Дания, Жаңа Зе­лан­диямен қатар алдыңғы үштікте. 

Осы мәліметтердің бәрін зерделей отырып келген қорытындым – Фин­ляндия табиғи ресурстары аз болса да, білім беруді дамыту арқылы, адам ка­питалын молайтып, нәтижесінде ор­нықты даму жолына түскен, болашағы үшін сенімді мемлекет. 

Адам капиталын дамытуға екі түрлі көзқарас бар. Оның бірі – неотех­но­кратиялық, бұл жоғары технологиялар мен инновациялық, ғылыми іс-әре­кет­терді басым пайдалану, екіншісі – гу­ма­нитарлық-экологиялық, бұл адам­-ның рухани потенциалын дамыту және табиғат пен адам арасындағы үйлесім­ділікті қолдау. Прогрессивті адамзат осы екі бағытты үйлестіре отырып, даму жолын таңдап отыр. Екеуін қатар алып жүргенде ғана адами капитал адамзат үшін құнды және оны алға жетелейді. 
Соңғы екі жарым ғасыр бойы да­мы­ған индустриялық қоғам адамзатты ғажайып ғылыми-техникалық және технологиялық жетістіктерге жеткізді. Алайда осыған пара-пар адамдардың дүниетанымына, денсаулығына, пси­хологиялық хал-ахуалына, қоршаған ортаға зиянды факторлар қаулап кө­бейді. Табиғат та, адам жаны да эколо­гиялық дағдарысқа ұшырады. Жер ресурстарын ашкөздікпен пайдалану, зиянды өндіріс қалдықтары, тех­но­ген­дік авариялар адамға, қоршаған ортаға аса үлкен зардап келтіруде. Рухани құн­дылықтардан алшақтау, әлеуметтік стра­тификация, дүниеқоңыздық, жем­қорлық, зорлық жасау құбылыстары асқына түсуде. Халықаралық экстре­мизм мен ланкестік бүкіл адамзаттың, планетаның қауіпсіздігіне қатер төн­діретіндей деңгейге жетті. Бұл проб­ле­малардың ешқайсысын қаржы бөлу­мен, қысқа уақыттық іс-шаралармен, жазалау жолымен толық шеше алмай­тынымызға көзіміз жетіп отыр. 
Адамзат қазір Абай атамыздың:
Ақыл мен қайрат жол табар, 
Қашқанға да қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз,
Біте қалса қазаққа,
Алдың жалын артың мұз,
Барар едің қай жаққа? – деп өз за­манында-ақ болжаған рухани дағда­-
рыс жағдайында тұр.
Материалдық құндылықтар – адам­ның тән қажеттіліктері, ол жанған от сияқты, тойымсыз, затты қосқан сайын, қажеттілігі артып, лаулай түседі. Мате­риалдық дүние – алдамшы, тойымсыз, оған әсіре елігу – адамды аздыруға, тоз­дыруға бастар жол. Ал рухани құн­дылықтар – адамның жан қажетті­ліктері, рухани байлық – шынайы, мәңгілік байлық, ол адамзатты адал­дандырып, жасампаздыққа жетелейді. Ұлы тұлғалардың рухани мұрасын ғана адамзат жүздеген, мыңдаған жылдар ұмытпай, қастерлеп келеді. 

Осы дағдарыстан шығудың жолы – білім мазмұнының рухани-адамгер­шілік қуатын арттыру.
Білім беру постмодернизм фило­со­фиясы мен синергетикалық тәсілдеме негізінде, яғни материалдық және ру­хани дүниенің, адам, қоғам, табиғат, космостың біртұтастығы мен коэво­лю­циясы аясында трансформациялануы тиісті. Соның негізінде білім берудің құндылықтары мен мақсаты да өзгеріп, ол адамның физикалық, әлеуметтік және рухани құраушыларын біртұ­тастай дамытуға ауысады, футуристік, гуманистік-ноосфералық сипат алады. 

1982 жылы физиология мен ме­ди­цина саласындағы аса көрнекті амери­калық маман Уильям Парри Мерфи адам миының екі жартышары ара­сындағы ассиметрия саласындағы ғы­лыми еңбектері үшін Нобель сый­лы­ғына ие болды. Ол мидың сол жақ жар­тысы рационалдық-логикалық ой-өрісті, прагматикалық дүниетанымды қалыптастыратынын, оң жартысы адам­ның гуманистік дүниетанымын, позитивті эмоциясын, интуициясы мен шығармашылық қабілеттерін реттей­тінін дәлелдеген. Дана тұлғалар – миы­ның екі жартышары теңгермелік түрде дамыған адамдар. 

Осы кезге дейін үстемдік құрған ньютондық-дарвиндік классикалық ғылымға негізделген білім беру адам миының сол жақ жартышарын да­мытуға біржақты бағытталып келсе, бо­лашақтағы білім беру жүйесі адам миының оң жақ жартышарын дамыту арқылы оның рухани күш қуаты мен шы­ғармашылығын өсіретін жаңа дең­гейге көтерілуі тиісті. 

Мұның жолы қандай? Абай ата­мыз: «Білімдіден шыққан, сөз талап­-тыға келсін кез. Нұрын, сырын көруге, көкірегінде болсын көз». «Жүректің көзі ашылса, хақтықтың түсер сәулесі. Іштегі кірді қашырса, адамның хикмет кеудесі» деген емес пе? 
Данышпан 31-қара сөзінде:
«Ақылмен ойлап білген сөз,
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз,
Бар тамырды қуалар», – десе, тағы бірде, «Ақылға сәуле қонбаса – хай­уанша жүріп күнелтпек» деп, білім мен тәрбиенің адам жүрегінің түбіне те­рең бойлау арқылы ынта мен ма­хаб­бат сезімдері арқылы берілсе ғана құн­ды­лыққа айналатынын, сондай ақыл ғана адамның адамдығы екенін айтқан. Ең бастысы осындай білім ғана заттық дүниенің тар қапасынан, рухани дағ­дарыстан алып шығып, адамзатты жа­сампаздыққа жетелейді. 

Қазіргі ғылым адам ДНК-сының күн сәулесінің спектрлерін де, музыка сазын да ажырататынын дәлелдеп отыр. Бұл музыканың жаратушының адамды дамыту үшін берген күн сәу­лесімен бірдей айрықша құрал екенін көрсетеді. Оның адамның жүрегін тол­қытып, жан дүниесін байытатын, рухын асқақтататын қуаты да осыдан. 

Кореяда гүл бағында клас­сикалық музыка үздіксіз ойналып тұ­ратынын көрдім, «себебі, осындай му­зыкамен гүл әдемі және шыдамды бо­лып өседі, нәтижесінде Корея бүкіл әлем елдеріне, тіпті Голландияға да гүлді экспорттайды» деп түсіндірді мұндағы мамандар. 

«Көңіліңіздің қошы болса, сонда ол ақылыңызды да көркейтеді, сезімдік арналарыңызды ашып, нәтижесінде жақсы ойлар ойланылады, жақсы сөз­дер сөйленеді, жақсы істер атқарылады. Ал хошы жоқ көңіл – нұрынан айы­рыл­ған көзбен бірдей. Ол ақылды да соқырландырады» деп жазады белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. 

Осы себептерге байланысты мек­тептің алғашқы сыныптарында бала­ның зердесіне артық салмақ түсіре­тін ғылыми пәндерді, ауыр тапсыр­ма­ларды көбейтудің қажеті жоқ деп ой­лаймын. Шетел тілін білу – заман қа­жеттілігі, адамның мәдени деңгейінің көрінісі. Бірақ оны үйрету сағат сан­дарын көбейту есебінен емес, оқыту­-дың озық әдістемесін қолдану есебінен жүргізілгені орынды. Бұл орыс тілді мек­тептерде қазақ тілін оқытудың осы кезге дейінгі тәжірибесінен көрініп отыр. Бастауыш мектептің міндеті – баланың сезім арналарын, көкірек көзін ашу, талабын ұштау, ынта-ықы­ласын ояту, көңіл хошын келтіру. Бұл үшін керегі – ана тілі, өнер, еңбек пән­дері. Сонда ғана болашақта бала шетел тілін де, ғылымды да оңай игереді. Дом­бырада күй ойнау үшін алдымен оны саздау керек емес пе? Дұрыс саздалған домбыра ғана көңілдің күйін шертеді, сөйтіп ғажайып симфонияға ұласады. 
Адам капиталын дамыту ұлттық тұ­жырымдамасының келесі мәселесі – жастарымыздың әлеуметтік бейнесі, олардың өмірде өз орнын табуы. 

Бүгінгі жастарымыздың әлеумет­тік бейнесін «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қа­лан» деген Абай атамыздың өсиет­терімен зерделеп қарайықшы. 

Ішкен асы мен киген киімін көбі­рек ойлайтын «әсемпаз» жастарымыз баршылық. Заман ағымына ілесіп «өнер­паз» болып, білімі мен біліктілігі, адами қасиеттері арқасында биіктен көрініп жатқан, ел басқаруға, иннова­циялық экономиканы дамытуға атса­лысып жатқан жастарымыздың қатары көбейіп келеді, олардың өркені өсе берсе екен деп тілейміз. Алайда біз басым көпшілік жастарымыздың қа­зіргі тез дамымалы өмірге, өзгермелі ортаға «кірпіш болып қалана алмай» жүргеніне басымырақ басымызды ауырт­қанымыз жөн болар? Себебі, бұл тек «олардың проблемасы емес», «өз­дері кінәлі» деп көз жұматын құбы­лыс емес, ұлттық адам капиталының өткір мәселесі.

Талдау жасап көрсек, ЕЫДҰ ел­дерінде кәсіби білімі бар адамдардың тек 5,1-ы жұмыссыз. Ал Қазақстанда жоғары білімі бар мамандар арасын­дағы жұмыссыздар үлесі 2011 жылы 20,9% болса, 2015 жылы олардың үлесі 25,9%- ға дейін өскен. 

Менің ойымша, мұның басты үш себебі бар, бірі – білім беру мен еңбек нарығы арасындағы үйлесімсіздік, екіншісі – кәсіптік білім беру сапа­сы­ның төмендігі, оның ішінде түлектер­-дің практикалық қабілеттерінің қа­лыптаспауы, үшіншісі – жастардың жұмысқа орналасуына мемлекеттік қам­қорлықтың, қолдау көрсету жүйе­сінің осалдығы. 

Ел азаматтарын, оның ішінде жас­тарды жұмыспен қамту және олардың еңбек өнімділігін арттыру – мемлекет әлеуетінің басты көрсеткіштерінің бірі. Польшада түлектерді жұмысқа қа­былдаған кәсіпорындарға мемлекет жас маманға әлеуметтік қолдау көрсету, мамандығын жетілдіру мақсатында арнайы қосымша қаржы бөледі. Нә­ти­жесінде ешбір түлек жұмыссыз қалып қоямын деп уайымдамайды. Германияда жұмысқа орналастыру кеңестері қыз­мет атқарады, олар соңғы курста оқу орнына келіп тегін түрде кәсіптік бағ­дарлау жұмыстарын өткізеді, жұмысқа орналасу үшін қажетті кеңестер береді, жас мамандарды практикадан өткізеді. Нәтижесінде, жоғары оқу орнын бітір­гендер арасындағы жұмыссыздық тек 5% ғана. Жапонияда үлкен компания­ға қабылданған түлектердің басым көп­­шілігімен сол жерде өмір бойы жұ­мыс істеу жөнінде келісімшарт жа­са­лады, компания есебінен барлық әлеу­меттік пакет беріледі, маманды­ғын же­тілдіріп отырады.

Біздің елімізде кәсіптік оқу орнын жаңа бітірген түлектерді «еңбек өтілің жоқ» себепті жұмысқа алмайтыны ту­ралы дабыл Парламент қабырғасында да қағылғанын білеміз. 

Сондықтан тұжырымдамада білім беру жүйесі мен еңбек нарығының сұ­раныстары арасындағы үйлесімділікті күшейту, оқу орындарында өндірістік практиканы ұйымдастыру, мемлекеттік грантқа оқыған түлектердің міндетті түрде жұмысқа орналасуы үшін жауап­кершілік жүйесін жасау қажет, олай етпесек, кәсіби білім алудың қадірі ке­тіп, мемлекет қаржысы босқа шығын­далып, дипломды жұмыссыздардың қатары көбейе бермек.

Ғаламдану дәуірінде ұдайы мем­лекеттік назарда ұстайтын тағы бір маңызды мәселе – жастарымыздың ел болашағына сенімділігі, патриоттық сезім дәрежесі.

Ақпараттық ашық қоғам, экономикалық дағдарыс, жұмыссыздық, ел ішіндегі жемқорлық және басқа келеңсіз құбылыстар жастардың өз болашағына деген сенімін азайтып, шетелге кету үрдісін күн санап көбейтіп бара жатқан жоқ па? Жастары елжанды болмаған ел – іргесі сөгіле бастаған ел.
Қазір Шығыс Қазақстан облысы мектептерін бітіріп Ресей оқу орын­дарына түсетін, сол жақта қызметке қалатындар саны түлектердің жарты­сына жетіпті, басқа іргелес облыстарда да жағдай осындай болуы мүмкін. Мұның бір себебі – Ресейдің универси­теттерінде грант көп, бітірген соң жұмысқа орналасуға мүмкіндік мол. 
Білім мазмұнын адамның тек интеллектін, практикалық дағдысы мен ұтқырлығын дамытуға бағыттау – келешек жақсы орындаушыны қалып­тастыру деген мақсат. Бұл қай елден болсын білікті маманды, жақсы орын­даушыны іздеп жүретін трансұлттық компаниялардың, бизнес алпауытта­рының мүддесіне сай, тіпті олардың тапсырысы болуы да мүмкін. Егер адамның бұл қабілеттері іргелі біліммен, елжандылықпен, рухани құндылық­тармен көмкерілмесе, ондай білім алған адам келешек өз еліне қызмет етуден гөрі, легионер болып, шетелде пайда тапқанды дұрыс көруі мүмкін.
Көпшілік жастар арасында мар­гиналдану, зорлық-зомбылық жасау, ақша бопсалау, суицид жасау оқиға­лары, агрессивті топтар мен діни ағымдарға ену үрей тудыратын деңгейге жетті. Бас прокуратураның мәліметі бойынша 2015 жылы жастар арасында 201 суицид жасалған, 485 суицид жасауға әрекет­тенгендер тіркелген. ЮНИСЕФ және Дүниежү­зілік ден­саулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, Қазақстан жасөспірімдер арасында осы аса қа­терлі құбылыстың саны жағынан әлемдегі ең алғашқы орындардың бірінде. Соңғы айдың өзінде екі суицид тіркелді: Семейде 20 жасар қыз пойызға басылып өлді, Қарағандыда жоғал­­ған 25 жасар қыз асылған күйінде табылды.
Осындай ауруларды жасырсақ, тек асқындырамыз, ал асқынған аурудың арты не болары белгілі. Біз «жақсы­мызды асырып, жаманымызды жа­сыруға» дағдыланып алдық. Бірақ адамзат қоғамы – синергетикалық жүйе. Оны жүйенің ішкі заңдылықтары өздігінен реттейді, жабулы күйінде қала бермейді. 
Тәрбиелеуден үнемделген қаржы­ның түрмені қаржыландыруға кететінін есте ұстаған жөн. Полицейлерді жақтағанымыздан гөрі, ұстазда­рымызды мақтағанымыз дұрыс болар.
Тұжырымдаманың келесі мәселесі – ел азаматтарының рухын көтеру. 
Қадыр Мырза Әлі ағамыздың «Байлығы көп елге, саудагерлер қаптап кетеді», «Рухы жоқ елді, кім-көрінген таптап кетеді», «Рухсыз халық – ырық­сыз халық» деген сөздері бар. Дана ақы­нымыздың осы тағылымды тұжы­рым­дары Қазақ елінің қазіргі жаһандану заманында еске ұстайтын қағидасы болса керек. Біздің ұлтымыздың бас­қа да жоқ асыл қасиеттері көп. Бірақ біз өз-өзімізді жеткілікті бағалай білмей­міз, өз-өзімізге сенімділігіміз аз, жал­тақ­­­тығымыз басым, басқаларға бас июге қалыптасып қалғандаймыз. Бұл біз­дің ең қымбат құндылығымыз ана тілімізге деген қатынасымыздан, бір сөз қазақша сөйлесек, кінәлі болғандай, жан­таласа екінші сөзді орысша айта­тындай қазіргі бейбақ күйімізден көрінеді.
Жас жеткіншектеріміз Абылайдың айбарынан, Махамбеттің отты өлең­дерінен, Құрманғазының қуатты күйлерінен, Бауыржанның қайсар­лығынан қайрат алуы тиісті, сонда ғана олар еңсесі биік, рухы жоғары, ерік-жігері мол, талабы таудай елжанды тұлға болып қалыптасады. 
Дулат Бабатайұлы:
Ту ұстап тұлпар жаратпай,
Алдынан топ таратпай,
Елді аузына қаратпай,
Жай отындай оқ атпай,
Анадан тудым дегенмен,
Бастамаса ел, ұлан ба? – деп қай­раған екен намысымызды. 
Ұлтымыздың абыройын төгетін, алтын жағасын сөгетін ынжық ылаңдар емес, ерлік пен өрліктің дәстүрін жалғастырар, қатарынан оза туған қол бастар ұландар керек бүгін бізге.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Жас­тарымыз салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай бағып жүретін, көптің көкейіне үміт отын жағып жүретін, адамзаттың озық ой көгінде ағып жүретіндей болуы тиіс» деген үкілеген үміті мен ақ сенімін ақтайтындай жастар керек бізге. 
Қазақ киностудиясы түсірген фильмдер адамның еңсесін еңкейтетін жұпыны көріністерді, қайғылы оқи­ғаларды, жылау-сықтауды көрсетуді дәстүр етіп алған. Грузин, өзбек фильм­дерінде өз кейіпкерлерін қайсар, өжет етіп көрсетеді. Тек Ақан Сатаевтың «Мың бала» фильмі қазақ жастарының рухын көтерген айрықша фильм болды, оны көрген жастар ата-бабаларының ерлік тарихынан қайрат алып, жігер­ленді, көздеріне жас алды, тік тұрып қол соқты. Бізге керегі де осындай тамаша туындылар. Қазақ телеарнала­ры мен киноэкрандарын бөтен елдер­дің адамның сана-сезімін төмендететін, еріккеннің ермегіндей арзанқол фильмдері жаулап барады. «Өнердің ішіндегі бізге ең керегі – кино» деп Ленин оның ең пәрменді идеологиялық қару екенін ескергеннен айтса керек. Осыны біз де түсінсек игі еді. 
Рухымызды көтеру үшін спортта жеңістер керек, көк туымыздың жел­бірегені керек. Шабуылдаудың орнына қорғаншақтап, допты алға емес, артқа тебу – біздің футбол командаларының ауруы. Мұндай жасықтық пен жігер­сіздік бізді қалайша жеңіске жеткізбек. Кейбір футбол командала­рының қаржыны шығындап, абыройымызды төкеннен басқа бітірері жоқ. Ал негізі­нен, қазақ жігіттерінен тұратын был­ғары қолғап шеберлерінің командасы абыройымызды асқақтатып жүргеніне қуанамыз.
Қазіргі теледидар мен әлеуметтік желідегі жиі көреріміз «жұлдызда­рымыз» – жас әншілер. Оған еш қарсы­лық жоқ. Азаматтық тұлғасымен жастарға өнеге болып жүрген өнер­пазда­рымыздың қоғамда өз орны бар, мәдениет саласындағы жап-жақсы ұлттық жобаларымыз да солардың еңбегі. Бірақ ұлағатты ұстаздарымыз бен еңбек адамдары, ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымыз жастардың көлеңкесінде көмескіленіп қалған жоқ па? Айтқан сөзі мен істеген ісіне, азаматтық ұстанымына қарап үлгі тұтатын рухани көсемдерімізді, тау-тұлғаларымызды, ұлттық абыздары­мызды қоғам төрінен көбірек көрсек-ті.
 «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қазақта ғана бар қағиданы бұзып, жемқорлыққа салынып, абыройынан айырылған қызметкерлер қандай үлгі? (Жемқорлық рейтингісінде еліміз 126-орында). Қылмыскерлік пен жем­қорлық жайлаған елде адам капиталы өз пайдасын бере алмайды. Тіпті шетелден әкелінген жоғары сапалы адам ресурстарының өзі мұндай ортада күтілген нәтиже бермейді, деградацияға ұшырайды.
Осының бәрі еліміздегі адам сапасының көрсеткіштері, ал оны түземей алға басу жоқ. Сондықтан болашақ ел тағдырын, ұлт қауіпсіздігін шешетін осындай мәселелерді зер­делеп, ұлттық тұжырымдамаға арқау етіп, кешенді іс-әрекеттер жасалса деп ойлаймын.
Тұжырымдамадағы ендігі басымдық – ұлттық құндылықтарымызды, рухани ядромызды сақтау. 
Бар ғаламның құрылысы бірдей екені бәрімізге мектептен мәлім. Әр дүниенің өз ядросы бар. Ядро – сол дүниенің бар асылын жинақтаған субстансасы, өзегі, ол бұзылса дүние жоғалады. Қазақстан қоғамының ядросы – қазақ ұлты, ал қазақ ұлтының ядросы – оның тілі, тарихи және рухани құндылықтары, олардан айырылсақ, жүйелі дағдарысқа кіреміз, іргеміз сөгіледі. Қазіргі ғаламдану кезеңінде сол ядроны бұзуға, яғни, ұлт сапасын әлсіретуге сырттан әрекеттер жасалу қаупін де ескеру керек. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі.
Махатма Ганди «Басқа елдерден келген желдің соққанына қарсы емеспін, бірақ олар есігімізден де тереземізден де кіріп, өз аяғымызға тұра алмайтындай жағдайға ұшыраудан сақтандырамын» деген екен. 
Финляндия, Оңтүстік Корея, Жа­пония, Сингапур, Қытай мемлекет­терінің ерекше қарқынды даму феномені адами капиталдың рухани құраушысын басшылыққа алуымен түсіндіріледі. Бұл елдерде мыңжылдық рухани қазыналарға, адалдыққа, ұлттық дәстүрлерге, еңбекқорлыққа, отбасы мәдениетіне, ілтипаттыққа негізделіп құрылған адам капиталы сыйқырлы таяқшадай тез арада фантастикалық нәтижелер берді. 
Оңтүстік Кореяда болған екі апта уақыт аралығында кәрістердің өз ана тілін, дәстүрлерін, тарихын қалай қа­дірлейтінін көрдік. Ата-анасы мұға­лімді қадірлеуді балаларының санасы­на жастайынан құяды, сондықтан ұстаз мәртебесі өте жоғары. Қаптап, әр бұрышта аңдып жүрген полиция қыз­меткерлері жоқ, бірақ тәртіп бұзыл­майды, тазалаушы жоқ – тазалыққа таңғаласың. Адам сапасы жоғары болған жерде, артық шығындар осылай қажеті болмай қалады. Өз халқын ғана емес, дамушы елдердің мыңдаған адамдарын оқытып, жұмыс тауып беріп отырғанына риза болмасқа шараң жоқ. Жері тар, қазба байлығы жоқ болса да жан-жағына жалтақтамайды, басқа­ларға табынбайды. Еңбек адамына жағдай туғызу, ұлттық құндылықтарын қадірлеп, білім мазмұнына арқау ету арқылы инновацияны игеріп, орнықты даму жолына түскен ел бұл.     
Адам сапасын көтерудің тағы бір шарты – өмір бойы білім алуға жағдай жасау.
Білім берудің идеологиясы мен стратегиясын анықтау аса жауапты іс, мұнда қателік жасау – бірнеше ұрпақ­тың обалына қалу деген сөз. Мысалы, бұдан он шақты жылдар бұрын жоғары оқу орындарының заңгерлер мен экономист, қаржыгерлерді қаптатып даярлауы нәтижесінде, қаншама жастарымыз жұмыс таппай сенделіп қалды.
Білім беру стратегиясы шағын топтың шешімімен емес, зиялы қауымды кең қатыстырып, ғылыми-философиялық негіздерді басшылыққа алып, тамыры терең дәстүр мен инно­вацияның оңтайлы ара-қатынасын сақтай отырып қана құрылуы тиісті. 
 Қазір технология мен техниканың жаңару кезеңі 4-5 жыл, ал дамыған елдерде тіпті 2-3 жыл ғана. Иннова­циялық технологияға негізделген өндіріс орындарының үлесі Герма­-нияда – 73%, Бельгия, Дания, Ав­стрияда 60%. Экономиканы ұйым­дастыру теориясы саласындағы ірі ресейлік экономист-ғалым Б.Миль­нердің мәліметтері бойынша, заманауи технологиялармен ұтымды жұмыс істеу үшін маман өз жұмыс уақытының 15-20% біліктілігін көтеруге бөлуі тиісті. Индустриялық қоғам дәуірінде адам алғашқы 20-25 жылында алған білімі өміріне тұтастай жететін болса, қазіргі өзгермелі қоғамдық орта адам өмір бойы білім алғанда ғана табысты бола алады. 
Осындай жаңа жағдайлар мамандар дайындау және біліктілікті жетілдіру жүйесін айтарлықтай өзгертуді талап етеді. 
Білім беру деңгейлерінің арасын­дағы мазмұндық және құрылымдық сабақтастықты нығайту қажет. Жоғары сыныптарда оқылған жалпы пәндерді бірінші курста қайталамай орнына кәсіби арнайы пәндерді оқытқан, өндірістік практика көлемін арттырған тиімді болар еді. Мектеп оқушыла­рының соңғы сыныптардағы оқу же­тістіктеріне, бейімділіктеріне мони­торинг жасай отырып және мектеп бітірердегі академиялық бағалау тесті (бұл тәжірибе АҚШ-та SAT – Scholastic Assessment Test) деп аталады) қоры­тындыларын ескере отырып жоғары оқу орындары үміткерлерді өздері таңдап шақырып, емтихансыз грант беретін жүйені балама ретінде қол­дануды ойлансақ. Бұл түлектердің ынтасын, білім сапасын жақсартқан, оқу деңгейлері арасындағы сабақ­тастықты арттырған болар еді. 
 Креативті адам капиталын қалыптастыру үшін қазір оқытудың формальды, яғни, институттық жүйесі жеткіліксіз, адамның өзі әртүрлі формальді емес жолдармен, online жағдайда біліктілігін жетілдіріп отыруға мүдделі және қабілетті болғаны керек. Дамыған елдерде әр компания өз қызметкерлері мен мамандары үшін менеджмент, іскерлік, психология, коммуникация салаларында тегін тренингтер, коучингтер өткізіп тұрады. Бұл жұмыс орнындағы шығарма­шылықты, креативтілікті дамытады, ұжымның ынтасын, ұйымшылдығын арттырады. Мұның орнына біздің көп мекемелер әлі күнге дейін авторитар­лық басқару режимінен айырылар емес.
Үздіксіз білім беру сапасы тек білім деңгейлері бойынша өлшенбейді, ол халықтың әртүрлі топтарын сапалы біліммен толықтай қамту дегенді де білдіреді.
 Ақылы мектептердің көбеюі, жас балаларды дарынды, дарынсыз деп бөлу, кейбір мектептерді айрықша артық қаржыландыру педагогикалық ортада әлеуметтік стратификация құбылысына әкеліп соғады. Бірдей қолжетімділік, педагогикалық әділет­тілік ұстанымдарының бұзылуы бала­лардың сана-сезімінде дискомфорт тудырып, қарым-қатынасты дегумани­зациялайды, пессимизм, жікке бөліну, көреалмаушылық, намыстану се­зімдерін өршітіп, бірте-бірте адамдар арасындағы агрессивті қарым-қаты­настарға ұласуы мүмкін. Оның үстіне қарапайым отбасынан талай дарын­дардың, тамаша тұлғалардың шыққаны бәрімізге белгілі.
 Бір халықаралық конференция кезінде Финляндия профессорынан «Сіздердің білім беру жүйелеріңіздің басты айырмашылығы мен артық­шылығы неде?» деп сұрағанымда, «біздің елде барлық мектептерде бірдей жағдай жасалған, дарынды балалар, бай балалар мектебі, ауыл, қала мектебі деген жоқ; себебі, біз әрбір оқушыны ұлттық адам капиталының құнды элементі деп бағалаймыз. Фин ұлты бес жарым миллион ғана, әрбір адам біз үшін бағалы, сондықтан әр оқушыға жеке көңіл бөлеміз, ешкімді де кемсітпейміз, ол жоғары деңгейге жеткенше жеке-дара көмек көрсетеміз, үлгірмей жатса қосымша бір жыл тегін оқытамыз» деп жауап берді. Бұл педа­гогикалық тұрғыдан да, идеологиялық тұрғыдан да асқан көрегендік емес пе? Біз де осы дана саясатты ұстансақ керек-ті. Себебі, жастайынан әлеу­мет­тік аутсайдерлер қатарына шеттетіп, тобырлар қатарына қосатындай қазақ та көп емес, әрбір қазақ баласы бағалы. 
Дүниежүзілік банк қолдауымен ЭЫДҰ әзірлеген «Қазақстандағы мектеп ресурстарына шолу» (2015 жыл) құжатында Қазақстанда озат балаларға, олардың олимпиадалардағы көр­сеткіштеріне баса көңіл бөлінетіні, ал төмен көрсеткіштерді жөндеуге, яғни, әлеуметтік жағдайында, оқу үлге­рімінде, тәртібінде қиындығы бар немесе мүмкіндігі шектеулі балаларды дамы­туға аз көңіл бөлінетіні біздің білім беру жүйесінің осал тұстарының бірі деп бағаланып, бұл Қазақстанның PISA, TIMSS сияқты халықаралық салыс­тырмалық зерттеулердегі төмен көрсеткіштерінің бір себебі екені ай­тылған. Қазір елімізде қолайсыз отба­сын­да өмір сүріп жатқан 247 925 бала бар екен. Осы балалардың әрбірі күнде­лікті жеке көңіл бөлуді, қамқор­лық пен қолдау көрсетуді қажет етеді емес пе?
Жергілікті әкімдіктердің мұғалім­дерді де олардың шәкірттерінің олим­пиада немесе ҰБТ нәтижелерімен бағалайтыны әділеттілік емес, себебі, олар бірдей жағдайда жұмыс атқарып жатқан жоқ және бұл оқу бағдарлама­сын сол мақсаттарға қажетті көлемде ғана орындауға алып келеді. 
 Білім және ғылым министрі Е.Са­ғадиев ауыл мектебінің қала мек­тептерімен арасындағы айырмашы­лығын азайту, шағын жинақты мек­­теп­­терді интерактивті тақталармен, қашықтықтан оқыту құралдарымен жабдықтау, инклюзивті білім беру жү­йесін дамытуға, өзекті мәселелер бойын­ша ұстаздармен тікелей ақыл­дасуға баса назар аударып отыр. Бұл – еліміздің білім жүйесінде осыған дейін орын алып келген жүйелі пробле­маларды шешуге бағытталған ұстаным екені анық. 
Менің ойымша, жоғарыда аталған мәселелерге терең де кешенді әлеу­меттік, педагогикалық-психологиялық зерттеулер өткізіп, ашық талқылап, ұлттық тұжырымдаманың өткір мә­селесі ретінде, мемлекеттік масштабта тиісті шаралар белгілеу керек. Баян­далған жайдың бәрін Білім және ғылым министрлігінің шаруасы деп қарасақ немесе жасыру, заңды қатайту жолымен шешеміз десек, жаңылысқанымыз. Адам капиталы мәселесін мемлекеті­міздің орнықты дамуының платфор­масы ретінде қарап, қоғамдық кеңес құра отырып, бүкіл зиялы қауым, әрбір ұйым, көш бастаушы «Нұр Отан» партиясы және басқа идеологиялық институттар назарға алса, әрқайсы­сымыз өз үлесімізді қоссақ қана оңды нәтиже болмақ.

Әділхан ДҮЙСЕБЕК, 
Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі,
Ы.Алтынсарин белгісінің иегері

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592