Сенбі, 23 Қараша 2024
Біртуар 3628 0 пікір 17 Наурыз, 2017 сағат 09:40

ҚЫЗЫҚ КІСІ

Ассалаумағалейкүм, ақжарқын оқырмандар! Сіздерге айтылар әңгімені бәйбішем Заданың маған айтқан хикаятынан бастайын. Көкшетауға барған сапарымнан үйге таңертеңгі сағат 10 шамасында оралып, жайғасып отырған соң Зада күле сөйлеп, былай деді:

«Кеше, дәл осы уақытта, есіктің қоңырауы шылдырлады. Барып аштым. Қоңырқай өңді кісі: - Ғаббастың үйі ме? - деді. «Иә» дедім. Ол сәлемдескен де, аты-жөнін айтқан да жоқ, абың-күбің кіріп, қолындағы сөмкесін қоя салып, бәтіңкесін аяғын сілке шешіп тастап, төрге бір-ақ шығып, диванға отыра кетті де: - Алматыға бір шаруамен келіп едім, күндерің қандай ыстық, терлеп, шаршап... уһ! - деп пенжағын шешіп, жанына қойды да: - Не қарап тұрсың? Шайыңды қоя бер, мен бет-ауызымды сулап  алайын, ванналарың қайда? - деп ұшып тұрып, бөлмеден шықты. Мен не дерімді, не істерімді білмей аңырып, оған ваннаның есігін нұсқадым. Ол кіріп кетті. «Бұл кім?» деп қатты таңданып тұрмын. Сенің атыңды атап келген соң, бөтені емес шығар, аты-жөнін айтар, танысармыз деп ойлап, шай қамдауға кірістім. Ол бес-алты минөт мөлшерінде ваннадан: -Уһ, жаным жай тапты,  дұрыс болды, - деп сөйлей шығып, асүйдегі маған: - Енді шайыңды тездет, шөлімді басайын, - деп дауыстады. Мен үстел жасай бастадым. Ол диванда сенің монша орамалыңмен сүртініп, желпініп отыр. Іштей күлдім де, кесеге шай құйып ұсындым. Сол сәтте телефон шылдырлады. Үй басқармасынан екен. Ертең пәтер иелерінің жалпы жиналысы болатынын айтты. Мен жиналыстың қайда, қашан болатынын қайталап сұрап, анықтап алдым және сыртқы есік алдының ыбырсып жататынына реніш білдірдім. Сонсоң орныма отырып, кесеме шай құя бергенімде мәлімсіз менман мырс етіп: - Орысша сайрайды-ақ екенсің, орысша оқығансың-ау, ә? - деді. «Телефон соққан орыс  әйел еді» дедім. Ол шайды тез-тез ішіп, шығуға беттеді. Коридорда сөмкесінен кітап алып ұсынып: - Саған рахмет, шайың тәтті екен, шөлім қанды, ал мынаны Ғабекеңе бер, - деп кітабын берді де, шығып кетті. Аң-таң болып қалдым».

Зәкең осылай деп күлді де:

- Қызық кісі екен, ол кім? -деді.

- Ол қызық емес, сен қызықсың. Танымайтын кісіні «кімсің?» деместен үйге кіргізіп,  төрге шығарып...  басыңа бір салып қылжитып, үйді тонап кетсе ше? – деп жорта ежірейдім.

- Сенің атыңды айтып тұрған соң сендім.

- Ваннадан шыққан соң: «жаным жай тапты, дұрыс болды» деген екен, ол - шынында дұрыс жігіт. Сенгенің  дұрыс болды. Оның кім екенін, кітабын оқып, әбден біліп ал, сонда келесі жолы «бет-ауызын» өзің сулап беретін боласың, - деп күлдім (Төрежан силап беріп кеткен кітабына ең болмаса «Ғаббасқа» деп те жазбапты, - ай, «қызық кісі»!).

- Айтпақшы, Осекеңнің бәйбішесімен, Нұрекеңмен, хабарласшы, ол Нұрекеңді де шошытыпты.

Біраздан соң Осекеңнің, Оспанхан Әубәкіровтің, үйіне телефон шалдым. Нұрсұлу  үйде екен.

- Нұреке, хал-ахуалың қалай? - деп едім, ол:

- А, Ғабеке, құдайға шүкір, бірқалыпшамыз, - деп әдетінше аңқылдай сөйлеп, күліп жіберді де: - Зада айтқан шығар, Төрежан Мәндібай деген өзі... қызық кісі екен, - деді.

- Саған да концерт қойып берді ме?

- Ойбай, айтпа, - деп Нұрекең күліп алды да, Төрежанмен қалай танысқанын айтып берді.

«Оспанханның үйі ме?» деп кірген Төрежан  «концертін» сәл басқаша бастапты. Есіктен кіре ваннаға тура беттеп, Нұрсұлуға: - Сен шайыңды қоя бер, - деп ваннаға кіріп, есігін күршегін сырт еттіріп іштен жауып алыпты. Соңынан барып: «Сен кімсің өзі, шық, кәне!» деп есікті қаққан Нұрсұлуға: «Күндерің күйдіріп жібере жаздады, салқындап алайын, кім екенімді шай ішіп алған соң айтамын» депті. Ашуланған Нұрсұлу: «Шық, кәне! Шықпасаң, милиция шақырамын!» десе, Төкең: «Шақыра бер. Олар келгенше шомылып үлгірем» депті. Шарасы таусылған Нұрсұлу сәл-пәл ойланып, Задаша: «Осекеңнің атын атап келді ғой» деп, шайын баптай бастайды.  Жуынып-шайынып, рахаттанып шыққан Төкең  төргі бөлмеге барып, Оспанханның кітапханасын көруге кіріседі. «Шайға жүріңіз» деп Нұрсұлу енген кезде: «Осеке-ай!» деп күрсінеді. Сонымен, шай үстінде қайдан, кім екенін айтып танысады. Шөлі басылған соң: «Нұрсұлу десе, Нұрсұлу екенсің, рахмет, аман-есен бол, мен енді Ғаббас пен Үмбетбайға барамын», деп шығып кетіпті.

Зада мен Нұрсұлуды тосын қылығымен таңқалдырған «қызық кісі» - әзіл-сықақтың Ақтөбедегі сардары Төрежан МӘНДІБАЙ бүгін Сексенді ерттеп мініп, Тоқсанға аттанбақ. «Ай, «қызық кісі», жолың болсын! Тоқсанға жеткенше әзіл-сықағыңды қаттап-қаттап жаза бер, жаза бер! Қадіріңді білетін  қамқоршы інілерің том-том етіп шығара берер, шығара берер. Әгәрәки томдарың тым көп болып бара жатса, қыңқ етпе, Жүзге де ала баруың керек қой?!.

Қадірлі оқырмандар, сіздерге Төрежан ағаларыңның нені, неге, қашан, қалай жазғанын баяндамадым. Менен гөрі өздеріңіз жақсы білетін қаламгер жайында қанша жазсам да, сіздерге жаңалық ашып бере алмасымды аңғардым да, сегіз қырының бір қырын ғана – «қызық кісі» екенін айтуға қаулы қабылдадым. Сіздерге бұл қыры да белгілі шығар, әйткенмен, Алматыдағы «концерттің» аты - Алматыдағы «концерт» қой! 

Уа, құрметті, қадірлі, қымбатты, силы, салмақты, салауатты Төке! Өзің небір тың, жақсы ой ойлап, езуіңде күлкі ойнап, Жүзе ыстықтамай, шөлдемей жеткейсің! Нұрсұлу мен Зададан дұғай-дұғай сәлем!

Сенен 1 жыл, 10 ай, 9 күн үлкен ағаң, қаламдас досың – Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434