Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 4206 0 пікір 13 Наурыз, 2017 сағат 08:05

ОПАСЫЗ БЕН ИБАЛЫНЫҢ ҰЯТЫ

(Шедевр емес,ертеден бар аңыз ғой, шыдамдылық танытып, оқып шықсаңыз деген өтініш)

ОПАСЫЗ бен ИБАЛЫНЫҢ ұяты кездесіп қалыпты.
- Қалайсың? – дейді ибалының ұяты.
- Сұрама! – деп, екінішісі еңіреп жіберіпті. – Менің ием ұятты ұмытты. Өзінен басқаны ойлауды қойды. Сезім дегеннің бәрін жерлеп, өзгенің қамын ойлау дегенмен жұмысы жоқ, қарыны тоқтық, көйлегі көктік қана көксегені. Өзгені өкшемен езіп, кеудесін жаншып, басынан аттап кету оған түк емес. Өле аламй жүрмін!
- Жүрегін жібітіп, санасын сыйпалап көрмедің бе?
- Әбден тырыстым. Байқатпай жақсылық пен жамандықтың парқын айырар кітаптарды да тықпалап көрдім. Иманды, салауатты адамдармен де жолықтырдым. Пайда жоқ! Керісінше, ашкөздігі асқынып, зұлымдығы ушығып кетті. Оның бетіне де, артынан да айтылған «Ұятсызсың!» - дегенді естіген сайын одан баз кешіп кеткім келеді. Кете алмаймын. Сананың бір бұрышында бүк түсіп жатырмын. Мынауың адам болмайды! Тек өзін ғана көреді. басқадан ақшаның көзін ғана көреді. Жайлы жерде жамбасы жатса болды, жоғарыға ұмтылған жолында жолындағының бәрін баса көктеп, өңмеңдеп барады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет жоқ. Тек қазынаның құлы, байлықтың үмметі. «Алсам, жесем» деп қана тұрады.
- Іммм, солай де. Онда сен былай істе – деп, ибалының ұяты сыбырлайды. Екеуі езу тарта жымиып екі жаққа кетеді.
Ертесі Опасыз оянса, тұра алмайды. Әйелі ас үйді басына көтеріп жүр екен. «Осы қатыннан тойғаным-ай!» - деп, ішінен ойлапты.
- Немене? Менен тойдың ба? – деп әйелі жетіп келеді. «Ойбай, мынау ішімдегіні қайдан біліп қойды?» - деп Опасыздың есі кетеді. Айғайдан қашып, үйінен атып шығып, жұмысына барады. Лауазымды жұрт жұмыс істейтін зәулім мекемеге кіре бере, өзінен үлкен бастықты көріп қалады. Өтірік күліп, амандасып тұрып «Осы қызыл көз бәле қашан құрыр екен?» - деп, ойлап қалғаны сол екен, анау «Оңбаған, кімнің арқасында талтаңдап жүргеніңді ұмытқан екенсің!» - деп, жағынан салып қалады. Сол күні кеш батқанша ойының ойраны шығады. Көптен бері өзінен басқаны жақсы деп ойламайтын бұзылған санасы сыр беріп, кездесекеннің бәрі жайлы ішкі ойын сыртқа жайып салады. Ең сорақысы сондай ойды қалай өзгерту жолын білмей қиналады. Мүлдем ой ойламайын десе қолынан келмейді. Қаншама жылдан бері ойы айтқанды аузы айтпай, елді өтірікпен емізіп келген жанның басына өзінен басқаны жақсы дейтін жарқын ой келе қоймайды екен. Бұған дейін қызметтеске қырсық тілеп, көршіге ауру тілеп, бауырға безгек тілеп келген адам ғой. Көксегені параның кесегі, біреудің әйелінің төсегі. Өз басына керекті алу үшін бергені пара, кедергіні жою үшін айтқаны жала. Біреуден кек алсам, қазынаны жеп алсам деп, алшаң басып келе жатқан адамның аяқ астынан бұты көктен келді. Енді қайтпек? Бүгіндікке өзіне қарата елдің айтқан сөзі: «Ұятсыз неме, арсыз екенсің!» - ғана. «Ұят, ар» деген не бәле? Олар қайда тұрады, қайда сатылады? Не болса да, қанша тұрса да сол ұятты тауып алмай болмас!
- Мен осындамын! Қиналма, су тегін жаныңда жүрмін – дейді сол кезде ұят.
- Айнанайын, ұятжан, кетпеші, отыра тұр, мына бәледен қалай құтылам, жолын айт, ақысын берем! – дейді Опасыз.
- Ақысыз құтылуға болады, тек өзің өзгеруің керек! Әзірше мен сенен кетем! – деп ұят артына қарамай тайып тұрады.
- Ойбай тоқта, қалай өзгерем? Жаңа мәшине сатып алам ба? Шашымды түзеймін бе? Киім ауыстырам ба? Ұят, тоқташы?! – деп иесі қала береді. 
Амал жоқ, өзгеруге бел буады. Ол оңайға түспейді. Өзінің елге істеген қысастығы өзіне он есе қайта келеді. Енді өз басына қарсы істелген сатқындық пен зұлымдықты көреді. Келеке мен кекесінді, ашкөздік пен ажырасуды, көңіл қимай қоштасуды көзімен көреді. Аттап басқан сайын жанашырлық, аяушылық дегенді үйренуге тура келеді. Жалғыздықты жанына серік етеді. Күндердің күнінде кешегі Опасыз енді Иманды пендеге айналады. 
Баяғы екі Ұят қайта кездеседі. Ибалының ұяты:
- Қалайсың? – дегенде,
- Көріп тұрсың ғой! – деп, екінші ұят қуана жауап береді. Екі ұят езу тарта иелеріне кете барады.
***

P/S: Жаны жайсаң, жамандық ойлаудан беті аулақ, игі жақсылар! Бұл аңызды ауызға алғандағы айтпағым басқа. Көбіміз іштен тынып, әліптің артын бағып, «сен тимесең мен тиме» болып отырмыз ғой. Кеше ғана кезекті сот отырысы өтті. Менің Ардақты Ұстазым, Тұңғышбай Жаманқұлов бұл жолы айқасқа бел буды. Мойындаудан бас тартты. Кім білсін, білектілер бәрібір оны кінәлі ғып, айыптап, тағы да асқақ басын төмен игізер.Күштінің кім екенін білгізер. Тіпті сот шешімі алдын ала даяр тұрған да шығар.Ол өз кезегімен бола берер... Дәл қазір мені түршіктірген іс мынау: қашаннан бері Біз жығылғанды жұдырықтай беретін болғамыз? Мен айыптаушы жаққа қарсы шап деп отырғамын жоқ. Сотқа барып сойқан шығар деуден де аулақпын. Кеше ғана біріміздің арқа сүйеріміз, біріміздің ақылшымыз, біріңіздің сүйікті актерыңыз, біріңіздің мақтан тұтарыңыз, біріңіздің жерлесіңіз, біріңіздің құрдасыңыз еді ғой. Жабыққан көңілін жебей қоятын жылы лебіздеріңіз қалған шығар? «Жақсы сөз – жарым ырыс» емес пе еді? «Анау олай деді, өзі былай дедіні» қоя тұрып, осындағы аузына ел қараған ағайын енді бірге тілеу тілегеннен басқа қайран жоқ. Таланғанды табалай бермей, ағамыздды жігерлендірер, қолтығына демеу болар ағалық, інілік, бауырлық ақ ниеттеріңізді көптің алдында, осы желіде білдірсеңіздер екен. Желінің де желі кейде дауылдан кем соқпайтын еді ғой. Мүмкін Сіздердің сөздеріңізден табалағандар да тәубасына келер...
Менікі өтініш, өздеріңіз білерсіздер.

Асқар Наймантаевтың FB парақшасынан алынды

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443