Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 6902 0 пікір 6 Наурыз, 2017 сағат 10:44

АЛАШ-ОРДА МҰРАЖАЙЫ САЛЫНСА...

Наурыз айының 5-і ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың туған күні.

Бұл күні, бұдан жүз жыл бұрын, Әлекең Батыс майданда, соғыстың қара жұмысындағы жігіттер арасында жүрген еді.

Сол жақта ол ақпан революциясының басты нәтижесін – императордың тақтан түскенін естіді.

Сол жақта Қазақтың да басына өз шаңырағын көтеруін мүмкін ететін жаңа мемлекеттік құрылым жасайтын Құрылтайшы жиналыс шақыруға нақты жағдай туғанын парықтады. Серіктерімен бірге алда тұрған міндеттерді талқылап, азаттық таңы атқанын, бостандық күні шыққанын, ел ішіндегі лайықты азаматтарды таңдап, елдік күреске қосу қажеттігін айтып, қазақ халқына жар салды.

Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының бас қаһарманы соққан дабылды оның сенімді үзеңгілесі Ахаң – Ахмет Байтұрсынов басқаратын «Қазақ» газеті шартарапқа таратты.

Содан бастап азаттық жолындағы күрес жаңа мазмұнмен толықты. Сөйтіп,  тоғыз айдан кейін қазақ автономиясы мен оның үкіметін – «Алаш-Орда» Халық Кеңесін өмірге әкелді. Төрт ғасыр тәуелсіз ғұмыр кешкен, одан ұзақ жылдар бойы отарлық қамыт тұралатқан қазақ мемлекеттігі тұңғыш рет Алаш-Орда болып қайта жаңғырды.

Біз бүгін сол ұлы оқиғаның жүз жылдығы қарсаңында бас қосудамыз. 

Осы тұрғыдан қарағанда, Алаш арыстарына Ахаңның мұражайында берілмек бүгінгі Астың ерекше символдық мәні бар. Отаншыл жас ұрпақ ұйымдастырып отырған қазіргі Ас Алаш-Орданың алда келе жатқан бір ғасырлық мерейлі белесіне қалың жұртшылық назарын аударуға тиіс. Аударып қана қоймай, тоғыз айдан кейін мерекеленбек осы ұлы оқиғаны лайықты атап өту үшін жан-жақты даярлық жұмыстарына күллі тәуелсіздік күрескерлерін жұмылдыруға тиіс.

Біздің ойымызша, ұлтымыздың ар-ожданы атанған Ахаң мекен еткен мына ғимараттың жанынан оның барша үзеңгілестерінің өмірі мен қызметін, Әлекең басқарған Алаш-Орданың тарихын көрнекі түрде насихаттайтын музей салынғаны жөн болар еді.

Қоғамдық күштер біріксе, және, әрине, қала үкіметі тиісті қолдау көрсетсе, осы жазда Алаш-Орда мұражайын салып алуға толық мүмкіндік бар.

Қазір бәріміз Асқа жиналып отырған осы алаңда, Ахаңның мына музей-үйіне үйлестіре, тура жанынан Алаш-Орда музейі бой көтерсе – ол, сөз жоқ, жүз жылдықтың құрметіне тұрғызылған тамаша кешенді ескерткіш болады.

Алаш-Орда музейі рухты көтеріп, еліміздің бірлігі мен қуатының арта түсуіне қызмет ететін ағартушылық, тарихи-танымдық мән-мағынасы зор елеулі ғылыми мекемеге айналады.  

Халқымызды бұдан бір ғасыр ілгеріде әміршіл жүйе қыспағынан босатып, ел болу жолына бастаған Азаттық күрескерлерінің рухы барша қазақстандыққа даруын тілейік. Бүгінгі Аста еске алынатын аруақтар Тәуелсіздік туын алға апарушыларды әрдайым қорғап, қолдап, жебеп жүрсін!

Бейбіт Орынбекұлы ҚОЙШЫБАЕВ, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

2017 жылы 5 наурызда Ахмет Байтұрсынов музейінде Алаш арыстарына берілген астағы сөз

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364