Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 5756 0 пікір 2 Наурыз, 2017 сағат 18:27

ҒАЛАМАТ БЕЙСЕҚОЖАЕВ: ЕЛБАСЫНА АРАНАП «АТАДАН МҰРА» КҮЙІН ШЫҒАРДЫМ

Қазақтың өзіндей болып кеткен қоңыр домбырамен  күй шығарып, оны тебіренте орындау тек біздің халыққа ғана тән қасиет екені сөзсіз. Осындай өнерді жалғап жүрген жас күйші, композитор Ғаламат Бейсеқожаевпен болған сұхбатымызды ұсынып отырмыз.   

-         Ғаламат, қазақ халқы өнерді өте жоғары бағалайтынын білесің. Оның ішінде ұлттық өнерге деген халықтың ықыласы ерекше. Елімізге енді ғана танымал болып келе жатқан жас күйшісің, сен жайлы әлі білмейтін жұрт бар. Сондықтан алдымен өзің туралы айтып бересең? 

-         Мен осы әсем қала Алматыда дүниеге келгенмін. Алты жасымнан бастап домбыра үйірмесіне барып күй тартуды сол жерден үйрендім. 5-ші сыныптан бастап Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебіне оқуға түстім. Жалпы алғашқы күйлерімді 11 жасымда шығара бастадым.  Қазір 15 жастамын.

-         Жақында Алматы қаласында, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында, ағаңыз Нұрсәт Бейсеқожаевпен бірге «Нұрлы жол» атты шығармашылық кеш өткізгендеріңді білеміз.  Жалпы осы кеш жайлы айтып берсең? Не себепті концерттің атын «Нұрлы жол» деп атадыңдар?

-         Иә, біз бұл шығармашылық кешімізді  өткізу үшін бір айдан астам дайындалдық. Бұл кешті өткізуге бірден-бір себепкер болған біздің әкеміз. Кеш барысында «Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық  халық аспаптар оркестірімен» бірлескен және ағам Нұрсәт  екеуміздің  бірнеше жеке туындыларымыз орындалды.  Сонымен қатар өздеріңізге белгілі былтыр еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын атап өтті.  Осы орайда біз де өз еліміздің   мәдени дамуына қосқан кішкентай үлесіміз болсын деп,  аталған кешті өткізуді жөн көрдік. Ал бұл кештің «Нұрлы жол» деп аталу себебі: ағам Нұрсәт Бейсеқожаевтың «Нұрлы жол» атты күй-поэмасы бар. Бұл шығарма, осы тәуелсіздік алған жылдардағы Елбасымыздың жасаған жұмыстары мен еліміздің бастан кешкен ширек ғасырлық тарихын күй арқылы суреттейді. Қазір еліміздегі жастарға жасалып жатқан қолдауды ерекше атап өтпеске болмас, сол себепті де шығармашылық кешті осылай атадық.

-          Жақын арада Қазақ радиосынан Елбасымызға арнаған күйіңді естідім. Күйдің шығу тарихын айтып берсең?

-         Мәдениеттің қолдаушысы болып келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің талантты да алғыр жастарына қамқорлық жасап келеді. Адам өмір бойына үйреніп, әрдайым білімін жетілдіріп, рухани жағынан кемелденіп отырады. Елбасының ғұмыры баршамызға ғибрат. 2016 жылы Елбасына арнап «Атадан мұра» күйін шығардым.

-         Кеш барысында қандай күйлер, қандай шығармалар орындалды? Жалпы күй қоржыныңызда неше туынды бар?

-         Шығармашылық кешімізде өздерінің тамаша туындыларымен қолдау көрсеткен «Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық  халық аспаптар оркестіріне» және жалпы кештің өтуіне атсалысқан барлық өнер сүйген жандарға алғыс айтқым келеді.  Бұл кешімізде оркестрдің орындауынан бөлек, ағам Нұрсәт Бейсеқожаевтың 15-ке жуық күйі орындалса, менің күй қоржынымдағы «Жазғытұры», «Абай толғауы», «Қосқарау», «Наурыз», «Жеңіс», «Қордай» сынды 7-8 күй тыңдармандарға тарту етілді. Бұл тек осы кеште орындалған күйлер ғана. Одан бөлек жалпы 20-дан астам күйлерім бар.

-         Бізге белгілісі күйдің де түрлері болады. Мысалға, шертпе күй, төкпе күй сынды. Сенің  жалпы жаныңа жақыны күйдің қай түрі?

-         Мен қазақ өнеріне ғашықпын,  домбыраны жақсы көрем, оның ішінде күйді ерекше жүрекпен қабылдаймын. Күй – ол мен үшін ерекше бір әлем. Оның қандай түрі болмасын бар болмысыңмен  сезіне білу керек деп ойлаймын. Ал сіз жоғарыда атап өткен шертпе күй де, төкпе күй де менің жаныма қатты жақын.

-         Ақындар шабытты түннен іздеп, айды аралап жатады. Суретшілердікі тіпті бөлек. Ал күйшілерге қандай шабыт керек?

-         Әрине, бізге де ақындардан кем түспейтін шабыт керек. Алайда ол қай кезде, қай жерде келері беймәлім. Кейде тіпті көлікте кетіп бара жатып та құлағыңа әуені келіп қалуы мүмкін. Кейде  ұзақ уақыт ешнәрсе ойлай алмай қалатын да сәттер болады. Бұның барлығы ең әуелі адам бойындағы дарынына, қабілетіне де байланысты болып жатады. Біздің арғы аталарымыз өте өнерлі кісілер болған. Кейде шабыттан бөлек осы ата-бабаларымыздың қаны арқылы келген дарынды еңбек арқылы ұштап соның арқасында туып жататын күйлер де бар.

-         Ғаламат, алдағы уақыттағы  шығармашылық жоспарларың жайлы айта отырсаң...

-         Алдағы уақытта елордамыз Астана қаласында үлкен шығармашылық кеш өткізсек деген ойымыз, жоспарымыз бар. Әрине, бұл алдағы уақыттың еншісіндегі дүние. Ал негізгі жоспарымыз осы халқымыздың асыл мұрасы болған  күй өнерін әлемдік деңгейде таныту.

-         Жарысқа қатысатын спортшының жаттығу залына барып дайындалатыны сияқты  күйшіге қандай талаптар қойылуы керек деп ойлайсың?

-         Күйшіге ең бастысы  қажырлы еңбекпен қоса  күйді түсіне алатын қабілет керек. Шығарған немесе орындап отырған күйге күйші өзінің жанын салуы керек. Менің шығарған әрбір күйлерімде өзгеше бір әлем, өзгеше  бір өмір бар деп түсінемін.  Себебі оның әрқайсының жеке шығу тарихы болады.

 Сұхбаттасқан  Сайлаухан Абылай

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371