Назарбаев алғыс күні әріптестерінен "кешірім сұрады"
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін, Қазақстанда алғаш рет атап өтіліп жатқан Алғыс айту күні әріптестерінен кешірім сұрады деп хабарлайды Азаттық сайты жергілікті агенттіктерге сілтеме жасап.
Бүгін Астанада алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған шарада Назарбаев қазақстандықтарды алғыс айту күнімен құттықтап, бұл күннің мәні бар екенін айтты. Ол көп елде "тыныштық кетіп, қақтығыстар болып жатқандықтан" дәл қазір қазақстандықтар бір-біріне қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, бір-біріне құрмет көрсетуі керегін айтты. Назарбаев бұған қоса, осындай байтақ жер қалдырған ата-бабаларға алғыс айту керек екенін білдірді.
"Егер өкпе-реніш болса, көңілге тиетін сөздер айтылса бұл күні кешіруге болады. Бүгін мен таңертең әріптестерімнен ренжітіп, сөккен болсам кешірулерін сұрадым" деді Назарбаев.
Қазақстанда Алғыс айту күнін атап өту 2016 жылы 15 қаңтарда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен бекітілген.
Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы 23 сәуірде Қазақстан халқы ассамблеясының 22-сессиясында Қазақстандағы халықтардың бір-біріне және қазақтарға алғыс білдіру күнін атап өтуді ұсынған. Назарбаев сталиндік режим кезінде Қазақстанға мыңдаған өзге ұлт өкілдері депортацияланып, қазақтардың оларды жатсынбай, қабылдағанын айтқан.