Сенбі, 23 Қараша 2024
Дей салдым-ау 4280 0 пікір 20 Ақпан, 2017 сағат 09:07

АТА-АНАҒА 40 ДҮРЕ СОҒУ КЕРЕК

Аты мәшһүр әділетті Ғұмар (р.а) Халифа заманында оған бір қарт кісі келіп, өз ұлына шағым жасайды. Қарттың шағымы былай: «Ұлымды бойымда қуатым бар кезде асырап, өндіріп, өсірдім. Енді ол маған қуатым қайтып, қартайғанда қарайласпай отыр – деді. Халифа ол кісінің ұлын алдыртып, қарт әкесіне қамқор болмағаны үшін 40 дүре жаза тағайындайды. Жазаның ауырын сезген болса керек, көзінен алты тарам жас аққан қарт кісінің ұлы Халифке жыламсырап:

Дат, тақсыр! – деді. Халифа:

Датың болса айт. Қарт кісінің ұлы:

Қарт әкемнің жағдайын жасай алмауыма себеп бар. Ұлықсат етсеңіз баян қылайын. Біріншіден, ата-анам мен туылғанда маған жақсы есім таңдамаған. Әлі күнге дейін дос-жарандарым есімімді келеке қып, мазақ етеді. Екіншіден, елдің балалары білімге ұмтылып, жақсылыққа жарысқанда жағдайы бола тұра, мені әкем оқытпай, пайда көрмек ниетпен шаруаға жекті, сөйтіп қатарымнан қалып қойдым. Үшіншіден, жағдайы бола тұра, текті жердің қызының қалыңмалын қымбатсынып, тәрбиеге жарымаған қыз алып берді. Содан ішім алай-дүлей, я дүниеге, я тағат-ғибадатқа құлық жоқ. Енді осыларды өзіңіз таразыға салып, әділдігін айтыңыз – деді. Халифа: - 40 дүре қарт кісіге соғылсын! - деп пәрмен берді де. Орнынан тұрып кетті.

Көпшілігімізге белгілі бұл тәмсілде баланың тәрбиесіне ата-анасының жауапты екендігін көреміз. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі тәрбиеміздің өз арнасынан ауып, жат мәдениеттердің әсерінен сұрқия қалыпқа түсіп бара жатқанына ширек ғасырға таяп қалды. Заманақыр белгісі дегеннің бүгіндері бәрін көретін болдық. Қасиетті діни мәтіндерде кездесетін «қияметтің таңы атқанда ата-ана баладан безеді, бала ата-анадан безеді...» дегенді екі күннің бірінде еститін, көретін жағдайға жеттік, тіпті бұндайға етіміз де үйреніп барады. Осындайда «жақсы ата-ана балаға қырық жыл азық, жаман ата-ана балаға қырық жыл сор» дегені еске түседі. Қазіргі таңда тағдыр тауқыметіне қайрат-жігері мұқалмай, хас батырларша, кеудесін тік көтеріп жүрген ерлерді көру де көңілге бір медет.

Үстіміздегі жылдың 31 қаңтарында Қазақстан Ұлттық телеарнасынан «Бала алдындағы жауапкершілік» тақырыбын қозғаған «Айтуға оңай» телебағдарламасында Кентау қаласының тұрғыны, төрт балаға әкелік қамқорлық көрсетіп отырған Бектібай Шымбаевтің отбасылық мәселесі көтерілген болатын.  Безбүйрек әйел ақ некені арамдап, бөтен ердің етегіне жабысып, «өзің тудырған баланы өзің асыра» деп шиеттей төрт баласы мен адал жары болған Бектібайды тағдыр тәлкегіне тастап кете барады. Осылайша тоғыз жыл тату тұрған отбасы түлен түрткендей күйге енді. Арада он жыл өтсе де, ардан безген ана перзенттерінің жағдайын білмек түгілі, бірде-бір рет хабар алмаған. Есесіне балалар қамқорлықты көкірегі мейірім сәулесімен нұрланған әкесінен көреді.

Бағдарлама барысында жалғыз өзі төрт баласын тәрбиелеп, жетілдіріп отырған Бектібай, Кентау қаласы әкіміне кішкентай балаларын «Қамқор» балабақшасына тегін орналастырып бергені үшін, сондай-ақ ұлдары білім алатын Әлішер Науаи атындағы №17 орта мектебінің ұжымына көрсеткен көмектері мен жәрдемдеріне дән риза екендігін білдіріп, алғысын айтады. Бектібай Шымбаевтің өз әкелік борышын Алланың аманаты біліп, балаларын ешкімнен кем етпей өндіріп-өсіріп отырғаны тас жүректің өзін де тебірентпей қоймасы анық. Бекең бүгінгі күннің ащы шындығын қазақ халқына тыңдатқан санаулы азаматтың бірі ғана. Бұл кісімен тағдырлас өмірдің қиындығымен арпалысып келе жатқан қаншама отбасы, қаншама ұл-мен қызды мысалға келтіре беруге болады. Бірақ алақандай ғана жазбамыздан оқырман қауым әкенің баласына деген ғибратты махаббатын көре алса, сол өмірлік үлгі, өрнек болуға жараса, болашақта жастардың қиындықты жеңе білуіне, өз ұрпағының тағдырына жауапкершілікпен қарауына көкірегіне сәуле түсіре алса, мақсаттың орындалғаны деп білеміз.

Бала тәрбиесі жайлы Әл-Фараби сөзімен айтсақ, кемеңгер ғұлама: «Бір баланы тәрбиелегеннен гөрі, бір қала тұрғызған әлдеқайда оңай» деген. Бала тәрбиесінің Жаратушы алдындағы айырықша аманаттың асылы екендігін жете түйсінген мұсылмандық мектептерде ілкіден «Балаларының ата-анасындағы 40 хақысы, ата-ананың балаларындаңы 40 хақысы» жатқа үйретіліп келген. Өкініштісі сол күнімізде «бала хақысы», «ата-ана хақысы» деген түсініктердің көлеңкеленіп бара жатқанына іш қызады. Дейтұрғанмен балаға ата-анасы қамқор бола алмаса да, оны махаббатпен жаратқан Құдіретті Жаратушы Алласы хикметпен қамқоршылық жасайды! Қиыннан қиыстырып, «жеті желеу, сегіз сылтау» дегендей, бәрібір де өзінің махаббатпен жаратқан пендесіне басқа бір адамды себеп қыла отырып, өз махаббат сәулесін шашпай қоймайды. Өйткені, Құдайдың құлсүйгіштік сипатының шегі жоқ...!

Құран Кәрімнің Бақара сүресі 272 аятында: «(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады. Қайыр – садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін. Не берсеңдер де, тек Алла разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)» делінеді.

Имам Бұхари мен имам Мүслімнен жеткен хадисте Пайғамбарымыз сғс: «Жесір мен жетімге көмектесу Алла жолында жихад жасағанмен тең» деген, ал Ибн Мажаһдан жеткен хадисте Алла елшісі сғс: «Жетім мен жесірдің ас-суы мен киім-кешегін түгелдегендер Алла жолында жихад қылған әрі күні бойы ораза ұстап, таң атқанша намаз оқыған сияқты» делінген.

Түркі халықтарында ықылымнан келе жатқан мынадай даналық бар: «Жақсылық жаса да теңізге таста, балық білмесе, халық біледі» деген. Алладан үміті бар Алаштың азаматтары қай кезде де болған, қазір де бар, бола беретіні ақиқат. Сол сияқты бүгіндері игі істерімен мұқтаж жандарға қуаныш сыйлап, мейірім тамшысын үлестіріп жүрген қаламыздың азаматтары аз емес. Көпшілігі өзінің жақсылығын жарнамалауды да құп көрмейді. Бірақ та кейінгіге «ғибрат болсын» деген ниетпен өнегелі істі ел-жұртқа жеткізу азаматтық борышымыз.

Ертеде бір тақуа 40 жыл бойы Жаратқанға ғибадат қылып, ең ұлық әулиелік дәрежеге жетіпті. Дәрежесі сол - Алла Тағаламен тілдесуге қол жеткізіпті. Алланың дәргейіне жеткізілген әулие, Жаратушы Жаббар Хақтан: - Уа, мені Жаратып, Тәрбиелеуші РАББЫМ! Осы жолға түскелі бір сұрақтың жауабын 40 жыл бойы таба алмай келемін. Сенің ең қымбат қазынаң, баға жетпес байлығың не? – деп сұрапты.  Сонда Алла Тағала: - Менің ең қымбат қазынам, баға жетпес байлығым – құлымның көңілінің шаттығы – деп жауап берген екен.

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын, жаманның жамандығын айт құты қашсын!» дегендей Әлішер Науаи атындағы №17 орта мектебінің ұжымы білім ордамыздан нәр алып жатқан әлеуметтік аз қамтылған көп балалы отбасыдан, толық емес отбасыдан шыққан ұл-қыздарымызға, тұл жетімдерге қамқорлық танытып, материалдық және ақшалай жәрдем беріп, олардың көңілдерін шаттыққа бөлеп жүрген Кентау қаласының Әкімі Мақұлбаев Әбдібақыт Тілләбайұлына, Кентау қалалық Білім беру бөлімінің басшысы Әуелбеков Әділ Арысбайұлына, қалалық мәслихат депутаты, №7 колледж директор-Күнпейісов Мейрамбекке, қалалық мәслихат депутаты-Еркін Аяшевқа, қалалық мәслихат депутаты-Абдунәби Розбаевқа, жеке кәсіпкерлер-Юлдашев Абдуллаға, Мадиханов Өткірге, Джалишев Сәкенге, Абдурахмон Қучқаровқа(Түркістан қаласы), «Уәде» кафесінің басшылығына алғысын білдіреді.

«Айтпаса сөздің атасы өледі», осы тұста Кентау қаласы мешіттер қауымдастығы тарапынан құрылған «Уәсилия» қорының атқарып жатқан еңбектері орасан зор. Уасила қоры қаламыздың әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына, қамқоршысынан айырылған балалар мен тұл жетімдерге ұдайы көмек қолын созып келеді. Уасила қорының ұйымдастыруымен мектеп жасындағы жасөспірімдер мен қала жастары арасындағы жастар тәрбиесі мен жат ағымдардың арбауынан жастарды сақтандыру бағытындағы атқарып жатқан қызметтерінің өзі бір төбе. Қара нардай кәтепті, ел жүгін арқалап жүрген азаматтарға жастайынан жетім қалған қаракөз қарындас-бауырларға мейірім-шапағатын көрсетіп жүргендері үшін алғысымыз шексіз. Жесірі мен жетімін жылатпаған асылдың сынықтары әмәнда аман болғай.

Бауыржан Насырдинұлы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443