Сенбі, 23 Қараша 2024
9929 0 пікір 18 Ақпан, 2017 сағат 17:44

ЭКСКЛЮЗИВ. ҚАЗАҚСТАНДА АЭС САЛЫНБАЙДЫ!

Күні кеше ғана Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев мырза АЭС төңірегінде әңгіме өрбіткен-тін. Вице-министр мырзаның сөздері БАҚ-та жарияланды, қызу талқыланды. Осыған байланысты «Abai.kz» ақпараттық порталы «Атомнан бас тартқан елге, АЭС неге керек?» атты мақала жариялады. 

Сайтымызда жарық көрген мақалаға қатысты ҚР Энергетика министрінің кеңесшісі Асқар Жалдинов мырза арнайы «Abai.kz» порталына сұхбат беріп, мәселенің жай-жапсарын түсіндіріп берді.


-Асеке, Вице-министр Бақытжан Жасқалиев мырзаның АЭС туралы пікірін қорытып көрейікші, ол кісі «АЭС керек» деді. Тіпті кейбір ақпарат көздері станцияның құрылысы басталып кеткен деген пікірлер айтуда. Біз әлем алдында Атомнан бас тарттық. Атомнан бас тартқан елге АЭС неге керек?

-Мен сізбен келіспеймін. Ол кісі АЭС саламыз деген жоқ. Қазір оған бізде себеп те жоқ.

-Сонда қалай? Біз бұны аспаннан алмадық, Жақсалиев мырзаның сөзі. Бұқаралық ақпарат құралдары Вице-министрдің сөздерін бұрмалаған ба?

-Түсінбеген болар. Бақытжан Жақсалиев мырза АЭС салынбайтынын айтты. Ол кісі қазір АЭС салуға еш қажеттілік жоқ екенін айтқан еді. Рас, біз қазір электр қуатын мөлшерден артық өндіріп отырмыз. Тіпті, алынған өнімнің 30 пайызы толық күшіне пайдаланылып жатқан жоқ. АЭС – электр қуаты жетіспей, жұрт тапшылық көріп отырған жағдайда айтылса бір сәрі. Ал қазір ондай тапшылық жоқ. Сондықтан, АЭС салу я болмаса салмау мәселесі сөз болып отырған жоқ. Оның үстіне министр Қанат Бозымбаев мырзаның өзі өткен жолы АЭС салынбайтынын Үкімет отырысында ашық айтты.

-Сонда сөз болып отырған ненің құрылысы?

-Міне, осы жерде шатасушылық болуы әбден мүмкін. Өйткені Вице-министр мырза Балқаштағы электр станциясының құрылысы туралы сөз еткен. Ал оны кейбір БАҚ өкілдері АЭС пен шатастырып алса керек.

-Балқаш электр станциясының құрылысы тоқтап тұр ғой... Шетелден шақыртқан инвесторлар ат тонын ала қашқаны да өтірік емес...

-Иә, дәл қазір оның құрылысы тоқтап тұр. Себебі, инвестиция салып отырған Оңтүстік Кореяның «Саусунг» компаниясымен арадағы келіссөздер жүргізілуде. Бұл жерде жалғыз «Саусунг» компаниясы ғана емес, қазақстандық компаниялар да инвесторлық етуде. Келіссөздер аяқталған соң, құрылыс жұмыстары қашан жалғасатыны белгілі болады.

-Сіз осы саланың маманы ретінде айтыңызшы, АЭС тиімде ме, әлде ГЭС пе? Себебі, Атом электр станцияларына қатысты пікірлер алуан түрлі. Бірі дұрыс дейді, бірі керісінше.

-Нұреке, бұл жерде мынаны түсіну керек, АЭС-тің де өз артықшылығы бар. Бірақ дәл қазір бізге АЭС-тің қажеттілігі шамалы. Себебі, бізде электр қуаты белгілеген мөлшерден артық өндірілген. Әлі біраз жыл біз АЭС туралы айтпасақ та болады (күлді).

-Айтпақшы, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мырза биыл уран өндірісі көлемін азайтатынын айтты. Бұл немен байланысты?

-Рас, біз қазір уран өндірісі жөнінінен әлемде біріншіміз. Өкінішке орай қазір нарықтағы уран бағасы айтарлықтай құлдырады. Сондықтан, біз де өнім көлемін азайту туралы шешімге келдік. Себебі, нарықта сұраныс аз.

-Жаңа бір сөзіңізде «қазір қажеттілік жоқ» деп қалдыңыз. Айтыңызшы, сол қажеттілік қашан туу мүмкін? АЭС туралы сөз түбінде қайта көтеріледі ғой...

-Біз қазіргі қарқынымызбен әлі біраз жыл бұл тақырыпқа жоламайтын шығармыз. Кемінде 2025 жыл.  

-Жақсы Асеке, уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет!

-Сіздердің де жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371