Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 5035 0 пікір 14 Ақпан, 2017 сағат 14:15

ТҮРКІМЕНБАШЫНЫҢ 97,7 ПАЙЫЗ ДАУСЫ РЕКОРДТЫҚ КӨРСЕТКІШ ЕМЕС

Соңғы күндерде Қазақстанның іші-сыртындағы болып жатқан ірілі-ұсақты оқиғалар туралы шетелдік басылымдар не жазды? Бір шолып шықтық.

Қырғызстандық «Akipress.com» сайты өткен жылы Қазақстанға Қытайдан 12 699 еңбек мигранты келген деп жазады (12,699 Chinese hired in Kazakhstan in 2016).

Қырғыз сайтының жазып отырғаны өзіміздің Үкіметтің таратқан ақпараты. Сөйтіп, өткен жылы елімізге келгендердің саны 37 мыңға жуықтапты.

Солардың ішінде Қытайдан келгендер көп екен. 13 мыңдай Қытай азаматы ресми тіркелген. Сондай-ақ, Түркиядан 3502 адам, Өзбекстаннан 1564 адам, Ұлыбританиядан 1474 адам, Үндістаннан 1388 адам кепті. Бұлар ресми тіркеуден өтіп, арнайы рұқсатын алып келгендер. Мұның сыртында келімді-кетімді «қонақтар» қаншама?..

Осы аптаның тағы бір тренді – Түркіменстандағы Президент сайлауы. Күні кеше ғана сайлауда қарсыластарынан қара үзіп, оқ бойы озық шыққан Түркіменстанның ескі әм жаңа Президентін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құттықтапты. Әзірбайжандық «Trend.az» порталы солай деп жазады.

Құттықтап қана коймапты, қонаққа шақырыпты (Kazakh President Nursultan Nazarbayev congratulated Gurbanguly Berdimuhamedov on his election as Turkmenistan’s president and invited him to visit Kazakhstan in the near future).

Бердімұхамедов осымен үшінші рет Президент тағына жайғасып отыр. Бұл жолы Түркіменбасына 97,69 пайыз жұртшылық дауыс берген.  ТМД-дағы сайланушылардың рейтингісінде Гурбангулы Бердімұхамедов екінші сатыға жайғасқан. Алғашқы үштікті былтыр ғана сайланған Өзбекстанның су жаңа Президенті Шавкат Мирзияев толықтырып тұр. Ол алғашқы сайлауында 88,6 пайыз жинаған.

Тіпті, бұл туралы «Настоящее Время» инфографика жасапты. Айтпақшы, Батыс басылымдары Қазастан Президентінің жасын жиі қаузайды. ҚР Президентінің үлкен саясатта жүргеніне отыз жылдан асты. Сондықтан болар, Елбасының денсаулығына қатысты деректі-дерексіз өсек өріп жүр.

Жә, жұрт Астана жақтан сыбыс аңдып отырғанда, Халықаралық  «rferl.org» Тәуелсіз журналист Жанболат Мамайдың қамалуын сөз етіпті.

Бақылаушы топ Қазақстандағы ресми билік органдарына үндеу жасап, қапастағы журналистерді босатуды сұраған.

«Қазақстан билігі елдің ақпарат кеңістігін еркін ойлы жорналшылардан тазалауда. Жанболат Мамайдың қамалуы да осы бағытта жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі», - депті Орталық Азия Комитетінің журналистердің құқығын қорғау жөніндегі координаторы Нина Огнянова (“Kazakhstan’s authorities have systematically cleansed the country’s news media of dissenting voices, and the arrest of Zhanbolat Mamay is one more step in that direction,” Nina Ognianova, a Central Asian coordinator for the Committee To Protect Journalists).

Мамайдың «мишень» болуы кездейсоқтық емес-тін. Осының алдында Ұлттық бюро қашқындағы экс-банкир Мұхтар Әбләзовты тергеу үшін Астанаға шақыртқан. Құзырлы органның осыншама аңғалдығына Әбләзов әзілмен жауап қатқан. Ол: «Астанаға қандай галстук тағып барайын?!» деп жазған өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында. Осыдан көп өтпей-ақ, Жанболат Мамай тұтқындалды. Оған Әбләзовтан ақша алған деген айып тағылды. Қазір, тергеу жұмыстары аяқталғанға дейін, екі ай қамауда болады. Егер тағылған айып дәлелденсе, Мамай жеті жылға сотталып кетуі мүмкін.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502