Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Мәйекті 5012 0 пікір 14 Ақпан, 2017 сағат 11:33

ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ НЕГЕ ЕНЖАР ҚАРАЙДЫ?

Алматы облысында мемлекеттік тілдің мәртебесі асып, бағы жанғаны Серік Үмбетовтің тұсында болды. Секең басқарған жылдары басқаны айтпағанда, сол кезде бірінші орынбасар болған, қазіргі кезде Алматы облысының тізгінін ұстап отырған  Баталовтың да беті бері қарағаны есімізде.  

 Ал енді қарап отырсақ, аудандық деңгейде бюджеттен қаржыландырылып келген мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басына қара бұлт үйірілді. Соған қарағанда, Елбасының биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы «Төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту» бөлімінде айрықша атап көрсетілген: «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі» деген тапсырмасы айдаладағы жартасқа қарата айтылған кезекті айқай болып қалатындай.

 

Тілдерді дамыту деген сөзден құтылуға кіріскендердің көшін облыстағы ғана емес, еліміздегі ең ірі аудандардың бірі, ұлттық құрамы да сан-алуан, қазіргі кезде 300 мыңға жуық халық тұратын Еңбекшіқазақ ауданының әкім-қаралары бастады.

Нақтырақ айтқанда, Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің 2017 жылғы 7 ақпандағы №27 «Еңбекшіқазақ ауданының мемлекеттік органдарын қайта құру және штат санының лимитін бекіту туралы» қаулысымен «Еңбекшіқазақ ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесі «Еңбекшіқазақ ауданының білім бөліміне» біріктірілуіне байланысты «Еңбекшіқазақ  ауданының білім және мәдениет бөлімі» болып өзгертілді.

Осылайша  аудандық бөлімнің атауындағы «тілдерді дамыту» деген сөз алынып тасталып, біріктірілген аудандық бөлім атауы «Еңбекшіқазақ  ауданының білім және мәдениет бөлімі» болып шыға келген. Енді осы қаулыны жүзеге асыру барысында бірінші кезекте ортақ атаудан алынып тасталған тілдерді дамытуға қатысты мамандардың қысқаратыны да айтпаса да түсінікті. Соған қарағанда, бір өзінде кішігірім облыстың халқы тұратын,  алып жатқан аумағы да аса ауқымды, Жетісуды мекендейтін барлық ұлттың өкілдері мекен ететін Еңбекшіқазақта тілдерге қатысты мәселе «түбегейлі» шешілгендей. Алайда осыдан бірнеше жыл бұрын ұлттар арасындағы түсінбестіктердің ошағына айналып, ақыры екі бірдей елді мекенінде кісі өліміне соқтырған оқиғалардың тіркелгенін қаулыны дайындағандар  тарс естерінен шығарып алған сияқты.

Кемел Отызбай

Abai.kz

0 пікір