Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 9057 1 пікір 9 Ақпан, 2017 сағат 13:05

УКРАИНА РАДАСЫ ОРЫС ТІЛІНЕН БАС ТАРТТЫ

Өткенде Украина Жоғарғы Радасының спикері Андрей Парубий депутаттарды тек украин тілінде сөйлеуге шақырды. Ол тіпті арнайы Заң жобасын әзірлеп, Рада мінберінде бөтен мемлекеттің тілінде сөйлейтіндермен күресті бастап кетіпті.  

Парубийдің ұсынысы Украина депутаттарының мақұлдауынан өткен. Айтпақшы, енді Украина Радасының мінберінде тек бөтен елдің азаматтары (шет ел парламентінің мүшелері, Үкімет басшылары әм Мемлекет басшылары) ғана өз тілдерінде сөйлеуіне болады.  Мұндай жағдайда Парламентте арнайы ілеспе аударма жүріп отырады.

Осының алдында Парубий Ресейдің мемлекеттік тілінде сөйлейтін «Оппозициялық блок» депутаттарына орысша сөйлегендері үшін ескерту жасаған.

«Барша халық сайлаған депутаттарды мемлекеттік тілді құрметтеуге әрі Жоғарғы Рада мінберінен тек украин тілінде сөйлеуді талап етемін. Украинада жалғыз ғана мемлекеттік тіл бар, бұл украин тілі», - деді ол.

Жә, Парубийдің бұлай деуіне онсыз да білтесі тұтанып тұрған Украина-Ресей жанжалдарының себепші болғаны сөзсіз. Десек те, Тәуелсіздік алған 25 жылда ескі одақтан оқшаулану әркімнің қолынан келмеді. Орыстардың ана тілін ауадай керексінетіндердің бірі – Қазақстан. Әсіресе, Үкіметтен бастап, аймақтық әкімшіліктер бүгінде орыс тілінсіз отырып тұра алмайтын жағдайға жеткен. Бұл тәуелділік санадан әлі арылмағандық па? Әйтеуір, «О, Ленин бабамыз» деген ұран қандарына сіңіп кеткен Қазақстанның билік элитасы үшін сол бабасының тілін білу жазылған заңдылық. Жазылған дейтініміз, Ата Заңымызда айшықтап бердік. 7-бапта орыс тілін ресми қарым-қатынас тілі ретінде енгіздік. Есесіне ана тіліміз, мемлекеттік тіліміз есіктің аузына дейтін сырғыды. Бұл Қазақстанның билік тізгінін ұстағандардың ұрпақ алдындағы үлкен сатқындығы еді.

Қазір, бір дөкей мінберден қазақ тілінде сөйлей қалса, таңырқасып, "бәрекелділейтін" болдық. Мысалы, өткен жылы Президент Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясында қазақ тілінде баяндама жасады. Оған жұрт қуанды. Өз елімізде сирек еститін қазақ тілі БҰҰ мінберінен естілді. Сол үшін ақкөңіл қазақ ақжарма тіліктерін айтты. Рас-ау, Қазақстан дейтін Тәуелсіз мемлекеттің басшысы БҰҰ мінберінен басқа қай тілде сөйлеуі керек еді? Әрине – қазақ тілі. Немесе, Сенат спикері Қытайға сапарлап барып, қазақ тілінде сөз сөйлегенде жұрт Тоқаевты төбелеріне көтерді. Көрдіңіз бе, біз осындай деңгейге жеттік.

Рас, Украинадан кейін із қуалай Қазақстан Парламенті де Ресейдің Мемлекеттік тілінен бас тарта ма дейміз. Үмітіміз үзілмек емес. Десе де дәл қазіргі Парламенттің бұған дәрменсіз екендігі түсінікті.  

Қазақстан көп ұлтты Мемлекет деген жалаң сылтау айтылар, бәлкім. Украина да көп ұлтты. Украинадағы статистикалық зерттеулер бойынша халықтың 50,9 %-ы орыс тілділер екен. Сөйте тұра, олар одақ тілінен толық бас тартты.

Айтпақшы, кеңестің күлімсі сасыған шекпенінен шыққан елдердің ішінде орыс тілінен толық бас тартқан алғашқы ел Украина емес.

2014 жылы Молдова ресми орыс тілінен бас тартты. Онда қазір РФ тілі екінші деңгейлі шет тілі ретінде ғана оқытылады. 2014 жылдың 7 қазанында Молдова Президенті Николай Тимофти бұл Заңға қол қойған.

2012 жылы Латвия референдум жасады. Халықтың 77, 22%-ы орыс тілін керексінбеген. Сөйтіп, Мемлекеттік дәрежесінен айырылып, қара базарда қолданатын тіл деңгейіне түсті.

Грузия орыс тілінен сонау 2009 жылы толық тазаланған.

Түйін: Осы тұста Ақселеу Сейдімбектің естілігі еске түседі.  «Абайда мынандай сөздің бары рас: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр».  

Осы сөзді қолданушылар Абайдың есімін бетке ұстап, орысшыл болу керек дейтін ниетті өзеурей насихаттап жүр. Ондайлар бара-бара «өз тіліңді білмесең де, орыс тілін біл» деген пиғылын көлденең тарта бастағандай. Мұндай сорақылықты қазіргі саясат аңшының итін сипағандай еркелететін болып алды. Бұларға бүтін дүниетаным, бүтін тұлға керек емес...», - дейді. Рас.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5445