ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ ТӘУЕЛСІЗДІКТІ САРҒАЯ КҮТТІ
Республикалық "Жебеу" қайырымдылық қорының төрағасы Омаралы Әділбекұлымен әңгіме
Қазақтың ұлттық ұйымы Қытайда қалай құрылды?
– Аға, қазір «Жебеу» қайырымдылық қоры бірқатар келелі істердің ұйытқысы болып жүр. Қытайдағы қандас бауырларымызға рухани, заңдық һәм әлеуметтік тұрғыда қол созу идеясы қашан, қалай пайда болды?
– Жалпы, «Жебеу» қайырымдылық қоры бірден құрыла салды деп айта алмаймын. Қорды құру идеясы құрушылардың бұрыннан бері ойында жүрген екен. Біз 1982 жылы қазақтың 30 қыз-жігіті Қытайдың астанасы Бейжіңдегі Орталық Ұлттар университетінің тіл-әдебиеті факультетіне оқуға түстік. 1982 жылдан 1986 жылға дейін алып елдің астанасында жүріп, тағдырдың талай ыстығына күйіп, суығына тоңдық. Біз оқыған Бейжіңдегі Орталық Ұлттар университеті 1953 жылы құрылған оқу орны еді. Жылына қытайдың жер-жеріндегі аз ұлттардан оқушы қабылдап оларды 4 жыл оқытып, маман етіп шығарады. Бұл үрдіс «Мәдениет төңкерісі» кезінде тоқтап қалып, 1971 жылдардан кейін қайтадан жылына әр мамандыққа 20-30 бала қабылдай бастады. Біз 1982 жылы оқуға қабылдандық. Қытай тілі мен қазақ тілін қатар оқып, білім алдық. Біз барған тұс Қытайдағы Мәдениет төңкерісі аяқталып, батыс елдерімен қарым-қатынас жақсарып, мәдениет пен ғылымға көңіл бөліне бастаған кез. Бұрынғы дәстүрлер де қалпына келтіріліп жатқан.
Осындай орайлы сәтті пайдаланып, 1983 жылы Зейнеш Сымайылұлы бастаған жас мұғалімдар мен бізден бұрын оқуға түскен жігіттердің бастамасымен тұңғыш рет наурыз мерекесін атап өттік. Студенттердің ұйымдастыруымен болған бұл шара елге керемет әсер етті. Бізден бірер жыл бұрын оқуға түскен Бақыт Еженхан, Кеңес, Мақадас сынды жігіттер белсене жұмыс жасады. Біздің университетте білім толықтырып жатқан Әбдіһай деген ағамыз кешті жүргізді. Біз де қал-қадарымызша көмек қолын создық. Қытай еліндегі қазақ жігіттерінің тұңғыш рет ұйымдастырған осы ұлттық мерекесі жайлы кейін Рақым Айыпұлы «Түркістан» газетінде көлемді мақала жазды.
Бүгін қарап отырсам, бұл ұлтқа қызмет етудің бастапқы баспалдақтары екен. Наурызды мерекелеу үрдіс келесі жылы да жалғасты. Осылайша қазақтардың Қытай астанасы Бейжіңде наурызды өткізу дәстүрі қалыптасты. Ұйғыр ұлты да бізден қалыспай, Бейжіңде наурызды мерекелейтін болды. Кей жылдары наурызды бірлесе тойлайтын болдық.
Бұл жалпы ұлттық мерекеге айналды кейін тіпті Шыңжаңнын Бейжіндегі өкілдігінде, Бейжің ұлттар сарайында, Қытай әскери музейханасының залында тойланды. Бұл біздің сол тұстағы ең үлкен көлемде атқарған шаруамыз еді. Аталған шараға Шыңжаңнан үлкен дәрежелі басшылар арнайы келіп қатысты. Бертінгі жылдары Бейжіңдегі қазақтардың Наурыз жөнінде «Қазақстан», «Хабар» телеарналары жақсы сюжеттер берді.
«Шыңжан мал шаруашылық районындағы оқу-ағартуды ілгерілету қоғамының жарғысы»
Күн өткен сайын Қытайдағы аз санды қазақ ұлтына көмек қолын созу қажеттілігі біліне бастады. Қазақтың мал бағып, түрлі қара жұмысқа жегіліп жүргені намысымызды қайрады. Қытай ұлтының балалары секілді қаракөздеріміз де жоғарғы оқу орнына көптеп түссе деп армандадық. Қытайдың мектеп бітірушілерге арналған біздің Ұлттық бірыңғай тестілеу секілді емтиханы бар еді. Әлгі емтиханды жақсы тапсырған балалар ғана жоғарғы оқу орындарына түсе алады. Емтихан сұрақтары тек қытай тілінде шығарылып басқа тілдерге аударылатын, қосымша материалдар тым аз еді, сондықтан ауылдық жерде өскен білімді жастардың жоғарғы оқу орнына түсуі қиын болатын. Біз 1985 жылдан бастап, сол емтихан сұрақтарын қазақ тіліне аударуды қолға алдық. Ол кезде марқұм Асқар Жакулин бауырымыз Шинхуа университетінде оқитын жалғыз қазақ еді. Сол Асқар Жакулин бастаған жігіттер ақылдаса келіп, «Шыңжаң мал шаруашылық районындағы оқу-ағартуды ілгерілету қоғамы» деген ұйым құрдық. Ұйымның жарғысын жаздық. Төрағамыз болып демократикалық жолмен Бейжің педогокиқалық университетінде оқитын Мақадас дейтін азамат сайланды. Қазір Қазақстандағы Рахым Айыпұлы, марқұм Асқар Жакулин, Айдын Оразанбай қазір Қытайда үлкен қызметтер істеп жүрген Кеңес, Бекболат және мен ұйымның тұрақты жорасы болып сайландық. Егер де бұл ұйымға «қазақ» деген сөзді қоссақ, Қытай үкіметі оны қабылдамайтын еді. Жалпы, Шыңжаңның солтүстігінде негізінен қазақтар тұрады. Біздің басты мақсатымыз сол жердегі қазақ балаларына көмек қолын созу болды.
Асқар Жакулин
Қытай астанасында оқып жатқан жастардың ұйым құрған кездегі алға қойған мақсаттары өте үлкен еді. Біз істі кішкене жұмыстардан бастадық. Әр жылы шыққан емтихан сұрақтарын қазақ тіліне аударып, оны басып шығара бастадық. Мен тарих пәнінің сұрақтарын қазақшаға аудардым. Өзге жігіттер де шамаларынша әр пәнді бөліп алып, жұмыс жасады. Бізге қазақтың мықты азаматтары көмектесті, өзіміз де дамыл көрмей, жылу жинадық, көшеде кәуаб саттық. Әйтеуір мақсатымызға жету үшін қаржы таптық. Ол кезде қолмен жазып, кітап етіп түптейтін типографиялар болатын. Сенбі-жексенбі күні тынбай жұмыс істеп, кітап шығардық. Сосын Бейжіңдегі оқып жүрген барлық қазақ жігіттерін жинап, өздері оқыған мектептерінің тізімін алдық. Бейжіңде Солтүстік Шыңжаңдағы әр ауданан кемі бір қазақ баласы оқитын-ды. Солар арқылы шығарған кітаптарымызды бірден-екіден елге жіберіп отырдық. Бұл шаруаны екі жыл қатарынан атқардық. Одан кейінгі жылы Асқар Жакулин шетелге шығып кетті. Біздің оқуымыз аяқталып, бұл дәстүрді бізден кейінгі жігіттер жалғастырып кете алмады. Бірақ, сол екі жылдың өзінде қаншама қазақ баласының жоғарғы білім алуына септігіміз тиді. Сол емтихан сұрақтарымен дайындалып оқуға түскен қыз-жігіттер талай рет бізге келіп, рахметін айтты.
Қытайдағы қазақ жастары тәуелсіздікті сарғая күтті
– Сіздердің осылай бірлесе ұлтқа қызмет істеулеріңізге ненің ықпалы болды? Жастардың санасының оянуына белгілі бір себептер әсер етуі керек қой.
– Әрине, сол тұстағы саяси оқиғалар оқыған жастардың санасын серпілткенін мойындауымыз керек. Қытайдағы қазақ жастары 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі кезінде қабырғасы қайысты. Қазақтың азаматы ретінде өз үнімізді қоссақ деп талпыныс жасамақ болдық. Бірақ, біздің ойымызды факультет басшылары, мұғалімдар біліп қойып жатағымыздан шығартпай тастады. Біз университетте оқып жүргенде «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналы университеттің кітапханасына келетін. Содан бұл жақтың барлық ақпараттарын оқып отыратынбыз. Ол кезде Қытай есікті ашу саясатын ұстанып отырғандықтан. АҚШ бастаған батыс елдермен қарым-қатынасы жақсы болды. Осыны пайдаланып, «Азаттық» радиосының қазақша хабарларын тыңдайтынбыз. Осыдан болар біздің санамызда демократия, кісілік құқық, еркіндік деген ұғымдар мен ұлт дәстүрін сақтау, ұлт келешегіне күйіну, ұлтқа қызмет ету деген идеялар терең орнап қалды.
Қазақстанда қайта құру басталғанда аз да болса, демократияға жол ашылды. Күн сайын «Азаттықты» тыңдаған соң, «тәуелсіздік алсақ қой» деген арман жүрегімізге мықтап бекіді. КСРО құлап, өзге Одақтас елдер тәуелсіздігін жариялап жатқанда бізден маза кетті. Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялауын сарғая күттік. Тәуелсіздік алған күні Қытайдағы қазақ жастарынан бақытты адам жоқтай көрінді. Біз топтасып алып, тәуелсіздікті тойладық. Қытай достарымыз да: «Сендердің өз мемлекеттерің құрылды, бақыттысыңдар. Енді елдеріңе қайтатын шығарсыңдар» десіп бізді жаппай құттықтады.
– Тәуелсіздік ала сала елге оралуды ойлай бастадыңыздар ма?
– Әрине, елге оралу арманының жетегімен 1992 жылы Бейжіңнен Үрімжіге ауыстым. Сол жылы бізбен бірге оқыған жігіттер Қазақстанға кете бастады. Досым Рақым Айыпұлы елге келе сала қазіргі әл-Фараби атындағы ұлттық университетке жұмысқа орналасып, маған шақырту жіберді. Бейжіңде оқыған сол отызға жуық қыз – жігіттің қазір оншақтысы Алматы мен Астанада тұрып жатыр. Біз келген 1992-1994 жылдары ғылым жолын қуамын деген қандастарға Қазақстан Ғылымдар академиясы мен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің аспирантурасына түсуге жағдай жасалды. Академияда оқып жүріп, талай қиын кездерді бастан өткердік. Кейбір жігіттер баратын жері жоқ болған соң, академияда, жұмыс орнында түнеп жүретін. Кейін ағаларымыздың көмегімен бәріміз жатақхана алдық. Бұл жаққа келіп, жетімнің күйін кештік деп айта алмаймын. Мәселен, мен ұстазым Серік Қирабаевтің әкелік қамқорлығын көрдім. Рақым бауырымды Алма Қыраубаева апамыз туған інісіндей жетеледі. Нәбижан Мұхамедхан ағамыз Манаш Қозыбаевтай біртурар ағамыздың тәрбиесінен өтті. Бұдан сырт Талғат Мамырұлы, Бақыт Еженхан, Райыс Әріпжан, Қайрат Ғабитхан, Сағынтай Сұңғатай қатарлы ғалымдар, Мерей Сламұлы, Жеңіс Түркия, Фарида Мірхамит, Айгүл Түркия, Сабыржан Мұхамедхан, Дәурен Халмет қатарлы бизнесмендер бір-бір мүйізі қарағайдай академик пен профессорлардың шәкірті болып тәуелсіз елдегі жаңкешті тірліктерін бастап кетті. Біз біріншіден өз елімізбен табыстық, екіншіден қазақтың маңдайалды азаматтарын әкеміз еттік. Бір жағынан оқып, білім алдық, екінші жағынан жұмыс істедік. Шетімізден азаматтық алып, осы елдің толыққанды мұшесі болдық. Осылайша қазіргі қазақ қоғамымен етене араласа бастадық. Осы жігіттерді арқа тұтып, артынан қаншама азамат елге оралды?!.
Ораралы Әбділбекұлы. Жастық шақ
Бизнесте тасымыз өрге домалады
– Сөйте тұра ғылымнан біржола қол үзіп кеттіңіздер ғой.
– Ғылымнан біржола қол үздік деуге келмейтін шығар. 1993-1998 жылдары бір жағынан оқып, екінші жағынан жұмыс істеу өте қиын болып кетті. Айналамызға қараймыз, еліміздегі өзге ұлт өкілдері сауда-саттықпен айналысып, шетінен байып жатыр. Түріктер, ұйғырлар, қыл аяғы ауғандарға дейін тіршіліктерін дөңгелетіп жатыр. Біз Қазақстанға бар болғаны бір сөмкемен келгенбіз. Бірақ ыстық жүрегіміз, ақылымыз бар еді. Сол ыстық жүрек пен ақылды бизнестің көрігіне салып көруді ұйғардық. Ақырындап сауда жасай бастадық. Саудамыз ұлғайып, сауда орнын аштық, фирма құрдық, үй алдық. Қазір бізбен бірге жұмыс бастаған жігіттердің алды 200-300, арты 100-150 адамға дейін жұмысшы жалдап, халықты жұмыспен қамтып отыр. Кейбір жігіттер үлкен зауыттар ашты, кейбірі қонақүй салды. Әйтеуір ешқайсымыз жерде қалған жоқпыз. Жігіттердің бәрі үкіметке салығын төлеп отыр. Бүгінде арамызда ай сайын он шақты миллион кеден салығын төлеп отырған азаматтар бар.
– Қытайдан келген қандастардың бизнеске икемді болуының себебі неде?
– Оның негізгі себебін 1980 жылдары Қытайда жүргізілген нарыққа өту, сыртқа қарап есік ашу реформасынан іздегенді жөн санаймын. Сол сексенінші жылдарда Қытайда халықтың қалаға шоғырлануы, саудаға өтуі қарқынды жүргізілді. Қытайда сауданың көзін тапқандар тез аяғынан тұрып кетті. Қытай баспасөзі үзбей жетістікке жеткен адамдар жайлы мақалалар жариялап жататын. Біз оны үзбей, қызыға оқитынбыз. Амал не, Қытайдың Гуаңжоу, Шыңжың, Шанхай сынды теңізге жақын өлкелерінде болған сол реформаға біз қатынаса алмадық. Тек сырттан ғана бақылаушы болып отырдық.
Қазақстанда мемлекетті құру ісі мен нарықтық қоғамға өту жұмысы қатар жүрді. Елімізде 1994-1995 жылдардан кейін аспаннан ақша төгіліп жатты. Экономикалық тапшылық алқымнан алып, тауар жетіспейтін. Ол кезде Қытайға екі-үш рет барып келген адам Алматыдан үй сатып ала алатын еді. Көзін тапқан жігіттер бір айда 6-7 мың доллар ақша табатын. Қытайдан келген қыз-жігіттер бұл мүмкіндікті жіберіп алғысы келмеді. Біз орыс тілін білмедік, ортаның жағдайын ұқпадық, мемлекеттің саясатын толық түсінбедік. Сөйте тұра өз еңбегімізбен, қажыр-қайратымызбен біршама шаруа жасадық.
"Жебеу" қайырымдылық қорын құрушылардың бір тобы
– Соның арқасында қазаққа қол ұшын созатын қоғамдық ұйым құрдық демекшісіз ғой.
– Сонау 1982 жылдары наурыз өткізіп, қазақ балаларын университетке оқыту үшін аудармамен айналысып, әйтеуір қолдан келгенді жасадық қой. Сол кездегі үлкен мақсаттарды орындайтын кез 2000 жылдары бір-ақ туды. Біз қаржы мәселесін шешпей, ештеңе жасай алмасымызды білдік. Өзіңіз білесіз, 2000 жылдардан кейін Қазақстанның экономикасы түзеле бастады. Жұмыс орындары көптеп ашылды. Біз де баспаналы, көлікті болып, біршама жағдайымыз оңалды. Рақым Айыпұлы екеуміз ақылдасып: «Бізге Құдай осындай тағдыр жазды. Біраз шаруа жасадық. Түрлі қиыншылықтар көрдік. Енді қандастарға көмек қолын созатын ұйым құрайық» деген бекімге келдік. Басты мақсатымыз бұрыннан ойда жүрген жұмыстарды алға жылжыту болды. Қытай мен Қазақстан арасында дәнекер болып, татулықты, экономикалық-мәдени байланыстарды дамытуды қолға алуды жөн санадық. Мұның сыртында көші-қонмен елге келген қаншама қандастарымыз заңды білмегендіктен түрлі кедергілерге ұшырап жатады. Оларға да заңды ұйым арқылы жәрдем беру керек деп ойладық. Қазақстанда Қазақ-Қытай академиясын, «Ерке-Нұр» фирмасын құрған Талғат Мамырұлы деген азамат бар. Сол жігітке жолығып, ойымызды ортаға салдық. Артынша Сабыржан, марқұм Асқар, Дәурен, Қару, Рахат, Жеңіс қатарлы біраз жігіттерге хабарластық. «Жебеуді» құру біраз уақытқа созылды. Екі ай бойы ақылдастық. Бастапқыда идея көп болды. Біз «алдымен көші-қон саласымен, қытай консулдігімен жұмыс жасайық» деген тоқтамға келдік. Қытайдан оқу іздеп келіп жатқан жастардың көбі заң білмейді. Өз құқығын қорғай алмайды. Қандастардың күн сайын түрлі проблемалары болып жатады. Сондай кезде жеке-жеке аттандамай, бір ғана ұйымның атынан әрекет етсек деген ой болды. Осы ойға тоқтап, 2009 жылы «Жебеу» қоғамдық қоры құрылды. Мамыр айында республикалық бірлестік ретінде тіркелдік. Төрағасы Талғат Мамырұлы, бас хатшысы етіп Рақым Айыпұлын сайладық. Төрағаны төрт жылда бір ауыстырып отыратын болдық. Талғат Мамырұлы алғашқы 4 жылда біраз шаруаларды жасады. Сосын Сабыржан Мұхамеджанұлы төраға болды, Дәурен Халметұлы бас хатшы болды. Бұл жігіттер де талай іргелі істердің басы-қасында жүрді. 2014 жылдан бастап мен төрағалыққа, Қару Қасенұлы бас хатшылыққа сайланды. Екі жылдан астам уақыттан бері шама-шарқымызша жұмыс жасап жатырмыз.
20 жігітті құлдықтан құтқардық
– Нақты «Жебеу» не жасады? Атап айтсаңыз...
– 2013 жылы Қызылағашта апат болған кезде біз қал сұрауға бардық. Әр отбасыға 50 мың теңгеден қаржылай көмек көрсеттік. 20 тоннаға жақын ұн апарып бердік. Суға кеткен қаншама қандасымыздың құжаты жоғалды. Сол қандастарға Үкімет бірден азаматтық жасап берді. Біз осы жұмыстардың дұрыс жүруіне өз ықпалымызды тигіздік. Қызылағашқа мемлекет болып, халық болып, өз деңгейінде көмек көрсетті. Осы шаруаларды жасап жүріп, ел екенімізді, біртұтас қазақ деген ұлт екенімізді сезіндік.
2014 жылы Қаскелеңнің шетінде кірпіш зауытында құлдықта жүрген біраз жігіттерді құтқарып алдық. Біреулер сол жігіттердің құжаттарын тартып алып, жұмысқа салып қойған. Осыны естіген соң, Қытай консулдігімен бірігіп, Қарасай аудандық ішкі істер бөліміне арыз жазып, құжаттарын алып бердік. Еңбекақысы да төленді. Сол жігіттерді аман-есен Қытайға шығарып салдық. Бұл жігіттердің бәрі қытай азаматы болғанымен, түгелдей қазақтар еді.
Былтыр білесіз, Ұзынағашта үш жігіттімізді өлтіріп кетті. Сол кезде «Жебеу» қоры арнайы «Елдік берекемізді сақтауға шақырған» мәлімдеме жариялады. Қылмыстың аты – қылмыс. Оны ұлтқа, жерге, жікке бөлуге болмайды. Шекараның арғы жағындағы халықты тыныштандыру үшін де осындай қадамға баруды жөн санадық. Үш отбасыға 2 млн. теңгеден аса қаржы жиып бердік. Әр отбасы айына 80 мың теңгеден ғана ала алатындай етіп, банктен есепшот ашып қойдық. Асыраушысынан айрылған отбасы аш қалмауы үшін осылай жасағанды жөн санадық. Сонымен бірге сол үш отбасы үшін 300 мың теңгеге арнайы адвокат жалдап, екі реткі соттың барысын қадағаладық әрі жораларымыз сотқа кезек-кезек қатынасты.
Президент мерзімінен бұрын сайлау өткізбек болғанда 960 мың оралманның атынан баспасөз мәслихатын өткізіп, Елбасының саясатын қолдайтынымызды білдірдік. Тәуелсіздік алғалы Қазақстанға қаншама қазақ келді? Қаншама игі істер жасалды? Оның бәрі Елбасымыздың саясатының арқасында болып жатыр. Біздің осы мәлімдемемізден кейін Германияның бір газеті «Қазақстанда оралмандар саясатқа араласа бастады» деп мақала жазыпты.
Өткен жылдары ҚР-ның Көші-қон туралы заңы қайта қаралды. Сол заңның өзгеруіне шамамыз келгенше атсалыстық. Парламентте арнайы жұмыс тобы құрылды. Сол жұмыс тобына біздің ұйымның атынан Рақым Айыпұлы мен Ауыт Мұқибекұлын кіргіздік. Олар Көші-қон туралы заңды жасауға толық қатынасып, «Жебеу» қорының атынан көптеген пікірлерді ортаға салды. Біздің мемлекет көшіп келген қандастардан сотталмағаны туралы анықтама талап етеді. Қытайдан ол анықтаманы алу мүмкін емес. Осы бір жанайқайымыз ғана өтпей қалды. Қалған талап-тілектеріміз қабылданып, Заңның беті бері қарады. Бірнеше жылдан бері сіресіп тұрған тоң жібіп, көш қайтадан жандана бастады. Мәселен, «Қытайдағы тұрақты тіркеуден шығып кел» деген талап алынып тасталды. Солтүстікке қоныстанатын қандастарға жол шығыны өтелетін болды. Жер берілетін болды. Мұның бәрі айтуға оңай болғаныман, өте қиын жұмыстар.
Марқұм Ермұрат Зейіпхан бауырымыздың 50 жылдық еске алу кешін ынталы азаматтармен бірлесе ұйымдастырдық. 8 млн. теңге ақша жинап, кітабын, дискісін жарыққа шығардық. Дастархан жайып, қонақтарды күттік. «Жебеу» құрылтайшылары қоғамдағы азаматтармен бірлесіп Қабдеш Жұмаділов ақсақал мен Нәбижан ағаның мерейтойында көлік мінгіздік.
2015 жылы Қытайдан келген бір жігіттің екі бүйрегі істен шығып, соған бауыры бір бүйрегін беретін болды. Мұндай отаны жасауға 30 мың доллардай қаржы қажет екен. Сол ақшаны «Қызай ана» қорымен бірлесе отырып жинап бердік.
Қазір Қытаймен де қарым-қатынасымыз жақсарып келеді. Өткен жылдары Қытайда фащизмге қарсы соғыстың 70 жылдығы тойланды. Біздің ұйымның атынан арнайы делегация барып, сол тойға қатынастық. Шиңжипиннің 300 әскерін қысқартқанын өз құлағымызбен естідік.
Былтыр жазда әйгілі ақын апамыз Марфуға Айтқожинаның 80 жылдық мерейтойына орай, Қытайда түсірілетін деректі фильмінің жұмыстары үшін Консулдық және Қытайдағы қатысты орындарға хат жазып, байланыс жасап бердік. Саясаткер және қоғам қайраткері Берік Әбдіғани бастаған делегацияның ҚХР-ның Іле қазақ облысы өңіріндегі мәдени сапарын ұйымдастырдық.
Қазір жылына Елшіліктің арнайы бағдарламасымен Бейжің орталық ұлттар университетіне, Шыңжаң педогогикалық университетіне оқуы жақсы, отбасылық жағдайы төмен балаларды оқуға жіберіп отырмыз. Бүгінде еліміздің мұнай саласындағы Қытайдың үлес салмағы 20 пайызды құрайды. Көрші ел Қазақстанға түрлі кен орындарын ашып жатыр, ауылшаруашылыққа да баса мән беріп отыр, түрлі зауыттарын салып жатыр. Байланыс саласында да Қытай фирмалары кіріп жатыр. Бізде Қытайға деген түсінің онша терең емес. Қорқыныш пен күдік қатар жүреді.Кейде солтүстіктегі көршіміздің ақпараттары нешетүрлі пікір таратып, отқа май құяды. Көршіні құдай талдайды дейді. Бізде заң салтанат құрып, қоғамдық қайшылықтар дер кезінде шешілсе, халықтың әлеуеті артып, қорғанысымыз күшейсе бізді жау ала қоймас.Бұл жақта Изральдан үйренеріміз көп. Ежелден теңсіздіктен, береке-бірліктің кетуінен, жау іштен шығып, сырттың назарын аударады. Егер қорқатын болсақ, оларға неге жол ашып отырмыз? «Қорыққанға қос көрінеді». Біз олардан қорықпауымыз керек. Шамамыз келгенше, қытайды танып-білуге ұмтылуымыз қажет.
Қытайдан қорықпау қажет
– Қытай да қазақты тану үшін талай шаруа жасап жатқан көрінеді ғой.
– 2050 стратегиялық бағдарламасын қараңыз. Біз дамыған ел болу үшін белді бекем буып отырмыз. Даму жолына түскен ел шекараны тас бекітіп отыра алмайды. Қазір Қытай тарапы Ұлы жібек жолын қалпына келтіру үшін жанталасып жатыр. Ол жолдың ең ұзақ бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. Қазір қалаңыз, қаламаңыз Қытаймен экономикалық тұрғыда мүддеміз ортақ. Екі ел арасын екі темір жол желісі жалғап жатыр. Енді Батыс Қытай – Батыс Еуропа магистральды тасжолы пайдалануға беріледі. Сол жолдың бойында отырған халықтың жағдайы жақсарады. Сондықтан да біздің ұйым болашақта екі ел арасындағы достықты үгіттеп, насихаттайтын болады. Көрші елмен ынтымағымызды арттыруымыз керек. Себебі, ол ынтымаққа алдымен біз мұқтажбыз. Ол жақта әлі екі миллион қандасымыз өмір сүріп жатқанын ұмытпауымыз керек. Қазақстанның жағдайы жақсы болса, шекараның ар жағындағы қандастың да еңсесі көтеріледі. Сол қандастар үшін де қарап отыруға болмайды. Олардың тағдыры – Қазақстанның саясатының қолында.
Тәуелсіздік алған соң, ол жақтағы қандастардың жағдайы бірден жақсарды. Өйткені, көптеген азаматтарымыз елден барған кәсіпкерлерге көмекші болып, енді біреулері делдалдық жасап жүр. Тәуелсіздігіміз Қытай қазақтарының қалаға топтасуына, жағдайының жақсаруына ықпал етті. Шекара түбіндегі қаншама қандасымыз жұмыс тауып отыр. Бұрын тек қара жұмыс жасайтын қазақ қазір түрлі кәсіпті игеріп жатыр. Мұның бәріне Қытай қазақтары тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізгенін мойындайды.
Қазақты тану үшін Қытайда арнайы институттар ашылып жатыр. Әр өлкеде Орта Азия зерттеу институты жұмыс істейді. Баяғыда тек қазақ балалары оқитын қазақ тілі кафедраларында қазір қытай балалары да оқиды. Қытайдың Бейжіңдегі көпжылдық тарихы бар әлем тілдер университетінде былтыр қазақ тілі кафедрасы ашылды. Олар осылай талпынып отырғанда біз де қарап қалмауымыз керек.
Қытайдың өнері мен біліміне көңіл бөлуге тиіспіз. Қазақстанда «Қытай – нашар тауардың иесі, мәдениеті жоқ. Ұрлық істегеннің қолын кеседі» деген сияқты қасаң түсінік қалыптасқан. Шындығында Қытай әлемдегі төрт өркениеттің бірі ретінде әлі жалғасып отыр. Ұшаң – теңіз тарихи, әдеби мұралары бар. Тарихта қоғамдық ғылым – адамтану ғылымы өте жоғары деңгейде қалыптасқан. Қазір экономикасы ғарыштап, дамып отыр. Территориясы да үлкен. Әр квадраты адам басына есептегенде Жапония Қытайдан бірнеше есе көп тығыз орналасқан. Шиңжипин билікке келгеннен кейін, ортаға қойған «Қытай арманының» іргетасы заңдық негізде қаланып жатыр. Жақсы ортада өскен, қиыншылықтыда көрген, текті тұқымнан шыққан төраға Қытаймен әлемнің бейбіт жолда дамуына, көркейуіне өз үлесін қосады деп сенеміз. Төрағаның әкесі Қытай коммунистерінің ішінде ең демократ, ең әділ болған адам. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында Гуандонг өлкесінің бірінші секратары болып Қытайдың реформа және сыртқа есік ашу саясатын тыңғылықты атқарған. «Бармасаң, көрмесең жат боласың» деген сөз бар. Бармай, көрмей жатып, қаралай бермей оларды да терең зерттейік. Жан-жақты танып білейік. Сонда ғана ұлттық болмысымызды, тәуелсіздікті сақтап қалатын жолды көреміз. Еліміз Заңдық тұрғыда мықты елге айналса, Қытай да, басқа да бізді жаулай алмайды.
– «Жебеуде» қанша құрылтайшы бар. Жасырын болмаса, жылына қанша ақша жинайсыздар?
– Жебеудің 30-ға таяу құрылтайшы бар. Барлығы Қытайда жоғары білім алған қыз-жігіттер. Жылына бір рет өзіміз белгіленген деңгейде жарна жиямыз. Ал, дереу ақша қажет мәселе туындай қалса, арнайы жиылып, жиналыс өткіземіз.ъ
Әңгімелескен Қанат Бірлікұлы
Abai.kz