Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 9703 0 пікір 8 Ақпан, 2017 сағат 11:43

ҚАЗАҚ ТӘУЕЛСІЗДІГІ ҮШІН ЕЛІМІЗДЕГІ ӨЗГЕ ҰЛТТАР ДА КҮРЕСТІ

Жалғасы. Басы мына сілтемелерде. Бірінші сілтеме. Екінші сілтеме.

Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік идеологиясы мен қоғамдық ғылымы мемлекеттік және қоғамдық патриотизмге берілетін анықтаманың ғылыми дәйектелген ұлттық тұжырымдамасын, моделі мен әмбебап өлшемшарттарын жасап шығаруға тиіс. Мысалы, біз патриот қазақтар жөнінде көп айтамыз, бірақ Қазақстанның басқа ұлттан шыққан патриоттары жөнінде ештеңе айтпаймыз не болмаса аз айтамыз. Бұл бүгінгі таңда мемлекеттің, бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының идеологиялық, ақпараттық-насихат жұмысындағы әлсіз тұс болып отыр.

Біз өз тарихымыз бен көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан халқының жадында басқа мемлекеттер мен халықтардың жаулап алушылары мен тирандарын, діни апостолдарын емес, қазақ халқының ұлт-азаттық күресін түсініп, қолдаған, қудалау мен қуғын-сүргіннің ауыр кезеңінде бізге көмек қолын созған ұлы демократтары мен гуманистерін мәңгі есте қалдыруға тиіспіз. Мысалы, Ресейдің прогресшіл және демократиялық күштері мен адамдары әрдайым өз азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен қазақтардың жағында болды. Олар билікке келген кезде Қазақстан өз азаттығын алды.

Орыс халқының көрнекті ұлы Григорий Потанин (Ресейдің Құрылтай жиналысына «Алаш» партиясының атынан сайланған депутат), Тимофей Сидельников (Мемлекеттік Думаның мүшесі), Орест Шкапский (Уақытша Үкіметтің комиссары), Сергей Швецов (Петербургтік профессор-этнограф) және басқа да көптеген адамдар «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының идеяларын қолдап, қазақ халқының мемлекеттік автономиясын жақтап әрекет етті, қазақтардың мүддесі мен өз жерлерін сақтап қалуын қорғады.

Тарихи құжаттар Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы жолында күрескендер арасында, мысалы, орыс ұлтының ғана емес, украин, қарақалпақ, өзбек, қырғыз, балқар ұлты мен басқа да ұлттардың өкілдері аз болмағанын көрсетеді, олар Қазақстанның мүддесі, біздің ортақ Отанымыз үшін қолына қару алып та, саяси және идеологиялық майданда да күрескен. Бұған жүздеген және мыңдаған мысал келтіруге болады. Қазақстанда осы адамдардың ерлігін қайта жаңғыртып, есімдерін мәңгі есте қалдыру аса маңызды әрі қажетті іс. Бұл Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың «Біз – бір отбасымыз және біздің бір ғана Отанымыз бар. Әрқайсымыздың тағдырымыз – Қазақстан тағдырында» деген сөздерін тағы да бір рет айғақтай түседі.

Мәселен, қазақтардың жоңғар шапқыншылығына қарсы Отан соғысында қырғыздардан, қарақалпақтардан, өзбектер мен башқұрттардан құралған жасақтар аз болмаған. Патша үкіметіне қарсы Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтеріліске орыстар, поляктар, белорусьтар, өзбектер, татарлар, қырғыздар, қарақалпақтар белсене қатысқан. Әрі олардың көбісі қайта шаңырақ көтерген Қазақ хандығында жүзбасы, хатшы, адъютант және ведомство басшысы ретінде басшы және жауапты лауазымдар атқарған. 1916 жылғы халық көтерілісі кезінде Ақмоладағы көтеріліс орталығы басшыларының бірі украин Афанасий Латута болды. Оның қол астында 30 мыңға жуық көтерілісші болды. Айтпақшы, ол қысқа уақыт ішінде қазақ тілін үйреніп алған.

Не болмаса, ата-бабаларымыздың патша билігінің отаршыл саясатына қарсы күресін қазақ халқының өз азаттығы мен Қазақстанның егемендігі үшін ұлт-азаттық күресі ретінде тануды табан тіреп қорғаған академик Анна Панкратованың идеологиялық майданда көрсеткен интернационалдық ерлігін қалайша ұмытуға және есте қалдырмауға болады, кейбір мәңгүрт қазақ ғалымдар қарсы шықса да, ол ең көрнекті қазақ тарихшысы Ермұхан Бекмахановты түрмеден босатуға тікелей атсалысты. Мұндай фактілер, қайталап айтайық, мыңдап саналады, бірақ оны көпшілік біле бермейді.

Тіпті, біздің көз алдымызда және біздің қатысуымызбен өткен еліміздің тәуелсіздігі жылдарында орыс тілді қазақстандық бауырларымыз танытқан шынайы патриотизм үлгісі де аз болмады. Қазақ халқының қонақжайлылығы мен интернационализміне тәнті болған олар қазақ халқын құрметтеп, оның ел егемендігі мен тәуелсіздігі жолындағы саяси және идеологиялық күресін жан-жақты қолдап отырды.

Мысалы, бұл Республиканың мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны дайындау және қабылдау (1990 жылғы 25 қазан), «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды талқылау және қабылдау (1991 жылғы 16 желтоқсан), тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясын талқылау және қабылдау (1993 жылғы 24 қаңтар) кезінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттарының әрекеттерінен анық байқалды. Депутаттар Зинаида Федотова, Александр Княгинин және бірқатар басқа да адамдар өздерін Қазақстанның шынайы патриоттары ретінде көрсетті.

Бұрынғы отаршыл-тоталитарлық режимдердің мақсатты түрде жүргізген мемлекеттік саясаты мен қасақана бұрмалап бағалауы, насихаттауы салдарынан біз олардың ерлігі мен патриотизмі туралы білу, халқымыздың мүддесі мен құқығын үшін күрескен, ерлік жасап, жеке басын құрбандыққа тігіп, Қазақстанның тәуелсіздігін жақындатқан, ұлан-байтақ аумағымызды қорғап қалған, нағыз әрі шынайы қаһарман-батырларымызды мақтан тұту құқығынан айырылдық.

Осындай ауқымды, қажетті әрі қайырымды жұмысқа барлық деңгейдегі өкілді және атқарушы органдар ғана емес, қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар, бизнес өкілдері де қатысып, атсалысуға тиіс. Біз осы бір аса маңызды проблемаға бет бұрып, ойланып-толғанып, өзімізге-өзіміз: қазақ халқының мүддесі үшін ғасырлар бойы кім күресті? Менделеев кестесіндегі барлық элементтер табылатын біздің ұлан-байтақ әрі аса бай жерімізді кім қорғап, сақтап қалды? Біздің рухани танымымыз бен мемлекеттігіміздің, мәдениетіміз бен тіліміздің теориялық негіздерін кім қорғап қалды? Отанымыздың мүддесі үшін кім қолына қару алып соғыс шайқастарында немесе саяси, ғылыми немесе идеологиялық майдандар мен айқастарда нақтылы түрде шайқасты, кім бізден тартып алынған жерлерді кері қайтарып алды? Кім өз өнегесімен ұлт рухын қайта түлетіп, сақтап қала алды? Біз күніертең өзіміздің орнымызды басатын балаларымыз бен немерелерімізді кімнің, қандай тұлғалардың (егер Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескен күрескерлердің болмаса) ерліктерінің өнегесінде тәрбиелей аламыз? Біз бүгінгі күні өзіміздің тәуелсіз туған мемлекетімізде өмір сүріп жатқанымыз, баға жетпес байлығы бар кең-байтақ аумаққа ие екеніміз, біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы көптеген халықаралық беделді ұйымдардың толық құқықты мүшесі болып қана қоймай, әлемде танымал, лайықты құрметке ие мемлекет деп мақтанатынымыз үшін кімге көбірек міндеттіміз? – деген сұрақтар қойып, оларға жауап табуға тиіспіз.

Біз осы және өзге де сұрақтарға жауап бере отырып, Қазақстанның тәуелсіз және демократиялық мемлекет ретінде дамуын қамтамасыз ету мақсатында, қоғамның рухани-имандылық бірлігінің басты негіздерінің бірі, маңызды құндылығы ретінде қазақстандықтардың бүгінгі және болашақ ұрпақтарын патриоттыққа тәрбиелеу жүйесін жасап шығарамыз, азаматтарымыздың бойында жоғары патриоттық сана-сезім қалыптастырамыз.

Аталған мәселелерді ұзақ уақыт бойы зерделеу, шет елдердің тәжірибесін, осы проблемамен айналысып келе жатқан басқа да ғалымдарымыздың, құқық қорғаушыларымыз бен мамандарымыздың ұсыныстарын талдау бізді Қазақстанның қазіргі нақты жағдайында қоғам мен жекелеген азаматтарымыздың қажеттілігін қанағаттандыру үшін қордаланған проблемаларды дайындау мен дәйекті түрде шешудің ең тиімді тәсілі Қоғамдық қор құру болып табылады деген тұжырымға алып келді. Бұл Қор бастапқы кезде ұйымдастыру-іздестіру, ақпарат-насихат және басқа да қажетті жұмысты өз күшімен жүйелі түрде жүргізуге кірісер еді. Ал мемлекет басшылары мен қоғам бұл тақырыптың қажеттілігі мен маңыздылығын жете ұғынып-сезінген кезде аталған проблемаларды мемлекеттік деңгейде шешетін сәт те жетеді деп сенеміз. Өз Отанын қорғаушыларды мемлекеттік деңгейде қалайша лайықты түрде бағалау қажет екендігін білу үшін Ресейден – ресейлік жұртшылық пен биліктен үлгі алу керек.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында қажет болып отырған, коммерциялық емес қоғамдық ұйым «Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күресте зардап шеккен адамдарды ақтау және мәңгі есте қалдыру жөніндегі «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қоры» (бұдан әрі – Қор) деген атпен құрылды. Қордың аты туралы ұсынылған ондаған нұсқа мен ұсыныстан біз Тұжырымдамада баяндалған уәждерге сүйене отырып, «Қаһармандар» деген мағынасы кең, нақты әрі киелі ұғымға тоқталдық.

Қордың негізгі қызмет нысанасы және мақсаттары:

- біздің азаматтардың, әсіресе жастардың Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресте зардап шеккен адамдардың есімі мен ерліктерін білу көкжиегін кеңейте түсетін тәрбиелеуші, білім беруші-оқытушы бағдарламаларды әзірлеу мен іске асыруда мемлекеттік органдармен, ғылыми мекемелермен, саяси партиялармен және басқа да қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасу;

- Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрес барысында зардап шеккен адамдардың әртүрлі (саяси, әскери,  қызметтік, идеологиялық, шығармашылық, ғылыми, мәдени салалар мен басқа да салалардағы) санаттарының ғылыми тұжырымдамаларын әзірлеу;

- Қазақстанның мүддесі үшін күрескендердің бұрын белгілі болмаған немесе бағаланбаған ерліктеріне объективті баға беру бойынша іздестіру, талдау, ұйымдастыру жұмысын жүргізуде азаматтарға, заңды тұлғаларға, ғылыми мекемелерге, қоғамдық және мемлекеттік ұйымдарға қолдау және көмек көрсету, осы күрескерлердің ардақты атын қалпына келтіру және ерлік істерін мәңгі есте қалдыру;

- орталықта, сондай-ақ өңірлерде Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күресте зардап шеккен адамдарды ақтауға арналған ғылыми-практикалық конференцияларға, дөңгелек үстелдерге, баспасөз конференцияларына бастама жасау, осы шараларға қатысу және оларды өткізу;

- Қордың мақсаттарын іске асыру үшін зерттеу бағыттары және фактілер бойынша топтар құрып, оларды ғылыми-іздестіру іссапарларына жіберу;  

- әрбір патриоттың бұрын саяси және идеологиялық уәждер бойынша тыйым салынған ерлігін анықтау және оған әділетті баға беру мақсатында Қордың іздестіру, талдау және ұйымдастыру жұмысын, ең алдымен, қоғамның қажеттіліктерін және Қазақстанның өңірлеріндегі (аудандарындағы, кенттері мен ауылдарындағы) азаматтардың, заңды тұлғалардың өтініштерін қанағаттандыруға бағыттау;

- Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресте зардап шеккен құрбандардың барлық санаттарын ақтау және олардың есімі мен ерліктерін мәңгі есте қалдыру жөнінде заңнамалық, нормативтік және жеке-дара актілер әзірлеу мен қабылдауда, сондай-ақ атқарушы және өкілді билік органдарының, соттардың, прокуратура органдарының осындай шешімдер қабылдауына мүмкіндік беретін заңнамалық актілер қабылдауда заң шығару бастамасы және құқықтық бастама субъектілеріне көмек көрсету;

- біздің отандастарымыздың өтініштерін халықаралық құқық пен халықаралық келісімдердің нормаларын сақтай отырып қарау және олардың ата-бабаларын ұлттық, таптық және діни себептер бойынша қудалауға, қуғын-сүргінге салуға және Қазақстан аумағынан қууға байланысты мәселелер бойынша қолдан келер көмек көрсету;

- Қазақстан Республикасын тәуелсіз және демократиялық мемлекет ретінде дамытуды қамтамасыз ету үшін біздің көпұлтты қоғамымыздың аса маңызды құндылығы, оны біріктіретін басты негіздердің бірі ретінде қазақстандықтарды біртұтас патриоттық тәрбиелеу жүйесін дамыту мен жетілдіруге қатысу, азаматтарымыздың бойында жоғары патриоттық сана-сезім мен тағдырлардың ортақтығы туралы түсінік қалыптастыру;

- біздің азаматтарымыздың қазіргі және болашақ ұрпағын Қазақстанның әртүрлі ұлттан шыққан патриоттарының тағдыры мен ерліктерінің нақты өнегесі негізінде, Отанды кіршіксіз сүю мен оған қызмет ету тұрғысынан патриоттық тәрбиелеуге жәрдемдесу;

- Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресте патриоттар жасаған ерліктерді классикалық халықаралық стандарттар мен ғылыми және қоғамдық ой-пікірдің озық жетістіктері негізінде бағалау үшін империялық, таптық догмалар мен стереотиптерден арылуға және қазақстандық патриотизмнің қазақстандық ұлттық ғылыми әдістемесі мен өлшемшарттарын, сондай-ақ біртұтас қағидаттары мен құндылықтарын жасауға жәрдемдесу болып табылады (мұндай жұмыстың барлығы 21 бағыты бар).

Бұл жұмыстардың барлығы халықаралық стандарттар мен нормалар шеңберінде, басқа халықтар өкілдерінің қадір-қасиеті мен құқықтарын қозғамай, Қазақстандағы саяси және ұлтаралық келісімнің бұзылуына жол бермей, өркениетті түрде жүргізілуге тиіс. Біз отаршыл және диктаторлық саясат қарапайым халықтың пікірі ескерілмей әзірленіп, іске асырылды деген пікірді негізге аламыз, сондықтан да осы халықтардың өкілдері – қазақстандықтар бұрынғы биліктердің іс-әрекеті үшін жауап бермейді.  

Осы Қорды мен және әйгілі тарихшы-ғалым М. Қойгелдиев, сондай-ақ басқа да мүдделі мамандар құрды. Қордың Қамқоршылық кеңесінің төрағасы – баршаға белгілі әрі сыйлы мемлекет және қоғам қайраткері О. Әбдікәрімов. Біз осы тарихи және мемлекеттік маңызы бар, қоғамдық пайдалы әрі қайырымды жұмыста халықтың зиялылық деңгейін айқындайтын және зиялы қауымын құрайтын өзіміздің белгілі қоғам және саясат қайраткерлерінің, ғалымдар мен жазушылардың көмегіне иек артамыз. Дәл осы адамдар бұрын көпшілікке белгілі болмаған және атын атауға тыйым салынған рухани және зиялы тұлғалардың, Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрескерлердің үлгі-өнегелерін танытуға тиіс.

Бізде осы проблема бойынша өңірлік билікпен және элитамен (жұртшылықпен) сындарлы түрде өзара іс-қимыл жасасу тәжірибесі бар. Мәселен, 2010 жылы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің (Қызылжар қаласы) базасында облыс әкімдігінің, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қоғамының, басқа да ұйымдар мен мекемелердің көмегіне сүйеніп, сондай-ақ жергілікті зерттеушілерді, ғалымдар мен өлкетанушыларды белсенді түрде тарта отырып, «Солтүстік Қазақстан: өңірдің тарихы, тұлғалардың тағдырлары» деген тақырыпта еліміздің солтүстік өңірлерінің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы жолындағы күрес тарихына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткіздік.

Конференцияның жұмысына көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері, Парламент депутаттары, әйгілі отандық және шетелдік ғалымдар – Қазақстан мен Ресейдің 13 жоғары оқу орны мен 14 ұйымынан келген, 49 баяндама жасаған 48 зерттеуші, оның ішінде 2 академик, 18 ғылым докторы мен 21 ғылым кандидаты қатысты.

Ғалымдар мен өлкетанушы-зерттеушілердің баяндамаларында қоғам үшін мүлдем жаңа, бұрын белгілі болмаған фактілер мен құбылыстар көптеп келтірілді, өлкенің нағыз патриоттарының, оның ішінде өз кезінде Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолында күрескен, соңынан ондаған мың адам ілескен көрнекі рухани және зиялы күрескерлердің ғылымның шұғылдануына тыйым салынған тағдыры мен ерлігі бұрынғы догмалар мен стереотиптерсіз, жаңаша және объективті түрде жазып-көрсетілді.

Біз мұндай форумдарды еліміздің басқа өңірлерінде де ұйымдастыруды жоспарлаған едік. Бірақ, өкінішке орай, объективті және субъективті себептер бойынша бұл жоспарды іске асыра алмадық. Енді біз «Қаһармандар» қоғамдық қоры қызметінің аясында, оның жұмыс нысандарының бірі ретінде, осы практиканы жалғастыруды жоспарлап отырмыз.

Біз Қордың іздестіру, ғылыми-зерттеу, ұйымдастыру-демеушілік ету жұмысына Астана мен Алматының ғалымдары мен мамандарын белсенді түрде тартумен қатар, біздің Отанымыздың азаттығы, тәуелсіздігі үшін күрескен патриоттар тұрған және тұрып жатқан Қазақстанның барлық өңірлеріндегі қоғамдық, ғылыми, үкіметтік емес ұйымдарға, өлкетанушыларға, демеушілерге, депутаттар мен мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ Қазақстан патриоттарының – біздің еліміз Отанына айналған әртүрлі ұлт өкілдерінің белсенді түрде атсалысуына үміт артамыз.

 Біз Отанымыздың азаттығы мен тәуелсіздігі жолында күрескен нағыз патриоттардың барлық санаттарының ерлігі мен есімін қайта жаңғыртқанда ғана Отанымыздың бүгінгі және болашақ қорғаушыларын тәрбиелейтін, қажетті моралдық-имандылық іргетас (ресурс) жасай алатынымызға кәміл сенеміз.

Алдымызда бұралаң-бұлтарысы көп, машақаты мол, аса қиын жол тұр, бізді, әсіресе ұйымдастырушылық және материалдық тұрғыдан ауқымды қиындықтар күтіп тұр. Дегенмен біз Қор қызметінің негізін құрайтын ізгілік пен патриоттық әлеует, имандылық ресурстары, сондай-ақ қазіргі қазақстандық ұрпаққа ата-бабаларымыз жолдаған қасиетті үндеу мен артқан үміт бұл қиындықтарды да еңсеріп шығатынымызға көмектеседі деп сенеміз.

Біз өзіміздің көпұлтты халқымыз алдында осы жолдан, бұрынғысынша, табанды түрде, риясыз, адал ниетпен соңына дейін өтеміз деп уәде етіп, серт береміз.

Барлық ұсыныстарды, кеңестер мен ұсынымдарды, сондай-ақ «Қаһармандар» Қоры айналыса алатын фактілер мен тұлғалар туралы Өздеріңізге мәлім мәліметтерді біздің kaharmani@mail.ru электрондық мекенжайымызға жолдауды өтінеміз.

(соңы)

Сабыр Қасымов, Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күресте зардап шеккен адамдарды ақтау және мәңгі есте қалдыру жөніндегі «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5397