Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Қоғам 13161 0 пікір 1 Ақпан, 2017 сағат 14:01

АТА ЗАҢҒА ЕНЕТІН ӨЗГЕРІСТЕР: ӘРКІМ – ОЛ КІМ?

Конституция – мемлекеттің құқықтық құрылымы. Басты заңға енетін өзгерістер әр азамат үшін аса маңызды. Мемлекет үшін төтенше өзекті. Міне, Конституцияға кезекті рет өзгерістер енгізілмекші. 25 қаңтар күні президент Н.Назарбаев халыққа үндеу жариялап, мемлекеттік басқаруға енгізілетін өзгерістердің мәнін түсіндіріп, өзгерістерді жүзеге асыру үшін Конституцияға өзгерістер енгізу қажеттілігі бар екенін айтқан. 26 күні Ата заңға енетін өзгерістер мәлім болып, ол 26 қаңтардан 26 ақпанға дейін жалпыхалықтық талқылауға шығарылды.

Әркім - ол кім?

Талқыға шығарылған жобада қолданыстағы Конституцияның 19 бабына өзгеріс енгізілген. Өзгерістердің басым көпшілігі билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді бөлу мәселелеріне бағытталған. Алайда, сұрақ тудыратын өзгерісте жоқ емес. Мәселен, қолданыстағы Конституцияның 26 бабының 1 тармағында «Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады» делінген. Осы тармақты «Әркiм заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алады» деп өзгерту ұсынылған. Қазіргі Ата заңда ««Қазақстан Республикасының азаматтары» деп нақты жазылса, өзгертуге ұсынылған нұсқада «Әркім» деп жалпылама көрсетілген.

Осы жерден сұрақ туады. Әркім – ол кім? Қазақстан Республикасының азаматтары ма, әлде Қазақстанда тұрып, жұмыс істеп жатқан шетелдіктер ме?

Екінші сұрақ. Билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді бөлу мәселелеріне орай Конституцияға өзгерістер енгізу туралы жобаға меншік және жекеменшік жөніндегі тармақты өзгерту жөніндегі ұсыныс қандай қажеттіліктен туындады?

Егер бұл өзгерістер қабылданған жағдайда әркім, яғни кез келген адам мейлі ол Қазақстанның азаматы болсын, шетелдік болсын, елімізде заңды түрде меншік иесі атана алады дегенге саяды.

Біз қорқынышымыз мынау: мәселен, жер иеленуші, ірі өндіріс ошақтарын басқарушылар, қазба байлықты өндірушілер Ата заңға сүйеніп, өз иелігі мен басқаруындағы дүниелерді жекеменшігіне өткізіп алса не болмақ? Мұның соңы үлкен зардаптарға апарып соғары анық.

Сондықтан да әр азамат Конституцияға енгізілетін өзгерістерге салғырт қарамай, сергектік танытып, жалпыхалықтық талқылаудан тыс қалмай, өз ой-пікірін, ұсыныстарын мына мекен-жайға жолдауға шақырамыз: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Үкімет үйі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімі, электрондық пошта – ap2017@akorda.kz.

Біз өз тарапымыздан жоғарыдағы сауалдарымызды жолдаймыз. Әрі алдағы уақытта сөз болып отырған жекеменшік мәселесіне қатысты заңгерлердің де пікірін жария етпекпіз.

Жобамен танысқаннан кейін көкейдегі сауалды Тәуелсіз саясаткер Әміржан Қосановқа жолдаған едік. Ол кісі былай деп жауап қатты.

Әміржан Қосанов, Тәуелсіз саясаткер:

- Конституцияда бұрын «Қазақстан Республикасының азаматтары» деп жазылған еді, енді «әркім» болып отыр. Яғни, ол «әркім» - міндетті түрде ҚР азаматы емес, басқа мәртебеге ие біреулер. Олар кімдер болуы мүмкін? Яғни, ҚР азаматтары еместер, шетелдіктер (Конституциялық кеңестің төраасы Рогов тіпті бұл санатқа «азаматтығы жоқтарды» да қосып тастады емес пе?!) Қарапайым қисын осыны айтып тұр! Ол дегеніңіз – ертең, осы өзгерістер Ата Заңға енгізілгеннен кейін, КЕЗ КЕЛГЕН адам Қазақстанда меншікке ие бола алады деген сөз. Иттің құлы итақай дейтін еді ғоф мұндайларды қазекем! «Кез келген» деген жаңа термин, сөзсіз, еліміздің есігін, оның қыруар байлығын иеленемін деген кез келген адамға айқара ашып тастайды! Әрине, бар байлығымыз көрінгенннің қолында кетеді деген қауіпті баса айтуға болар еді. Бірақ, меніңше, осы жерде біздің қазіргі нақты жағдайымызға байланысты екі жайт бар. Біріншіден, біздің шенеуніктер мен олиграхтардың оффшор аумақтарында қыруар миллиардтары жатқаны белгілі. Шынын айту керек, олардың көбінің ертеңгі күнге сенімі жоқ: бір мұрагер келіп, қалғандарының быт-шытын шығарып, керек десеңіз, меншігі мен қаржысын тартып алуы әбден мүмкін! Сондықтан да олар өз капиталын шет жақта ұстауға мүдделі. Яғни, сол оффшорлар арқылы Қазақстандағы меншіктерін реттеп, заңдастырып алғысы келеді. Екінші қауіптің геосаяси астары бар. Мәселен, қазір билік «инвестиция» десе, міндетті түрде Қытайды атайды. Ана 51 кәсіпорны осында көшіріліп жатыр. 51-ге орын табылса, тағы да елуі келмесіне кім кепіл?! Оған Ресей бизнесінің ЕАЭО арқылы біздің елге келуін қоысп қойыңыз: Батыс санкцияларының астында қалған олар, бізге келмей, қайда барады? Және де өз қаржыларын қазақстандық компаниялар арқылы шетелге құюы да әбден мүмкін. 

 

Естеріңізге салайық, Конституция 1995 жылы 30 тамызда халықтық референдумда қабылданды. Бүгінгі күнге дейін Конституцияның 98 бабының 34-і пункті, 341 тармақтың 91-і пункті өзгертілген. Енді тағы да Конституцияға өзгеріс енгізу ұсынылып отыр.

Конституцияның тұрақтылығы – мемлекеттің тұрақтылығы болып есептеледі. Оның жиі өзгеріске ұшырауы мемлекеттің құқықтық құрылымына әсер етеді.

Нұра Матай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6020