Ырысбек Дәбей. Қара орман қазақтың қара шаңырағы
Қазақстан Жазушылар одағы - 75 жыл
Қазақстан Жазушылар одағы - 75 жыл
Мағжан ақын айтқандай «Алтын күннен бағасыз бір белгі боп» бізге жеткен қазақ руханиятының қара шаңырағы Қазақстан Жазушылар одағы. Қазақ халқының алдында Жазушылар одағының сіңірген еңбегін тарихи зерделеген кезде қыстың көктемге ұласар кезінде соғатын «алтын күрек» желімен ғана салыстыруға болады. Бұл әлдекімге асырып айтқандай көрінер. Қара орман қазақ үшін шаһит кешкен Алаш аяулыларының соңғы тынысы үзілерге тақалған шақта керегесін кеңге жайып, ұлттың бары мен жоғын түгендеп, асылы мен жасығын реттеп отыратын ұйым ретінде дүниеге келген киелі босағаның ұрпақ алдындағы тарихи маңызын әрине, «алтын күннің асыл мұрасы», «алтын күрек» желге балап отырғанымыз тегіннен тегін емес. 1934 жылы Сәкен Сейфулинның бастамасымен құрылып, М.Әуезов, І.Жансүгіров, Сәбит Мұханов, Ғабит Мүсірепов, т.б. алыптарымыздың қолдап-қуаттауымен, халқымыздың әдеби, мәдени, саяси-әлеуметтік өмірінде үлкен маңызға ие ұйымға айналған Қазақстан Жазушылар одағы-тұғын. Кешегі «саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл қойған» қыспағы күшті Кеңес Одағының қапасында оттегі сыйлаған аздаған кеңістік - Жазушылар одағының ғимараты болатын. Қазақтың мүддесі осы үйдің мінбесінен бүкпесіз көтерілетін. Ызғарлы Желтоқсан оқиғасынан көп ұзамай Жұбан Молдағалиев күллі қазақ халқына әкелік дәрежеге көтерген сөзін осы мінбеден сөйледі. Қазіргі саясаттанушы қауым ой-парасаттың жетекші күшіне ие болса да қазақ халқының санасына дәл Жазушылар одағының мінбесінен айтқандай әсер етіп отырған жоқ. Мұның жұмбағын шешу аса күрделі емес. Жазушы қауым қалай болған күнде қазақ ұлтын шын жүрегімен сүйді, сол үшін құрбандыққа барудың алғышарттарын жасады. Бұл сіз бен біз ойлағаннан гөрі асқақтау армандардың жиынтық мәні тәуелсіздік жолындағы күрестің темірқазығы еді. Тар заманда да қазақ намысының ақ туын аласартпаған киелі шаңырақ, бүгінгі тәуелсіз қазақ қоғамының руханиятына бағыт-бағдар сілтеп, тарихи миссиясын сәтті орындап келеді. Тәуелсіздік алған алғашқы өтпелі, өлара кезеңдерде немесе нарыққа мойын бұрған бүгінгі дәуірде болсын әдебиетіміз бен мәдениетіміздің жоқтаушысы болып, көне көз қариядай елдігімізді, бірлігімізді сақтауға көз-құлақ болып отырған тағы осы Жазушылар одағы. Жаттанды сөздердің өрісінен ұзай алмайтын тілдің қысқалық жасайтыны жаман. Әйтпесе көкейде бәрі сайрап тұрған жоқ па...
Өткен ғасырдың басында оянған ұлттық сананың, елдік ақыл-ойдың ескерткішіндей Қазақстан Жазушылар одағының 75 жылдық мерейтойы баршаңызға құтты болсын дейміз.
Ырысбек Дәбей