Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 6952 1 пікір 18 Қаңтар, 2017 сағат 10:04

АЖЫРАСУ КӨРСЕТКІШІ БОЙЫНША ИСЛАМ ЕЛДЕРІНІҢ КӨШІН БАСТАДЫҚ

Өмірден тәлім алмаған,

Ешбір  мұғалімнен тәлім ала алмайды...

Рудаки

Ертеректе «Өмірдің өзі – үлкен бір есеп» деген өлең жазған едім. Әлі де сол сөзімдемін – өмірдің өзі үлкен бір шешімі қиын, күрделі есеп. Оны ақылын, назарын дұрыс басқарған адам ғана шығара алады. Ал керісінше болса, ол есеп шатастырады, басыңды қатырады, есіңнен алжастырады...

Осы бір үлкен есептің аясында қаншама сұрақтар, мәселелер, пікірлер мен талас-тартыстар, мүдделер қақтығыстары, арман мен үміт тағысын тағы таусылып болмайтын тіршілік күйбіңдері жасырынып жатыр десеңізші.

Өмір біздің алдымызға сағат сайын, сәт сайын сұрақ қойып, өзінің есебін ұсынып отырады. Соны лайығында шеше білу атақ пен мансапты емес, парасат-пайымды талап етеді. Дөкейлер мен шенді-шекпенділердің «сүрініп құлап» жататынының себебі содан.

Шенділер құласа жыланша өрмелеп шыққан биігінен құлайды (қыранша самғап шықса кім біледі құламас па еді?), ал жәй халық құласа ары кетсе мінген атынан, берісі өз аяғына шалынып құлар. Шендіге қарағанда жарасы жеңілдеу болар деп ойлаймыз. Жоқ олай емес, тас түскен жеріне ауыр. «Құлаудың» бәрі құлау. Оңып тұрғаны жоқ. 

«Қазіргі біздің халық неден құлайды?» деп сұрасаңыз, оған қайтарма сұрақпен: «Біздің халық қазіргі өткелі бітпес өтпелі, реформаға, жаңалыққа толы кезеңде неден құламайды?!» деп жауап беруге болады. Демек құлаудың мүмкіндігі де, түрі де көп. Оның қайсы бірін ара-жігін ашып айтып отырайық. Айтпағымыз бір ғана «құлау» – махаббат дағдарысы. Шынын қуғанда махаббат дағдарысы да күрмеуі көп, түйткілді мәселе, ол да бір күрделі есеп. Статистикаға негізделгенде елімізде, жылына әр үшінші неке өздерінің отбасы бақыты есебінен шатасып, тағдырлары екіге айырылады екен. Мысалы, Ұлыбританиялық «The Economist» журналының дәстүрлі «Әлем статистикасы – 2015» жинағында Қазақстан ажырасу көрсеткіші мың адамға шаққанда  – 2,7 болып, алғашқы ондыққа кірген. Әлем бойынша алдыңғы орындардан көрінуді мақтан ететін халық едік, бұл жағынан да нәтижеміз «озық» көрінеді. Ал мұны дағдарыс емес деп айтып көріңіз. Дағдарыс, дағдарыс болғанда тап-таза рухани, адамдық, тағдырлық дағдарыс.

Өзім педагог болған соң студенттердің өмірінің ортасында жүремін. Үйленбеген, бойдақ қыз-жігіттер көп-ақ. Жалғыз басты аналар туралы айтпай-ақ қояйық. Десе де олардың тағдыры сәл басқашалау. Ал жастарға келсек, олардың үйленбеуіндегі себебі неде? Жігіттер жағы: «жібі түзу қыз жоқ» десе, қыздар: «дені дұрыс  жігіт жоқ» дейді. «Жоқтан» басқа айтарлары жоқ. Сонда көше толы қыз-жігіттер бірін-бірі көрмей жүр ме? Жоқ олай емес, олар бір-бірін күнде көреді. Өзара жалт-жұлт еткен сезім ұшқындары да қылаң беріп жатады. Бірақ өкініштісі сол – олардың арасында адам баласы үшін ең қастерлі дүние – сенім деген киелі құндылық жоғалған. Бұл күндері сенім тек, жастарда ғана емес, барша адамзаттан ажырап бара жатқандай. Біз бір-бірімізге деген сенімнен арылып барамыз, сенбейтін, күмәнқор болып кеттік.

Бірде отбасы мәселелерін зерттейтін Қытайлық ғалыммен сұхбаттасқанымызда, ол: «Қытайда да ажырасудың аса ауқымды болып бара жатқанын, енді бір неше он жылдан соң тек азаматтық некемен ғана қаламыз ба?» деген қаупін жасырмаған еді. Демек, сенім дағдарысы біздің елде ғана емес, өзге елдерде де асқынып барады. Тағы да сол Ұлыбританиялық “The Economist” журналының ақпарына қарасақ ажырасудан бірінші орында 5,3 көрсеткішімен Гуам аралдары (АҚШ) тұр екен. Ал АҚШ қандай ел?

Ең жанға батар тұсы еліміздің ажырасу көрсеткіші бойынша мұсылман елдері ішінде көш бастап тұруы. Егер АҚШ-тың  Illinois университетінің «Ажырасу және отбасын қорғау ғылыми зерттеу» орталығының (Diver Cescience.org) мәліметіне сүйенсек еліміз әлем бойынша 9-орында, мұсылман елдері ішінде 1- орында тұр екенбіз. Бұл не деген сорақылық, не деген масқаралық. Бұдан артық ұятты іс бар ма? Қалай дәтіміз барып өзімізді мұсылман елміз деп айта аламыз? Исламда ажырасуды жөн санамаған, Ажырасу – Жаратқан Жаппар Иенің адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы. Оған Құранда Алла тағаланың: «Жарларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды ұнатпай қалсаңдар (сабырлылық танытыңдар), Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін» дейді («Ниса» сүресі, 19-аят). Сонымен қатар: «Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, (ажырасуға) сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Алла Жоғары мәртебелі әрі Ұлы» деп бұйыруы («Ниса» сүресі, 34-аят) және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Неке – менің сүннетім! Кім менің сүннетімнен бет бұрса, менен бет бұрған болады» сондай-ақ «Аллаһ тағалаға адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу» деген хадистері негіз болады. Шариғат үкімін айтпағанда, адам, бала тағдыры не болмақ? Бір-ақ рет келер өмірде, бір-ақ рет көрер нағыз отбасы бақыты мен жар құшағын тәрк ету қай жағынан алып қарасақ та ақтап алуға келмейтін әрекет... Кей адамдар ажырасуға амалсыздықтан, шарасыздықтан барады. Мысалы, баланың болмауы, жолдасының маскүнемдікке, әйелінің жеңіл жүріске салынуы тектес себептерден. Ал жоқтан барды сылтауратып немесе көрсеқұмарлыққа салынып, қу нәпсінің жетегімен ажырасу ол – тек қана адами қылмыс.

Жалпы отбасын уақытылы құрмаудың, құрған күнде баянды болмауының сан түрлі себебі бар. Алайда ең бастысы жоғары да айтқанымыздай – сенімнің жоғалуы. Себебі, адам баласы атам заманнан бүгінге дейін тек сенім арқылы ғана өмір сүріп келген. Ислам діні де алты ұлы сенімнің үстінде құрылған. Зайырлы мемлекетте заңның үстемдігі ол да – сенім. Адамның жеке басының табысқа жетуі ол да – сенім. Сол секілді жас шаңырақтың көтерілуі, некенің баянды болуы тұнып тұрған сенім. Ал сезім – сол сенімді тұтататын от ұшқыны, ары қарай сезім емес, сенім жанады, лаулайды отбасы бақытына сәуле шашады. Егер кімде-кім өмір бойы сезімімді ғана жағамын десе, ол қателеседі. Себебі, сезім ауыспалы, уақытша. Оған табиғат құбылысы да, адам да, оқыған кітап та, тыңдаған әуені де бәрі-бәрі әсер етеді, шалқытады, балқытады, жасытады, елжіретеді, емексітеді... ал сенім – тұрақты, себебі, оның негізі ақыл мен өмірлік тәжірибеден бастау алады.

Біреулер айтуы мүмкін: «Үйлену, ажырасу әркімнің жеке ісі, кісілік құқығы» деп. Жоқ толықтай олай емес. Себебі, ол белгілі дәрежеде жеке адамның ісі болғанымен, оның артында тұтас ұлттың, мемлекеттің және отанның болашағының жатқанын ескеруіміз керек. Отан – отбасынан басталады деп даналарымыз текке айтпаған болар. Сондықтан бұл келеңсіздікпен қоғам, үкімет, діни басқарма, ғалымдар мен зерттеу орталықтары ортақ атсалысуы тиіс. Ол үшін құр айқай, даурықпа жиынның қажеті жоқ. Тиянақты түрде осы мәселемен айналысатын ғылыми-зерттеу орталықтары тұрақты жұмыс істеулері қажет. Сол ғылыми негізде ғана заң мен ереже жасауға, оны атқаруға үкімет мүдделі болуға тиіс, болмағанда ол заң мен тәртіптен баянды нәтиже күту әбестік болады. Діни уағыз-нәсихатты да сол ғылыми негізде айтуға бағыттау керек. Егер дін ғылым мен философиядан айырылғанда жанкештілікке апаратынын әр кез естен шығармауымыз тиіс.

Сананы тұрмыс билеген, рухани дүние кейінге сырғыған мына заманда «шетелдік қалталы азаматтарға күйеуге шығамыз» деген қыздарға заң жүзінде тосқауыл қоя алмаймыз. Себебі біз демократиялы, зайырлы елміз. Оның үстіне экономикалық қиындықтар, жұмыссыздық, баспананың қол жетімсіздігі, ақшаның құнсыздануы, инфлияция бәрі-бәрі де қарапайым халықты күн сайын тығырыққа тіреп келеді. Осыдан шығудың бір жолы ретінде шетелдік азаматтарға тұрмысқа шығып, қолын жылы суға малып отыруды жөн санайтындардың болуы да табиғи нәрсе. Бұған тағы да «отандық» жігіттердің «жібі түзу қыз жоқ» деп шекірейе қарауы, тіпті, кей жігіт сымақтардың қыздың арын төгуді мақтан көруі, қыздарды қолғапша айырбастауы, олардың алдында ешқандай жауапкершілікке бармауы, осының бәрі де нәзікжандылардың «есі дұрыс еркек жоқ» деуіне себеп болып отырғандай. Сондықтан айналайын інілерім, ағаларым еркек деген атымызға кір келтірмейік.

Ал қарындастар, сіздерге де айтар базынамыз бар. Кезінде Нұрлан Өнербаев ағамыздың «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деген әнін сүйсіне, беріле отырып тыңдаушы едім. Ал қазір осы әнді тыңдасам бойымды бір ұялу, қысылу сезімі баса береді. Кей қазақ қыздарының ұятты қылықтары мен сөздері, ойлары мен пікірлері, дүние танымы еріксіз ұялтады, қысылтады... Сондықтан да, аруларымыздың да ойланғаны жөн-ау...

Қастер Сарқытқан, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Елтану және туризм кафедрасы доценті

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485