ПІР БАБАНЫҢ ШЫҒУ ТЕГІН ДАУҒА АЙНАЛДЫРМАЙЫҚ...
Кейінгі кездері бұқаралық ақпарат құралдарында Мүсірәлі Сопы Әзиз пір бабаның шығу тегі туралы қауесет пікірлер жиі-жиі жарияланып тіпте кейбіреулері жерден жеті қоян тапқандай 1855 жылғы шежірені алға тартып, жақында тауып алған көрінеді, ал, ол шежіре шағатай-парсы тілдерінде жазылыпты-мыс деп түрлі-түрлі әңгімені республикалық газет редакторларының есігін жағалап жүргендігін есітіп, қолыма қалам алуға тура келді.
Мүсірәлі Сопы Әзиз пір баба туралы елді дүрліктіретін алып-қашпа әңгімелер бұрында болған, алдағы уақытта бола берері сөзсіз. Кезінде біздер «Пір болғанды қор қылмайық» деген тақырыппен 1999 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялап, нақты тарихи деректермен дәлелдеп, сол кездегі авторды сабасына түсіргенбіз.
Жалпы, шежіреге бүкіл қазақ ру, тайпаларын кіргізіп қамту мүмкін емес. Мәселен, 2006 жылы «Алаш» ғылыми зерттеу орталығының президенті, досым Хайрулла Ғабжалелов екеуміз өз қаражатымызға Татарстан мен Башқұртстанда тұратын Керейлердің құрылтайына арнайы шақыртумен барып қайттық. Сондағы көрген-білгеніміз, сонау Алтын Орда дәуірінде қоныстанған байырғы қазақ руларының бүгінгі ұрпақтарымен кездесіп, жүздесіп, дастархандас болдық. Одан әрі Татарстандағы Қазан Кремілінің сирек қолжазба кітапханасына кіріп, таныстық. Ал, Хайрулла досым, өз бабасы Шора батыр туралы құнды құжаттарды тапты. Сол Шора батыр туралы татар ұлтының қызы, кандидаттық диссертация қорғапты, онымен де, танысудың сәті түсті. Ал, сол кезде бұлардың аталықтары шежіреде жазылмағандығына көзіміз жетті.
Мүсірәлі Сопы Әзиздің шығу тегі төңірегінде, ауыздан-ауызға, ұрпақтан ұрпаққа жетіп жүрген ел ішіндегі әртүрлі қайшы пікірлердің болуы табиғи құбылыс. Кейбіреулер, Мүсірәлі бабамыздың тегін ІХ ғасырда өмір сүрген Рабиға анамызға теліп жүр. Көптеген ғылыми қітаптар жазған (1525-83) жылдары өмір сүрген Әбу Баязид Бастоми ғалымның ұрпағы деп бабаны бірден араб етіп шығарады. Негізінен бұл келтірілген деректер ақиқатқа еш жанаспайды. Сонда қалайша, бұлардың арасында 6-7 ата ауысып үлгерген. Мүсәрәлі Сопы Әзиз бабамыз 1639 жылы дүниеге келсе?! Бұдан ұққанымыз Керейт руының тарихын зерттеушілер қилы замандағы оқиғаларын жете зерттеп, сараптамағаны байқалады. Мәслен, 802 жылдары Рабиға анамыз өмір сүрсе, Керейттер, қалайша бұл аймақта болады. Ертедегі тарихи деректерге жүгінсек, Рашидаддин, Әбілғазы Баһадүрхан мен басқа да көптеген еуропалық ғалымдар өз жазбаларында түркі тайпаларына жататын Керейт аталықтарын ІХ ғасырдан белгілі екенін айғақтап, Керейттерді оғыз тайпасының бір тармағы дейді. Керейт руы ол күндері Онон, Керулен, Селенгі, Аргун өзендерінің жағасын мекендеген көшпелі тайпалардан құралған жоғарғы мәдениетті мемлекеттердің бірі деп жазады. Бұл деректі бес мың жылдық тарихы бар Қытай Империясының ғалымдары да растайды.
Әрі қарай, Мүсірәлі Сопы Әзизидің Кіші Жүздің керейт руынан шыққаны жөнінде дәлелдейтін бұлтарпас, тарихи, этнографиялық, ғылыми тұрғыдан зерттелген құжаттарға жүгінейік:
- Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының І томының 644 бетінде: «Әжіқожа Жәдікұы Мүсірәлі Сопы Әзиз туралы пір, діндар, азан шақырып қойған аты Мүсірәлі, руы керейт болғанымен, дінге шын берілген, сопылығы мен тақуалығына орай Әжіқожа, ал оның ұрпақтары Керейт қожа аталып кеткен» деген дерек өткен ғасырдың 30 жылдары «Әдебиет майданы» журналынан (қазіргі Жұлдыз журналы) алынған.
- Мүсірәлі Сопы Әзиз туралы ХІХ ғасырда көрнекті түрколог ғалымдар В.В.Радлов пен Ә.Диваевтың зерттеу еңбектерінде молынан кездеседі. Түрколог ғалым Ә.Диваевқа келсек, «Енді біз осы жерде тоқсан екі баулы Қыпшақтан шыққан әулиелер аттарын келтіріп, қайсысына кімнің пір болғанын, кімнің кімнен шыққанын көрсетеміз. Ахун, әзиз – Керейт руынан еді»деп жазады.
- Атағы алты Алашқа белгілі фольклортанушы, ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының сирек қолжазбалар қорындағы №1172 бумасындағы деректе: « 1858 жылы Қазақтың сол кездегі игі жақсы-жайсаңдары Меккеге қажылық сапарға барғандығын, оның ішінде Кіші Жүзден жүз кісі, Орта Жүзден жиырма кісі, яғни жүз жиырма кісі ортасынан Досжан Хазіретті Бағдат шәрифтегі Әбу Ханифа имам Ағзамның кітапханасына жіберіп, қазақтың арғы, бергі тарихы мен ру,тайпаларының шежіресін» алып келуге жібергендігін 1928 жылы айғақтап жазады. Сол тұста Мәшһүр Жүсіп өзінің 70 жаста отырғандығын, қажылыққа барған ақсақалдармен жүзбе-жүз кездескендігін айтады.
- Осы әкелінген шежірені пайымға алып, ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Кіші Жүз Табын аталығынан шыққан Шоңбай жырау Жұбанұлы өзінің шежіре дастанында былай жырлайды:
Арғы атамыз Керейт тағы пірлі болған,
Керейттен Қожа шықты Қосым атты,
Кісі екен, әруағы күшті қаһары қатты,
Қарадан қалай қожа шығады деп,
Есіткен елдің бәрі таңырқапты.
Атақ алған Үш Жүзден Мүсірәлі,
Көрсетіп, көп ішінде кереметті,
Үш Жүздің кеңесінде «той төбеде»,
Пірлікке Мүсірәліні халқы қабылдапты, - деп нақты айғақтар келтіреді.
Ал, ХІХ ғасырдың соңғы жартысында өмір сүрген Керейт руынан шыққан ақын Жарылқасын Сырманұлы өзінің Айқын қызбен айтысында:
Ойлап ем, бір бала деп жүзің жарқын,
Тілің –кілт, кеудең- сандық, ақылың- алтын.
Ақылың көпте, шашың ұзын,
Жібердің келістірмей сөздің артын,
Қыз торы, мына сөзің не дегенің?
Қожаның білмеймін деп қазақ сартын?!
Қазының сондай жақсы баласымын,
Еліңде жөн білетін жоқпа, қартың?, - деп ұшқыр оймен, ұтымды жауап бере отырып өзінің Қожа да емес, сартта еместігін Керейт руынан екендігін дәлелдейді. Жарылқасын ақын мен Айқын қыздың айтысы 1881-85 жылдары болғандығы туралы құнды тарихи деректер бар. Айқын Бексарықызы мен Ақмешіттегі Жарылқасын ақын Сырманұлы Қоңырат еліндегі үлкен тойда айтысады, қортындысында Жарылқасын ақын қарсыласы Айқын қызды жеңеді. Қазақ тарихында өзіндік орны бар, қасиетті Мүсірәлі бабамыз туралы өздерінің еңбектерінде бас кейіпкер ретінде алған Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев: «Үркер» романы мен «Үш пайғамбар» атты кітабында, марқұм жазушы М.Есләмғалиұлы «Әйтеке би» романында, белгілі жазушы Б.Айнабеков республикалық ақпарат құралдарында бірнеше рет мақалалар жариялап көп еңбек сіңірді. Ал, жазушы Б.Ұзақбаевтың 2011 жылы «Мүсірәлі Сопы Әзиз» кітабы шықса, шежіре жинаушы М.Неталиевтін «Кіші Жүз шежіресі» кітабында бабамыздың Керейт руынан шыққанын анықтап жазса, соған қоса, марқұм академик, тарихшы М.Қозыбаев пен атақты жазушы М.Мағауинде өз еңбектерінде Мүсірәлі бабаны Керейт руынан екенін дәлелдеп жазады. Ал, бұл аз болса, Егемен Қазақстан газетінің 2000 жылғы 30 тамызындағы санында жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Пір Бекет атаның 250 жылдығына» орай берген сұхбатында: «Биге құлақ асса, сардарға бағынып пірге табынады, Хан ауысса да, Пір ауыспайды. Тәуке хан сайланғанда, Пір де бірге сайланып, үш ұлыстың пірлері жұрт алдында әруақ салыстырып, керейт Сопы Әжі Мүсірәлі дүние салғаннан кейін, жалпы қазақта пір сайланған емес» деп нақтылап ойын аяқтайды.
1961 жылы марқұм Әзиз мақсұм Қызылорда облысы, Жалағаш кентінде қайтыс болады. Жергілікті халық Әзиз мақсұмды Кіші Жүз Жетіру руына ортақ әулие деп, жеті пірге қол берген деп сүйегін Жалғаш кентінің орталығына жерлегісі келгенде, бірақ, Керейт руының Аяған Сандыбайұлы бастаған ақсақалдары марқұмның сүйегі Керейтердікі екенін ескертеді. Алғашқы кезде, жалағаштық ақсақалдар әруақ ортақ деп келіспей қояды, кейін, жергілікті халық райынан қайтып, сөзге тоқтап, оның мүрдесін Әзиз мақсұмның ұрпақтары тұратын Еңбек ауылындағы ата-баба қорымына қоюға мәжбүр болады. Бүгінде, Әзиз мақсұм қорымының жанында көпшілік зиярат ететін «Тілеухана» бар екенін айта кетуіміз қажет.
Ал, Майдан Түйімбетке келсек, ол ел ішіндегі аңыз-әфсана мен шежірені жинап құрастырушы, орта білімі бар қарапайым адам. Құрметті академик мырза, Сіз М.Түйімбетке сенгенше, әлем таныған түрколог ғалымдар мен тікелей қандас бабаңыз Рашидаддинге сенгеніңіз дұрыс болар, ал, өз басым тарихшы Рашидаддинның зерттеулеріне сүйенемін.
Кеше ғана Қазақ хандығының 550 жылдығын бүкіл ел болып тойладық. Керей мен Жәнібекке ескерткіш қойдық. Осы дүбірлі тойдың қарсаңында тұңғыш Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде: «қазақ халқының тарих алдында ұялатын ешнәрсесі жоқ» деп қадап айтты. Сол секілді ежелгі Керейт тайпасының тарих алдында ешқандай кінәсі жоқ. Мәселен, егер Шыңғысханның өкіл әкесі Керейт тайпасының Тұғырыл ханы (қытай тілінде Ванхан, түркі тіліне аударғанда Ұлы хан деген мағынаны береді). Сол Тұғырыл хан болмаса, Алтайдан Атырауға, Сыр бойынан Сарыарқаға дейінгі орасан аумақты жеріміз болар ма еді, болмас па екенін бір құдай білер?!
Жуырда жұмыста отырсам, Ақтау қаласында тұратын өзін Қожа Керейтпін деп Нысанбай атты бауырым телефон шалды. Өзара әңгіме барысында, «Сізде қожа Керейтсіз бе, деп сұрады, ал мен болсам, жоқ мен қожа Керейт емеспін деп жауап қаттым. Сонда ол, Құрман аға бұл қалай болғаны, біздің ДНК-мыз бір екен» деді. Сонда мен, сен менің бауырымсың, Таз атамыздан Бидас пен Жандос тарайды, ал мен Бидастан, сен Жандостан тарайсың, әрине, ДНК-мыз бір болады дедім.
Керейт руының ішінде аталықтар көп, бірақ, Бидас тармағының бірі о дүниелік болса, өлі мүрденің басын өз бауыры ұстаса, кеуде тұсын міндетті түрде қожа керейт ұстап, ақтық сапарға аттандырады, бұл бұрыннан сақталған айнымас үрдіс екенін айтқым келеді. Ал, кісісі қожа Керейттен қайтыс болса, сүйекті жууға біздің аталарымыз кіріп, мұсылмандық міндетін атқаратындығы әлі күнге сақталған.
Әр дәуірде өмір сүрген, жоғарыда аталған дана ойшыл, парасаты биік ғалым-жазушылардың зерттеулерін жоққа шығарып, өзіңіз жаңадан шежіре таптым деп жар салып, Мүсірәлі бабаны Қожа руынан шыққан деп жүргеніңізге жол болсын академик мырза.
Кешегі кеңестік дәуірдің қып-қызыл тәрбиесін көріп, қазірде елдің арасына руға бөліну бойынша әртүрлі арандату жасап жүрген ел ағаларымыз бар. Менімше, бұл дұрыс бағыт емес, осы мақаланы жазу барысында, бүгінгі ұрпаққа Қожа мен Керейттің қайдан шыққандығы, әлімсақтан белгілі екенін айтқым келеді. Тарихымызда Қожалар дін әкелуші өкіл ретінде белгілі, ал, ұланғайыр қазақ сахарасында Керейт пен Найман хандықтары ХІІІ ғасырдың яғни, 1206 жылға дейін болғандығын кәрі тарих растайды.
Ал, Қызылорда қаласында жуырда ғана бой көтерген мешітке келсек, есімдері сол өңірге ғана емес, күллі республика жұртшылығына белгілі Керейт руының белсенді азаматтарының ұйымдастырумен басталған игі шара екенін айтқым келеді. Атап айтсам, нарықтық қиын кезеңге де қарамай, қарапайым ауылды қала деңгейіне жеткізген, Елбасының қолынан арнайы Қазақстанның Еңбек Ері атағын алған, белгілі кәсіпкер Абзал Ералиев, мемлекет және қоғам қайраткері, «Керейт» қорының жанашыры Самит Далдабаев ақсақал, облыстың басты білім ошағы атанған Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, академик Қылышбай Бисенов секілді азаматтардың бастамасымен Алланың үйі салынып, оған Мүсірәлі Сопы Әзиз бабаның есімін беруін ұйғарғандығының не айыбы бар?! Әрине, бұл арада ол аймақ басшысы Қ.Көшербаевпен келісілген жұмыс екенін айтуымыз керек.
«Біз зайырлы, құқықты, демократиялы елміз» деп, Ата Заңымызда көрсетілгендей, мешітті салып, оның есімін беру үшін біздер Қожа руының азаматтарымен ақылдасып, оларға бата жасатып, рұқсат алуымыз қажетпе деген ой өзінен өзі туындайды?! Сөз соңында, Қожа ағайындар бүгінгі ұрпақтың алдында түрлі арандатулар жасамай, жоғарыда келтірілген тағлымы мол тарихтың деректері мен нақты дәйектеріне сүйеніп, Мүсірәлі Пір бабамыздың Керейт руынан шыққанына дау тудырмай, мойындағаны абзал екенін айтқым келеді.
Құрманғали Ашанұлы, жеке кәсіпкер
Abai.kz