Эрнест Төреханов: «ЖЕКЕ БАСҚА ТАБЫНУ» ҚҰЛДЫҚ ПСИХОЛОГИЯНЫҢ КӨРІНІСІ
Жеке басқа табынушылық.... Қазақ қоғамын дендеп бара жатқан бұл дерттің бастауы қайдан, соңы неге апарып соғады? Ел президенті деген ең жоғарғы лауазымға «ұлт көшбасшысы» деген жанама атақты жапсырып алған Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтарға жасаған сапарларының барлығында, теледидар хабарларынан байқасаңыздар, міндетті түрде жастар сөз алатын үрдіс байқалады. Әрине, өскелең ұрпақты көпшілік алдында өз ой-пікірін айтқызып, сөз сөйлеуге үйреткеннің ешқандай сөкеттігі жоқ. Бірақ «осы күнге жетуіміз сіздің арқаңызда... сіз болмағанда...» деген сыңайдағы сарынға толы жалғандығы көзге де, құлаққа да ұрып тұратын сөздерін аямай төгетін жастарымыз жеке басқа табынудың тәлімін алып келе жатқан жоқ па?
Жеке басқа табынушылық.... Қазақ қоғамын дендеп бара жатқан бұл дерттің бастауы қайдан, соңы неге апарып соғады? Ел президенті деген ең жоғарғы лауазымға «ұлт көшбасшысы» деген жанама атақты жапсырып алған Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтарға жасаған сапарларының барлығында, теледидар хабарларынан байқасаңыздар, міндетті түрде жастар сөз алатын үрдіс байқалады. Әрине, өскелең ұрпақты көпшілік алдында өз ой-пікірін айтқызып, сөз сөйлеуге үйреткеннің ешқандай сөкеттігі жоқ. Бірақ «осы күнге жетуіміз сіздің арқаңызда... сіз болмағанда...» деген сыңайдағы сарынға толы жалғандығы көзге де, құлаққа да ұрып тұратын сөздерін аямай төгетін жастарымыз жеке басқа табынудың тәлімін алып келе жатқан жоқ па?
Бұл пікірге, алысқа бармай-ақ, президенттің өткен аптадағы Ақтөбе облысына жасаған іссапарында жастардан естіген «ыстық лебіздері» куә бола алады. Назарбаевқа бетпе-бет қарап тұрып, қазақ лексикасындағы күллі керемет теңеулерді тек сол кісіге арнаған бозбала айналасындағы өзге әлемді ұмытып кеткендей әсер қалдырды. Дауысында пайда болған жарықшақ пен жаңғырық, расында, қазақ жастарының күні президентсіз қараң екен деген ойға жетелейді. Елін, оны басқарған тұлғаны қадірлеп, құрметтеу заңды құбылыс сияқты болғанымен, болашақ ұрпағымыздың бір адамға бас ұрып, табынуының соңы неге апарып соғады? «Президент келе жатыр» дегеннен алдын ала «дайындалатын» осы балаларымыздың психологиясы біртіндеп, бір кісінің қолындағы билікке байланып, санасын құлдық ұру, құрақ ұшу сезімі тұмшалап жатқан жоқ па? Бүгінгі жастардың ертеңіміз екенін ескерсек, жеке басқа табынушылықтың зардабын әлі аз тартпаймыз ба деген сұрақтармен жазушы Эрнест Төраханов ағамызды сөзге тартып көрдік...
- Сіз өткен ғасырдың бел ортасының төлі ретінде қазақтардың санасына әбден сіңген «жеке басқа табыну» саясатының қандай негізгі зардабын атай алар едіңіз?
- Бұл сұраққа мен секілді алпыстың үстіндегі кез келген адам жауап бере алады. Біз көрген замандағы көсемдердің қай-қайсысы болса да, сөзі мен ісі алшақ тұлғалардан тұрды. Мәселен, Ленин көп нәрседе адасты, көп жағдайда өзі айтқан қағидаттарды өзі іс жүзінде керісінше жасады, шолақ ойлады. «Кез келген үй шаруасындағы әйел мемлекетті басқара алады», - деп соқты. Ол адамды қарапайым халыққа ниеті таза, өз заманының аса білімдар ұлы бүлікшісі деп білемін. Ал Ленинді мақтағансып, өзін «Әлем халқының әкесі» дегізген Сталинге табынудан асқан «жеке басқа табынушылық» болған жоқ. Гитлер де өзіне бәрін табындырды. Ким Ир Сен, Мао Цзе Дун да пайғамбар болам деп, аспан айналып жерге түсердей күркіретіп, идеология машинасының тоқтамауына қаржы мен әкімшілік ресурсын аямады.
Ал солардың соңы не болды?
- Мао - бүгін де қытайлар үшін көсем. Бірақ оның тұсында «мәдени революция» кезінде қырғын-жойқын болғаны есімізде...
- Осы ретте еске түсіп отырған бір аңыз-әңгімені айтуды жөн көріп отырмын. Македонскийге өзінің сүт анасы Ланиканың інісі Клито: «Сен өз әкең Филиптің аруағынан аттап, өзіңді Зевс құдайдың ұлымын деп жүрсің. Солай дандайсыдың, астамшылықпен уландың. Македон - грек жорығының бар жеңісін түгелдей өзіңе телідің. Бірақ, Александр, сен бәрібір адам жасауы мүмкін хал-қарекеттен артық еш нәрсе жасаған жоқсың. Өйткені сен адам ғанасың!» - деген екен.
Бүгінгі Қазақстандағы былық-шылықтардың бір себебі - сол теңдессіз жалған сөз, екіжүзділіктің кеңес заманынан ауып келгендігінен. Бір мемлекетті тек бір адамның аузына қаратып қою - қашанда елдің, халықтың бақытсыз кезеңі. Оған тарих - куә. Адамның адамға табынуынан асқан қасірет болмайды.
- «Жеке басқа табыну» мен құлдық психология арасында байланыс бар ма?
- Бұқара қара халық, тобырдың өзіндік пәлсапасы, психологиясы бар, әрине. Көпшілік не айтса, не жасаса, азшылық соның соңында кетеді. Билік иелері, байлар, шонжарлар ықпалды адамдардың мүмкіндігі зор, құрығы ұзын әрі қатерлі. Олар да бір-бірімен алыс-жұлыс өмір сүреді. Ал қолдарындағы артықшылыққа халық көз алартса болды, «мықтылар» ауыз жаласып, бірігіп кетеді. Олардың өздерін майға бөктіріп қойған патшаны қызғыштай қоритыны -заңды құбылыс. Патшаның табанын жалаған адамның күнкөрісі ешқашан жаман болған емес. Соларға қарап, өз ішінде кісілігі шамалы, омыртқасыз адамдар құл боп жүруді намыс көрмейді. Дүниеде Тәңірім тек Адамға ғана сана берген, басқа жан иелері, яғни мақұлықтар тек түйсікпен өмір сүреді. Құдай берген артықшылықтан, санадан көп адам өз еркімен бас тартып, түйсікке жол береді. Құлдық психология - тек үрейден тұратын, өзін-өзі сақтау түйсіктерінен туатын мақұлықтық түйсік. Олар құдайдан бұрын патшаға табынады. Олардың маңдайы күнде қан-жоса. Ондай адамсымақтар туралы Абай атамыз: «Көп айтса - көнді, жұрт айтса - болды», - деп жақсы айтып кеткен ғой. Құлдық сана кәдімгі қарақұл сенатордың, министрдің, әкімнің ішінде жатуы әбден мүмкін. Арлы,ақылды адамның ішінде тежегіші көп болғандықтан, мұндай лас әрекеттерге бара бермейді. Сондықтан алдыңғы айтылған құлдардың ылғи да жолы болғыш болып келеді. Осыдан келіп, құлдық психология мен жеке басқа табынушылық арасында ажырамас байланыс пайда болады.
- Қазіргі Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевқа «күн көсем» ретінде табыну үрдісі басқаны қойып, оқыған-тоқығаны мол интеллигенцияның арасында белең алып бара жатқанын немен түсіндіресіз?
- Сол «күн көсемдерін» оның ең жақын, ең сенімді уәзірлерінің өздері іштей мойындамайды. Көпшілігі оны сыртынан мазақ етіп күлуі де мүмкін. Бірақ көпшіліктің алдында жүзін суытып, өздері көп жыл ойнап келе жатқан рөлге бой алдырып: «Өзің болмасаң, ұлы мәртебелім, біз қайтер едік, елің не істер еді? Ел бағына туған күн көсем, жасай бер! Жасай бер!» - деп тебіренеді. Өйткені өз күні «күн көсеммен» тікелей байланысты. Жалпы, көсемдік, «вож-дизм» деген ұғымдардан тас дәуірінің қаңсық иісі еседі. Қоғамдағы құбылыстардың өзін осы құлдық түйсікке тіреген заман болды ғой, қазір.
Мысалы, бір жазушыны алайық, маңдай тері, көз майы таусыла жазған шығармасын жарыққа шығару үшін билік жаққа «жантаюына» тура келеді. Олай етпесе, еңбегі елеусіз қалады. Сананы тұрмыс билеген бұл қоғамдағы интеллигенцияның жоғарыға жалтақтауы күнкөріс қамынан туған лас сезім ғой...
- Осы саясаттың мектеп оқушылары арасына сіңуі - біздің болашақ ұрпақтың сана-сезімін құлдыққа қамаудың басы деп бағалауға бола ма?
- Әрине! «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демеп пе еді, атам қазақ? Біз 70 жыл КСРО тұсында, 20 жыл тәуелсіздік тұсында шылқыған өтірік, тонау, қанау, алдарқату жағдайында өмір сүрдік. Сол өтірік сөз жарысы, жалған уәделерді бүркеніп неше түрлі қылмыс жасау КСРО-ның түбіне жетті. 250 млн халқы бар КСРО коммунистері сол партияны пайдаланып, келешекті теспей сорып келді де, бір күнде одан бас тартты. Кеше Компартияны мақтағандар ертеңінде-ақ сол идеяларды тірідей көмді. Бүгін біз дәл сондай аса сақ сауысқанның бауырынан білдіртпей жұмыртқа алып шыға алатын өте епті, өмірі шын сөзін айтпайтын, тек жоғарыдағылардың құлағының құрышын қандырар, жалған сөздерді шылп етпей соғатын ұрпақты лек-легімен дайындап, тіпті оқытып жатырмыз. Егер болашағымыз соларға тәуелді болса, әлі жүз жыл мәдениетті, ар-ұятты ел бола алмаймыз. Негізгі кәсібіміз -ұрлық, көздегеніміз - билік болып қала береміз.
- Сіз екі ғасырға куә болған адамсыз. Соңғы ғасырдағы жеке басқа табынушылықтың нәтижесі неге апарып соғуы мүмкін?
- Кезінде сталиндік конституция деген КСРО-ның Ата Заңы болған. Ол халықаралық құқықтық сараптаманың бәрінен мүдірмей өткен. Бірақ сол конституция тұсында 2 млн 700 мың қазақ қырылды. Голощекин 130 мыңнан астам қазақ зиялысын абақтыға жаптырып, 25 мыңын атқызып тастады. Абақтыға қамалған 130 мыңның 30 мыңдайы ғана тірі аруақ болып елге әрең жеткен.
Одан соң 70 жылдары Брежнев Конституциясы қабылданды. Ол тіпті мінсіз болып шықты әрі адамның сай-сүйегін жібітіп, көзіне жас үйірер «мейірімді конституция» болатын. Бірақ сол Конституцияның тұсында ел ашықты, ет тағамдарын көруден қалды. Ал көзі ашық азаматтар елден алыстатылып, жер аударылды. Партия халықтан біржолата бөлініп кетті. Енді 1991 жылдан соң қара халық «тіл, діл, рухани әлем, ұлттық болмыс» деп көшеде даурығып жүргенде, Қазақстанның бүкіл байлығы талан-таражға түсіп жатты. Халықтың арасына жансыздарын жіберіп, бірде тіл, енді бірде дін мәселесіне алаңдаттырып қойып, өз дегендерін іске асырды. Қазақстанда орын алып отырған қазіргі табынудың соңы, тіпті ойлауға қорқынышты күндерге апарып соқпаса нетті... Тарихта авторитаризмнің соңы ешқашан жақсылыққа жеткізбеген.
Меруерт ХУСАИНОВА,
«D»
ҚИЛЫ ҚИСЫН
Сабыр БОЛАТҰЛЫ,
мұғалім:
«Президенттің көш бастап келе жатуын мойындау, оның асқан даналығына бас ию - авторитаризм деп аталмаса керек-ті. Онда тұрған не бар? «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын...» деген сөз бар емес пе, неге біз осы болмашыдан дүрбелең туғызуға құмармыз? Өсіп келе жатқан ұрпақты өз президентін сүюге, құрметтеуге баулу қылмыс емес қой! Мәселен, күні кеше Елбасымыздың Ақтөбе облысына жасаған сапарында оған тілектері мен ол туралы пікірлерін білдірген жастардың сөздерін естідіңіз бе? Керемет! Жастар да сарабдал саясатшыны адаспай танып жатыр, бұл дегеніміз - Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасы деп білуіміз керек. Дәйексіз мәселелерге бас қатырмай, меніңше, лидеріміздің соңынан ерген жөн, биыл ЕҚЫҰ-ға төраға болсақ, ендігі жылы тағы да осындай білдей мекемеге басшылық етіп жатсақ, еліміз үшін жаман ба? Назарбаев аман болса, әлі талай елдің алдында абыройымыз асқақтай беретініне сенемін».
Әлия АХМЕДИЕВА,
«Азаттық» радиосының тілшісі:
«Жағымпаздық, жасанды сөйлеу мен әсіре мақтан сөздер біздің қоғамымызбен біте қайнасқалы көп болды. Жеке басқа табынудан туатын мұндай «психологиялық дерттер» туралы тарих парақтарында өте көп мәліметтер келтірілген. Бір адамның бетіне қарап, барлығын сол кісімен байланыстыру - авторитарлы мемлекеттерге тән дүние. Ал бұл проблеманың мұнан да сорақы әрі қорқыныштысы - жеке басқа табыну індетінің жастардың арасына кең етек жая бастауы. Президентке мақтауды жаудыратындардың жүректерінде де сондай сезім бар дегенге сену қиын, өйткені осылай өтірік, сылдыр сөздер арқылы көзге түсуді ойлаған балада таза ниет болуы мүмкін емес. Бесіктен белі шықпаған жастардың өтірікке жақындауы - ертеңіміздің жарқын болмайтындығының айғағы. Жалғандықпен тұмшаланған мемлекет бытырауға да бейім, ал ондай елді байлығына көз сүзген көршілері оп-оңай уысына қыса салады. Осыдан соң, авторитаризм зардаптарының қаншалықты екенін болжау қиынға соқпас».
«Общественная позиция» газеті