Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Бұ не мазақ? 6288 4 пікір 28 Наурыз, 2017 сағат 13:52

Тілін ұмытқан Тимур Үкімет сағатында не деп кетті?

Кеше Мәжіліске Ұлттық экономика министрі Тимур Сулейменов келіп кетті. Мәжілісте өтіп тұратын Үкімет сағатына «үкіленіп» келген министр елімізде кәсіпкерлікті дамытуға қырауар қаржы бөлініп жатқанын айтып лепірді. «Лепірді» деген сөзге леп беріп отырған себебіміз: қазынадан қанша қаржы бөлінсе де, Қазақстанда қарқын алған игілікті істі көре алмай Қазақстан халқы қажып барады. Қайда барсаң да жұмыссыздық, қайда қарасаң да кәкір-шүкірді кәсіп етіп, күнелтіп жүрген жұрт. Әйтсе де билік тарапынан бизнесті несиелеудің үрдісі үзілген емес. Сонда қыруар қаржы қайда кетіп жатыр?

 

Үкімет сағатында министр  бір ғана «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына 344 миллиард теңге, субсидияға 146 миллиард теңге берілгенін айтты. Ал, «Бизнестің жол картасы» дегеніміз не?  «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері»  атты Қазақстан халқына Жолдауын және Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стартегиялық даму жоспарын іске асыру үшін әзірленген бағадарлама.

 

Бағдарламаның мақсаты экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сонымен қатар бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру болып табылады.

 

Бағдарлама екі кезең бойынша жүзеге асырылып, мына салаларды қамтуы керек болатын:

агро - өнеркәсіп кешені;

кен өндіру өнеркәсібі саласындағы техникалық қызметтер;

жеңіл өнеркәсіп және жиһаз шығару;

құрылыс материалдары мен металл емес өзге минералды өнімдер өндіру;

металлургия, металл өңдеу, машина жасау;

өзге өнеркәсіп секторлары (оның ішінде өзге дайын өнімдер шығару; электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа сорғызу; су жинау, өңдеу және тарату; канализация жүйесі; қалдықтарды жинау, өңдеу және тазарту, қалдықтарды іске жарату; қалдықтарды жою саласында қайта культивациялау)

көлік және қойма қызметі;

туризм;

ақпарат және байланыс;

кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет;

білім;

денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер;

өнер, көңіл көтеру және демалыс;

қызметтің өзге түрлерін (компьютерлерді, жеке пайдалану заттары мен тұрмыстық тауарларды жөндеу жұмысын) ұсыну.

 

Осының ішінде әзірге нақты көрініс тапқаны бізде көңіл көтеру болса керек. Көңіл көтеру жағынан біз қазір көш ілгері кеткенбіз. Оған теле-радиомыздан бастап, қызылды-жасылды газет-журналдар мен көпірме сөздеріміз мысал.

 

Жә, сонымен тақырыбымызға келейік. Сулейменов  бір ғана «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына 344 миллиард теңге, субсидияға 146 миллиард теңге берілгенін айтқан соң, оның есеп-қисабына қарсы депутат Нұртай Сәбиләнов:

- Сіз Даму қорынан әлгіндей сомада қаржы бөлінгені айттыңыз. Алайда, мемлекеттен қолдау алған кейбір кәсіпкерлер жұмыстарын тоқтатқан. Сөздің турасына көшсек, Даму қоры кәсіпкерлерге ақша таратумен айналысқан. Тиімсіз бағдарламаны жүзеге асырған, - деп қарсы уәж білдірді.

Депутаттың осындай уәжіне уәж таппай терлеген министрді содан кейін өзге депутаттар арқадан қағып, қолпаштауға, ақыл айтып, алдарқатуға көшті. Соның бірі мәжілісмен Омархан Өксікбаев министрден жер дауына қатысты отставкаға кеткен экс-министрлер Ерболат Досаев пен пара алды деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың қателігін қайталамауын сұрап «жалынғандай» кеп танытты.

 

«Тәуелсіздік алғалы бері экономика министрлігін басқарған сіз 20-шы министрсіз. Біреуі бағы жанып кетті, өзі жанып кетті, біреуі шулатып кетті. Енді сіздің артыңызда жақсы бір із қалса екен деген ниет айтқым келеді», – деді депутат Омархан Өксікбаев.

 

Мәскеуде 5 жыл тұрған кезінде туған халқының тілінен ада болған министр не деп кетті, депутаттар не деп қалды – бұны нақты түсіну де, түсіндіру де қиын. Өйткені ол мемлекет қазынасынан бөлінген қаржының қисабын білгені болмаса, қайда, қалай жұмсалғанынан хабарсыздығын байқатты.

 

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969