Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Арылу 10028 20 пікір 28 Наурыз, 2017 сағат 16:05

Ресей ешқашан шын мәнісіндегі еуропалық өркениетке ілескен емес

Биыл ХХ ғасыр басындағы үлкен саяси оқиғалар –  Ақпан және Қазан төңкерістеріне 100 жыл толады. 1917 жылғы  революциялар тек  Ресейде ғана емес, бүкіл дүние жүзі тарихына үлкен өзгеріс енгізген оқиғалар болды.  Әсіресе, қазақ халқы үшін бұл төңкерістің салдары аса ауыр болғаны мәлім. Бүгінгі күнгі ең өзекті проблемалардың түп-тамырын іздесек те сол кезеңге келіп тірелеміз. Осы орайда Қазан төңкерісі мен соның нәтижесінде құрылған Кеңес Одағының қазақ үшін пайдасы мен зияны қандай деген сауалдар төңірегінде белгілі саясаттанушы Расул Жұмалымен сұхбаттасқан едік.   

             

 

  • Ақпан және Қазан төңкерістері алдындағы Ресей империясында

 және оған бағынышты елдерде қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдаят қандай еді? Төңкерістің алғышарттарын қысқаша қалай сипаттауға болады?     

 

Р.Жұмалы: Ол кезде Ресей империясының  құрамына енген қазақ үшін бұл тарихта бұрын-соңды болып көрмеген нәубеттің басы еді.  Алдымен аталған революциялардың негізгі себептеріне тоқталсақ.  Біріншіден, бұл патшалық басқару жүйесінің іріп-шірігені. Өзін еуропалық мемлекет санағанымен Ресей ешқашан шын мәнісіндегі еуропалық  өркениетке жатқан емес. XVIIІ-ХІХ ғасырда Француз революциясынан кейін Еуропадағы ұлттар бірінен кейін бірі буржуазиялық-либералдық қоғамға аяқ басқаны белгілі. Тіпті кейбірінде монархиялық жүйе сақталса да, онысы  формалды конституциялық деңгеймен шектелді. Ал абсолюттік монархия қалпында қалған Ресейде бұндай құлшыныс тек ХХ ғасырдың басында  байқалды. 1905 жылғы орыс революциясы оның алғашқы көрінісі болды.

Бірінші  дүниежүзілік соғыс елдің саяси, әлеуметтік жағдайын күйзелтті.   Орталық  басқару жүйесі әлсіреп, халық алдында абыройынан  айрылды. Есесіне алып империяда сан алуан саяси күштер билік үшін таласқа түсіп, арасында саяси сахна төріне большевиктер шықты.  Олардың көтергені «Халыққа нан, шаруаларға жер, жұмысшыларға завод пен   фабрикалар берілсін» деген популистік ұран еді. Қалың бұқара бұған алданды. Шын мәнісінде билік басына келгеннен кейін коммунистер бұл   уәдесін орындау былай тұрсын, «қызыл террор» аталған жендеттік саясатқа көшті. Бұрынғы элиталар жаппай жаншылып-атылды, аман қалғаны шетелге қашты. Ленин мен Сталин бастаған коммунистік диктатура Советтік социалистік республикалар одағының құрылуына әкелді.

 

  • Қоғамдық жүйедегі ішкі қайшылықтардың асқынып, ең соңғы

шегіне жетуіне сыртқы себептердің салдары қосылып, Кеңестік Одақ ыдырап тынды. Бірақ біздің арамызда сол дәуірді аңсайтындар әлі де   баршылық. Олар Совет өкіметінің жақсылығын айтып тауыса  алмайтындар қатарынан. Дегенмен, осы төңкеріс қазақ халқына не берді? Жоқ әлде бұл бүтін бір ұлтқа - қазаққа келген апат деп бағалау дұрыс па?             

 

Р.Жұмалы: Қазақ халқы үшін бұл оқиғалар бұрынғы патшалық Ресей заманындағы отаршылықтан бетер езгіге айналды. Атап айтқанда КСРО құрамындағы 70  жыл бойында қазақ халқы өзінің этностық санының тең жартысынан    айрылды. Қолдан ұйымдастырылған осы геноцидтің соққысынан Қазақ әлі  күнге шейін есін жия алмай келеді. Айталық, ХХ ғасырдың басында Орта  Азияда қазақтан әлдеқайда аз өзбектің саны бүгінде 32 миллионнан    асты.  Ал қазіргі қазақтың саны 12 миллионға жетер-жетпес. Жан түршігерлік көрсеткіш. Алайда бұл қанды коммунистік заманның бір ғана тұсы.

Осы кезеңде қазақ зиялылары түгелдей дерлік қуғын-сүргінге  ұшырады. Нәтижесінде 1980-жылдарға қарай қазақ өз жерінде ұлттық  азшылыққа айналды. Сандық жағынан құлдыраудан халқымыздың сапалық тұрғыдан күйзелгені асып түсті.  Жаппай орыстандыру саясаты нәтижесінде қазақ мектептері, мәдени, ғылыми ошақтар жаппай қысқартылды. Бұл жағдай  тұтастай бірнеше ұрпақтың ана тілінен, ұлттық болмысынан айрылып,  мәңгүрттенуіне әкеп соқты. Ол індеттен Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл  толса да арыла алмай келе жатырмыз.

Қазақ жері  КСРО кезінде толықтай дерлік аса зиянды әскери, ядролық, ғарыштық полигонға айналды. Осындай қатігездікпен жүргізілген  сынақтардың құрбаны кем дегенде 2 миллион адамды құрайды. Кеңес  билігінің шаруашылық пен өндірісті экстенсивті жүргізуі салдарынан қоршаған ортаға өлшеуге келмейтін нұқсан келтірілді. Соның салдарынан Қазақстан жері  бүгінде экологиялық апат аймағы деп танылып отыр.  Осындай қасіретті жағдайдарды тізе берсе таусылмайды.

 

  • Кеңес одағы тұсындағы Қазақстан тарихын толыққанды ғылыми

зерделеу енді ғана басталды дейді тарихшыларымыз. Өйткені 70 жылдық казармалық жүйе тарихи санамызды тұмшалап, еркін ойды тұтқында ұстады. Кеңестік саяси идеологияның қыспағы ұлттық тарих ғылымын тежеді. Тек Тәуелсіздіктен кейін ғана біз өз тарихымызға, ұлттық дүниетанымымызға бет бұрдық. Бірақ түрлі себептермен Қазан революциясының тарихи бағасы әлі берілмей келеді.  Жалпы Қазан төңкерісі тарихынан қандай тағылым алуға тиіспіз?   

 

Р.Жұмалы: Егемен ел болғанымызға ширек ғасыр толса да КСРО заманындағы шындықтың әлі де ашылмай келе жатқаны жасырын емес. Бүгінгі күні Алаш  үкіметі мен зиялылары, ашаршылық, қазақтың мал-мүлкін тәркілеу, мал  шаруашылығымен айналасып отырған елді жерінен айырып, колхозға  мәжбүрлеп кіргізу, ұлт жанашырларының жаппай көзін құрту, екінші  дүниежүзілік соғыс кезіндегі қылмыстар, Арал мен Семей апаты, Желтоқсан  қантөгісі, тағы басқа көптеген оқиғаларға саяси баға берілуі былай тұрсын, оларды тіпті ашық талқылауға қауқарсыз екендігіміз қынжылтады. Қазақ елі  қаншама жыл сөз жүзінде тәуелсіз саналғанымен, саяси элиталары бұрынғы метрополияға жалтақтауы, оның алдында сескенуі, тіпті орыс тілін дәріптеу  әдетінен шыға алмай келе жатқаны іс жүзінде тәуелсіз екеніне күмән туғызады. Шын мәнісінде отарсыздану мен құлдық сана-сезімнен құтылу  үрдісі Қазақстанда жүргізілмегенін айғақтайды. Өз кезегінде дербес те азат Ұлт ретінде қалыптасу аталған шешуші істерді орындамай мүмкін емес шаруа. Өз тарихымызды зерттеп білмей, әділ бағасын бермей, оның ішінде ХХ ғасырдағы КСРО мен коммунистердің қанды қылмыстарын әшкерелемей алдыға жылжуымыз неғайбіл.

 

  • Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Дина Имамбай

 

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969