Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 8575 0 пікір 10 Маусым, 2015 сағат 16:25

ҰЛТТЫҚ КЕҢЕС ҰЙЫСЫП ЖАТЫР (Толық нұсқа)

 

Алматы қаласындағы «Жалын» журналының редакциясында төрағасы Мұхтар Шаханов болып табылатын Қазақ Ұлттық Кеңесінің  жиыны өтіп жатыр. Кеңестің бір жылғы жұмысын қортындылап қысқаша сөйлеген Шаханов: «Көп нәрсеге көңілім толмады. Былтыр тағайындаған орынбасараларымның жұмысы ойдан шықпады. Сондықтан Қазақ Ұлттық Кеңесінің жетекшілерін жаңадан бекітуге рұқсат етіңіздер. Енді төраға орынбасаралары болып: Жанұзақ Әкім, Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Еркін Рақыш Дәурен Бабамұрат  тағайындалады. Расул Жұмалы Кеңес аппаратының басшысы, ал, оның орынбасары Ғабиден Жәкей болады.  Мен осы жастардың ел үшін төр төгіп қызмет жасауына жол ашқым келеді», - деді.

Жоғарыда аталған азаматттармен бірге Қазақ Ұлттық Кеңесіне мүше болғандар мына жайттарды шұғыл түрде күн тәртібіне қою керек деп уағдаласты:

-       Конституцияға өзгеріс енгізіп, қазақ ұлтының конституциялық құқығын нақтылау қажет;

-       Мемлекет басшысы мен биліктегі тұлғалардың қай жерде, қандай ортада міндетті түрде мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс екендігін айқындайтын талапты нақтылау керек;

-       Соттардың халыққа есеп беретін жауапкершілігін қалыптастыру керек;

-       Еуразиялық экономикалық одақтың құрамынан бас тарту керек;

-       БАҚ, соның ішінде, әсіресе, телеарналарды ұлттандыру керек;

-       Байқоңыр ғарыш айлағының айналасында болып жатқан халықтан құпия келіссөздерді анықтап, экологиялық проблемаларды тоқтау керек.

 

Әзірге жиын осы керектердің қатарын түгендеп, сол керектерді хаттау жұмысымен отыр. Ұсыныс тілектеріңіз болса, жолдай беріңіздер. Ең бастысы – Ұлттық Кеңес ұйысып жұмыс істеуге шындап кірскенін мәлім етті.

Жоғарыдағы ақпарат Ұлттық Кеңестің отырысы барысында шұғыл жарияланған болатын. Төменде Кеңес отырысында көтерілген, талқыланған мәселелерді толықтырып беріп отырмыз: 

ҰЛТТЫҚ КЕҢЕС ЖАҢАША ҰЙЫСТЫ

Күні кеше Алматы қаласында қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов жетекшілік ететін Қазақ Ұлттық Кеңесінің кезекті жиыны болып өтті. Оған Ұлттық кеңестің бюро мүшелері түгелдей дерлік қатысты. Жиынды ашқан М.Шаханов осыған дейін атқарылған жұмыстарды айта келе, Ұлттық кеңес жұмысын одан әрі жандандыру қажеттілігіне тоқталды. Ол өзі қолға алған жұмыстардың барлық кезде де жеңіспен аяқталғандығын, мәселен, КСРО президенті М.Горбачевпен тіресе жүріп, Желтоқсан көтерілісі шындығының бетін ашқандығын, биліктің солақай саясатымен қанат жаймақшы болған, негізін американдық ұлттан алатын «қазақстандық ұлтты» күн тәртібінен алып тастауға әсер еткенін қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алуына тікелей мұрындық болғандығын көпшілік қаперіне сала отырып, Ұлттық кеңес атқарар істердің де биік нәтижеге жететіндігіне сенім білдірді. Алайда ол үшін Ұлттық Кеңес жұмысын жаңаша құру қажет екендігіне тоқталды. Өзі сенім білдірген кейбір адамдардың жұмыстарына көңілі толмағанын, сондықтан Ұлттық Кеңес қолға алар істердің қожырап кеткендігіне кейістік білдірді. Соған орай Ұлттық Кеңестің жаңа басшылық құрамын ұсынды. Сонымен Саяси бюро мүшелерінің бірауыздан қабылдауымен Жанұзақ Әкім (бірінші орынбасар), Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Еркін Рақышев, Дәурен Бабамұрат Ұлттық кеңестің орынбасарлары болып бекітілді. Құрамына жаңа мүшелер қабылданып, тың күшпен толыққан Ұлттық кеңес алда атқарылар жұмыстарды жаңаша үйлестіру қажеттілігіне тоқталды. Атап айтқанда: – Конституцияға өзгеріс енгізіп, қазақ ұлтының конституциялық құқығын нақтылау; – Жоғарғы биліктегі тұлғалардың мемлекеттік тілде сөйлеуі заңмен реттелмейінше оң шешімін таппайды. Сондықтан Мемлекеттік тіл туралы заңның қабылдануын қолға алу керек; – Кейінгі кездері Қазақстан экономикасына кері әсерін тигізіп, отандық кәсіпорындар өрісінің тарылуына себепкер болған, сондай-ақ, теңгенің құнсыздануына жол ашқан Еуразиялық экономикалық одақтан бас тарту; – БАҚ, оның ішінде, әсіресе, шоумендер мен тоймендердің мекеніне айналған телеарналарды, көйлегі мен туфлиін, мәшинесі мен көлігін көрсетуден жалықпайтын мақтаншақ әртістер жүргізетін жеңіл, желөкпе бағдарламалар мен жеңіл әндерден арылтып, ұлттық мүддеге қарай бұруға қол жеткізу; – Шетелдегі қандастарымыздың тілі мен төл мәдениетін, салт-дәстүрін сақтау мәселесі жыл өткен сайын күрделеніп келеді. Билік оларға қамқорлық танытудың орнына, елім, жерім, тілім деп келген қазақтардың құжаттарын рәсімдеуді, азаматтық алуын қиындатып, олардың орыс тілін білу қажеттілігін алға тартуда. Бұл – мемлекеттік тілді мансұқтау әрі оралмандар құқығын аяқ асты ету болып табылады. Соған орай біз қандас бауырларымыздың құқығын қорғауды өз міндетіміз деп санаймыз; – Киіктердің жаппай қырылуына жарылған протондардың тікелей әсері бар екендігін анықтау мақсатында Ресейден басқа ел ғалымдарын қатыстыра отырып, комиссия құру; – Кейінгі кездері билік тарапынан қазақ даласында атом электр станциясын салу мәселесі ұдайы көтеріліп келеді. Біз бұған келіспейтіндігімізді ашық мәлімдеген болатынбыз. Әлемде атом энергиясын қауіпсіз пайдалану және оның қалдықтарын қауіпсіз сақтау технологиясы жоқ. Португалия, Англия АЭС-тен толығымен бас тартып, Франция және басқа елдер оның санын жартылай қысқартты. Голландия энергияның 75% баламалы көздерден алуда. Еуроодақта 2020 жылға баламалы энергетиканың үлесін 20%-ға жеткізу көзделген. Фукусимодағы апаттың әлемдік мұхиттың үштен біріне улану қаупі төнгеннен кейін әлемнің барлық елдері атом стансаларынан жүйелі түрде бас тартуда. Сондықтан Курчатов пен Балқашта АЭС салуға жол бермеу; – Биліктің қолбаласына айналған мұғалімдердің қызметке орналасуы үшін пара беруінен бастап, әкімшілік құрылым қызметкерлеріне тиісті жұмыстардың барлығы дерлік оларға артылғаны, елімізде сайлау науқаны бола қалса – үгіт-насихатқа, үй-үйді аралап, мекен-жай бойынша адам түгендеуде, мектепке бала санын анықтауға, әскерге шақыртуға, жылқы-сиыр, қой-ешкі, тауық-қазды, тіпті, қанша түп қияр-помидор егілгенін санауға, мылтығың бар ма, қанша үйің, көлігіңнің маркасы мен нөмірі қандай екенін түгендеуге жаппай мұғалімдер жегілетіні бүгінгі күннің бұлтартпас шындығы екендігін қаперге ала отырып, мұғалімдер мәртебесін қайта көтеруді биліктен талап ету; Жиын одан әрі осы ыңғайда көтерілген мәселелердің оң шешім табуы үшін әр салаға қатысты мекеме басшыларын Ұлттық Кеңес жиынына шақырып, билікке өз жауапкершіліктерін сезіндіре отырып, жұмыс жасау қажеттілігіне тоқталды. Ұлттық Кеңес жұмысы әр аймақтарда да қолға алынатын болып шешілді. Ұлттық Кеңес ұлтым деген ел азаматтарын өз маңына топтастыра алатын әлеуетті күш екендігін айқын аңғартты. Еркінбек СЕРІКБАЙ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5659