ІЗГІШУАҚ
Азаматтық пен ақындықты тең ұстап келе жатқан Қасымхан Бегмановтың шығармашылық келбетіне кескіндемелер.
Қытымыр қыстың кіді мінезінен көңіл көк мұнарға көбірек мойынұсынған шақ еді. Аспанның кірбіңі мен көңілдің кірбіңі астасып, «көгала бұлт сөгіліп, күн жауады аулақта». Абыздың айтқаны құлақта күмбірлеп, көкіректе жүректің жағасын сулайды. Адамның бабын кім тапқан? Алдымда алабұртып тұрған көгілдір компьютерге сұғына кіріп, жоқ іздеген жолаушыдай жалтақтап, сан құбылған сайттарға көз суарамын.
Ұлт жанашырлары үйіріле қарап, ұйып оқитын «Абай.kz» (басшысы қағылез қаламгер Дәурен Қуат) сайтын ашып қалып едім, көңіл күні жарқ еткендей болды. Жазса жүрегі көрінген, айтса тілегі төгілген, сөзінен сыры көрінген, сазынан нұры бөлінген Іле ағам – Илья Жақановтың «Сырлы жүрек пернесі» деген сыршыл толғанысы жарқ етіп көзге түсті. Аспаным күлімсіреп сала берді. Үміттің үлпілдек ақ мамығы ақ қанат көбелектерге айналып, көңіл көкжиегін толтырып, жанарым жарқырап, күйкі тірліктің көлеңкесі күнгейге мойын бұрды.
Әні ғана емес, жазған әрбір мақаласының, әрбір естелігінің өзі оқыған адамға көл-көсір қуаныш, сырлы сезім, сындарлы сенім ұялатып, өзің жазғандай баптанып, өзің тапқандай мақтанып қалуға мүмкіндік беретін Ілекеңнің қаламы бұл жолы киелі Түркістанның жанында бір кездері Дариямен жарыса аққан Қарашықтың қараторы перзенті, қағылез жігіт, қалтқысыз ақын Қасымхан Бегманов туралы екен. Аға болып ақтарылып, қаламдас болып құрметтеп жазылған бұл жазба менің де көңіл толқынымды тербетті (ақпан айында аяқталған бұл сыр-дестені оқырмандарыма ұсынуға асықтым).
* * *
Өткен ғасыр. Өлара мезгіл. Қыркүйектің қазанға қарай өкше көтерген кезі. Жастар газетінің қызыл қырманы. Баспасөзге жазылу науқаны. Шымқаланың шырайы одан әрі шырайлана түскен. Жеміс-жидектің толықсып пісіп, көңілдің де, өмірдің де марқайған шағы. Оңтүстік Қазақстан облысының бірнеше аудандарында болып, басылымға деген бұқара оқырманның көңілін сезініп, қанжығамыз майланған күйдеміз. «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» дегендей, ендігі көңіл Шаш қаласына қарай бұрды. Меншікті тілшіміз Жақай Ералиев бізді дәл осы кезде Қасымқанмен таныстырды.
Қасымхан десе Қасым хан. Туған жері Қарашық, көз-жанары қарашық. Көзінің ұшында жанған оты желі оңынан тұрса, лапылдап кеткелі тұр. Өзі де лап етіп жануға дайын тұрған ақын екен. Лыпып тұр. Астында өзінен өте лыпыған сүт қатқан кофе түстес «Жигули». Сапардың сызбасы сөзге айналып еді, салып ұрып тартып кеттік. Шаш шаһарына. Бір кезгі астанамыз. Қазіргі сыртын беріп, сызданған тас қаламыз. Қасымханның қолы рульде, аузы әңгімеде.Дөңгеленіп қалып бара жатқан сары даланы қақ айырған қара жолдың бойында құйғытып келеміз. Көңіл де тұлпар-тақымын жазған.
- Мына өлеңді жақында жаздым, өзіме ұнайды. Тыңдап көріңіздер,- деп Қасымхан жаңадан жазған өлеңдерін жүйткіте оқиды. Шын айтады, өлеңдері де өзі секілді жұтынып, төгіліп тұр. Жаныңды желпіп, санаңа сәулесін себездеп, ішіңе түседі. «Түн. Қыстау.Татьяна» деген балладаға бергісіз құйылып түскен лирикалық өлеңі жас ақынның поэтикалық шеберлігін қапысыз танытып, ол әп-сәтте қолтаңбасы қалыптасқан шымыр шайырға айналып бара жатты. Қазақ поэзиясының жас жүйріктерінің бірі, бүгінде ұлан топтың маңдай алдында бауырын жазып, барын көрсетіп, баянын танытып келе жатқан Бегмановты сол кезде қапысыз танып, бағалап кетіп едім. Қазақ поэзиясының ордасына мінезі мен таланты қатар теңшелген жаңа қаламгер кіріп келе жатты. Қасымхан о бастан қалғанды намыс көрген ақын, қазір қаламқұлағын қайшылатып, алдыңғы топта аршындап келеді.
Оның сол сапарда, әсіресе, ақындық мінезі ерекше есте қалған. Тәшкеннің тас көшесінде де сол құйғыту. Светофордың бар-жоғын елемей кеткен кездері де болды. Алатаяқты«өз ағам» тоқтатады. Қасекең машинадан шықпайды, өз жағындағы терезесін сәл түсіріп, алатаяғын арбатып келе жатқан жол торушыға көгілдір бес сомдықты ұстата қояды. Алатаяқ бірден жанбасқа қарай жылжиды. Біздің де көңіліміз сол кезде жеңіл көлікпен жарыса жөнеледі.
Газетке жазылу тапсырмасы тап-тұйнақтай орындалды. Шаш қаласының кешкі шұғыласын жамыла ұшып шығып, шапағы Алатауға шапанын жапқан Алматыға жеттім. Сол жолы мен жан қоржыным жарқын олжаға толып, жақсы ақын, жайсаң іні тауып оралдым.
* * *
Ақындық тағдыр қызық қой өзі. Жалпы, ақын өз тағдырын өзі жасайды. Өзі жасаған, немесе өзі қалыптастырған ақындық шеңберден шыға алмай қалатын қара үзген хас ақындарды тарих аз білмейді. Өз талантының отына қанаты күйген қыран-ақындар қаншама бізде? Отызында орда бұзып, қамал алар қырқында қапияда кеткен ақындар да жетерлік. Оны өздері де қапысыз мойындаған. Содан да болар Төлеген ақынның: «Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым» деп қамығатыны бар, Сабырхан ақынның: «Пушкиннің жасына келіп өлуге, бізге де бес-ақ жыл қалыпты-ау» дейтіні және еске түседі.
Қасымхан мүлде басқа жолмен жүрді. Оның туабітті биязылығы мен ішкі мәдениеті жас кезінен бойын жасырмай көрініп, ақынды азаматтықтың ауылына адастырмай алып келді. Имани инабаты киелі Түркістан топырағынан нәр алғасын да болар, ол елге қызмет жасаудың мән-мақсатын жастай түйсініп, алаштың ардагерлерінің ерен еңбектеріне сүйсініп, жақсыға ұмтылып, жаңаға құштар бола білді. Қуаныштысы, Қасымхан ақындық ұшпалығы мен құштарлығын ақылға ерте жеңдірген ақын. Тез есейген талант. Өзін ерте таныған қаламгер. Демек, өз бағасын білген ақын.
Жақында жас ақын Батырхан Сәрсенхан: «Бақытсыздың бәрі – ақын» деген ортақ тақырыппен «Жұлдызда» топтама өлеңдерін жариялапты. Түсінем. Келісіп отырып, келіспеймін. Келісетінім, кермиықтай керім ағаларымыздың келместің кемесіне өздері «алдын-ала билет» алып кеткендей болғаны. Кеңес кезінде «ішпейтін ақын болмайды» деген тұрпайылау түсінік болған-ды. «Қашқалы тұрған қоянға, тәйт дегесін не жорық» дегендей, ақындық асаулық ақылдың құрығына бас ілдірмей кеткен мысалдар қазақ поэзиясында ғана емес еді. Еліктегіштік қасиет ерімізден әлі де түспей,таралғыға таласып, құйысқанға қыстырылып келеді.
Дегенмен, Батырханның батырып айтқан сөзіне келісе алмайтыным, Қасымхан секілді ақын бауырларымыздың өмірдегі өнегелі өрнегі. Ендеше, бақыттының бәрі – ақын десек, қайтер еді? «Айтатын айтар сөзін абайламай, шіркін-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай» деп Мұқағали айтқандай, айтар сөзін айтып келе жатқан алғыр да асқақ ақындар бар ғой, шүкір, біздің топырақта. Аз емес. Соның бірі – Қасымхан Бегманов.
Ән өнерінде Іледей айдынды Ілекең Қасымхан ақынның поэтикалық қуатын: «...сүйгеніне, сүйіктісіне құлай түсетін және тез жерініп, тез опынатын ақындық, ерекше жаратылған ақындық болмыс,.. алды-артын ойламайтын көзсіз сері» деп әрі мөлдіретеді, әрі елжіретеді. Оның мейірім мен мархабат нотасы жоғары регистрдегі дауысқа құлаш ұрады. Орынды сөзге оппонент болудың қажеті жоқ, дегенмен Қасымхан жүрек лүпілінен тез айнып,тез қайтатын қаламгерден емес. Қасымға қайырылған Қасымхан:
Көсіліп жатқан куә ғой қырат, сай мына,
Қырандар көкке қанатын бірден жайды ма?
Мәңгілік өмір іздедім мен де өзіңдей,
Қаршадайымнан айналып Асан Қайғыға,- дейді.
Ұлтқа ұл болудың мақсатын түсінген жас ақынның бұл ақындық кредосын жалт еткен сезім мен жылт еткен сәулеге айырбастай алмайсың.Бір кезде Жұбан Молдағалиев ағасы: «Асан боп туып қазақтар, өледі Асан Қайғы боп» деп жазғаны бар. Бұл жерде бала ақын аға ақынның кейіпкері. Кішкентай Асан Қайғы. Ішінде өзіміз де бар шығармыз, жалпы ақынның бәрі Асан Қайғы ғой. Әйтпесе, ақын бола ма қазақ баласы? Ал, Қасымханның басқалардан айырмашылығы – оның шынында да Асан Қайғы екендігі. Ол жиырмасыншы ғасырдың Асан Қайғысы. Жиырма бірінші ғасырда да жыр-желмаясының жетегінде кетіп барады. Әлі Асан Қайғы. Беталысы – болашақ. Алысқа көз жібереді. Қарашығында – Қарашық, байтақ қазақ даласы. Өйткені, ол жан жерұйығын іздеген жолаушы. Ізгіліктің ізіне түскен ізші.
* * *
Тәуелсіздік жылдарында жолдарымыз түйіспеді. Жарияланған жырларын оқып, жазған сырларын көріп, ел мен жердің тағдыры мен талайын қозғаған сұхбаттары мен ой орамдарын сараптап, оның өмір баспалдақтарындағы өсу эволюциясының өзі аңсаған биікке бағыт алып бара жатқанын бағамдап отырдым. Сырттай тілектес, іштей ниеттес болып, өмір көкпарында үзеңгісін шірене тебінген үміткер інімнің қазандыққа олжа салуына жанкүйер болып жүріп жаттым.
Қасымхан қарап жатпады. Аласапыран уақыт, алмағайып дүниенің ортасында білегін түріп жұмыс жасап, білімін көрсетіп белсеніп, тәуелсіздікке тынымсыз үлес қосудың қамында жүрді. Айлап аттан түспеді, күндеп күймеден түспеді, сағаттап сапарларда жүрді, ақсұңқардың қанатына ілесіп, ұрынып Ұрымға, қыдырып Қырымға жол тартты. Еуропаның төрінде, тілін таппағанға тасқамал болған мұражайлар мен мұрағаттардың шыңырауында шаң басып, сарғайып жатқан кітап-журналдарды ақтарып, ұлтқа керекті дүниені ұсынақты етіп қаттап, қоржынына бөктерді. Байлығы тасып бара жатқан жоқ еді, бағасын шығарып, баянын тауып, ұлттың керегін ұясына тасыды.
Жалпы, қай-қай ақын да табиғатында – жиһангез. Ал Қасымханның жиһангездігі – Рубрук пен Марко Полоның серілік пен серттік саяхатшылығынан гөрі, ұлт тарихын қаузаған ұлағатты еңбектерді жинақтап, керегін тізіп, туған елге шырғасын шығармай жеткізуге деген талмас талпыныс. Осынау Еуропа мен Азияның арасын байланыстырған сапарлардың нәтижесінде ол алашорданың айбынды көсемдерінің бірі, Сталиннің өзіне күндіз күлкі, түнде ұйқы бермеген Мұстафа Шоқайдың өмірбаяндық өнегесін, жүрген, түтін түтеткен жерлерінің сол кездегі жағдайын, көрген құқайын, жат елдегі жабырқаған көңілі мен алыс үмітке арманмен көз тіккен кезеңдерін хаттап, жинақтап, ізгі жанның ізіне түсіп, әлемнің 20 қаласында болып, қазақтың қолына «Мұстафа Шоқай жолымен» атты сүбелі екі томдық еңбегін ұсынды. Зейін қоятын жанға зиялы сүрлеу ашылды.
Бұл айтуға ғана жеңіл, жазуға ғана оңай нәрсе. Адами-қоғами, әлеуметтік-саяси, мәдени-рухани қатынастардағы түйткілді жағдайларды былай қойғанда, тілдік проблемалардың өзі бір адамның шақшадай басын шарадай етерлік қиындықтар болатын. Ақындығы сайрап тұрғанмен, аудармашылығы қинап тұрған ақынның бұл ретте де қалтасына көбірек жүк түскені және бар. Әрине, біреудің ақшасын санау онша жақсы нәрсе емес, тек сөздің реті, мысалдың иығы келіп қалғасын айтып жатырмыз. Әйтпесе, қаржым кетті деп қабағы қабаржыған Қасымханды көрген жоқпыз.
Мұстафа Шоқайдың көрмеген құқайы жоқ еді. Алаштың арын арлаймын, жоғын барлаймын деп жүргенде топтық тоқырауға тіреліп, Маңғыстау асуға мәжбүр болды. Каспийдің қара шулан толқынында жанарын жас жуып, жат елге кетіп бара жатты. Алман жеріндегі аласапыран күндер алапат соғысқа ұласты. Қандастарының қанды трагедиясына қабырғасы қайысып, қайратына мініп көрді. «Сәбеттің құрығы ұзын» деген сумақай сөз бар еді ғой. Рас екен. Қапыда қазаға ұшырады. Бірақ қай жерде жүрсе де, қандай тар жол, тайғақ кешсе де, туған халқының тағдырын өз тағдырынан бөліп қарай алмады. Жүрген жерінде жарқырап ізін қалдырды. Ізгілік іздері Еуропа мен Азияның арасында сайрап жатты.Осы ізге түсу үшін талай қилы кезеңдер өтті.
Бір кездері осынау ізгілік іздеріне уақыт шаңы қонақтаған-ды. Жат елде сүйегі қалған жампоздың артынан жоқ іздеп шыққан жандар бола қоймады. Болдырмады. Тәуелсіздіктің таңы ғана қараңғылық қапасында жатқан әз тарихқа сәулесін түсірді. Алғаш, 1994 жылы, белгілі қоғам қайраткері Асқар Жұмаділдаев Мұстафа бабасының алман жерінде жатқан аламан еңбектерінің бір шоғырын Алматыға алып келіп, жанары жасаурап, маған көрсетіп, бірге тебіреніп едік. Жоғарғы Кеңестің депутаттары ретінде осы ізге бірге түсердей болып белсеніп, алдағы күндерге жоспар да жасағанбыз. Талап қатты, заң датты болып, тарап тынып, балапан басына, тұрымтай тұсына кеттік.
Сол ізге Қасымхан түсті. Шындап түсті. Мұстафа Шоқайдың ізімен күні-түн жүріп, оның әр бекетін аңдап тауып, асықпай зерделеп, ата мінез Азиядан есігі қатты Еуропаға жасқанбай жетіп, берерін беріп, аларын алды. Соның нәтижесінде Мұстафа Шоқай іздері туралы қалың-қалың екі томдық кітапта назар аударарлық беттер түзілді. Әр сапарын ағымдағы баспасөзге бере отырып, жүрген жолы мен жүрер бағытын белгілеп, бекемдеп отырды. Бұл ізбен өзге де бауырларымыз француз еліне ат басын тірей бастады. Соның бірі сенатор Мұрат Бақтиярұлыұлы тұлғаның қабіріне зиярат етіп, оның мәңгілік мекендегі жерінің нарқы мен парқын реттеуге, жер құнын жөндеуге көмек қолын созды.Ал, жаңа жолды бастаған Қасымхан болатын.
Осының бәрін хаттап, реттеп, көпке түсіндіріп, ұлт тұлғаларының рухына құрмет көрсетудің үлгісін көрсетті. Ұлтқа адал қызмет көрсетудің осындай жолы бар екенін дәлелдеді. Ізгілік ізіне түсу арқылы өзі де ізгілік ізін жалғастырып, жас толқынға үлгі-өнеге көрсетті. Еуропаның тілін білмесе де, тірлігін білді. Сол елдің тілін меңгеріп, саясында сайрап жүрген қазақ жастарына бағыт-бағдар беруге талпынды.
* * *
Қасымхан – композитор Илья Жақанов ағамыздың тұрақты кейіпкері. Ақын мен композитордың бірлескен шығармашылық жұмысының нәтижесі – жиырмаға жуық ән. Ән болғанда да Іле ағамыздың ешкім қайталай алмас, тек өзіне ғана тән саздар. Сыр мен саз. Жыр мен наз. Адамның көңіліндегі күз бен жаз. Олардың «Қарашығын» тыңдасаң, қара көзің мөлдірейді, жүрегің елжірейді. «Арысын» тыңдасаң әнге ілесіп, алысқа ағасың да кетесің. «Алтын Арыс, ақтың алыс» деген ішкі ұйқас пен сыртқы мазмұнның лирико-поэтикалық, сыршыл романтикалық ағысы жан өзенінің жағалауына құлаш ұрғызып, көктемде қуана жүгіріп, күзде суала кідіріп ағатын Арысқа қарай қанатыңды қомдай қозғалуға жетіп жатыр.
Илья ағамыздың халықтық шығармаға айналып, жұртының жүрегінен өшпестей орын алған әндері жетерлік. Бір өзі бүкіл бір патетикалық поэмаға, немесе елдік эпопеяға теңескен «Еділ - Жайығы» неге тұрады?!Бұл ән-гимн шырқалғанда қазақ болып туғаныңа қуанасың. Оның әндерінің географиялық ауқымына қарасаң, күллі қазақ даласы әнге айналып кеткендей болады. «Қасымхан - композитор Илья ағамыздың тұрақты кейіпкері» деп алып, мен екеуін де қос өрім етіп, қатар ұстап алған сияқтымын. Бірі – өлең, бірі – ән. Домбыраның қос ішегі секілді. Телқоңыр. Телағыс. Сұлулық өнерін тел емген таланттар. Осы мақаланың дүниеге келуіне тікелей себепкер болған Ілекең еді, ендеше Сізден де айырылмайын, Илья аға.
...Нұрлы Нұра даласы. Міне, бүгін қарашы. Кешегі жырды жаңғыртып, ескі әуенді еске түсіріп, Самарқан көлі тербеледі. Сарыарқаның самалды даласы. Темекі тартып жатқандай түтіні будақтаған алып мұржалар.Көсілген қазақ даласы. Теміртау қаласы. Теміртау түні. Маңдай тері науа бойлап ағып, темір ағынымен қатар жарысқан бозбала. Толған айдай толықсыған бойжеткен. Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы сұлу. Аймен аттас, алтынмен баптас, қыз жүрегінің дірілінен жарқылдаған ай-сырға. Бұлар Қасымханның қаламынан құйылып түскен құлагер тіркестерді оқығанда туындаған сөздер. (Өлеңнің әнге лайықталған нұсқасын емес, поэтикалық нұсқасын негізге алдым. - Автор).
Жарқылдаған сырғаң-ай,
Толықсып бір туған ай.
Теміртаудың аруы,
Жаным саған құрбан-ай. «Великолепно!» Бұл Ілекеңнің – Илья Жақановтың лебізі.
Қыз сөзіне еліткен,
Жігіт едім желіккен.
Көрген сәтте өзіңді,
Толқыдым мен неліктен?
Сарыарқаның самалын,
Аймалатқан жамалың.
Жүрегімді жандырды,
Сырға толы жанарың.
Сыршыл сезім одан әрі құйылып, құбылып, көз алдыңа еңсегей бойлы ер жігіттің бейнесін алып келеді. Өлең мен әннің туған күні кеше ғана, ал оқиғасы жарты ғасырдан асты. Бірақ уақыттық аралық білінбейді, кеңістік пен мезгіл философиясы романтикалық реңге малынып, тыңдарманның талмау тұсын тербейді. «Великолепно!» Бұл енді менің сөзім. Ақын болған қандай жақсы, ә! Шығармашылық бірліктің нәтижесінде осындай мөлдір ән дүниеге келді. «Теміртау түні». Осы әнді тыңдау арқылы біз Елбасымызға етене жақындай түстік. Оның адами қасиеттерін сезіне түстік. Оның өзі де ән салған кезде жанары жайнап кететінін терең ұғына түстік. Ал, мұның бәрін жасаған Илья ағам мен Қасымхан інім. Менің де көңілім ән салып қоя берді. Әннің соңғы шумағына дауысымды қостым:
Теміртауда мақпал түн,
Жан сырыңды ақтардың.
Армандай бір ән қалды,
Белгісі қимас шақтардың.
Әнге сөз жазу оңай шаруа емес. Әуелі әні туып, сөзі одан кейін жазылар болса, тіптен қиын. Композитордың тілегі мен тірлігін қатар түсіну – ақынның ақыны атқарар ауыр міндет.
Жыл сайын жүрдек көлікпен Теміртау қаласының қасынан бірнеше рет өтемін. Тұсына келгенде: «Жарқырайды Теміртаудың оттары» деген әнге басамын. Самарқан көлінің жанынан сусып өтіп бара жатқанда сыңғырлаған жастық күлкісін естігендей боламын. Көл жағалай жарыса жүгіріп бара жатқан сұңғақ бойлы бозбаланың қасындағы ай сырғасы күнге шағылысқан сұлуды танығандай болатыным бар. Сондай кезде уақыт қашықтығын жақындатқан өміршең өнердің авторларына жүрекжарды ризашылығымды білдіремін.
* * *
Алматы шаһары. Жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдары. Жібек жолы (ол кезде М.Горький көшесі деп аталатын) көшесіндегі газет-журналдар редакциялары орналасқан, сыртынан қарағанда қарлығаштың қаптаған ұясын көзге елестететін 9 қабатты ғимарат. Жүрісі шапшаңдау, сидаң, орта бойлы, кеудесі тіп-тік, бір қарағанда ұйғыр ағайындарға ұқсап кететіндей де мүмкіндігі бар, адаммен сәлем алысуы қазақи, жұмсақ, түрінен бір жұмбақ болмыс білініп тұратын жігіт ағасын әріптестерім: «Қытайдан келген кісі, басынан кешпегені жоқ, көп білетін, бірақ аз айтатын адам, есімі Жағда» деп таныстырды.
Редакциялар аралас-құралас болғандықтан біздер де араласып жатамыз. Бір жерден түстік ішеміз. Алғашқы сырдаң сәлем бірте-бірте қанатын жайып, кейде аз-кем әңгіме тоқайластырып, ажык-күжік хабар алысып қалатын болдық. Жағда Бабалықов ағамыз ол кезде төте жазумен шығып, шет елге таралып жататын «Шалқар» газетінде қызмет атқарып жүр екен. Сөйтсек, ағамыздың арғы бетте көрмеген қорлығы, кешпеген күні жоқ екен. Бірақ онысын еш байқатқан емес. Аузы да берік кісі еді. Сақтанған да болар.
Кейінгі жылдарда, тәуелсіздік кезеңінде оның қаламы жүре бастады. Сөйлей бастады. Көкірегінде шемен болып қатқан мұң-шері, арманы мен үміті, сыры мен қыры ашыла бастаған тұста Астана ауып, Жакеңмен жолығып, сырласып, сұхбаттасудың ауылы қашықтап кетті. Осыған біршама алаңдап жүрдім. Қаламгер ретінде одан көп нәрсе алуға болатынын ертерек аңдап едім. Бірақ жағдай оған мүмкіндік бермеді. Осыған өкіне ойланып жүргенде, Қасымхан бұл істің орайын мен күткендегіден де асыра орындай бастады. Ол әуелі Жағда ағамен сұхбатты «Ана тілі» газетінде бастап, оқырмандардың назарын өзіне бір аударып алды.
«Ана тілінің» әр нөмірін асыға күтетін болдым. Оқып қана қоймай, оның әр сұхбатын бөліп алып, сақтап, қажетті қоржынға салумен болдым. Ұлттың бары мен жоғын түгендеген, салт-дәстүрі мен тарихын шегендеген, төрт түлік малға қатысты далалық шежірені даналық білгірлікпен түптеген, саятшылық пен ұсталықтың, ит жүгіртіп, құс салудың, қыз ұзатып, келін түсірудің, шілдехана жасап, ұл сүндеттеудің, ырым, жол-жоралғыларды ретімен түгендеудің, отбасы тәлім-тәрбиесін тағылымдаудың, несін айтасыз, ұлт болып ұйысудың барлық қырлары мен сырлары осы сұхбаттарда тізіліп, түзіліп жазылды да отырды.
Ал, осы сұхбаттардың өне бойында темірқазық идея болып, ұлттық тұжырым болып жүріп отыратын ең басты құндылық – тәуелсіздікке тәу ету, құрмет көрсету, оның жолында басты бәйгеге байлау мәселесі айдынданып, ашық көрініп жатты. Қайтыс боларынан бір күн бұрын, тоқсаннан асып, екі дүние ортасында жатқан ақылман қарияның: «Қандай жағдай болса да тәуелсіздіктен айырылуға болмайды» деген соңғы сөзін көзімнің жасы мөлтілдеп отырып оқыған едім. Ал бұл ұлы сөзді бізге жеткізген Қасымханның қайсар қаламы болатын. «Этнографпен әңгіме» деп аталатын бұл кітап біздерге, әсіресе, жастарға өте керек жинақ. Сұхбат-энциклопедия. Бұған қоса ол ұлттық дәстүріміздің ұлағатты сабақтары жөнінде «Дәстүр» журналын тұрақты түрде шығарып келеді. Танымдық, тәлімдік мәні зор журнал.
Қасымхан – нәзік сезімді лирик ақын. Оны өзі де біледі. Қасымхан – ішкі қайсарлығы туындыларында буырқанып көрініп жататын ақын. Оны да өзі біледі деп ойлаймын. Қасымхан – поэзиясында да, сұхбатында да, жолсапар очерктерінде де, тіпті қара мақалаларында да ұлттық рухты ту етіп ұстанатын қаламгер. Оны өзі де білетін шығар, бірақ мұны біз айтуымыз керек. Жағда ағамызбен болған сұхбаттарын жариялау мақсаты оның ұлтқа қызмет етуінің адал көрінісі.
Ақын туралы әңгіме өрбіткен кезде ылғи бір таптауырын сұрақ алдыңнан анталап шығады да тұрады. Ол қандай сұрақ? Ол – ақынның ерекшелігі қандай, ол кімге ұқсаған ақын деген сауал. Поэзияны килограмдап, немесе метрлеп өлшеуге болмайды. Дәмін талғамның таңдайымен татып білесің. Қасымхан – нәзік сезімді, романтикалық-лирикалық пландағы ақын. Түнеріп отырып, түрленген, тұнжырап отырып, жарқыраған жыр жаза алатын ақын. Кімге ұқсаған деген сұраққа жауап бермей кетсек, тағы болмас. Ол сыршыл Сағи мен сырбаз Сабырханның арасында отырған ақын. Екеуіне ұқсап келеді де, ұқсамай жалт беріп, Қасымханның өзіне айналып кетеді.
* * *
Өткен жылдың жазында Қасымханмен жазушылар одағында кездесіп қалдым. Жоғарыда айтылған жайлар жүрдектеу айтылды. Жаны елең ете қалды. Уақыт тығыздау болып, іштегі сырды толық ақтара алмадық. «Іздеп келем» деді қарашығы жарқылдап. Ізге түсудің шебері емес пе, іздеп келді. Сырластық. Сұхбаттастық. Жағда ағамызды еске алып, бет сипадық.
...Астана күзі жақындап келе жатты. Жылдағы дәстүр бойынша мәдениет саласында берілетін мемлекеттік стипендияға енетін қаламгерлердің тізімін жасақтау уақыты тақады. Сол тізімге Қасымханды қосуға талаптандым. Осы кезде өзі арнайы хабарласты. «Аға, бір өтінішім бар, мені стипендияның тізіміне қоспай-ақ қойыңызшы, Құдайға шүкір, жағдайым жаман емес қой, жұмысым бар, қаржы жағынан да қысылар ретім жоқ. Менен басқа, жағдайы келмей, қиналып жүрген жастар бар ғой, соларды ұсынғаныңыз дұрыс болар еді, рахмет» деп ағынан жарылып, өтініш айтты. Түсіндім, риза болдым. Өтінішін орындадық. Мұндай өтініш айтатын адамдар қазір аз ғой, аз. Бұл да оның ізгілік іздерінің бір көрінісі.
Ақындық пен азаматтық тең түскенде ізгішуақ жарқырай түсіп, жақсының жан дүниесін жұртының көңіл-көзіне түсіреді. Ол кешеден із бастап, бүгінге із тастап, ізгішуақты сапарда келер күндерге адымдап барады. Шілтеннің шылауы тиіп, жортқанда жолы болғай!
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
ақын,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Abai.kz