Сенбі, 23 Қараша 2024
Қайраткер 9040 0 пікір 3 Маусым, 2015 сағат 13:25

ПАРЫЗ БЕН ҚАРЫЗ

 

Кәсіби дипломат, Отансүйгіш, Азамат Бабур Дәуренбекке хат

Бауырым! Дана халқымның осынау бірауыз қарапайым да ұлы сөзінде қандай тұңғиық тереңдік жатыр десеңші! Адамның төрт қабырғасы түгел, дені сау, ағайын-жұрты аман кезін – бауыры бүтін дейді, ал, бетін аулақ қылсын, басына қасірет төніп, уайым-қайғыға тап болса -  іші-бауырым езілді дер еді.

Сен менің мынау қамшының сабындай-ақ қысқа ғұмырдың өзі табыстырған бауырымсың. Бір мекемеде жиырма жылдан аса кәсіптес болсақ та, орайы солай келіп Ташкентте ғана бірге қызмет еткен жылдары ел мен жер, ұлт пен ұлағат, тарих пен келешек, әділет пен қиянат, рух пен руханият тағы басқа да сан түрлі тақырыптағы сұхбаттар арқылы да іштей түсінісіп, ұғынысқан бір сәттерде айтып едің: Мұха, менің бірге туған ағам жоқ, Сізді мен аға дейін, бауырыңыз болайыншы, - деп. Иә, өмірдің осындай-да ұмытылмас, әсерлі, жүректі жылытып, көңілді қуатты толқындай тербететін тосын сыйы да болады екен-ау. Әйтпесе, ағайындық тұрмақ, екеуміз байтақ еліміздің екі қиырынанбыз ғой. Сол ағалыққа қалай жарасам екен деп алаңдаумен жүрмін ғой мен. Өйткені өзіңдей жан-жақты білімді, періште көңіл, кіршіксіз таза, жүрегі аппақ қардай адал азаматқа, содан да мынау опасыз дүниедегі қым-қуыт, тіпті қатыгез де лас құбылыстарға Алла Тағаланың нәсіп еткен жаратылысыңның ымырасыз қарсылығынан туындайтын, ал айналаңдағы өзге көпшілікке, әдетте, көзсіз әрекеттей көрінетін қадамдарға сенің ғана бара алатыныңды іштей біліп сезінгендіктен де, саған аға болуға жараудың өзі қиын екендігін бек түсіндім.

Сондықтан жұмыс бабымен тағы бір қиын сапарға, саяси шиеленіс ушығып тұрған қауіпті аймаққа аттанғаныңда, өзің мен аяулы жарың Жадыраның, періштелерің - бес балаңның амандығын ғана тілеуден басқа амалым жоқ еді, өйткені қасыңда емеспін. Шақырдың, бара алмадым, реті келмеді. Қолымнан келгені айналамдағы адамдарға, әсіресе жастарға өзің туралы, бірақ көпшіліктікінен өзгеше ойларымды айту ғана болатын. Жеткізе алдым ба, білмеймін, бірақ қиын-ау, қиын-ау!

Кезінде Бауыржан Момышұлы дүниеден озғанда ұлы Ғабаң, Мүсіреповтың «Мынау стандартты өмірден, стандартты емес адам кетті» дегені тарихымызда таңбаланғаны болмаса, жалпақ дүниеде стандартты өмір жалғасын табуда. Сөйлесуге адам таппай, тіршіліктің кейде сұрқай тартатыны да сондықтан, сірә! Өзің айтушы едің, еліміз ұзақ ғасырлар бойы күткен тәуелсіздігін алып, дербес сыртқы саясатын жүргізуді бастағанда, егемен елдің алғашқы түлектері қатарында дипломатиялық қызметке кіріп, шетелге жіберілгенде айрықша бір жанып тұрған жігермен, құлшыныспен кірісіп, «жігіттер, ананы жасайық, мынаны бүйтейік, елімізге мынау пайдалы» деп алып-ұшып жүргенімде, соның бәрі су сепкендей басылып, жаншылып, «меня не раз в асфальт закатывали», - деп, бетің қайтқан, бірақ отың өшпеген шақтарыңа куәміз. Сен ойлаған аппақ арман мен кейбіреулердің күңгірт пиғылы, сен сыймайтын қалыпқа, әлдекімдердің баяғыда бала кезімізде біз илейтін былжыраған қара балшықтай бейімділігі дүркін-дүркін қайшы келіп отырғаны анық, әлбетте.

Орысша айтқан сөзіңнен мысал келтіргенімдей, шет тілін айтпағанда, екі тілге бірдей жүйріктігің қандай. Сен, таза алматылық бола тұра, өзге ақсүйектер балаларын «адам болмайды» деген сеніммен жетектеп апарып орыс мектептеріне тоғытып жатқанда, ал, зиялы атаулы 12-ші мектепті қолдан элиталыққа айналдырып, енді орын жетпей таласқанда, сол зиялы қауымның белгілі өкілі, қаламгер әкең өзіңді облыстардан, қарапайым еңбекші қойшы-малшылардың балалары, яғни ауылдың нағыз қара домалақтары оқитын мектеп-интернатқа бергенін, демек тамырдан ажырамасын деген ойын көрегендік демеске лаж жоқ. Өйткені бойыңдағы ұлтжандылық, тіл мен ділдің тазалығы, қазақтық шыңырау философияны меңгерген қасиет пен алматылық өркениеттің өзіндік белгілері бірін-бірі толықтырып, гармонияда қатар жүруі дәл сол, анау Арал жақтағы дана қарт атаң мен әкеңнің қос арналы тәрбиесінің қазыналы жемісі деп білеміз. Әйтпесе, ауылдан шыққан біздерден өздерін алыстау ұстап, кісікиіктеніп жүретін «таза» алматылықтан сенің мүлде өзгеше болуыңды басқаша ұғыну қиын болмақ.

Өкінішке орай, өмір жолыңда өзің айтқан «асфальтқа таптау» сенің басыңнан бір емес, бірнеше мәрте өтті, өйткені сол баяғыша қалыпқа сыймайсың. Бірақ, әрдайым иығыңдағы ақ қанатты періштелерің сақтап, ата-бабаңның адал рухы қорғап, шетелге бір сапары кезінде әуежайда қарсы алып тұрған өзіңді көріп: «А, Бабур, қалай, тыныш жүрсің бе?»,-деп, үлкен басшың бола тұра айрықша жылылықпен ағалық қамқорлығын білдірген Қасекеңдей ірі тұлға, қажылық сапарында өзіңді талай серік еткен сыйласың Қайрат сынды кеңпейіл, иманды азаматтардың жомарттық қолдауымен, әрі сан жылдар бойы сені біліп түсінген, тілектес, ниеттес ондаған, жүздеген қанаттас, әріптес азаматтардың адал ниетінің қолдауымен жарқұсындай қайта жаңғырып, жасап келесің.

Тағдырдың тартуын қараңызшы. Қызмет ерекшелігіне сай сен еліміздің сырттағы әртүрлі қолайсыз, қауіпті жағдайларға, кейде өздерінің жеке басының қателіктері салдарынан қиындыққа тап болған азаматтарымызға сан мәрте араша түстің, оған қазынадан қомақты қаржы шығындалып, адам күші жұмсалатыны түсінікті. Дәл сондай, тіпті иненің жасуындай болса да жылт еткен қамқорлық, қарлығаштың қанатымен су сепкендей титімдей қолдаудың нышаны қазір сенің өзіңе қаншалық демеу, қаншалық маңызды екендігін кәміл түсінеміз, сондықтан да осы хатты өзіңе жария түрде жазуды жөн көрдім.

Кезінде көршілес бір елде бас бостандықтарына қауіп төніп, елінен, отанынан, бала-шағасынан ажырай жаздаған жиырмадан астам қарапайым жүргізуші азаматты құтқару үшін қаншама күндер мен айларыңды, жүйке-жүйеңді сарп етіп, нәтижесі баянды болып, олардың ел шекарасына кірдік ау дегенде жата қалып вагонның еденін сүйгенін көрген, тағы бірде бір топ ана мен баланы ұлтаралық жанжал апатынан, еліміздің ондаған азаматтарын өзің қызмет етіп жатқан елдегі соғыс отынан аман алып шыққан, жақында ғана адасқан тағы бір жігітімізді өз басыңа қауіп төндіре отырып жұртына жетектеп алып келген ерлігің ешқашан ұмытылмауы лазым, төтенше жағдайлар жөніндегі бас мекеменің медалін алуың, оны қойшы, азаматтық ПАРЫЗЫҢды әрдайым адал атқарып Сен құтқарған, көмегің тиген сол азаматтардың ар жағындағы олардың ондаған, жүздеген бала-шағасы, жақын-жұрағаттары, демек қарпайым халқыңның ақ батасы мен адал ниеті өзіңді кез-келген пәле-жаладан, тіпті тозақ отынан аман алып шығарына біз кәміл сенеміз.

Бұл айтылғандардың өзі сен атқарған қыруар істің мыңнан бірі ғана екендігін аңғарамыз. Біздің қалыпты өмірге сыйа бермейтін сирек қасиеттерің туралы басыңа қиындық түскен дәл осы күндері айту, шырылдаған шындықты жеткізу – адам, азамат тұрғысынан, дос пен бауыр, бір шаңырақтың астында бір ауаны бірге жұтысқан әріптес ретіндегі барлығымыз үшін қасиетті ҚАРЫЗ екендігі хақ!

 

Барша тілектес қауым атынан 

Мұхтар Кәрібай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373