Ашаршылық қасіреті мен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күндерін жеке-жеке атап өтуге болмай ма?
Қайдар АЛДАЖҰМАНОВ, тарих ғылымының кандидаты:
– 1988 жылдың қараша айында КСРО-да алғаш рет марқұм академик Манаш Қозыбаев жетекшілік ететін біздің Тарих және этнология институты «Орталық Азия республикалары және Қазақстандағы ұжымдастыру: нәтижелері мен сипаты» деген тақырыпта конференция өткізіп, ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандары мәселесін көтерген болатын. 1991 жылдың 11 қарашасында Жоғарғы кеңес ашаршылық пен репрессияға байланысты тарихшылар, заңгерлер мен зиялылардан құралған арнайы комиссия құрды және сол комиссия көп жұмыс істеп, 300 бетке жуық материал дайындады. Ол ашаршылық пен репрессия қатар қарастырылып жүрді. Ал маман ретінде айтатын болсам, ашаршылық пен репрессия – халықтың басына түскен бір қасірет, біртұтас процесс. Бірге атау керек, я болмаса елеусіз қалған ашаршылық дегенді қоса атап өткен дұрыс деп ойлаймын.

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:
– Ұмытпасам, 1994 жылы Парламентіміз 31 мамыр күнін Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп заң қабылдауға тиіс болған. Өкінішке қарай, бұдан «ашаршылық» деген сөз алынып тасталып, Репрессия құрбандарын еске алу күні болып қалды. Сөйтіп, біз қырылған халқымыздың аруағына қиянат жасадық, жалтақтық қылдық. Осы тұрғыда өзіміздің халықтық, ұлттық болмысымызды көрсете алмадық. Қазақ жұрты – ХХ ғасырда 60 пайызын жоғалтқан халық. Әлемде бірде-бір халық ондай 60 пайызынан айырылған емес. Сондықтан бұл заңды қайта қарап, Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп атау керек. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді қазақ, ал біз қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтан және қасақана жасалған репрессиядан құрбан болғандардың аруағы алдында тазарған жоқпыз, олар разы болатындай бірде-бір ескерткіш, бірде-бір мемориал қойылған жоқ. Олардың бірін де тындырмай, келер ұрпақ алдында сүйекке таңба болатындай, тарих бедерінде қарабет болардай үлкен ұятқа қалып отырмыз. Ұлттық қасіретімізді, құрбан болған бабаларды еске алу шаралары мемлекеттік деңгейде аталып өткен жоқ, саяси бағасы берілмей келеді. Екі бөлек аза тұтсақ та, өз деңгейінде атап өту керек.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЙ, жазушы, тарих ғылымының кандидаты:
– 1992 жылы Жоғарғы кеңес ашаршылық күнін атап өтуді бекіткенімен, 1997 жылға дейін бұл қаралы күн бірде-бір рет ресми аталып өткен жоқ. Неге? Өйткені ол кезде «жоғарыдағылардан, орыстан қорқады» дегендей әңгімелер болды. Содан кейін 1998 жылы 31мамырды Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп атау туралы Жарлық шықты. Ал аштық қалтарыста қалып қойды. Бұл – үлкен қателік. «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы жыл сайын 31 мамырдың қарсаңындағы жұма күні оқу орындарында, мешіттерде еске алу шараларын жүргізсек деген үндеу қабылдады. Мысалы, еврей еліндегі қасіретті аза тұтатын «Яд ва-Шем», яғни «Жад және есім» мұражайы сияқты орын ашып, еске алуды дәстүрге айналдырсақ, оның зор тәрбиелік мәні болар еді және оған қосымша шежірешілердің көмегімен жер-жердегі репрессияға ұшырағандар туралы деректерді жинақтасақ, оларға ескерткіш орнатсақ, бабалар алдындағы парызымызды атқарғанымыз болар еді.
Сауалнаманы жүргізген Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ
«Алаш айнасы» 30 мамыр 2009 жыл