«ОВ» ПЕН «ОВА»-ДАН ОҢТАЙЛЫСЫ - ОСЫ
Ресми құжаттарда аты-жөнімізді жазудың әзірге дейін үш түрлі үлгісі бар. Олар:
- «Ов», «ова» үлгісі. Мысалы: Қайрат Мыңбайов, Айгүл Мыңбайова ...
- «Ұлы», «Қызы» үлгісі. Мысалы: Қайрат Мыңбайұлы, Айгүл Мыңбайқызы ...
- «Ілгері – кейін» үлгісі. Бұнда өз аты ілгері жазылады, әкесінің аты немесе фамилиясы кейін жазылады. Мысалы: Қайрат Мыңбай, Айгүл Мыңбай ...
Осылардың ішінде екінші үлгіні ары қарай зерделеп бағайық:
Кісі есімінің соңына «ұлы, қызы» деген сөздер жалғанған екен, онда бұл тіркес біріккен сөз болады. Біріккен сөздер, оқырманның есінде болса, тұлғалық жағынан ықшамдалып, уақыт өте келе қысқарып жасалады. Мысалы: «алып кел – әкел», «алып бар -- апар», «бұл күн -- бүгін», «бұ йыл -- быйыл», «бардұ мен -- бардым», «келдү мен – келдім» (Мұндай мысалдар өте көп, зерделі оқырман өзі-ақ аңғарып отырған болар, мақаланың көлемін ойластыра келе типтік мысалдар ғана келтірілді).
Осы дәстүрді қазақ аты-жөндерін жазуда да жалғастырса болады, яғни «ұлы» деген сөз «л» болып, «қызы» деген сөз «з» болып қысқарады да, алдыңғы сөзге бірігеді. Сонымен жоғарғы мысалда келтірілген адам аты-жөндері былай жазылмақ: Қайрат Мыңбайл, Айгүл Мыңбайз.
Кейде ұлы аталарының бірін фамилия ретінде қолданатындар да бар, яғни өз тегі. Бұл дәстүр қазақтарда өте ертеден бері бар, мысалы, «Арғынмын, оның ішінде *** мін, одан *** мын ...», «Жалайырмын, оның ішінде *** мін, одан *** мын ...», «Тамамын, оның ішінде *** мін, одан *** мын ...», осындағы «мын, мін» жалғауы әсілінде «мен» еді, енді фамилияға жалғанғанда ол «м» болып қысқарады. Мысалы, Қайрат Мыңбайұлы Бұтабеков, Айгүл Мыңбайқызы Бұтабекова, бұлар төмендегідей жазылады: Қайрат Мыңбайл Бұтабекм, Айгүл Мыңбайз Бұтабекм. Кейбір келіндер Күйеуінің фамилиясын қолданса, «келіні» деген сөз ықшамдалып «н» әріпі ғана алынады да «Айгүл Мыңбайз Бұтабекн» болып жазылады.
Қазақ тілінде екі дауысты дыбыс қатар келе беретін сөздер баршылық, мысалы: ұлт, төрт, серт т.с.с... Деседе жоғарыда мысалға алынған адам аттарын жазғанда осылай жазғанмен, айтқанда «Қайрат Мыңбайыл Бұтабекім, Айгүл Мыңбайыз Бұтабекім, Айгүл Мыңбайз Бұтабекін» деп айта беруге де болады, бұл жағы грамматикаға келіңкіремегенімен адамның аты-жөнін бейнелеуде, қайта өзіне тән артықшылығы болып шығады. Тегінде, грамматика тілдің ерекшелігін зерттейтін ғылым, оны ережеге айналдырып алып, тілдің өзіне тән бейімделгіштігін бұғаулап қойуға әсте болмайды.
Кісі аты-жөнін қалай жазу турасында ешқандай заңда шектеу қойылмаған, сол үшін жаңадан туған бөбектердің құжаттарын осы үлгіде жасата берсе болады. Меніңше «ов» пен «ова» - дан оңтайлы нұсқа - осы. Сіздер қалай ойлайсыздар?
Уәлихан Ғабиденұлы,
Abai.kz