КӨЛІК БАСҚАРУ ҚҰРЫЛЫМДАРЫНДАҒЫ БАССЫЗДЫҚ
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа
Арыз-Ұсыныс
«Ішкі істер министрлігінің көлiк саласындағы сыбайлас парақорлыққа жол беретін жүйесін жойып, Шымкенттің көлік тіркеу мекемесінің бастығы мен оның сыбайластырын, қорғаушыларын жауапқа тарту туралы»
Құрметті Нұрсұлттан Әбішұлы!
Мен күнделікті өмірі халықпен бірге өтіп жатқан пендемін. Және үнемі жұмысбастымын. Солай бола тұрса да Ішкі істер министрлігінің көлік басқару құрылымдарының күннен күнге асқынып бара жатқан әрекеті туралы Сізді хабардар етіп, жөнге салуды өтінбекпін. Бұл мәселені шындап мән берсе, үкімет мүшесі де шеше алады. Алайда, осы күнге дейін оған ынталы ешкім болмай тұр. Ал, ағымдағы жүйе халыққа қиындықты әдейі жасап, қинап, қалтасын қағуға арналған. Оны тек Сіз ғана жөнге сала аласыз.
Дамыған елдерде, мәселен, АҚШ-та көлік құралдарын тіркеу, мемлекеттік нөмір, жүргізуші куәліктерін беру жеңіл, тез жүргізіледі. Ғимараттарда үлкен қызмет көрсету залы, келушілердің бірнеше жүз көлігі сиярлық тұрағы бар. Залдағы жұрттың қажетін бірнеше бөлімше ғана өтейді. Қызметкерлер біздегідей халықтан тығылмай, ашық отырады, олар:
Анықтама жөн сілтеу бөлімшесі. Мұнда келушілердің қажетіне байланысты құжаттарын түгелдеп, бәрі дұрыс болса келесі бөлімшеге баратын кезек нөмірін береді, немесе қосымша қандай құжат керек екендігін айтып, басқа да кеңес беріп, жөн сілтейді;
Салығын алып, көлікті тіркеп, мемлекеттік нөмір беру бөлімшесі. Бұл жерде жеке үстелдерінің қасында ондаған қызметкерлер отырады. Кезегіңіз келгенде нөміріңіз жанған үстелге барып, құжаттарыңызды бересіз. Қызметкер оларды қабылдап алып, барлық салық, төлемнің ақшасын алып, мемлекеттік тіркеу нөмірлерін алдыңызға жайып, қалағаныңызды алуыңызға мүмкіндік жасайды. Сосын, көлігіңізді тіркеп, мемлекеттік нөмір береді. Егер көлікті заңды тұлғадан алған болсаңыз тексермейді. Ал жеке адамдардан алсаңыз көліктің VIN нөмірін алдын-ала сол жердің өзінде басқа қызметкер тексереді. Cөйтіп, бір сағаттың ішінде ешбір қиындықсыз көлігіңізді тіркеп, жұмысыңызды бітіресіз.
Теория және жүргізу емтиханын қабылдап, жүргізуші куәлігін беру бөлімшесі. Кезегіңіз келгенде компьютерге отырып, шамамен, елу сұрақтың қырық төртіне дұрыс жауап берсеңіз, онда теорияны тапсырған боласыз, одан кейін бөлімше қызметкерімен көлікті көшеде жол ережесін бұзбай жүргізсеңіз, бұл сыннан да өтіп, сол жерде суретке түсіп, жүргізуші куәлігін әп-сәтте аласыз.
АҚШ-та жүргізуші куәлігі ішкі төлқұжаттың да рөлін атақарады. Жол ережесі қиын емес, бәрі қисынды, көбін оқымай-ақ дұрыс түсінуге болады. Өз басым осы мекеменің сайтында көрсетілген жол жүру ережесін 2-3 күнде үйреніп, сол сайтта жаттығу емтиханын бірнеше рет тапсырып, соңынан мекемеге барып, бәрін жарты күнде бітіріп, 25$ төлеп жүргізуші куәлігін алдым.
Егер бірінші күні сынақ тапсыра алмасаңыз, өткенге дейін күн сайын қайта тапсыра берсеңіз болады. Бәрі тегін. Жеңіл көлік жүргізушісінің куәлігін алу үшін біздегідей арнайы курста оқымай-ақ, өзіңіз дайындалсаңыз болады. Біздегі міндетті курстар парақорлықтың, халықтың қалтасын қағудың бір әдісі. Ал, кәсіби жүргізушілерге талап басқа.
Бұл құрылымның бүткіл жұмысын погондылар емес, жай қызметкерлер атқарады, полицей дегеніңіз атымен жоқ.
Астанамыздың көлік тіркеу орталығы шамалы дұрыс ұйымдастырылғанымен, ол да адамдарды сандалтатын әдеттен арыла қоймапты. Техникалық төлқұжат, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісіне және салық төлеу үшін сол залдың өзіндегі «Нұрбанк» пен «Халық банкінің» бөлімшелеріне бірнеше сағат кезек күтесіз. Мұнда бірін-бірі итермелеген кезек күтушілер кімді болса да титықтатып жібереді. Осылай бола тұрса да орталықты сіздің нұсқауыңыз бойынша ұйымдастырылған деп жазып қойыпты!
Ал, аймақтардағы жағдайдан түңіліп кетесіз. Мысалы, Шымкент қаласының орталық көлік тіркеу мекемесі кеңес дәуірінің жетпісінші жылдарынан қалған тар ғимаратта орналасқан. Көлікті тіркеуші, жүргізуші куәлігін беретін погондылар қабырғаның ар жағында көрінбей жасырынып отырады, келушілермен тек көз тесік арқылы байланысады. Келушілер көп болғандықтан бірін-бірін итермелеп құжаттарды өткізе алмай, дайын нөмірді ала алмай қаламын ба деп жан алысып, жан берісіп жатқаны. Бірақ, сол төңіректе, залдың өзінде бәрін он неше мың теңгеге қиналамай бітіріп беретін ондаған делдал қызметін ұсынып жүр. Оларға ақша берсеңіз, басқалар кіруі мүмкін емес погондылар отырған кабинетке «лып» етіп кіреді де кетеді. Сөйтіп, басқалар сияқты сағаттап тұрып, жүйкеңіз тозып, бірнеше күн сандалмай ісіңізді бітіре аласыз. Мекеме тұрағының тарлығынан көлігіңізді қайда қоярыңызды білмей, тағы қиналасыз.
Бұл мекеменің жұмысын полковник, подполковник, майор, капитандар, тағы с.с. атқарды екен. Жақында мекеме бастығы А.Жаппаров деген полковниктің қылмыскер тобы бір азаматтың автокөлігін өз беттерімен басқа біреудің меншігіне тіркеп беріп жіберіпті. Бұл қылмыс анықталған соң әлгі бастықтың орынбасары подполковник М.Балтабаев пен облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары полковник Н.Исақов көлікті заңды иесіне қайтармақ болды. Алайда, олардан жоғары тұрған бастықтар қылмыскер полковникке іс қозғамады, көлікті иесіне де қайтармай жүр. Республика, облыс прокуратурасы да дауға араласпай, қашып отыр. Мақсаттары айғақ құжаттарды уақыт өткен сайын көмескілендіріп, полковник пен оның ұйымдасқан қылмыстық тобын сақтап қалу болса керек. Ал, полковник А.Жаппаров неге, кімге сеніп ашықтан-ашық қылмысқа барып отыр?
Сол Шымкентте қарбалас уақытта көліктердің көше қиылыстарында тығындалып, әрең жүріп жататыны ондаған жылдардан бергі қалыпты көрініс. Жол полициясы келіп, реттегенін көрмейсіз. Оның есесіне олар жылдамдық өлшегіш, эвакуатормен жұмыс істеп, айыппұл тұрағына көлікті тоғытуға, жарығың жанбапты, белдігің жоқ деп жабысуға әуес. Неге бұлай екені жұртқа мәлім – ебін тауып халықтың қалтасын қағу.
Қалада көлік тұрақтары жоқтың қасы, тротуарларға шейін сауда орындары салынып кеткен. Жүргізушілер амал жоқ тәртіп бұзуға мәжбүр. Ал аталған АҚШ-тың тұман жиі түсетін штаттарының кейбірінен басқаларында күндіз жарық жағуға мәжбүрлемейді.
Еліміздің Жамбыл, Қызылорда облыстарының облыс аралық жолдарында полиция жүргізушілерді қитұрқы әдістермен қинап жібереді. Мысалы, жылдамдықты 40-тан асырма деген жол белгілері көктайғақ кезіне арналған болса да, жол құрғақ кезде де жылдамдығың асып кетті деп айыптайды және бұл белгілер мамырдың соңына дейін тұрады. Қызылжар қаласының полицейлері де осылай сынықтан сылтау іздеп, зорлық көрсетеді.
Көліктерге қоялатын видеотіркегіштер тәртіп бұзушылықты дәделдейтін маңызды құрал. Алайда биылдан бастап күшіне енген заңда көлікті қауіпсіз жүргізуге кедергі деген сылтаумен полицейлер оны қолданудан алғызып тастады. Шындығына келсек, мұндай қағиданы Ішкі істер министрлігі полицейлеріміздің қылықтары жазылып қалмасын деп ендірген болса керек. Жол қағидасына жүйрік емес әкімшілік полицейлеріне жол полициясының құқығын беру де олар тарапынан жүргізушілерге орынсыз талап қоюға алып келуде.
Құрметті Нұрсұлттан Әбішұлы!
Қазақстанда жол-көлік саласына байланысты жұмысты жоғарыда баяндалған АҚШ-тағыдай ұйымдастыру керек екенін 1998 жылы ұсынғым келді. Көш жүре түзелер деп шыдап келдік. Шет елге барғыш биліктегілер аталған тәжірибені көріп, елімізде өздері-ақ жүзеге асырар деп ойладым. Бірақ, уақыт өткен сайын бұл саланың ауруы асқынып, төзбес дәрежеге жетті. Осының бәрі сала басшыларының немқұрайдылығынан, жұмысын пара көзіне айналдырып алғанынан туындап отыр. Бұдан құтылуы үшін жүйені өзгертіп, сынықтан сылтау іздейтін заң, ережерлерді жою керек. Атап айтқанда:
Бірінші, көлікті тіркеп, мемлекеттік нөмір, жүргізуші куәліктерін беруді АҚШ-тағыдай ұйымдастыру қажет. Оның ішінде жеңіл көлік жүргізу куәлігін арнайы оқу орындарында оқымай-ақ, тікелей емтихан тапсыру арқылы алатын етіп жасау.
Мұның бәрін орындайтын мекеме жергілікті маслихаттың қарамағында болып, азамат-қызметкерлерден (гражданские служащие) тұруы тиіс. Бұл халыққа да, мемлекетке де тиімді. Сөйтіп, бұл бағытта погондылардан құтылып, үнемделген қаржы зәрулікке жұмасалады. Ал, әрбір азамат-қызметкер орындаған жұмысы үшін өзі жауапты болады. Жоғарыда аталған Шымкенттегі сияқты полковник те, оның облыстағы, Астанадағы сыбайлас қорғаушылары да болмайды;
Екінші, көшелер мен жолдардағы тәртіпті әр ауданның арнайы жергілікті көлік полиция бөлімі қадағалап, бұл жөнінде тек жергілікті мәслихатқа бағынуы тиіс. Және оларды мәслихатта үш депутаттан, алты ай сайын ротацияланып тұратын топ басқаруы тиіс. Ал жол жүру ережесін жасаумен көлік министрлігі – департаменті айналысса болады.
Осылайша еліміздің ең бір парақор саласының тізбегін үзіп, тәртіпке салуға жол ашылады.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының орталық көлік тіркеу бөліміндегі полковник А.Жаппаров бастаған қылмыстық топтың қылмысын ресімдеп, тез арада заңға сәйкес шара қолдандыруыңызды өтінемін. Бұл жөнінде Әкімдігіңіздің құқық қорғау жүйесі бөлімінің бастығы Е.Кененбаев мырзаның атына «Об обеспечении беспристрастного следствия по преступным деяниям ОПГ в МРЭО ДВД ЮКО» деген арыз 4.03.2015 ж. берілген. Алайда, бұл 1-2 күнде ресми түрде дәлелдеуге болатын қылмыс бүгінге дейін ашылмады. Қазақстанда өзіңізден басқа бұл қылмысты ешкімнің әшкерелегісі келмейді.
Құрметті Нұрсұлттан Әбішұлы!
Еліміздің болашағы үшін бар өмірімді сарып етіп, отандастарымның бүгіні мен ертеңі жайлы, баянды болсын деп жүргенімді білесіз. Сондықтан, бұл арыз-ұсынысты жасап отырмын. Өйткені, погонды қылмыскерлер әбден шектен щығып болды.
Академик Е.Сұлтанмұрат
Abai.kz