Сенбі, 23 Қараша 2024
Елім-ай 6527 0 пікір 25 Сәуір, 2015 сағат 10:05

АУЫТ МҰҚИБЕКТІҢ КҮНДЕЛІГІ

Мәжіліс пен Сенатта көз ілеспес жылдамдықпен қабылдана салатын көп заң жобаларының қатарында көптен суырмада қалып, «көгеріп, иістене» бастаған бір заң жобасы бар. Ол – халықтың көші-қонына қатысты заң жобасы. Аталған заң жобасының Парламентке жолданғанына жыл жарымдай уақыт болды. Баспасөзде барынша талқыланып, айтылып, жазылып та жатқан жанды тақырып – осы: көші-қон жайы. Ал, көші-қон тақырыбының бірден-бір білгірі – Ауыт Мұқибек мырза. Ауыттың ұлт тұтастығын ұран етіп жазған мақалалары Abai.kz ақпараттық порталында тұрақты жарияланып келеді. Соңғы кездері Әукең сөзден іске көшкен. Ол осы күндері құзырлы мекемелердің емен есігін қағып, ақ жағалы ұлықтармен жүздесіп жүр. Көші-қонның көлденеңдеп тұрған мәселесін жанұшыра түсіндіріп жүр. Бір кем дүние. Соноу қараңғы түнек заманда алаш ардагерлері қазақ, қырғыз, татар, башқұрт сияқты қарындас жұрттың халін Дума депуттарына білдіріп, патша үкіметінің назарына ұсынып, шырылдап еді. Ал, бүгін қазақ баласы қазақ билігіне қайтсе қазақ көші іркілмей жол табады дегенді ұқтыра алмай дал. Алайда, қазақ көші әзірге тоқырап қалғанымен мәңгі тоқтап қалмас, жолын табар, жөнге түсер. Сол үшін ұлт қамын ойлаған азаматтар министрлердің миына, депутаттардың діліне жеткенше, мәселені күн тәртібінен түсірмеуі керек. Ауыт мырзаның қазіргі әрекеті бізге осыны меңзейді.

... деп келіп төменде Ауыт Мұқибектің әлеуметтік желілерде үзбей жазып отырған кездесулері мен сұхббатарын жарияладық.      

Мәжілісте талқыланып жатқан Халықтың көші-қоны заңына байланысты кеше Алдан Смайыл, Гүлнар Сейтмағамбетова, Бақытбек Смағұл, Алмас Тұртаев қатарлы Халық қалаулыларымен сұхбаттасып шықтым. Құдайға тәубе, жұмыс тобының бұл заңға деген ынтасы, пейілі жақсы. Кемелді етіп жасауға, толықтыруға барын салып-ақ жатыр. Дегенмен, аты шулы ЕКІ АНЫҚТАМА "бас ауыру" болып тұр. Соған қажетті ұсыныстарымды жазбаша түрде бердім. Жұмыс тобының келесі (бесінші) отырысында, Алла қаласа, Алдан аға бұл ұсынысты ортаға қояды.

Мәжілістегі ең жас, әрі білімді, сергек депутат Алмас Тұртаевпен бірге.

Қолданыстағы Халықтың көші-қоны туралы заңының 49-бабында Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты беруден бас тарту не оның күшін жою үшін негiздер қарастырылған.
Бұл ЕКІ АНЫҚТАМА осы баптың «2) сотталғанға дейiн тұрақты тұрғылықты жерi Қазақстан Республикасынан тыс болған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған;» және «9) ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандығы болған;» деген екі тармағын негізге ала отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 ақпандағы №111 қаулысымен бекітілген.

Қандастарымыз соның кесірінен тұрақты тіркеуге тұра алмай сергелдеңге түсуде.

Ал, ҚХР үкіметі өз Көші-қон заңына сәйкес мұндай "... соттылығы болған" азаматтарды шетелге шығармайды. Олардың жазасы - ӨЛІМ не ӨМІР БОЙЫ БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУ! Сол үшін ана ЕКІ АНЫҚТАМАНЫ бермейді.

Естеріңізде болса, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев бір кезде "Шеттегі бауырларымыздың табанына кірген шөңге біздің жан-жүрегімізді де сыздатуы керек!" деген болатын. Бірақ бұл "шөңге" ІІМ-нің жан-жүрегін шымырлататын емес!

Қалайда бір амалын қарастыру керек қой!

14.04.2015

Астана

 ***

Кеше ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ақмади Әділұлы Сарбасовтың қабылдауында болдым (суретте).

Ақмади Әділұлы ұсыныстарымды бірден түсінді және қарсы емес екенін айтты. 

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Мәжілісте қаралып жатқан Заң жобасы туралы ұсыныстарымды айттым.

Атап айтар болсам, аты шулы ЕКІ АНЫҚТАМАДАН құтылу үшін талқыға түсіп жатқан «Халықтың көші-қоны туралы» (Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңы) Заңының 49-бабының 2)- және 9)-тармақтарына озгертулер мен толықтырулар енгізу керектігін өтіндім.

Аталмыш Заңның 2)- тармағы бойынша көшіп келуші «сотталғанға дейiн тұрақты тұрғылықты жерi Қазақстан Республикасынан тыс болған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған;» болса, оны ҚР-да Тұрақты тіркеуге тұрғызуға болмайды.

Демек, осы тармақты басы бүтін алып тастау керек! Адамдар тіпті абайсызда да қылмыс жасап, сотталып, жазасын өтеп шығуы мүмкін ғой. Оны неге Тұрақты тіркеуге тұрғызбасқа, оған неге азаматтық бермеске?!

Екінші өтініш, 9)-тармақ туралы. Көшіп келушілерді ҚР-да Тұрақты тіркеуге тұрғызбауға негіз болатын тағы бір себеп, осы тармақтағы «ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандығы болған;» деген шарт.
Көшіп келушілер осы «соттылығының» бар-жоғын дәлелдеу үшін өзі келген елінен анықтама әкелуі керек! Қытай бұл анықтаманы бермейді. Өйткені, ол елде қылмысқа қатысты, т.б. жеті түрлі адамға ТӨЛҚҰЖАТ бермейді. Арнайы Заң бар.

Сондықтан, мұны анықтауды осы талқыланып жатқан Заңның 9-бабында көрсетілген "Ішкі істер органдарының құзыретіне" беру керек. Қажет болған жағдайда, өздері сұрау салып анықтасын. Келушілерден талап етпесін.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ақмади Әділұлы бұл ұсыныстарды бірден түсінді және қарсы емес екенін айтты. Мамыр айында қатысты органдардың жауаптылары мен мамандарын шақырып, жиналыс өткізетін болды.

Егер осы мәселе дұрыс шешілмесе, онда мына жаңа Заң жобасының құны көк тиын болмақ!!!

21.04.2015
Астана

                                                        ***

Мәжілісте қаралып жатқан «Халықтың көші-қоны туралы» Заң жобасына байланысты, бүгін ҚР ІІМ Көші-қон департаментінің төрағасы Серік Сайыновтың қабылдауында болып, аты шулы ЕКІ АНЫҚТАМАДАН қалай құтылу жағын ақылдастым (суретте).

Серік Сайынұлы қолданыстағы қатаң заңның кесірінен тұрақты тіркеуге тұра алмай отырған қанша қандасымыз бар екенін анықтайтын болды. 

Серік Сайынұлы мен оның орынбасары Ғалияға Қытайдың Төлқұжат беру тәртібін алға тарта отырып, Еліміздің Көші-қон заңындағы 49-бабына (жүйеден 2)- және 9)-тармақтарына) өзгертулер мен толықтырулар енгізу керектігін өтіндім.

Серік Сайынов мырза бәрін түсініп, біліп отырғанын, тек Көші-қон департаментінің бұл өзгерісті өзі билеп-төстеп жасауға дәрменсіз екенін айтып ақталды.

«Өзге құзырлы органдар қолдап жатса, қарсы емессіз бе?!» деген сұрағыма, екі алақанын жайып, үнсіз «жауап» берді.

Әрине, бұл жағын біз де түсінеміз. Заңға түбегейлі өзгеріс енгізу жалғыз Көші-қон департаментінің қолында емес!

Дегенмен, ЕКІ АНЫҚТАМАНЫҢ тіке кесірінен тұрақты тіркеуге тұра алмай, екі ортада қаңғырып қалған неше мыңдаған қандастарымыздың тағдырына бей-жай қарау, себеп-салдарын біле тұрып, Заң жобасын өзгертуге ұсыныс айтпау, мәселені шешуге құлшыныс танытпау да жақсы қылық емес!

Жөн сұраса келгенде, Серік Сайынұлы өзінің Албан атаның баласы екенін айтты. Менің Мақсат Ілиясұлы, Жанарбек Әшімжан, Алмас Исәділ бауырларымның туысқаны болып шықты. Содан кейін мен: «Осы келгендердің, тұрақты тіркеуге тұра алмай жүргендердің көбі – албандар мен қызайлар. Бірі туысқаныңыз, бір жиеніңіз. Мәселесін шешпесеңіз, бәрін жиып, пойызбен астанаға – тіке Сізге алып келем!» деп қалжыңдадым.

Сонымен, мамыр айында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ақмади Сарбасов ашатын жиналысқа қатысатын болып келісті. Бұл мәселені сол кезде ортақ талқылайтын болып қол алыстық.

Біздің мақсат – Заңға қалауымызша өзгеріс енгізу емес, Еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына негіз болатын, Елбасы тапсырмасына сай, алыстан келетін ағайындарымызды тез құжаттандыратын құжаттың қабылдануына септігімізді тигізу ғана.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Шеттегі бауырларымыз­дың табаны­на кірген шөңге біздің жан-жүрегімізді де сыздатуы керек!» деген сөзін көлемі (кеглі) 26-әріппен үлкейтіп апарғам. Кетерімде департамент басшысына соны ұсындым әрі кабинетінің қабырғасына іліп қоюын өтіндім.

Айтпақшы, қолданыстағы қатаң заңның кесірінен тұрақты тіркеуге тұра алмай отырған қанша қандасымыз бар екенін анықтайтын болды. Сонымен бірге, оларды жаңа Заң қабылданғанша, жергілікті Көші-қон полициясына мазалатпауға келісті.

22.04.2015

Астана

***

Бүгін Қайрат Бодаухан екеуміз Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың қабылдауында болдық (суретте). Тамара Босымбекқызына жолығуға жол сілтеп, көмек қолын созған қазақтың аяулы азаматы Сабыр аға Қасымов.

Қытай өкіметінің Төлқұжат беру тәртібі туралы сөзімді ықыласпен тыңдаған министр ханым бірден: «Түсіндім, болды!» - деді. 

Кездесуде Қ.Бодаухан мырза Астана маңынан «Асар» қоғамдық ұйымы салып жатқан тұрғынүйлердің жер телімдеріне қатысты Астана әкімдігімен арадағы түсініспеушіліктер туралы әңгімелесті. Ал, мен баяғы Көші-қон, оның Мәжілісте талқыланып жатқан Заң жобасы, аты шулы екі анықтаманы күшінен қалдыру туралы, Төлқұжат беру тәртібіне сілтеме жасай отырып, өз ойларымды жеткіздім. Соған байланысты жазып апарған ұсыныс хатымды тапсырдым.

Көші-қон заңындағы 49-бабтың 2)-тармағынан бір жола алып тастау, ал 9)-тармақта көрсетілген «ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандығы болған;»-ын анықтауды "Ішкі істер органдарының құзыретіне" беру керектігін барынша дәлелдеп бақтым. Бүйтпеген жағдайда, бұл Заң жобасының да құны болмайтынын кесіп айттым.

Мысалы, 49-бабтың 2)-тармағында көрсетілгендей, «сотталғанға дейiн тұрақты тұрғылықты жерi Қазақстан Республикасынан тыс болған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған;» болса, ол адам мұнда тұрақты тіркеуге алынбайды. Тұрақты тіркеуге тұрмаса, ҚР азаматтығын ала алмайды.

Сіз ойлаңызшы, ол адам өз елінде жүргенде түрлі себеппен сотталған болуы мүмкін: мысалы, қасақана адам өлтірді дейік, Қытайда ондайлардың жазасы – өлім не өмірлік қамақ! Оған шетелге шығу – мәңгі жоқ!
Абайсызда – машинасы тайып, кісі қағып кетсін. Күнәсі дәлелденіп, бес жыл отырып шықсын. А, оны неге тұрақты тіркеуге алмасқа, азаматтық бермеске??! Жазатайым іс қой!

Мүмкін, өзінің намысын қорғап, біреуді тілдегені, тіпті, ұрғаны үшін кесіліп кетіп, жазасын өтеп шықсын. Оны да жолатпауымыз керек пе?!! Демек, бұл ТАРМАҚ әу баста сауатсыз қосылған не әдейі жасалған!!!
Ал, 49-бабтың 9)-тармағында «ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандығы болған;» деген жолдар бар. Бұл тармақ адамзатқа апат әкелетін, мемлекеттің тыныштығын шайқалтатын қылмыскерлерге қаратылса керек! Дұрыс!!! Бірақ, мұндай адамдар шетелде сотталмай, бостандықта тайраңдап жүреді дегенге кім сенеді. Мысалы, Сарнаевтарды немесе өзіміздің Қажығұмар Шабданұлын еске алыңыз. Бұл кісілер тұрған елдері үшін, әрине, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағандар есептеледі. Қазір олар қайда?! Алдыңғысы АҚШ түрмесінде отыр. Соңғысы туған жеріне жете алмай көз жұмды. Бүкіл Алаш жұрты болып, Қытайдан сұрап ала алмадық қой...

Ең қызығы, 49-баптағы «Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты беруден бас тарту не оның күшін жою үшін негiздер» осы екі тармақпен бітпейді, бақандай және 13 тармақ бар! Жиыны 15 тармақ! Шынын айтсам, қылмыскер тұрмақ, ұшқан шыбын кіре алмайтындай берік!

Сондықтан, бұл ТАРМАҚТЫ алып тастамаған күнде, қажет болған жағдайда анықтауды Құзырлы орындар өз міндетіне алып, сұрау салу арқылы тексерсе болады. Сонда, оралмандардан аты ШУЛЫ ЕКІ АНЫҚТАМА, тағы бірдеңесін кіргізіп жібермесе, талап етілмейтін болады.
Бекер обалы не, министр Тамара Босымбекқызы бұл уәждерді ықыласпен тыңдап, бірден «ТҮСІНДІМ, БОЛДЫ!» деді. Біздің де көздеген мақсат осы – ТҮСІНДІРУ болатын.

Нақ майданда орынбасары мен комитеттің жауаптысына тапсырма берді. Заң жобасын өз бақылауында ұстап, қадағалайтын болды.
Сонымен бірге, бұл күндері үй-жайын сатып, біржола келіп алып, тұрақты тіркеуге тұра алмай отырған отбасылардың да жағдайын есіне салып үлгірдім!

Бұл жолғы Заң жобасының авторы – осы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өзі! «ТҮСІНДІК!» деді ғой, жаман бола қоймас!!!

24.04.2015

Астана

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373