ҚҰЛ-КЕРІМ ЕЛЕМЕС. СӨЗДЕГІ СӨЗ
(1)
Бисмилләһир Рахманир Рахим
Қалам ұстап, әр тұста жазған нәрселеріңді өмірдің бір жеріне келгенде қайта қарап, оның қазіргі танымыңмен немесе Хақ тағаланың хақиқатымен үйлесімсіз екенін білгеннен, оны «жарамсыз» деп тастаудан артық ауыр нәрсе болмайды екен. Ал, оны тастамасаң ол сені жаһаннам отына лақтырылуыңа өзің тарабыңнан себепкердің өзі болып шықпақ. Немесе ол онда өзіңді күйдіретін өзіңе өзің дайындаған отын болмақ. Қиын, ә?!. Ендеше, ей, өрім жас! Сен бір нәрсе жазатын дарын иесі болсаң, осы бастан хақпен жаз. Ал, хақпен жазбасаң, тынышы, жазбай-ақ қой!
* * *
Қорқу – адамның адамдығының анық өзі!
* * *
Адамды ашатын ілім! Хақ тағала ілімі.
* * *
Екі әлемде бағым мен бағам жансын десең, деміңді Хақ тағала ілімімен ал!
* * *
Надандардың ортасында шындық рәсім, рәсім шындық ретінде қаралады. Мысалы, біздегі оның көрінісі дін ісі рәсім де, қалғанының бәрі шын.
* * *
Шынның бәрі ақысыз. Жалғанның бәрі ақылы. Неге? Себебі, бізде билік шындыққа ұшқар, жалғанға құштар пенделердің қолында.
* * *
Анығында адам баласының жаратылысы тұтас өнеге. Сондықтан оның тұтас өмірі өнегелі болуға тиіс.
* * *
Пайғамбарымыз саллаллаһу ғаләйһи уә сәллам бізге – адам баласына діннің ең дамытылған, кемел жерінен үйретіп, үлгілеп кетті. Одан кейінгі бұра тартудың бәрі дін емес, ағымдар екені сондықтан.
* * *
Иман бар жерде пендешілік жоқ. Егер адамда иман бола тұра пендешілігі болса, ондағы иманның әлсіз немесе ол жәйлі білімінің жоқ екенінен. Демек, иманды күшейтетін құлшылық, қорғайтын білім.
* * *
Әйел ердің, ер әйелдің жартысы. Екеуінен отбасы құралмағы содан!
* * *
Абайдың анығы әдебиетінде емес, бәлкім, әдебиетіндегі мені болып табылатын илаһи танымында.
* * *
Өзен өз ағысында (жер бетінде) түзулікті сақтау үшін түзу ақпайды.
* * *
Өлімді есінен шығармаған адам ғана өмірінің мәнін толық сезініп өмірлемек.
* * *
Мемлекет ұлттан құралып, саясаткерлердің басқаруында өмірлейді.
* * *
Мейірім мен шындық Хақ тағаланың хақ діні арқылы келмек! Демек, адамда иман болмай онда мейірім мен шындық болмайды.
* * *
Өмірдің өткінші екені рас! Бірақ ол келесі мәңгі өмірдің мәңгілік кепілі! Соны ойлағанда бұл өмір тым қысқа да емес.
* * *
Көпірте айтылып, жазылып, істеліп жатқан сансыз өтірікке, онымен сүріліп жатқан жалған өмірге сенетіндер, оның қарсысындағы айтылып, жазылып жатқан хақ шындыққа бір рет те сеніп, бір рет те назар салмайтыны қасірет әрине.
* * *
Тура түсіну – тура ақиқатқа, Хақ тағалаға бастайды!
* * *
Негізі нағыз керек һәм өзін керексіндіре алатын өлең танымы мен айтары болуы керек өлең. Құры суретті пейзажға алданудың еш реті жоқ. Ол Абай айтатын «бөтен (һәм бос) сөз» ғана.
* * *
Ақындық деген илаһи ақиқатты толық танымайтын кезде – қиял қуды қаңғу. Ал, илаһи ақиқатты толық танығаннан кейін ол қиял емес, хақ. Анығында Хақ хақиқатты танымай тұрып жәй қиялды жазу ақынды ақын етпейді. Рас, қазір біз осы қиял қууды ақындық, қиял жеткізген жалған сөз үйіндісін өлең деп жүрміз. Тым ащы да болса біздегі ақындық жәйлі шындық осы...
Негізінде ақындықта қиялдау жоққа шығарылмайды. Бірақ іс жүзінде ол тек хақ өлең жазуға көмектесетін ақындағы ішкі әсер күш қана. Көп өлеңші, міне, осы шынды білмейді...
* * *
Нағыз имани әдебиет – ақиқаттың сәулесі.
* * *
Кінәні көбінде әр адам өзі ойымен, сөзімен, ісімен жеке жүріп істейді. Ал көппен болса Хақ тағалаға қарсылықта адасушыларға еріп істейді.
* * *
Наданның білмейтіні дін. Сондықтан қарсы тұратыны да дін. Ол сондықтан да надан.
* * *
Жаратылыстың жауһары адам. Сондықтан оның мәні де адам. Ал адамның мәні – дінінде.
* * *
Нәпсіні көз бұзады.
* * *
Құлдықсыз өмір тұл!
* * *
Адам өзінде бар рухани жарықтың мөлшерінде ғана өзгені көреді. Яғни, рухани жарығы жоқтар тек өзі сияқты рухани жарығы жоқтарды көреді. Ол әсте рухани жарығы барларды көре алмайды. Демек, адамның шынайы адамдығы оның рухани жарығынан көрініс таппақ, сипатталмақ. Ал, енді, адамға рухани жарық қайдан келмекке келсек, ол сөзсіз Хақ тағаласын тура танумен, Оған шүбәсіз нанумен келмек.
* * *
Бұ дүниенің бар қызығын күнде өмір етіп сүріп, көріп келеміз. Демек, бұ дүниенің қызығы әне сол ғана. Сол үшін қолда бар өмірді жіберіп алмауымыз лазым. Білсек бізді әуеліміз бен ақырымыздың арасындағы өмір желісіне дүниенің Хақ тағалаға құлдығы ғана байлап тұр. Білмесек біттік...
* * *
Қайырлы сұхбат иманды күшейтіп, ілімді арттырады!
* * *
Құл – адамның Жаратушысы құзырындағы мені, орыны, дәрежесі, сипаты. Бар болуының негізі. Демек, адам үшін өзін Хақ тағалаға құл сезінуден, танудан, құлдықтан үлкен мәртебе жоқ.
* * *
Алла-Тағаласын танымай адам әсте шын арлы әрі өз сипатында бола алмайды.
* * *
Адамның сұлу емесі жоқ. Өйткені, Алла-Тағала қасиетті Құран Кәрімде адамды ең көркем бейнеде жаратқанын айтқан. Сондықтан әркімнің тағдырындағы адамы (әйелге ері, ерге әйелі) ең сұлу.
* * *
Хақ сөзге ден қою кем бұл қазақта!
* * *
Адам қаншалықты надан болған сайын Құдайымен алысады. Ал, адам қаншалықты парасатты болған сайын өзінің құлдығын сезініп, Құдайына жақындайды. Өзіндегі шындығын табады. Хақпен қауышады.
* * *
Арманнан сенім жақсы. Арманмен таң атырғанша, сеніммен күн батырған анық адамның анық ісі болмақ. Демек, арман өтіріктің өзі. Сондықтан адам арманнан арылса өз расын таппақ. Кез келген нәрсені бос армандағанан гөрі алдын ала жоспарлап істеу – жеке адамды да, қоғамды да дамытатын игі тәсіл. Көбіміз мұрат (немесе ниет) пен талапты арманмен шатастырып алып жүрміз. Мен арманнан еш үмітсізбін. Қайта арманға қарағанда үміттен шексіз үміттімін.
* * *
Өмірде адам үшін Намаздан (құлдықтан) басқа еш құнды, ұлы нәрсе жоқ. Олсыз өмірдің өзі тұл!
* * *
Өкініштің үлкені – адамның өзін-өзі ұмытуы. Ол өзін-өзі ұмытпаса Жаратушысын да ұмытпас еді!..
* * *
Бір ұлттың жойылу-жойылмауы Алла-Тағаланың қолында. Ол жойса, оны құтқарып қалу жоқ. Ол жоймаса, оны жою жоқ! Оның тура жолында хаққа талпыныс басқа нәрсе, әрине!
* * *
Бірлік сөзсіз Хақ тағаланың Бірлік дінінде. Олсыз бірлік жоқ!
* * *
Адамға Алла-Тағалаға сенімсіз, Оған тауекел ете сүйенусіз еш нәрседе жеңісті болу жоқ!
* * *
Надан жұрттың бір белгісі – жағдайы жақсарса Құдайын ұмытып кетеді. Ал жағдайы сәл нашарласа үкіметін кінәлап шығады.
* * *
Дүниенің құлы болма, Құдайдың құлы бол. Құдайдың құлы болсаң қазақтың да ұлы боласың!
* * *
Бір күннің өткені адамның жалғанды тастап мәңгілікке бір табан жақындағаны. Бірақ онда біреуді сордың, ал біреуді бақыттың мәңгілігі күтіп тұр. Ал сен ол күніңнің дүние қызығына күлумен өткеніне қуанба, Құдайыңа құлдық халде жылаумен өткеніне қуан.
* * *
Күліп жүрсең де Қияметіңді біліп жүр.
* * *
Бір шындықты құптау үшін де адамға күшті адамдық керек.
* * *
Тәңірсіздің жыны жоғы жоқ.
* * *
Қызғанышыңнан ассаң кісілігіңе жетесің. Кісілігіңнен ассаң адамдығыңа жетесің. Адамдығыңнан ассаң құлдығыңа жетесің. Құлдығыңа жетсең Хақ тағалаңа достыққа жетесің.
* * *
Адамның өзінен артығын көргенде наданның көкірегін өрт шалады.
* * *
Мойындау – қарсысындағы хақтықпен теңесу немесе өзіндегі қателіктен асып, туралыққа жету.
* * *
Қызғаныштан арылу адамдағы жүрек тазаруынан бір белгі.
* * *
Түбім Адам ғалаәйс сәллам, қауымым түрік, ұлтым қазақ, дінім Ислам.
* * *
Мәселе тілде емес, сол тілді тұтынатын халықтың парасаттылығында.
* * *
Халық түзелсін десең, әуелі өзің түзел.
* * *
Сөз түзелгелі қашан, егер тыңдаушы құлақ болса...
* * *
Адам ақылы жеңсе Алла-Тағаланы, нәпсісі жеңсе лағнеті шайтанды тыңдайды.
* * *
Біздің әдебиетімізде бір-ақ күрес бар. Ол – шын мен жалғанның арасындағы рухани күрес. Оны да біреу сезді, біреулер әлі сезген жоқ...
* * *
Іштің тарлығы – Хақ тағала жәйлі хақиқаттың жүрекке толық орнықпауынан болады.
* * *
Кімді қызғансаң ол жәйлі көп жақсы тілекте бол. Әне, сонда ол жәйлі қызғанышың махаббатқа айналады. Көңілің кеңіп, жүрегің тыныштық табады, Иншалла!
* * *
Елдің нағыз ер тұлғасы – имамдар.
* * *
Аруын қорғаған елдің ертеңі жарқын.
* * *
Нәпсісін қорғаған ер – тұлға.
* * *
Нәпсіқор еркек ел тазалығына түскен құрт.
* * *
Адамның жүрегі иман нұрымен толық нұрланса дүниенің өзі адам үшін ақыл жетпестей кең және берекетті. Ал адам иман нұрымен нұрланбаса дүние оның өзіндей, тіпті ашуының қысындысындай тар.
* * *
Дүние деген бір от. Адамды қыздырады, күйдіреді. Одан алыс жүрген ғана оның отына күймейді.
* * *
Көңіл алда, түсінік артта болады. Кім түсінікті көңілдің алдына алып шыға алса, данышпан болудан үмітті адам сол.
* * *
Ақыл ақылсыздан сұралса, басшы хақсыздан құралса, ұстаз шәкірттен сыналса ол қоғам адамдарының рухани пәстігін көрсетеді.
* * *
Бастығыңның іс басқаруы патшаңның іс басқаруының ұқсасырағы. Өйткені, патша саған соның бастық болуын қалады.
* * *
Наданның көңілінде адам жоқ. Сондықтан оның көзі адамды көрмеуі заңдылық.
* * *
Хақ тағалаңды танығанға дейін жазғаныңның күллісі тек жазуға жаттығу ғана. Ол ешқашан өнер емес.
* * *
Басшы ақылды болса ақылды қосшысының биігін біліп, оның озығынан озбайды. Ал ол ақылсыз болса, ақылды қосшысының артығын білместігі деп біліп, оны қозғайды.
* * *
Басшының надандығы оның уәдесіздігінен менделеді.
* * *
Надан сыртыңа, адам ырқыңа қарайды.
* * *
Жалқаудың үш мінезі болады. Немесе жалқау – жалқау, жауапкерсіз, өтірікші болады.
* * *
Туысқан халықтарды біріктіретін дәнекер – дін.
* * *
Астам сөз астам көңілден шығады. Астам сөздің айтушыға да, халқына да әкелетіні тек жамандық.
* * *
Пенделердің көбі Алла-Тағаланың жаратқан табиғатын көріп есі ауысулы. Ал, Оның Өз нұрлы жамалын көруге илаһи уәде бар. Өкініштісі, Соны көретін жерге бір қадам баспайды.
* * *
Жұмақтың есігі бұ дүниеде ашық тұр. Ол – Ислам. Адамдардың көбі ол есікті қақпауда. Өкініштісі, ол есік әркімнің өлімімен жабылмақ.
* * *
Адам болудың алғы шарты – иманды болу.
* * *
Әркім өзімен танымдас адамдармен достасады. Биік пен аласа дос болмайды. Адамның биігі немен өлшенетініне келсек, ол сөзсіз Хақ тағаласына құлдықпен өлшенбек. Ал ол жерден дос таба алмасаң өкінбе.
* * *
Адам шынайы адамдық деңгейін тек иманды болумен ғана сақтамақ.
* * *
Хақ дінімен оранып өлгеннің екі әлемде арманы болмайды.
* * *
Зікір құлды нәпсі кірі басып алған сана қараңғылығын тесіп өтіп Хақ тағалаға жалғайды.
* * *
Шын әдебиет дінді әдебиет. Дінді керек етпегенді шын әдебиет те керек етпейді. Міне, сондықтан Абай әдебиеті шын мәнінде тұтынуда жоқ.
* * *
Адамдармен араласта бір топ бірінші болып өзіне тартса, екіншісіне өзің бар. Өйтпесең ол топты өзіңе қарсы күйінде табасың.
* * *
Даналық Хақсыздардың санасының сыртында тұр. Немесе хақсыздардың санасының сырты жап-жарық. Ал хақшылдар сол жарықтың ішінде.
Abai.kz