Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 7194 0 пікір 30 Наурыз, 2015 сағат 09:21

БЕУ, МЕНІҢ БАЙЫТ БАУЫРЫМ, АЛЫСТАН ХАТТАР ЖОЛДАҒАН

Редакциядан: Моңғолияның Ерденет қаласында тұратын Байыт Қабанұлы есімді ақын бауырымыздың «Ақынның ақынға сыры» атты үшбухатын өткенде жария еткен болатынбыз (мына сілтемені қараңыз: http://abai.kz/post/view?id=3135). Бұл хатында Байыт мырза белгілі қазақ шайыры Қасымхан Бегмановқа хат жаза отырып, бір аяулы жанның ақырғы аманат сөзін жеткізеді. Бар-жоғы 15 жасында ажалдың аузында шырылдап кете барған балдырған Байытқа Қасымхан Бегмановтың өлеңдерін жатқа оқып беріп жатқан қалпында көз жұмыпты. Бүгінгі өз басындағы жайды баяндай келіп, осы бір жан тебірентерлік оқиғаны құсни хаттың өзегі етіп алған Байыттың сөздері ақынды бей-жай қалдыра қоймасы анық еді. Редакциямыздың электронды поштасына ақын Қасымхан Бегмановтан жауап хат келіпті. Жариялап отырмыз.

 

Беу, менің  Байыт бауырым,

                                    алыстан хаттар жолдаған,

Ағаңың шерлі жүрегін қап-қара қайғы торлаған.

Төлеген жазған сағыныш кеудеме мәңгі орнаған,

Мен де бір мұңлық жан едім өмірде жолы болмаған.

 

Беу, менің Байыт бауырым,

Сен де бір дертті ақынсың,

                                                 Мен де бір шерлі шайырмын,

Шалғай бір жатқан жерлердің, шерменде сырын айырдың.

Самолеттердің бортында

                       қара бұлттарды қақ жарып,

                                                қара жолдарды қайырдым.

 

Дариға дәурен баяғы бозбала кезгі дос қандай,

Ол кезде біздің бұл көңіл бәйгеге тұлпар қосқандай.

Жырымды саған жатқа оқып,

                                                 үзілген сол бір жас ару,

Байытжан, саған не  дейін қайғыма қайғы қосқандай,

Жанардан қатар екі өзен жосылып төмен жосқандай.

 

Бейтаныс бір қыз түсімде алыстан қолын бұлғады,

Желбіреп тұрған орамал,

                                              жалт ете қалған сырғаны.

Аңғардым анық, апыр-ай,

                                                   бұл ненің болды белгісі?

Есімнен шықты сол сәтте түстегі жырдың ырғағы.

Қанша рет көзім көл болып, қанша рет құрғыр құрғады,

Қаншама мөлдір сезімді аямай жұлқып жұлып ап,

Аяулы сол бір  сәттерді уақыт тонап,  ұрлады.

 

Моңғолдың мұңлы даласы, қаласы екен Ерденет,

Құстар да қайтып жатыр ғой айдынды мынау көлге кеп.

Қуантып неге қайтпайсың,

                                                 ағаңа хаттар жазғанша,

Байыт-ау, сенің бабаң да алшаңдап жүрген жерге кеп.

 

Қарашы ана жарықтық Қозысыз Баян Өлгейдің,

Қымызын ішкем үш рет, еске алсам әлі шөлдеймін.

Соққылап жатқан жағаны толқыны қатты көлдеймін

Аңырап тұрып Алашқа  сөзімді айтпай өлмеймін

Білемін бәрін осынау дүниеге  екі келмеймін.

 

Қатепті қаранарлар мен атанға жүкті артпадың,

Қазақтың қайда даласы деп елге неге тартпадың?

Қыратта тұрар қалқайып, күн салып қарап алысқа,

Бесінде намаз оқып ап, Бессала жақта қарттарың.

 

Шыр етіп жерге түскенде жасайды тағдыр кесімін,

Он бес жасында үзілген білмеймін қыздың есімін.

Артық сөз етіп  қайтейін, Алланың сол бір шешімін,

Кездеспей кеткен, қарағым, сұраймын сенен кешірім.

 

Шарт сынып кетем сынама,

                                             сындарға мұндай төзбеспін,

Жанымды менің ауыртты-ау, тірі жан мынау төзбес мұң.

Сен ғана, қалқам, түсіндің, ұқпаған сырды өзге ешкім,

Өзіммен емес өмірде жырыммен ғана кездестің.

 

Арманда кеткен қайтейін аруы біздің даланың,

Бұлт басқан нұрлы келбетін туған бір айға баладым.

Қай жерде қалды тым ерте ұстаған айна-тарағың,

Басыңда белгі бар ма екен, жат жерде қалған, қарағым!

 

Байыт-ау, бірақ, біреуге ол ару жай бір кейіпкер,

«Кейіпкер» деген оларға сыртынан шулап кейіпті ел.

Құпия сырын ашпайды құлыптаулы тұрған сейіптер,

Томпиып үнсіз жатады бетінде жердің бейіттер.

 

Сол қыздың аппақ жүзіндей алдымда жатыр парақтар,

Бұтақтарымен түртеді терезе жақтан қарап тал.

Мен жайлы айтқан боратып,

                                                 сенбеңдер ғайбат сөздерге,

Жырымды оқып, өзімді көрмеген әлі, Қарақтар!

 

Қасымхан БЕГМАНОВ,

Алматы қаласы,  наурыз, 2015 жыл.

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320