Жексенбі, 10 Қараша 2024
Билік 7290 0 пікір 26 Наурыз, 2015 сағат 05:35

ЛИБЕРАЛДЫ ҚОҒАМ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСАДЫ?

Болашаққа бет алған ел көші тоқтаусыз ілгері жылжуы үшін бағыт-бағдар, мақсат айқын болуы керек. Өйткені, алдымызда тағы бір тағдырлы, тарихи белес тұр. Жуырда өткен «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әлемде қалыптасып отырған  жағдайларға байланысты мемлекет пен қоғамға жүктелер жаңа міндеттерді атап көрсеткен болатын. Бұл орайда сыртқы ықпалдардың теріс әсер етуіне және жаһандық сын-қатерлерге жол бермей,  даму қарқынын сақтау,  әрі қарай өсуге қажетті жағдай жасау, әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына ілгерілеуді жалғастыру қажеттігіне тоқталған еді. Осыған байланысты ел Президенті  даму қарқынын қамтамасыз ететін бес институционалдық реформа ұсынған-тын. Олар-заманауи, кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат қалыптастыру; заң үстемдігін қамтамасыз ету; индустрияландыру және әртараптандыруды негіз еткен экономикалық өсім; біртұтас болашақтың ұлты; сондай-ақ транспарентті және есеп беретін мемлекет.

«Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асырудың жолы болып табылатын бес институционалдық реформаның әрқайсысы зор міндет және ел үшін орасан жұмыс санатында. Билік пен халықтың табанды ерік-жігері арқылы  қамтамасыз етілетін ұсынылып отырған шаралар қоғамдық қатынастар жүйесін түбегейлі өзгертеді. «Оларды жүргізу үшін Президент жанынан Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссия құруды ұсынамын. Ол бүкіл реформалар кешенінің жүзеге асуын үйлестіретін болады. Осылайша, біздің алдағы жылдарға арналған негізгі міндетіміз–осы бес институционалдық реформаны іске қосу және біртіндеп жүзеге асыру»,– деп атап өтті Мемлекет басшысы. 
Қажырлы еңбек, тынымсыз талпыныс арқасында еліміз әлемнің неғұрлым бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына енді. Ішкі жалпы өнім 20 есе өсіп, 2014 жылы жан басына шаққанда 13 мың долларды құрады. Өткен төрт жылда мерейлі міндеттерге қол жеткізілді. Атап айтатын болсақ, ІЖӨ көлемі орта есеппен жыл сайын 5,7 пайызға өсіп отырды. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың бірінші бесжылдық жоспары аяқталды. Сонымен қатар аграрлық сектор даму үшін қуатты серпін алып, инфрақұрылымдық салаларда үлкен өзгерістер болды. Шағын және орта бизнес дамып келеді.
Осы өзгерістер нәтижесінде еліміз әлеуметтік жаңғыру жолына бет бұрды. 2010 жылдан бері халықтың табыстары 43 пайызға, ал айлық еңбекақы 130 мың теңгеге жақындап, 64 пайызға өсті. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері 1,4 есеге, ең төменгі зейнетақы 1,8 есеге артты. 

Осы төрт жыл ішінде ауқымды әкімшілік реформа жүргізілді. Мемлекеттік аппарат реформаланып, үкімет атқарымдарының 60 пайызы министрліктер мен әкімдіктер деңгейіне берілді. Министрліктер саны 17-ден 12-ге дейін оңтайландырылды. 9 агенттік қысқартылып, комитеттер ретінде министрліктер құрамына берілді. Аудандық маңыздағы қалалар әкімдерінің, сондай-ақ селолық әкімдердің сайланбалылығы енгізілді. Құқық қорғау органдары мен сот жүйесінде терең реформалар жүруде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң күрес жүргізілуде. Конфессияаралық келісім мен тыныштықтың арқаулық негізі ретінде мемлекеттің зайырлылық сипаты нығайтылды. Елдің халықаралық беделі нығайып келеді.
Қазіргі уақытта әлемдік рыноктарда энергия көздері мен металл бағаларының құлдырауы экономикалық тәуекелдерді күрт ұлғайтып жіберді. Барлық дерлік мемлекеттер елеулі геосаяси және экономикалық сын-қатерлерді бастан өткеруде. Осы орайда «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты Қазақстанның экономикалық тәуекелдерге тосқауыл қойып отыр. Ол инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында экономикалық ауытқушылыққа қарсы іс-қимыл шараларынан,  индустрияландыру бағытының екінші бес жылдығын одан әрі жалғастырудан тұрады. Сондай-ақ әлеуметтік саясат та айқын белгіленді. Қатаң бюджеттік саясат пен үнем мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне өзгеріс енгізбейді.
Алға тартылып отырған институттық реформалар ауқымды сын-қатерлерге жауап беру, мемлекеттілігімізді дамыту үшін қажет. Бұл қайта құрулардың елеулі бөлігі экономика салаларын қамтып, меншік құқығына кепілдік беретін, кәсіпкерлік қызмет үшін, келісімшарттық міндеттемелерді қорғау үшін жағдай жасайтын, түптеп келгенде экономикалық өркендеу үшін негіз болатын заңның үстемдігін қамтамасыз етуді, индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген өсімді көздейді. Индустрияландыру экономиканың құралы ғана емес, сонымен бірге мемлекет дамуының және орта тапты қалыптастырудың маңызды факторы болып табылады. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау үшін аграрлық секторға бюджеттен қосымша құны төмен сала өнімдері өндірісін субсидиялауға қомақты қаржы бөлінеді. Шикізатты қайта өңдеу секторын жаңа кешенді бағдарламалар негізінде дамыту мақсатында трансұлттық компаниялардың қатысуымен оншақты ірі жобаны жүзеге асыру көзделуде. Индустрияландыру  саясаты сонымен қатар шағын және орта бизнес арқылы жұмыс орындарын құру мен елдің экспорттық әлеуетін дамытуға бағытталуда. 
Болашақтағы басты міндет экономикалық даму серпінін қамтамасыз ету болып отыр. Еуразиялық одақ аясында тариф саясатын оңтайландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілмек. Жұмыс қорытындылары экономиканы әртараптандыру есебінен жаңа экспорттық өнімдер туындауына қол жеткізетінін атап өту керек. Бұл орайда шағын және орта сервистік кәсіпорындар саласындағы даму шешуші бағыт болып табылады. Туризмді дамытудың жаңа бағдарламасын қабылдау артық еңбек ресурстарын ауылды жерлерге тартуға себепкер болмақ. Сондай-ақ Қазақстанның интеграциялық саясаты барысында ел экономикасының әлемдік шаруашылық байланыстарға тартылуын кеңейту үшін құралдар қалыптастырылмақ. Алматыда қаржы орталығын құру үдерісі жоғары серпінділік алуы үшін қаланың арнайы мәртебесін заңнамалық тұрғыдан бекіту көзделеді. 
Серпінді дамуды болашағы біртұтас ұлт қана қалыптастыра алады. Еліміз  тұрақтылық және келісім моделін дамытуда айтарлықтай табыстарға жеткенімізді атап көрсеткен Елбасы Қазақстан Конституциясы нәсілдік, этностық, діни және әлеуметтік қатыстылығына қарамастан, барлық азаматтың құқықтық теңдігіне кепілдік беретініне тоқталды. «Сонымен қатар, қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайту қажет. Ол азаматтық қағидатына негізделуі тиіс. Барлық азаматтар құқықтың бір көлемін пайдалануы, жауапкершіліктің бір жүгін арқалауы және тең мүмкіндікке қолжетімділікті иеленуі керек. Мәңгілік Ел идеясы арқауындағы жұмылдырушы құндылықтар – азаматтық теңдік; еңбексүйгіштік; адалдық; оқы­мыстылық пен білімді қастер тұту; зайырлы ел- тағат­тылық елі. Осындай жағдайда азаматтық орнықты және табысты мемлекеттің ең сенімді іргетасы болады», деп атап өткен Н.Назарбаев рухани ұстанымдар қазақстандықтарды біріктіріп, бейбітшілік пен келісім, қоғам мен экономиканы дамыту, мемлекетті нығайту ісіне қызмет етуі тиістігін алға тартты.
Осы орайда мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Қазақтар жаңа Қазақстанның болмысын қалыптастыруда барша ұлыстарды ұйыстырушы рөлге ие. Бұл – қазақтың ұлттық сипатын сақтап, дамытудың және еліміздің қазақы болмысын нығайтудың басты факторы. Басты мақсат – қазақстандықтардың жаңа жалпыұлттық құндылықтарды: құқықтың үстем­дігін, мемлекеттік дәстүрлерді, қазақстандық құнды­лық­тарды – өздерінің этностық мінез-құлық модель­дерінен жоғары қоюларына қол жеткізу.  Барлық қазақстандықтарды азиялықтың да, еуропалықтың да озық сапаларын шынайы сүзгіден өткізетін еуразиялық идеясы біріктірмек.
Қазақстан қоғамы өзгерістерге кезең-кезеңмен бейімделіп келеді. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, күшті мемлекет, дамыған және либералды қоғам қалыптасуы үшін елдің алға қарай 40-50 жыл бойы тұрақты қозғалысы қажет. Ұсынылып отырған бес институттық реформа билік пен халықтың мықты ерік-жігерімен қамтамасыз етіліп, баршамызды ерен істерге жетелейтін мерейлі міндет болып табылады.

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ, 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 
кафедра меңгерушісі.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1156
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2612
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2640