Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 5426 0 пікір 16 Ақпан, 2015 сағат 07:40

ХАЛЫҚ САНЫ. ДЕПУТАТТАР ОНЫ ҚАЛАЙ ТАЛҚЫЛАДЫ?

Халық қалаулылары бас қосты. Мұнда елімізде тұратын жергілікті халықтың санын көбейтуге қатысты бірқатар мәселе қаралды. Жиынның мақсаты – жиырмасыншы жылға қарай  Алаш ұрпағының санын 20 миллионға жеткізудің даңғыл да пәрменді жолын ұсыну. Бұл межеге жетпесек, дамушы немесе дамуды қаламайтын елдердің басын біріктіретін Біріккен Ұлттар Ұйымындағылар: «Қазақтар ұлан-ғайыр жерді игере алмады», – деп бас қатырып, балтыр сыздатып, баянсыз әрекетке барып қалуы да ғажап емес. Сондықтан шаңырағымызды сәбидің күлкісімен толтырып, қатарымызды қарадомалақтардың санымен арттыру түскі үзілісте ғана бастары қосылатын халық қалаулыларының өзекті тақырыбына айналды. Аманат арқалағандар елдің болашағын ойлап, ауыздары астан босаған тұста бағланның етіндей дәмді, сүттей ақ, судай таза, қанттай тәтті ойларын ортаға салды. 

Халық санын арттырудың  бірден-бір жолы – сыртта жүрген қандастарымызды Атажұртқа түгелімен көшіру, көші-қонды ширату, жоғын толықтап, орныққанша көмектесу, – деді жасы үлкен депутат мырза.

– Бұл – тығырықтан шығудың жолы емес. Сырттағы 5 миллион қандасымыз елге түгел көшіп келе қоймас. Сол жаққа сіңісіп кеткендер де жетерлік. Білімі мен кәсібін дөңгелетіп, шет елдерде  танымал болғандар табысын тастап, орала қоймас. Зердеміздің зейінділігінен, алпауыт елдердің үздік үлгідегі кәсібін, тілін, ділін бір адамдай-ақ меңгеріп алдық. Шаруасын өзге елде шалқытып жатқандар сол жақта тұрақтанып қалуға тырысатынын жоққа шығаруға болмас, – деді келесісі.

– «Халқымыздың саны пәленбай миллионға жетті» деп алақайлап, қатарын өтірік молайтып отырған көрші елдердің мәліметіне күмәнім бар, – деп қопақтады тағы бірі. – Бұл халық санын көбейтіп көрсету арқылы жерлестерін шет елге көптеп шығаруды мақсат еткен зымиян саясатпен байланысты қитұрқылық па деп қалам. Бізге де солай жасау керек шығар. Қазірдің өзінде жиырма миллион қазақ бар десек, неміз кетеді. Қай қытай, қай өзбек келіп, қой санағандай санайды дейсің.

– Болмайды, – деген шыншылдығымен елге танымал жас депутат.

– Өтірік айту табиғатымызға жат. Сабыр мен төзімді ту ете жүріп, ұрпақ санын арттыру жайын ойластыруымыз керек. Қара ормандай қауым болсақ, жеріміздің асты-үстіндегі байлығына көз салып отырған алпауыт елдерге де көптігімізбен сес көрсете аламыз. Бізді депутаттыққа ұсынып,  еліне қандай жақсылық жасайды екен деп үміт күтіп отырған жұрттың ықыласына бөленер едік, – деп екпіндеп барып әрең тоқтады.

– «Бір қозы туса,  бір түп жусан артық шығады» дегенімізбен қазір өмір сүру сұранысы артқан. Балалардың несібесі біздің кезіміздегідей бір табақ көже, екі көйлекпен өлшенбейді. Олардың білім алу ақысы да қымбаттаған, – деді нәзік жанды әйел қауымы арасынан сайланған депутат ханым.

Осыдан кейін манадан бері үнсіз отырған өзгеше топ өре түрегелді:

– Бюджеттің ақшасы санаулы. Оны қалауымызша жұмсай алмаймыз. Шақалақтарға берілетін жөргекпұлды арттырудың басқа да жолдарын қарастыруымыз керек.

– Балалардың санын арттырмақшымыз десек, бөркін аспанға лақтырып, қолдау көрсететін қандас азаматтар жетерлік. Соларды ынталандырып, қоғамдық қор құрайық. Үкімет беріп келе жатқан жөргекпұлға қосымша олар да тиын-тебен төлеп тұрса, әйел біткен перзентханадан шықпай қоятын шығар.

– Онда былай болсын. Бірінші балаға – мың доллар. Екінші балаға екі мың доллар. Бесінші балаға бес мың доллар, ары қарай солай көбейте беретін жағдай жасайық.

– Тамаша, – деді жаңағы нәзік жанды депутат. – Оны былай істеу керек. Баланы перзентханадан алып шығып бара жатқанда қамқорлық жасаушылар сыртқы есіктің алдында күтіп тұрып, қаражатты анасының қолына ұстатқаны жөн.

– Ақшаны беріп тұрып: «Бұл сегізінші балаға алған сегіз мың долларды құда шақырғанға немесе басқа да той-томалаққа ұстап қоймаңыз. Осы перзенттің керегіне ғана жаратыңыз» деп ескерту керек деді, - егде жастағы  елжанды азамат. Ол ары қарай  басынан өткен бір жайды әңгіме арқауына айналдырды.  – Жеңешем қатарынан бес ұл тапты. «Енді өзіңіз үшін бір қыз тауып алсаңызшы, көмекші болады» десем, «ұят қой» деп азар да безер болады. «Қой, жүгірмек, елуге келіп қалдым, енді қайда?» деп жолатпайды. Мен де қолқа салғанымды қоймадым...  Ақыры жеңешем беймарал ғана алтыншысын дүниеге әкеліп, есімін Іңкәр  деп қойды, – деді жан-жағындағыларға салмақпен қарап.

– Бізге қайындарымыз олай қолқа салған жоқ. Дұрыстап өтінсе  әлі де бір-екеуін табатын едік қой, – деді өз ортасында шоқтығы биік тұратын кербез келіншек. Жұмыр басты пендеде арман таусылған ба? Бір қарағанда төрт құбыласы сай адамдардың да ойлағаны бар екенін аңғартып тастады айналасына. 

Осы кезде әңгіменің піспеген тұсында ғана сөзге араласатын өнер саласының өкілі ойын ортаға салды. Ол өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарына зер салып жүреді. Айтатын әзіл-қалжыңының астарында үлкен ой жатады.

– Мәселен, жеңешеміз кезінде тұрмыс тауқыметіне байланысты бала тууды шектеп қойды делік. Мына қуанышты жағдайды естіген соң алдыңғы балаларына іні-сіңлі тауып беру туралы ой туды. Бірақ, ауыр жұмыс істеген жарының денсаулығы жарамай қалуы мүмкін. Оның үстіне жігіттер бүгінде ерте белсізденіп жатыр. Жеңешем не істесе екен, – деп тың ойдың шетін қылтитты.

– Жеңешелеріңнің жайын ойлағыш екенсіңдер. Ағаларыңның қамы ғой. Енді ондай жағдайда медицинаның көмегіне сүйену керек шығар. Денеден тыс ұрықтандыру орталығына жүгініп дегендей.  Ұрпақ өсіру үшін әртүрлі қазақы амалдарды да пайдалансақ болар, – деп өмірден көрген-түйгені көп, мемлекеттік қызметте жүріп білімпаздығымен танылған жігіт ағасы ой қосты.

– Жоқ, – деді қызба жігіт сөзге араласып. – Болмайды. Бала табиғи түрде және ерлі-зайыптылардың арасынан тууы керек. Шариғатқа қарсы сөз айтпаңыздар. Заң қабылдау  ойыншық емес.  Дұрыс сөйлеңіздер, – деп қызып келе жатқан әңгіменің бетін қайтарып тастады.

– Онда  тұрмысқа шықпаған 400 мыңға жуық қаракөздің жайы не болмақ? Жар болу бақыты бұйырмаған қыздардан сәби сүю қуанышын қызғанғанымыз ба? Кәрілік келгенде басын сүйейтін ұрпағы болу керек емес пе? Сол кезде обалын кім көтермек? Некеден ғана сәбилі болу керек болса, қыздардың күнәсін жеңілдетіп, кезекті рет үйленіңіздер, – деді керек кезде «Айтпаса сөздің атасы өледі» деп сөз бастайтын ер мінезді егде жастағы депутат апай. – Бізді құртып келе жатқан осы: «Анау болмайды, мынау болмайды, тыныш жүру керек, елдің алдына шығып көсемсіме» деп қақпайлау.  

Қызба жігіт ары қарай арынын саябырсытып:

– Иә, төрт әйел алсаңыздар да өздеріңіз біліңіздер, – деді де, сөзін сол жерден үзді.

Халық қалаулыларының құлшына басталған бастамасының берекесі осы пікірден кейін қашты. «Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды демекші, қызылкеңірдек болудан қашты ма, онымен салғыласып абырой таппайтындарын білді ме, көпшілік әңгімені жеткен жерден үзді. Әркім өз ойымен әуре.  

«Қайындарым бала ту деп қолқаламады» деген нәзік жанды халық қалаулысы ойға шомды. Келінім Нәзира қызық. Қызық емес, батыл-ей. Біз сияқты жақсы машина мінсем, үйіме келген қонақ аузын ашып, көзін жұматындай жөндеу жүргізсем деп мүлде ойламайды да. Өз қызығы өзінде. Кенже ұлы туғанда іргетасын қалаған үйінің шатырын сол ұл бірінші сыныпқа барғанда жапты. Баспананың ұзақ салынғандығы үшін күйеуі екеуі ренжіскен де жоқ. Бір-біріне түсіністікпен қарап, қайта  кемшіліктерін білдіртпей отырды. Біз болсақ көштен қалып қойдық деп бір-бірімізді «жеп» қоятын едік. Таңнан кешке дейін мектепте балаларға дәріс беремін деп алашапқын болып жүргенде алатыны 60 мың теңге ғана. Сөйтіп жүріп күйеуіне несиеге көлік сатып әперді. Тоқсаныншы жылдың басында шыққан «Мазда» шіркін бір тоқтамайды. Бала-шағасын отырғызып алып, ағайын-туыстың той-томалағы, өлім-жітімінен қалмайды. Шіркін, мына заң күшіне енсе келінім  алтыншысын дүниеге әкеліп, алған ақшасымен күйеуіне көлік әперген несиесін жауып тастар еді. Таңғы асты тәңірден тілейтін отанасы барды ұқсатуға шебер-ақ. Төрт құбыласы сай әйел деген сол шығар. Ертең бес баласы бес үй болып, ұрпағы бір рулы елге айналады. Ал, бұл болса, кейде өзінің қызметке алданып, жалғыз ұлмен қалып қойғанына налиды, кейде тәубесін айтады. Әйтеуір жалғыз ұлдың тілеуін тілеп, шығар шықпас жаны бар күй кешуде.  

Халық қалаулылары қазақтың санын көбейту жайындағы басқосуларын алдағы уақытта қайта жалғастырмақ.  Бәрінің ойы көзқарастың бір жерден шығуы. Ары тарт, бері тарттан ауыз әбден күйген. Осы заң жоғарыда айтылғандай қабылданса, қаражат тапшылығынан балаларының жайын күйттей алмай жүрген көпбалалы отбасылар шаттанатын еді-ау. Ақ жаулықты аналарымыз риза көңілмен: «Бәрекелді, депутаттарымыз азамат-ақ екен»,– деп қол жайып батасын берер еді. Ақ түйенің қарны жарылған күн деп сол күнді айт.

 

Гүлжан ТҰРСЫНОВА, Алматы облысы.

Abai.kz  

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395