Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 8510 0 пікір 8 Ақпан, 2015 сағат 10:33

Бекжан ТҰРЫС: САНАНЫ ОЯТАТЫН ИДЕОЛОГИЯ ӘЛСІЗ БОЛЫП ТҰР...

Бүгінгі қоғам аузы дуалы, көргені мен түйгені көп азаматтарға зәру. Сондай бойында қарапайымдылығы, дархан даналығы мен қазақы қағидасы бар, көрермен қауымға Ақылбай ақсақал ретінде кеңінен танылған актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан ТҰРЫС мырзамен сұхбаттасқан едік.

–Бекжан мырза, сізді «намазға жығылды» деген сөз бар ғой: осы қаншалықты шындық?

– Шындық екені рас. Білесіз, қазақ даласына ислам келгелі пайғамбарымыздың сүннетін салтқа, дінін дәстүрге айналдырған халықпыз. Әлеуметтік-тұрмыстық салтымыз, бітім-болмысымыз исламмен біте қайнасып, жақсылықтың тұсында жағаласпай, жамандықтың тұсында табаласпай, өркениетке қадам басқан елміз ғой. Кезінде, қызыл империяның тұсында тіліміз тұсаулы, қиялға кісен салып тастап, алдымыз ор, жолымыз тар болған күнде де қазақ өзінің дінін жоғалтқан жоқ. Әйтеуір ауылдық жерде аталарымыз тығылып оқыса да, намазын оқитын. Адамды ақырет пен дүниеде нағыз бақытты ететін «иллаһи» жүйе екенін білгеннен кейін, мұсылман екенімізді біліп, намазға келгеніміз бар. Аллаға шүкір!

– Бұны сұраған себебім – «намазға жығылған» талай талантты жігіттер «сайтанға серік болмаймыз» деп, өнерден, ғылымнан жырақтап кеткенін білеміз (Бекболат Тілеухан, Бейбіт Сапаралы, Мұхаметжан Тазабеков, Сәкен Қалымов, т.т.). Біздегі исламдық иманның прогресске қарсы болу үрдісін қалай түсінесіз?

– Әркімнің құдайы өзінің жүрегінде. Кейде ештеңенің байыбына бармай, «мынау анадай-мынадай» деп, біреудің артынан сөз айтқышпыз ғой. Оның қандай екенін хақ Тағала біледі. Мен жаңа тілге тиек еттім ғой, кешегі Абай мен Бұқардан қалған, даланың исламын ұстанған халықпыз. Рас, түрлі-түрлі намаз оқитындар бар. Қарап отырсаңыз, әр жерде әртүрлі уағыз айтылып жатады. Сол айтылып жатқан уағыздармен келіспейтін тұстар да болады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде де айтылған: «Егер айтылып жатқан уағыз сенің жүрегіңе қонымды, ақылыңа сыйымды болса – менікі, егер жүрекке қонымсыз, ақылға сыйымсыз болса, онда ол – менікі емес».

Негізінде ұлтты ұйытқы ететін – парасат, адамды абзал ететін – иман. Махатма Гандидің бір сөзі бар: «Құдай – аш адамға нан болып көрінуі мүмкін» деген. Сол сияқты әркімдікі – әрқалай. Мен өзі шынайы, таза қазақпын. Осы күнге дейін біреудің уағызымен емес, кешегі бабалар ұстанған дінмен жүремін.

Біз кең даланы жайлап, көшіп-қонып өмір сүрген сауықшыл халықпыз. Көнеден келген дүниені, асыл мұрамыз бен мәдениетімізді, әдебиетімізді сыпырып тастамауымыз керек. Қазір барлық жерде жаңашылдық қой. Мен үнемі айтып отырамын, жаңаға ұмтылу үшін, өткеннен өнеге алу керек. Дін – қазақпен емес, қазақ – дінмен сусындайды ғой.

– Бүгінгі қандай да сахнада болсын, қоғамдық өмірдегі тақырыптың бәрі бар: жоғы біреу – саясат қана. Бұл пікірмен келісесіз бе?

– Келіспеймін! Елбасының бір жақсы сөзі бар: «Саясат күнде өзгереді, ал дін – мәңгілік» деген. Саясатты естігіңіз келсе, «Қожанасыр тірі екен» деген қойылымға келіңіз, сонда саясаттың көкесін айтып беремін.

Ал енді саясатқа келгенде өнер адамдарының үні шықпай жататыны рас. Қызметі мен балаларына зияны тимесін деп, бәріміз бір шырмауда отырмыз. Әділдік айтуға, ақиқаттың алдында бүгежектеп қаламыз. Бетке айта алмаймыз, бетке айту – өкпе айту емес қой.

Бірақ тура осы нәрсеге келгенде, өнер адамдары осал болатыны рас. Өзің өмір сүріп жатқан ортаңа өз ойың, пікірің болмаса, адамсың ба? Кейде қоғамға белсене араласқың-ақ келеді, бірақ алдыңды орап тұратын адамдар болады...

Мен орайы келгенде саясаты аралас сөзден ешқашан жалтарған емеспін. Ешқашан ақиқаттың алдында бүгілген емеспін, айтатын ойымды жазып, тіпті сахнадағы қойылымдарда пайдаланып жүрмін.

– Ресейдің кез келген өнер адамы өз елінің болашағы үшін алаңдап, бірі – Путиннің империялық саясатын жақтап, екіншісі – қарсы болып жүргенін естиміз. Неге біздің өнер адамдарында осындай белсенділік жоқ деп ойлайсыз?

– Осы жөнінде жақында «Айқын» газетіне сұхбаттасқанда айтқан едім. Қайталап айтамын, ұлт үшін, тіл үшін келгенде, өнер адамының үні шықпайды. Неге екенін өзім де түсінбеймін. Дастархан басында – данышпан, көшеге шықса – көсем, жиынға түссе – шешен, ал неге сол шешендігі мен көсемдігін ұлттың жолына салмасқа? Кейде жоғары жаққа сын айтсаң, олар сын емес, сені қарсы күш ретінде қабылдайды.

Дұрыс айтасыз, Ресейдің кез келген әншісі Ресейдің болашағы үшін алаңдайды. Олардың белсенділігі сұмдық, тіпті кез келген мұжығына дейін: «О, господи, спаси мою Россию!» деп тұрады. Бізге келсек, ылғи сол – президенттік стипендия ала алмай қалғанын, Мемлекеттік сыйлыққа ілінбей, бір концертке шықпай қалатынын айтады. Қарап отырсаңыз, айқай-шудан құралған жалған патриотизм жастардың санасын улады, қазақы мінезінен айырды. Көптің көңілі көңілшек шоудың жетегінде кетіп жатыр. Соны оятатын, түртетін идеологиямыз біраз әлсіздеу болып тұр.

Талай зобалаң көріп, талай тарығып та, торығып та өскен ұлтымыз біржола үмітсіздікке бой алдырмай, керісінше, рухани, іштей медет іздеген ұрпақтың өкіліміз ғой. Жаугершілік заманда да, ашаршылық кезде де біздің рухымыз құлдырамаған еді. Қазір, шыны керек, біздің рухымыз құлдырап кеткендей. Ұлт пен ұрпақтың намысын оятуымыз керек. Тарихын, тегін білмейтін ұрпақ жетіліп шықты. Міне, солар қауіпті. Ал тілін, дінін, ділін білмейтін, ұлтын сыйламайтын адамнан жақсылық күтуге болмайды. Олар туған жерін емес, тойған жерін ғана сыйлайтын «космополит ұрпақ».

– Әлде біздегі қазақи менталитет бойынша үлкенге, ұлыққа қарсы болмау керек деген саясаттың салқыны жағымпаздыққа ұласқан сияқты ма, қалай ойлайсыз?

– Ұлықтық пен кішілік бір бөлек, жағымпаздық пен жалтақтық бір бөлек. Мен бір таныс ағамнан: «Айтыңызшы, біз қандай ұлтпыз?» – деп сұрадым. Сонда ол: «Сатқындарың сатымен көтеріліп, жантықтарың әлі өлмеген елсіңдер!» – деген еді. Жантықтарымыз сол жағымпаздың жарапазанын айтып жүр. Қазанды қаспағымен, сиырды баспағымен жұтып жатқан бәлеқорлар мен жалақорлар елдің іргесін сөгіп бітті десек, өтірік емес. Ұлтын шын сүйетін, терең ойлайтын текті ұрпақ қана ел қамын ойлайды.

– Өркениетті Еуропада мәдениет театрмен өлшенетіні анық нәрсе. Бізде ел басқаратын, қоғамға билік жүргізетін шенеуніктер театрда бой көрсетпейді. Бірақ олар өздерін қоғамның қаймағы санайды. Егер олар «қаймақ» болғанда, біздің мәдениетіміздің қандай болғаны? Осыны ойланып көрдіңіз бе?

– Бұл туралы ылғи айтылып жүр. Рас, Еуропада мәдениет театрмен өлшенеді. Әр ұлттың өзінің болмысы бар, келбеті бар. Мысалы, кез келген ұлттың келбетін танытатын 3 қазығы бар: тілі, діні, ділі. Әрбір азаматтың парызы осы үшеуіне қызмет ету. Қазаққа ұлттық сана мен ұлттық рух керек. Ұлттық сана мен ұлттық рухтың амандығы - өркениетке енді қадам басқан елдің амандығы.

Біздің мәдениетіміз – қанмен келген мәдениет. Қазақтай тектілікті сақтаған халық жоқ. Біздің қанымыз таза, бірақ жанымыз тазармай жатыр. Кешегі Тәттімбет, Құрманғазы, Дина апаларымыз бір ғана қазақ елін емес, бүкіл әлемдік өркениет пен мәдениеттің асыл қазынасын құрады. Ал Батыстың мәдениеті қазаққа мәдениет бола алмайды. Қазақтың мәдениеті дара, бөлек. Мен кешегі күнгі қазақтың мәдениетін жоғары қояр едім. Кешегі кез келген қазақтың балаларын қарасаңыз, әке-шешесін мүлтіксіз тыңдап өскен. Ал бүгін өсіп келе жатқан жас ұрпақ Еуропаға еліктей ме, әлде экраннан көргені ме – әйтеуір қатыгез болып өсуде. Біз есейгенше, 8–9 жасқа келгенше апаларымыздың қойнында жаттық. Ананың қойнында жатқан бала мейірімді болмағанда, қандай болар еді? Бүгінде сол мейірімнен айырылып бара жатқандаймыз. Бәрі өзімізге, әсіресе аналарымызға тікелей байланысты. Ұлттың ұлт болуы – анаға қатысты.

– Интернеттегі бір жазбадан «егер Бекжан жазушы болса, Тынымбай Нұрмағамбетов сияқты жазар еді» деген пікірді оқыған едім. Бұл – сіздің жазушылық қырыңызды білетін адамның пікірі болғаны ғой?

– Жазушылықпен айналыспасам да, Тынымбай ағаның көп дүниелерін сахналадым. Тынымбай ағаның сол дүниелерін жақсы жеткіздім, ол кісі өз бағасын берген. Соған қарап, салыстырып айтқан шығар. Жазушы болмасам да, әлеуметтік желілерде келіспей жатқан кемшін тұстарды, елімізде болып жатқан жақсы нәрселерді жазып тұрамын. Менің о бастағы кәсібім – актер, Алланың берген ризық-несібесі – театр. Өзімді тек театрдың адамымын деп санаймын. Әнші болып кетуге болар еді, бірақ Алла маған талант берді, сол талантты адал күзетуім керек.

– Айтпақшы, басқалар сияқты әншілікті бір кәсіп қылмауыңыздың себебі неде?

– Әу демейтін қазақ жоқ. Қазақ даласы әлімсақтан бері, қай өңіріне барсаң да, ән мен жырдың, көсемдік пен шешендіктің қайнар көзі. Әрбір қазақ әнді жанына серік еткен. Кешегі әнді біз де жанымызға серік еттік. Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтсақ: «Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, таза болып өседі», – деген. Мені де таза болсын деп, әнге әуес етіп өсірді. Ақсақалдар мен аталарымыздың арасында жүрген кезде: «Ал, балам, қолыңа домбыраны алып, Майлықожаның бір термесін айт», – дейтін сол аталарымыздың ықыласы мен батасын алып өскен баламыз. Бары – сол ғана.

– Марқұм Әшірбек аға Сығай: «Әнші-актердің дені тойда жүр. Масаң ортада жылтыңдап жүрген әртіс сахнада да сүрінеді. Бізде той жағаламай, өзін-өзі сақтайтын жігіттер аз» деген еді. Әшекеңнің сондағы айтпағы – әнші мен әртістің асабалық өнері еді. Ал сіз сол асабалықты қойыпты деп естідік...

– Асабалықты тастадым деп, өтірік айтпаймын. Асабалыққа бұрыннан қызмет етіп келемін. Асаба болған күннің өзінде ылтың-жылтыңның асабасы емеспін, салмақты асабамын. Бірақ қазір ешкімге салмақты сөздің қажеті жоқ, керісінше, арзан сөз, анекдот айтатын жігіттерді жақсы көреді. Мұзафар ағамыз Әлімбаев: «Той – тәрбиенің мектебі» деген еді.

Бір шетінен тойда актер өзіне көп образ жинап қайтады. Сол мақсатпен де тойда жүреміз. Әшірбек аға солай айтты деп, асабаны тастай алмаймын. Менің жалақымды көтерген күні асабалықты мүлде қоятын шығармын. Тойға күнде барып жатқан жоқпын, айына бір рет барсам – бардым, бармасам 2–3 айда бір рет барамын.

– Сізбен осы сұхбаттасуға дайындық барысында өз ауылыңыздың тыныс-тіршілігіне, оның әлеуметтік жағдайына жіті қарайтыныңызды, шамаңыз келсе, елдегі ағайынға жәрдем жасап тұратыныңызды білдім. Бұл перзенттік қана парыз ба, жоқ әлде алыс қойнауда қамалып қалған ауылға араша түсудің амалы ма?

– Бір жағынан, перзенттік парыз, ендігі бір жағынан – ауылдың тұрмыс-тіршілігіне рухани көмектесу. Әркім өзінің өскен жері – темір қазығы десе болады. Кім өзінің туған жерін жек көрсін? Менің ауылым кезінде колхоздың бір бөлігі болды. Шетте, қараусыз, ауыз сусыз қалғанда, жүгіргенім рас. Үмбетов ағамыздың алдына барып ауылдың жағдайын айтқанымда, ол кісі разы болып: «Менің алдыма келгендер үй, жер сұраушы еді, Бекжан, сенікі азаматтық екен» деген еді. Әрбір азаматтың асыл парызы – еліне, жеріне қызмет ету.

– Бүгінгі сұхбатта бәрін айтсақ та, театр тақырыбын кенде қалдырған сияқтымыз. Айтпақшы, театрға деген кенделік кімнен: көрерменнен бе, үкіметтен бе, руханияттың тозып бара жатқанынан ба?

– Әрине, үкіметтен! Ұлттық статус ала алмай жүргенімізге қанша жыл болды?! Басшылықтың жұмысына араласпаймын, өз кәсібімді білетін адаммын. Кенделік болып жатса, ол біздің жалақымыз. Сосын жаным ашитын бір жағдай – жастардың баспана мәселесі. Біздің кезімізде үй кезегінде тұратынбыз, оларда бүгін ондай үміт те жоқ. «Басыңда баспанаң жоқ болса, басым бар деп айтуға ұялады екенсің» деген сөзді жиі айтамын. Жастар таңнан кешке дейін осында жүрсе де, алатын жалақысы мардымсыз. Соларға қарап, жаның ашиды. Кейбіреулер «актер» болу оңай екен, жылтырап теледидарда жүреді деп ойлауы мүмкін. Олай емес – қиындау...

– Ал Ақылбай ақсақал сияқты тележобаларға оралу жағы ойда бар ма?

– Оны қайтып жасай қоймас. Бірақ сол ақсақалдың тілімен көп нәрсе айтқың келеді. Шіркін-ай, кешегі қарттарымыз қандай еді? Айтқан сөзі өтетін, елдің арғы-бергісін білетін, заманын ойлап, дәйек сөзі – арғысы Құраннан, бергісі – қиссалардан басталатын, үстерінен даланың иісі аңқыған қарттар қайда қазір? Кезінде бүкіл бір аймақты ақсақал басқаратын. Тіпті ауылдың әкімі ақсақалдың алдынан өтіп, батасын алып, бірге ақылдасатын. Бүгінде ақсақалдар әкімдердің алдына қол қусырып барады. Осындай ақсақалдар тақырыбында бір тележоба болса деп армандаймын...

Қазіргі әжелеріміздің түрін көріп жүрсіздер. Кешегі ардың сүтімен ауызданған, кимешегі кірлемеген аналарымыз қай кезеңде де еріне серік, уәдесіне берік болған. Ал бүгін ше? Бүгінде біздің жасымыздағы келіншектер, әже болатын апаларымыз еріндерін бояп, шолтиған шортиын киіп, басында бөзі жоқ, мұра қылатын сөзі жоқ. Осыған да жаның ауырады.

Ұлтымызды ілгері жетектеу – иманға байланысты. Соған қарағанда, иманымыз әлсіздеу ме деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан Жансая ЕРТАЙ.

 

Абай.kz

 

ДЕРЕККӨЗ: «Общественная позиция»  газеті (проект «DAT» №05 (276) от 05 февраля 2015 г.)

Түпнұсқадағы тақырып: «Бекжан ТҰРЫС: МЕН ЕШҚАШАН ақиқаттың алдында БҮГІЛГЕН ЕМЕСПІН»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371