ТАЛАСБЕКТІҢ СОҢҒЫ АМАНАТЫ
Етене жақын болмасақ та, отыз жылдай қаламгерлік жолда қатар жүріп, талай пікірлескен екенбіз. Дүниетанымдық көзқарасымыз өте сәйкес еді деу де қиын. Кейбір ойларын аса қабылдай бермейтінмін. Дегенмен, көпшілік әңгімесінің көңілге қонғандығының белгісіндей, екеуміздің екі-үш сұхбатымыз баспасөзде де жарияланды. («Әділін айтсаң, «әулиелер» ұнатпайды», 04.2004. «Біліктілік формуласы», 05.2005. «Қу қарағай толғаса», 01.2006. «Журналист» газеті).
Нақты бір құбылыстар туралы тосын тұжырымдары назар аудартпай қоймайтын.
Қазір Таласбек Әсемқұлов пайымдауларына қарасам, орыстың көрнекті ақыны Евгений Евтушенконың «Қысқа эссе» деп аталған жазбалары еске түсер еді. Онда ол Пушкин, Лермонтов, Баратынский, Тютчев, Достоевский сынды он-он бес тұлғаға бір-екі ауыз сөзбен-ақ мінездеме беріп тастайды. Бұлардың тартымдылығы да сонда – астары қатпар-қатпар күрделі жайтты ұтқыр түйіндеп, оймақтай ғана ой арқылы көл-көсір сырға қанықтырады. Таласбек те кез келген жағдайды қолма-қол қаузап, оңай түсіндіре салатын. Және не жөнінде болсын, өте батыл айтады, әрі сонша мерген еді. Нысанаға дөп тигізетін. Ерекшелігі – мәселеге әрдайым елдік мүддеміз тұрғысынан, ұлттық мұраттар бағдарынан қарап, ежелден қалыптасқан қайсыбір «мызғымас» қағидаларды тас-талқан қылатын. Бірақ сол лебізі көбіне ауызша айтылған күйі қала бергендей.
Мысалы, бірде Лев Толстойдың әйгілі «Соғыс және бейбітшілік» роман-эпопеясын әлеуметтік тапсырыспен жазылған шығарма деп бағалады.
Мұндайда әлдекім бір сәт айран-асыр болып, "бәлі, мынау не деп отыр өзі, бүкіл әлемді тамсандырған туындыны мансұқ қылатындай бұл кім еді сонша?" деп аңтарылып қалуы кәдік. Ал Тәкеңнің әлгіндей мәлімдеуіне мірдің оғындай дәлелдері болатын-ды.
Расында, аталған шығарма деңгейінің кереметтігіне ешкім шәк келтірмейді. Бірақ белгілі нәрсенің бұрмалануы, тарихи шындықтың нақты берілмеуі бағытынан алғанда, айталық, сол 1812 жылғы Франция – Ресей соғысындағы қазақ халқы рөлінің ескерілмеуін, тіпті, намысқа тиетінін әбден түсінуге болатын шығар. Одан да баяғы ұлыорыстық астамшылық андағайлап, автордың «кіші» ұлттарды місе тұтпайтыны анық аңғарылып тұрады. Таласбекті де ренжітетін осындай сыңаржақтық еді.
Орыс патриотизмі рухында жазылған кітап туралы анықтамалықтың бәрінде дерлік: «Соғыс және бейбітшілік» 1812 жылғы жеңімпаз орыс халқының батырлығы мен даңқты туралы тарихи эпопея. Мұнда Лев Толстой қарақұрым наполеондықтардың күл-талқанын шығарған орыс әскерінің қаһармандығын сонша нанымды баяндайды. Өз ісінің дұрыстығын түйсінген орыс жауынгерлері ұрыс алаңында асқан қайраттылық танытады» делінеді.
Ал сол шайқаста: «Шедшие в авангарде российской армии конные отряды, составленные из представителей мусульманских и иных народов наводили ужас на противника» деген деректерді қайда қоямыз?!.
Бұл, әлбетте, істі мейлінше әділ безбендеуге тырысатын Анатолий Егоров сынды кейінгі тарихшылардың жазбалары. Оның «На Бородинском поле. Раздумья у народных святынь» аталған мақаласында сондай-ақ: «Историки особо подчеркивают, какое большое значение для ослабления последствий Континентальной блокады накануне Отечественной войны 1812 года имела доставка казахами скотоводческого сырья на рынки России. В период войны увеличилась закупка у казахов строевых и обозных лошадей. Уже через несколько дней после перехода Наполеоном пограничной реки Неман на казахском и других языках народов России было принято обращение об опасности начавшейся войны. Старшина Байсакал Тилекулы лично призвал казахов к сплочению против врага» деген де жолдар бар. («Звезда Алтая». 06. 11. 2013).
Демек, қазақтар көршілерге тыл жағынан ғана жәрдемдесіп қоймай, майдан даласындағы қиян-кескі шайқастарда да ерен ерлік үлгісін көрсеткен: «Немало башкир, татар, калмыков, алтайцев и казахов Букеевской орды, входивших в состав корпусов генералов Тучкова и Платова, погибло в самом кровавом сражении века – в битве при Бородино»…
(Осыларды түпнұсқасында ұсынғанымыз жөн сияқты. Авт.).
Бұл ретте, әрине, кімнің теріс, кімнің оң екенін тәптіштеп отыруға құмартпаймыз. Тек не жөнінде болсын, мәселе мәнісін үнемі қопара көрсететін Таласбек пікірінде салмақты негіз жататынын жеткізбекшімін ғой…
Ұлтын айрықша сүйген ол қисынсыз тұста «қазақ, қазақ» деп тар шеңберден шықпауды да құптай қоймайтын. Сырт елдердің жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуді насихаттаушы еді. Жоғарыда аталған сұхбаттардың бірінде:
– Қазіргі журналистикамыздың алдындағы үлкен мақсат – Батыстың, Ресейдің биік өредегі деңгейіне жету. Анау МГУ, ЛГУ-да оқитын жастардың ауқымды халықаралық шараларға, ірі қабылдауларға қатысып, сүйекті мақалалар жазып жататынын көресің. Солардың қолынан шыққан дүниелерге зер салсаң, кең ой-өрісті, терең таным-түсінікті аңдайсың. Бізде түрлі басылымдар қаптап көбейіп жатқанымен, өкінішке қарай, іні-қарындастарымыздың кәсіби біліктілік жағынан өсуден гөрі кері кетушілігі жиі байқалады, – депті.
Екі шетте – Таласбек пен Қажығали. Ортада – Зәругүл
(Қажығалидің оң жағындағы – Заря және екі қыздың бауырлары)
Бірақ, қарап отырсам, бәрібір өз бастау бұлағымызға оралып соғуға бейім тұрғандай:
–Жалпы, журналистік ұстахана жайын сөз қылғанда ойға ең алдымен сонау он тоғызыншы ғасырдың басындағы қазақ журналистикасы тарихы оралады. Керемет! Оған мысал ретінде Абайдың қарасөздерін де қоя тұрып, Алаш азаматтарының мақалаларын алайықшы. Немесе Ыбырай Алтынсарин көтерген проблемаларға назар аударайық. Солардың күні бүгінге дейін маңызын жоймағанын аңғарасыз. Мәселен, Ыбырай «қазақтың баласы чиновник болу үшін оқиды» дейді. Көрдіңіз бе! «Олар халыққа пайда келтірейін деп бармайды оқуға. Жоғары қызметке орналассам, шен-шекпен алсам деп оқиды» дейді. Яғни, бюрократия сол кездерде-ақ қалыптаса бастаған. Ал осы көзқарас ескірді ме бүгін? Ахмет Байтұрсынов тұстастарының дүниелерін алайық. Олар ірі ділгірліктер мәнін көре білген. Тани білген. Сол мәселені дер кезінде көтеріп отырған. Өте сергек. Кейде проблема айқын болмайды. Жасырын тұрады. Қатардағы оқырман байқай алмайды. Міне, тілші үшін соны көріп, аша білу де үлкен өнер! Тағы бір арнайы тоқталатын жәйт – журналист өзінің ары мен ұлтының мүддесі жолында мейлінше адал болуы шарт. Бүгінде түзу жолдан тайқып кеткен қаламгер көп. Арам пиғылды біреулердің ықпалымен қастерлі тарихымызды таптай салуға арланбайды. Кейін осы опасыздығы өз өмірбаянында қара дақ болып алдынан шығатынын да ескермейді.Бұл орайда тағы да орыстарға жүгіне бермей, түрік ағайындарды-ақ ал. Түркияда бірнеше партия бар. Ондағы баспасөз өкілдері бір-бірін жеп қоя жаздап кеңірдек жыртысып жатады. Ал солар ұлы Түркия мұраттарына келгенде бір кісідей жұмыла кетеді. Өйткені, ұлт мерейі әрдайым үстем тұруға тиісті. Отаның қуатты болса сен де жігерлісің. Бұған көпшілік бауырларымыз аса мән бере алмай жүр…
Осындай қастерлі, асқақ межені діттеген Таласбек Әсемқұловтың өзі әрдайым білікті сараптамашы, талғамапаз мәдениеттанушы ретінде кесек тұлғалы қаламгерлер қатарынан көрінді. Әсіресе, оның қазақ даласы ғасырлар бойы бастан кешкен соғыстар зұлматына, аштық нәубетіне қатысты тұжырымдары таным көкжиегін кеңейтті. Халқымыздың рухани қазынасына қомақты үлес болып қосылды.
Таласбектің жастық шақтағы бейнесі
Кейінгі үш мақаласы кезегімен «Қазақ үні» газетінде жарияланған-ды («Дәстүр мұражайда тұрмайды» – домбырашы Қаршыға Ахмедияровпен кезінде белгілі себептермен жарияланбай қалған сұхбат; «Күйдің киесінде нәсіл жоқ»– шертпе күй шебері Тәттімбеттің көпшілікке белгісіз қырлары; «Дәрхам сарай» – теңгенің түрлі тағдыры туралы толғам).
Әсіресе, сол күндерде жиі хабарласа бастап едік. Арасында бір-бірімізге қыжыртып тиісіп, өзара әзіл-әжуаға да кезек беріп қоятынымыз жоқ емес. Мені «құда» деп жақын тартатыны бар-тын.
Бір күні:
– Әй, сен осы, елдегі ағайындарыңмен араласып тұрасың ба? – деп сұрады.
– Иә, әрине…
Сөйтсем, Қарағанды облысының Ақшатау поселкесіндегі құдашасы Заря Омарбаевамен хабарласпақшы екен.
Таласбектің тетелес ағасы Қажығали – біздің елге күйеубала еді. Баяғыда ауылға жыл аралатып келіп жүргенде жерлес апамыз Зәругүлді Аягөз жағынан келген бір жігітке тұрмысқа шықты деп еститінмін (Біздің елде әпкені әдетте «апа» деп атайды). Сол азамат Таласбекпен бірге туған бауыр екенін де соңырақ білдік. Өзін жақыннан көрген де емеспін. Тек келіншегін көк «Урал» мотоциклінің кебежесіне отырғызып алып, қырдағы жолмен ылғи ерсілі-қарсылы жүйткіп, әлдебір жақтарға қарай заулап бара жататынын байқаушы ем. Ол туралы: «Өзі өте ісмер екен. Қолдан домбыра жасайды» деп жүрді білетіндер.
Осы жерде: «Домбыра шабуды нағашы атам Ыстамбайдың Жүнісбайынан үйренгем. Одан ауылдағы Ахметжан шебердің алдын көрдік. Есейе келе жалпы Семей өңірінде теңдесі жоқ домбыра жасаушы саналатын Бақтыбайдың Төлтайының шәкірті болдым. Ақыры, өзді-өзім болып аспап шабуды 9-шы класта бастаған екем. Негізгі құпия ағаш таңдауға байланысты. Жатқан ғылым бұл. Ыңғайы келсе, найзағай соққан қарағайды қолдану керек. Себебі, жай оты күйдіріп, ішкі жағы үңірейіп қалған қарағайдың дауысы айрықша болады» дейтін Таласбек есіме түседі. Оның қолынан шыққан домбыраларды әйгілі әнші Мәдениет Ешекеев, Сматай Үмбетбаев, Әділет Мусиндер ұстапты. Жәнібек Кәрменов те төрт-бес домбыра жасатқан екен. Небір ғаламат күйшілер туралы шығармалар жазған Мұхтар Мағауинның үйінде де бір домбырасы тұрған көрінеді. Сол Мұхаңның «Көкбалақ» әңгімесіне кейіпкер болған жеткіншек 1982 жылы орындаушы ретінде «Сазген» ансамблінің құрамымен Югославияға, 2004 жылы өнер труппасымен бірге Парижбен Сен-Жюльенде Женева қалаларына барып, әлемдік музыка мәдениеті фестиваліне қатысып қайтады…
Осындай інімен қатар өскен Қажығали осал болсын ба…
Сондайда, «Әттең, бұл күйеу жігіт өзінің туған қайынатасы Әбілмәш мұғалімді көріп үлгермеді-ау. Әне, бармағынан бал тамған шебер де, ғажайып домбырашы да со кісі еді! Дегенмен, өздері бір-бірін тауып қосылған екен» деп ойлайтынмын. Зәругүл де музыка маманы. Екеулеп түрлі тойлардың сценарийлерін жазатын сияқты; бірігіп, асабалық жасайды. Бұ жағынан, жаңашылдықпен ерекшеленіп, көңілден шыққаны соншалықты, өздерін көршілес ауылдармен қатар Ағадыр, Ақсу-Аюлы, Ақтоғай секілді ірірек елдімекендерге дейін шақырта бастапты. Сөйтіп, іс ауқымын кеңейтіп, тұрмыстарын түзейді. Газ-24 «Волга» автокөлігін алады.
Әйтеуір, тірліктері іш жылытатын. Ізденіп, шапқылап, адал еңбегімен бір бас малын қалайда екеу етсем деп тырбанған жан қашанда ризалық туғызбай ма.
Бірақ арада недәуір уақыт өткенде әлгі машинамен Ағадырдан келе жатып апатқа ұшырағанын естідік. Зайыбымен бірге мерт боп кетті. Жазмышқа не амал бар.
Одан бері де оншақты жыл ауысты ғой…
Таласбек болса, енді сол марқұм жеңгесінің апайы Заряның телефонын сұрап тұр.
Тауып бердім.
Соңғы тілдесуіміз екен.
Бертінірек мәлім болғанындай, құдашасымен хабарласып, одан Әсемқұловтар әулетінің ескі фотоальбомы жайын сұрайды. Тіпті, қайта-қайта анықтап білсе керек. Қажығали мен Зәругүлдің қолдарында қалған зат секілді.
Заря оны мұқият сақтап қойған екен. Дереу шығарып, екі-үш күннен соң інісі Қуандыққа ұстатып, Астанаға жөнелтеді. Тікелей Таласбек ағаңның қолына тигіз деп тапсырма берген.
Алайда қалта телефонын көтермепті. Долбарлап көрсек, бұл Таласбектің өзі де тура аттанып кеткен сәт…
Міне, сол іздеген нәрсесі қазір менің алдымда жатыр. Өмір бойы Таласбек көңілінің бір түкпірінде жүрген бағалы дүние.
Баяғы совет заманында шыққан альбом екен. Түсі жасыл. Әжептәуір қалың. Сыртында Ресей империясы Бас Адмиралдығы мекемесі ғимаратының сұлбасы бейнеленген. Оның астында «Ленинград – Leningrad» деген таңба тұр. Жүз бетке тура екі жүз бір сурет жапсырылыпты. Ерінбей санап шықтым. Алты жүзге таяу кескін бар. Бәрі бір-бір тағдыр. Бұлардың бүгінгі ұрпақтарын есептесе… Тұтас ғұмыр елестейді.
Суреттердің түсірілген уақытын мөлшерлесек, сол, 1940 пен 2000-шы жыл аралығын қамтиды-ау. Көбіне, әке-шеше, аға-жеңге, әпке-жезде, жора-жолдастың рәсімдері. Кеңсе маңайында, аулада, есік алдында, үй ішінде тартылған кескіндер.
Қоңырайған ғана қазақы әлем, құбатөбел тіршілік көріністері, қарапайым шаруа адамдары арасында ең көп кездесетін бейненің бірі анасы – Қамиланың суреті. Бұ кісінің тігінші екені байқалды. Ылғи іс тігу машинасымен отырады немесе ательеде әлдекімдердің өлшемдерін алып тұрады.
Анасы Қамила
Әке кескіні сирек. Білуімізше, Баймұхамед деген ағай. Ертерек қайтыс болған. Бір-екі ғана кейпі сақталғандай.
Әйткенмен, Таласбектің «Талтүс» аталатын өмірбаяндық романының бірқатар қаһарманын танып қалдық. Осы шығармада: – Әпке, маған неге сіз деп сөйлейсіз?! – дейді Әжігерей таңқалып.
Әкесі Баймұхамед
– Өйткені, мен сізді жақсы көремін ғой, – дейді Қалима күлімсіреп.
Әжігерей Қалиманың ай жүзіне, құлағындағы бұрама алтын сырғасына қарап сәл отырады.
– Ал Ырысқалиды ше… Ырымбек пен Құндыз, Қынабекті ше… оларды жақсы көрмейсіз бе?
– Оларды да жақсы көрем.
Екеуі үнсіз қалады.
– Ал сіз ше, – дейді Қалима, – Сіз мені жақсы көресіз бе?
Әжігерей маңдайын уқалап ойланады.
– Мен сізді аяймын, – деді содан кейін.
– Неге?
– Білмеймін, әйтеуір, аяймын…» деген жолдар бар.
Мұндағы Әжігерей – Таласбектің өзі. Қалима – Қамила апай. Шешелері. Автор атын аса өзгертпеген. Екі-ақ әріптің орнын ауыстырған.
(Осы орайда оқырманға түсініктірек болу үшін айта кетейік, күйші Жүнісбай ақсақал, кітапта – Сабыт, болашақ ізбасары ретінде туған жиені Таласбекті қырқынан да шықпай жатып алып кетіп, бауырына салып алады. Бала ержеткенше атасының қолында тәрбиеленіп, көп қасиетін бойына сіңіреді, күйін үйренеді. Көрсетілген үзіндіде сол бозбала өз шешесімен жүздесіп отыр. Анасы шалдың қолындағы осы ұлына ылғи «сіз» деп сөйлейді. Біртүрлі жатсынатынын аңдап сақтана ма екен, әйтеуір, абайсызда тіксінтіп алмайын дегендей, ылғи аялап, ақырын, сыбырлай тіл қатады).
«Ырысқали» дегені, әрине, Қажығали. Ал Ырымбек ең үлкен ағалары-ау. Романда әскерге шақырылып, сонда жүріп жараланып, кембағал болып оралатын жігіт. Тек оның шын атын білмейді екем. Маңайда сұрап, анықтап ала қоятындай да ешкім жоқ. Құндыз бен Қынабек дегендер өмірде Бақыт пен Талғат па деп жобалаймын.
– «Ертеңіне түстен кейін Құндыз әпкесі Ырысқали мен Әжігерейді ертіп алып ағайын-туғанмен амандасып шыққан. Жолшыбай талай әңгіме айтты. Сауда техникумында оқитын көрінеді. Енді екі жылдан кейін бітіреді екен. Алыстағы Алматы жайлы неше түрлі хикая шерткенде Ырысқали мен Әжігерей аузын ашып, көзін жұмған»…
Альбомдағы ең көп сурет те осы Бақыттыкі. Алматыда оқығаны аңғарылады. Ылғи қазіргі Республика сарайының тұсында немесе орталық демалыс бағының алдында, Көктөбеде түскен. Тіпті, күні бүгінге дейін осы қаланың тұрғыны болуы мүмкін. Анда-санда ұшырасып қоятын Талғат деген жасөспірім баланың түр-келбетіне қарап, кейіпкеріміздің інісі ме деп мөлшерледім. «Талтүсте» Сәтен есімді де қыз бар. Бұл Зәуреш емес пе екен?! Ол да Таласбектің апайы сияқты. Күйеуінің аты – Абайхан.
Таласбектің жас шағындағы суреттермен қатар тағы бір жиі кездескен кескін – Смағұлдікі. Қажығалидың досы сияқты. Әлде…
Таласбек «орыс мектебіне бергені үшін атама ризамын» деуші еді. Қажығалидың да сонда оқығаны байқалды. Төменгі сыныптарда түскен екі-үш суретінде өзге ұлттың ұл-қыздарымен қатар отыр.
Зәругүлдің Баймұхамед балаларына ұйытқы болып, шаңырақтың берекесін кіргізгені айқын сезіледі. Әулеттің үлкен-кішісінің бәрі ылғи соның айналасына шоғырлануға ұмтылғаны көрініп тұр (Негізі, оны апа деуіме де келе қоймайды. Менен бірер жастай ғана үлкендігі бар. Қажығалидан едәуір кіші)…
«Талтүс» шығармасында Қалима талай жылдар бірде тәтті, бірде кермек отбасылық ғұмырды қатар кешкен күйеуі Баймұқан (яғни, Баймұхамед) қайтқанда егіліп жылайды: «Елу сегіз деген еркек өлетін жас па екен?! – деді күйініп, – Топты бала-шағаны тастады да кете барды»…
Бұдан Таласбек әкесінің алпысқа жетпей дүние салғаны білінеді. Енді қарап отырсақ, өзі де тура осы жаста кетті емес пе…
Айналадағы жастайынан көрген күрделі жағдайлар, зұлымдыққа бейім кейбір қатарластарымен арадағы тартыс, тіршіліктің қатыгез заңдары қайсар, ойлы жеткіншекті тез шыңдайды. Үй ішіндегі кикілжіңдердің өзі, тумаған әже көрсеткен қорлық қаршадай баланың жан әлемін серпілтіп, өмірдегі сансыз сауалдардың жауабын іздеуге итермелейді. Қиялын ұштап, ширықтырып, ертерек пісіп-жетілуіне ықпал етеді. Жазушы өзі бастан кешкен қилы жәйттерді «Талтүсте» бүкпесіз кестелеген. Шығарма соншалықты шыншылдығымен де құнды.
Аталған туындының өн бойынан шеше мен ұлы арасында үздіксіз тартылған тылсым байланысты түйсінесіз. Бастапқыда ұзақ жылдар өз анасын қабылдай қоймаған баланың есейе келе перзенттік сезімі оянғаны байқалады. – «Қалиманың қалтырай жылағаны көз алдына келіп қалды. Бұрын атасы сияқты қайратты болатын. Еңсесі биік болатын… Соңғы рет иығының сұлқ түскенін, белінің бүгілгенін аяныштан жүрегі елжірей байқаған. Ол енді Сабыттың қызы емес, ол енді кәрі әйел… Өмірдің тауқыметін көп көрген, ауыр еңбектен белі бүгілген, кішкентай ғана қап-қара қолдары қағаздай жұқарған… кәдімгі кәрі әйел… Самайына ақ жүгірген, беті әжім-әжім… Әр әжімінен мейірім нұры төгіліп тұрады… Шашынан сипап, бетінен сүйсем, қап-қара алақанынан сүйсем… Суалған омырауынан иіскесем… мейірім қанар ма еді»…
Оны қоғамның да өгей балаша сыртқа тепкен сәттері аз емес екен. Себебі, оқыған-тоқығаны мол, алғыр қаламгердің оқшау ой, батыл пікірлері кейбір «әулиеге» түрпідей тиеді. Сол себепті, олар мұны қалайда мұқатуға әрекеттенеді немесе мүлде көзге ілмеуге, санатқа қоспауға тырысады. Әлгіндейлерге жақпадым дейтіні осыдан.
Төңірегінің түсінбеуі, ішкі күйініш, арпалыстың бәрі, әлбетте, табиғи үдерістер. Сондықтан, күйзелтті деп ешкімді кінәлаудың да реті жоқ-ау. Түрлі қайшылықтар халқының тағдырына алаңдаған жігітті әрдайым биіктерге бастап отырған.
Жасыл альбомдағы таныстары біздің қаһарманымызбен бірге талай ахуалды көрді ғой. Бірақ осы суреттерге тіл бітсе де, ай, бұлардың ешқайсы дәл Таласбекше қаны сорғалаған шындықты айта алмас еді. Ал кейіпкеріміз шымыр қолтаңбасы арқылы сананы дүр сілкінтіп, көзіңді шырадай жағып, тартымды бір кеңістіктерге жетелей береді. Және бұл альбом көпшілігіміз бастан кешкен белгілі кезеңдердің өзіндік бір куәсіндей. Осы жәдігерді иесі жоқ екен деп тастай салмағаны үшін Заряға зор рахмет айтқымыз келеді.
Бұл орайда, әрине, туған қарындасым мен үлкен ұлым көрсеткен көмекке тоқталмай кетсем қиянат болар. Бірі альбомды Зәругүлдің Ақшатаудағы туыстарынан алып, екіншісі Қарағандыға арнайы барып Алматыға жеткізіп, қолыма аман-есен тигізгенше әжептәуір еңбек сіңірді. Расында, ауылдан ертерек кеткендіктен шығар, араласамын дегенмен, кейінде тосырқап, ағайын-туыспен аса қатыса бермейтініміз жасырын емес…
Енді мұны кімге тапсырсам деп елегізіп отырған жайым бар. Таласбектің жолдасы Зира Наурызбаеваны сырттай ғана білемін. Балаларына бергенім дұрыс-ау. Әкелері ғұмырының сырлы шежіресіндей дүниенің шын қадірін солар ғана жіті сезінуі мүмкін.
* * *
Бәрін айт та, бірін айт демекші, сонау автобиографиялық романда Әжігерей бала ақыры туған анасына оралады. Мұнда қым-қуыт, бірақ өте қисынды өмір заңдылығы жатыр.
Сөйткен Таласбектің жарық дүниеден дәл өтер шақта әке-шеше, туған-туыстың бейнелерін іздеуі қатты ойлантты. Санадан тыс әлдебір беймәлім күш түртпектей бастаған. Құдай-ау, осындайда не сыр бар екен шынында деп, қиялданбасыңа лаж қалмайды.
Құлтөлеу МҰҚАШ.
Алматы.
Абай.kz
Дереккөз: http://www.qazaquni.kz/?p=32918