Жұма, 22 Қараша 2024
Құлақтың әңгімесі 9227 0 пікір 26 Қаңтар, 2015 сағат 09:52

БЕТПЕРДЕҢДІ ШЕШ, ҚАЗАҚ РЭПІ!

Құрметті оқырман, интернеттен Сәнімнің Заттыбек пен Тұрсынбекке арнаған романтикалық әзілін көрген боларсыз. Дегенмен, қазақ рэпі туралы не білесіз? Сіз қазақ рэпінің «бетпердесі» шешілгенін білесіз бе?

Бәрімізге белгілі, елімізде үлкендер жағы қазақ рэпіне қарсылық танытып жүр. Меніңше, бұл - бекершілік іс. Үлкендердің аталмыш бағытқа тіпті көңіл де бөлмеуін өтінер едім. Елге танылған қазақ рэперлерінен Жақау, Шоқан, Шыңғысты атауға болады.

Жақау рэптің еш пайда бермейтінін бұрыннан да айтып жүрген болатын. Ал қазір ол рэп сахнасын босатты. Бала-шағасы бар Амангелдіні (Жақау) рэп асырады десеңіз, күлкіге қарық қыласыз. Шоқанға келсек, қазіргі таңда оның дәрежесі төмендеп кеткен. Шыңғыстың жағдайы айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар сапалы өнім жасайтын атыраулық Тарлан деген жігіт бар. Белгілі бір компанияның қызметкері рэп арқылы күнін көреді деп ойлай көрмеңіз. 2012 жылы жария етілген «Қансонарда» альбомы биыл ғана шықты. Иә, бұл альбом да рэппен айналысудың бос әрекет екендігін дәлелдеді. Жалпы, адамның рэпте өмір сүруі мынадай себептерін көрсетсе керек:

1) Рэпер де кез келген шығармашылық адамы (айтары бар адамдар тобы) секілді рухани әлемге бойлайды;

2) Атақ-абыройды мақсат етіп (айтары жоқ адамдар тобы), бар күшін соған жұмсайды;

3) Қарапайым еліктеушілік.

Жақау мен Тарланның жырындағы мәтінді зерттейтін болсақ, мағынаны да, әдеби ұйқасты да табамыз. Ал Шыңғыс пен Шоқанның және қалған қазақ рэперлерінің мәтіндерін қарайтын болсақ, пешке жағып, үйді ағашсыз жылытуға болады. Сондықтан Жақау мен Тарланды ақындық шабыт әрдайым мазалап тұратыны анық.

Үлкендер жағы біле бермейтін болар, бірақ елімізде қазақ рэпі жоқ. Рэперлердің бір бөлігі өз өмірін жырласа, екінші бөлігі пиар жасап, атақ жинаумен әуре. Бір жағынан, қазіргі таңда студияда трек жаздыру тым қолжетімді. Youtube-те «Kery tart» («Кері тарт») деген бағдарламада еліміздегі рэпке қысқа-нұсқа сараптама жасалынады. Оны қазақтың қай баласы жүргізетінін білмеймін. Дегенмен, осы арнада қазақ рэпінің бетпердесі шешіліп, масқарасы шығып жатады.

Оқырман жұрт білмеуі мүмкін, сондықтан қазақ рэпіндегі негізгі жаңалықтарды айта кетейін. «АШ Қазақ Про» ұйымы жабылғанымен, «Джихангер Music» боп жалғасын тапты. Сәйкесінше, бұл ұйымда жастар бұрынғыдай көп емес. Иә, Sanim де осы ұйымның мүшесі. Екі топтың да басшылығы Шыңғысқа бұйырған. Ал ол Sanim секілді жас кезінде Жақауға «diss» (құрметсіздік белгісіндегі рэп) жазып, өзіне пиар жасаған болатын. Сол жылдары тыңдармандар екі жақтың рэп-айтысын бақылаумен болды. Нәтижесінде «АШ Қазақтар» көздеген мақсатына жетіп, тыңдармандардың телефонынан табылды.

«Джихангер Music» биыл тоғызыншы рэп-айтысты өткізгелі жатыр. Негізі, Шыңғыс мұндай нәрсемен айналыспайтынын айтқан еді. Жалыққан болар, сондықтан мұндай пиар жасау әрекетіне көшті. Себебі, бұған дейін өткізілген рэп-айтыстар көзбояушылыққа толды, жеңімпаздар сыйлықсыз қалды. Бір жағынан, жеңімпаздар қатарынан тек жақсы қарым-қатынаста болғандар табылды. Сонымен қатар еріккен рэперлер бір-бірімен жауласу арқылы да «жер өртеп» атын шығаруда.

Жалпы, рэп деген - музыкалық бағыттардың бірі. Бізге бұл Ресей арқылы жеткесін, әлбетте, біздің жүгермектер солардан көшіреді, еліктейді. Сонымен қатар музыка әлеміндегі кез келген әнші (топ) жоба болып саналады. Жобаның сапасы артқан сайын оны тұтынушылар көбейеді. Ал жобаның сапасын жауапкершілікке алатын бірден-бір адам – продюсер. Күлкіңіз келер, бірақ біздегі қазақ рэпінде продюсерлер жоқ. Тек студиялық жабдықтар жағынан ерекшеліктер болады.

Sanim де - уақытша жоба. Ол да бір күні бұл ісінен жалығып, екі қолға күрек табатыны сөзсіз. Иә, рэп бағытына көбінесе дауысы жоқ әншісымақтар кеп жатады. Эстрада жанрының да күні осы. Дауысы жоқ әншілер той арқылы «Қайрат Нұртасқа» айналғысы келеді. «АШ Қазақтың» жабылып, қайта құрылуы, Жақаудың рэптен кетуі, шымкенттік Baller-дің де жастарды алдауы, т.б. қазақ рэпіндегі жаңалықтар бұл бағыттың қазақ баласына абырой әкелмейтінін дәлелдей түсті. Сүйікті ісім деп айналысу – адамның өзін-өзі алдауы. Жастардың бұл бағытқа берілетіні еліктеуінде жатыр. Жасыратыны жоқ, рэперлер өз жырларын «тауар», «өнім» деп есептейді.

Музыканың адамға әсері өтпей қоймайды. Адам жақсы музыканы тыңдаған сайын жан дүниесі жақсара бастайды. Ал біздің рэперлердің жырлап жүргені: қосылмаған махаббат, агрессиялы қырам-жоям, т.б. Негізі, қазіргі таңда рэп әуендерді оқушылар мен студенттер тыңдайды. Олардың мінезіне, тәрбиесіне мағынасыз рэптердің зияны тимей қоймайды.

Sanim-ге оралсақ, оның бұл клипі - бар болғаны пиар жасаудың әрекеті екені айдан анық. Байқасаңыз, «романтикалық әзіл» деп алдын-ала жауабын да дайындап отыр. Тұрсынбек пен Заттыбек эстраданың адамы болғандықтан, Sanim-ді танымайтын эстрада көп кешікпей оны сөз ететін болады. Ал ар жағында «Джихангер Music» ұйымына жарнама жасалады. Меніңше, бұл «қуынды» немесе «жуынды» ұйымның жоспарындағы бар дүние сияқты.

Рэперлердің концерттік билеті 500 теңгедей-ақ болар. Бірақ бұл 500 теңге қалтаңызға сыймай жатса, жақыныңызға сыйлық жасауға мүмкіндігіңіз бар. Ал телефоныңызды болашағы жоқ рэперлердің сапасыз, мағынасыз әндеріне толтырған болсаңыз, оның жады толып кетеді. Білесіз бе, бір рэп кемінде 5 мб-тан жоғары болса, әке-шешеңіздің, жақындарыңыздың бір суреті 1 мб-тан әрең асады. Құрметті оқырман, сіздің таңдауыңызға, шешіміңізге қарсылығым жоқ, бірақ жас кезде уақытты білім алуға, кітап оқуға, үйренуге жұмсаған дұрыс. Иә, еріккен қазақ рэперлерінің, қазақ рэпінің арқасынан қағатын адамдар табылар, алайда көзі ашық, санасы ояу, оң-солын ажырата білетін азаматтар оған құрмет көрсетпейді, уақытын да бөлмейді.

Медет ЖАНСАНОВ.

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5308