ТҮРКИЯ ЕАЭО-ҒА МҮШЕ БОЛА МА?
Еуразиялық Экономикалық Одақтың ресми жұмысы басталғанына, міне, айға жуық уақыт болды. Аталмыш Одақ 1 қаңтардан Қазақстан, Ресей, Беларусь елдері аясында жұмыс істей бастаса, 2 қаңтардан бастап ресми түрде Армения Одақ мүшесі болып қабылданды. Қырғызстанның мүшелігі биылғы жылдың 29 мамырынан басталады деп күтілуде. Әзірге Одақтың ресми жұмыс нәтижесі көрініс бере қойған жоқ. Есесіне құжаттық келісімдер мен ақпараттық насихаттар белсенді түрде дәріптеліп жатыр.
Аталған Одаққа мүше елдердің елшілері 23 қаңтарда Анкарада баспасөз мәслихатын өткізді. Онда Түркияның да ЕАЭО-ға мүше болуы мүмкін екені айтылды. Осы отырыста Беларусь елшісі Андрей Савиных: «Біз ЕАЭО-ның Түркиямен сауда-экономикалық, инвесторлық қарым-қатынасына баса назар аударамыз. Әрі қызу қолдаймыз» десе, Қазақстан елшісі Жансейіт Түймебаев: «Түркия біздің жаңа экономикалық Одаққа толықтай мүше болуы мүмкін, Одақтың іскерлігіне Түркия қызығушылық танытып отыр. Біз әріптестік көрсетуге дайынбыз», - деп мәлімдеме жасады.
Түркияның Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше болуы мүмкін екені былтыр да айтылған. Н.Назарбаев былтырғы жылы маусым айында Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Түркияның Бодрум қаласында өткен саммитінде «ЕАЭО ашық ұйым, оған өзге мемлекеттердің қосылуына болады. Мәселен, Түркия және басқа мемлекеттер аталған бірлестіктің қауымдасқан мүшесі бола алар еді. Сонымен қатар, бұл мәселе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің құзыретіндегі шаруа саналады», - деп мәлімдеген еді.
Әлемде болып жатқан саяси-экономикалық жағдайларды сараптайтын болсақ, Түркияның ЕАЭО-ға мүше болуы әбден мүмкін. 1993 жылдың қарашасынан жұмысын бастаған Еуропа Одағына Түркия 1999 жылы үміткер ретінде тіркелді. Алайда әлі күнге дейін Еуроодақтың толық мүшесі ретінде қабылданбай келеді. Кеше Джибути республикасының президентімен кездескен Ердоған, Сомалидегі түрік делегациясына қатысты жасалған жарылыс туралы пікір білдіріп, таяу күндердегі Ислам атымен байланыстырылған терракттерді «Ислам фобиясын» тудырғысы келетіндердің ісі ретінде сипаттады. Ол өз сөзінде: «Бізді Еуроодаққа қабыл етер, мүмкін қабыл етпес, бұл маңызды емес» деді. Еуроодақты «Християн Одағы» тезисінде сипаттаған ол көптеген әлемдік ұйымдардың мүшесі болған Түркияның Еуроодаққа әлі күнге мүше бола алмау себебін басқадан іздеу керек екенін атап өтті. «Түркия енді күшті мемлекет, егер Түркияны есігіңізге келіп тіленеді десеңіз, қателесесіз. Түркия тіленші ел емес. Түркияның өз энергетикалық күші бар, Еуроодаққа қабылданбаса да өз жолымен жүре алады», - деп мәлімдеді Ердоған.
Былтырғы жылдың 1 желтоқсанында Ресей президенті Путин Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен Анкарада кездескен болатын. Онда олар екі ел арасындағы сауда әріптестігін сөз етуге бір жарым сағат уақыт жұмсаған еді. Осы кездесу туралы Ресей БАҚ-ы Путинді «олжалы» қайтты деп жазды. Путиннің Ердоғанға иілетін жөні де бар. Себебі, Қырымды алған соң Ресейдің Қара теңізге жолы ашылды. Түркияға, Еуропаға Қара теңіз арқылы газ тасымалдау Ресей үшін анағұрлым тиімді болмақ. Бұл шынтуайтында Ресей үшін ғана емес, жаңа құрылып жатқан ЕАЭО-ға мүше елдерге де тиімді.
Рубльдің құлдырауымен тұспа-тұс келген Еуразиялық Экономикалық Одақтың жұмысы, әрине, Ресеймен одақ құрған елдерге тиімдірек болғалы тұр. Бұндай ұйымға Түркияның қосылуы Одаққа мүше елдің қай-қайсысына да жағады. Түркия – 1961 жылы Еуропа экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының, 1971 жылдан Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының (ЕҚЫҰ) мүшесі. Сонымен қатар экономикасы қуатты, алпауыт жиырма мемлекеттің бірі ретінде тұрақтанған. Ислам әріптестік ұйымына да мүше Түркия Дүниежүзілік Сауда ұйымына 1995 жылдың өзінде мүше болып қабылданған. Сондай-ақ, Түркиядан сырт Армения, Қырғызстан елдері де ДСҰ-ға мүше.
Егер қазақтармен бауырлас Түрік елі Одақ мүшесі ретінде қабылданса, Қазақстанның «Тәуелсіздікке төнер қауіп турасында» алаңдамауына да болатындай. Былтырғы тамыз айында Ұлытау төрінде сұхбат берген Елбасы Назарбаев: «Тәуелсіздігімізге қауіп төндіретін қандай да бір одаққа мүше болмаймыз», - дей келіп, «Біздің «теңізіміз» Ресейдің, Қытайдың территориясы» деген еді. ДСҰ-ға кіруге аса ниетті Қазақстанның шикізат экспортында даңғыл жолға мұқтаж екені даусыз. Жаңа Одақтың «теңізі» ұлғая түссе, Қазақстан үшін нұр үстіне нұр болар еді.
Нұрғали Нұртай
Abai.kz