Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Біртуар 6462 1 пікір 29 Наурыз, 2017 сағат 16:59

Айша Абдуллина: Киелі саханадан 95 жасыма дейін түскен жоқпын

 

Өмір мен өнерден өз орнын ойып алған, қазақ халқының бекзат қызы, қазақ театрының саңлағы Айша Абдуллина апамызбен жүздесудің сәті түсті. Аты аңызға айналған өнер жұлдызын жас буынмен кездестірген сәт Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының  басшылығымен өткізіліп отырған «Сахнагер» ұлттық премиясының тапсырылу салтанаты болатын. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова «Театр өнерін дамытуға қосқан орасан зор еңбегі үшін» номинациясындағы ұлттық сыйлықты  101 жастағы Айша апамызға табыс еткен кезде жүрегі тебіренбеген жан қалмаған шығар.

Қасиетті өнер ордасына бүлдіршін шағында, нақтырақ айтсақ, 15 жасында кірген Айша апамыз 200-ден астам бейнені сомдап, сан мыңдаған көрерменнің көзайымына айналып, 95 жасында құрметті демалысқа шыққан болатын. Жасы жүзден асса да, қимылы ширақ, ойы тұнық алтын апайымызға қойған алғашқы сұрағымыз «Үкілі үміттері жетелеп, сіздің ізбасарыңыз болсақ деген өнерпаз жастарға қояр тілегіңіз қандай?» деген сауалмен басталды.

-Мен өмірдің ащысы мен тұщысын, қуанышы мен қиыншылығын көп көрдім. Шүкір, өнерімді халқым аса жылы қабылдады, қошемет-құрметін аяған жоқ. Дегенмен, қазіргі жастарға қатты қызығамын. Олардың алдындағы кеңістік көкжиегі біздердікіне қарағанда кеңірек. Ең алдымен осы кешті ұйымдастырушыларға, кешке арнайы шақыртып отырған министр Арыстанбек балама алғысымды білдіргім келеді. Талай салтанатты көргеніммен, мына өткізіліп жатқан шараларыңыздың мазмұны да, тәрбиелік мәні де, өнер адамдарына сыйлайтын шабыты да ерекше екен. Бұрын мұндай жоқ болатын. Жас кезімнен өнер әлемінде жүргендіктен, ондағы жаңалықтарды да жіті қадағалап отырамын - деп апамыз көңіліндегі ризашылығын ірікпестен ағынан жарылды.

-Сізбен сұхбаттасу бақыты ілуде біреуге беріледі. Апай, өз аузыңыздан естиік, өмір жолыңызды қысқаша баяндап өтесіз бе?

-Мен қазақ академиялық театрына жастайымнан кіргенмін. Сол жерде актриса ретінде танылып, өз көрермендеріммен табыстым. Алайда  шыңдалған ортам Шымкент қаласындағы театр болды. Шымкент театрындағы актрисалардың бірі қатты науқастанып қалғандықтан 1947 жылы мені бір айға іссапарға жіберді. Іссапарға бару мақсатым Шымкент театрындағы «Достық пен махаббат» спектаклінде басты рөлді сомдау және сол жақтағы әріптестеріммен тәжірибе алмасу еді. Театрға келгенімде режиссер қойылымның декорациясы мен костюмдерін даярлау үшін ақшаның жоқ екендігін ескертіп, концерттік номерлермен ауыл-аймаққа шығу керектігін айтты. Мен режиссердің ұсынысын қабылдап, аз ғана уақыт ішінде концерттің бағдарламасын даярладық. Бұрын қойылып жүрген «Еңлік-Кебек» пьесасының үзіндісін де, менің орындауымдағы халық әндерін де ауыл халқы жақсы қабылдады. Шымкенттің халқы сауықшыл, кісіні жатырқамайтын, өнерді бағалайтын халық екен. Гострольден спектакльдің қойылымына молынан жететін ақшамен оралып, өз жұмысымызға кірістік. Қойылымды жұртшылық жақсы қабылдады. Іссапардың аяқталар кезінде театр басшылығы маған осы жерде қызметке қалуға ұсыныс жасады. «Жағдайыңызды жасаймыз, отбасыңыз болса, үй береміз» деген соң  Шымкент жұртының ыстық ықыласын қимай сонда қалуға бел будым.

- Бұл шешіміңізге өкінген кезіңіз болды ма?

-Жоқ, неге өкінейін? Отбасымды көшіріп әкелдім. Ол кезде жолдасым майданда еді. Менің ата-анам ерте қайтыс болып, мен ата-әжемнің тәрбиесін көргенмін. Мені өсірген атам да ол кезде бақилық болған. Сондықтан әжемді, майданға кеткен нағашымның екі баласын алып, Шымкент театрына қызметке келдім. Сол киелі сахнадан 95 жасыма дейін түскенім жоқ. Сомдамаған бейнем болмады. Қыздың да, кемпірдің де рөлін сомдадым. Шекспирдің «Дездемонасынан» бастап, орыс, өзбек басқа да ұлттардың әйел бейнелерін сахналадым. Бейнелерді сомдау үшін сол ұлттың психологиясын зерделеуге, кейіпкеріммен етене танысуыма тура келді. Қасиетті сахна мені мүйізі қарағайдай өнер тарландарымен, халық әртістерімен, жанып тұрған жастармен таныстырды. Халық әртісі атандым, талай мемлекеттік марапаттауларға ие болдым. Жамбыл Жабаев, Күләш Байсейітова сияқты аты аңызға айналған тұлғалармен бірге Мәскеуде Сталин, Молотовтардың дастарханынан дәм таттым. Бұл маған жаратушы сыйлаған үлкен бақ. Қазір қызым мен күйеу баламның қолындамын. Немерелер мен шөберелер сүйіп отырған бақытты әжемін. Күйеу балам қырғыздың жаны жайсаң азаматы.

-Ұзақ жасауыңыздың құпиясы неде?

-Бұл Алланың берген сыйы. Ата-анам дүниеден ерте қайтып, мені ата-әжем өсіргендіктен жетім-жесірлерге көп болыстым. Әр күніме шүкіршілік етумен өмір сүрдім. Ешкімге ренжігенім жоқ. Ішімді жегідей жейтін өкінішім жоқ.

-Ғасырмен бірге жасаған қария, елінің еркесі, абзал ана ретінде жас өркенге қандай өсиет айтар едіңіз?

-Жастар, сендер бақыттысыңдар! Біздің жас кезімізде мұндай мүмкіндік болған жоқ. Қандай рөл берсе де, ризалықпен қабылдап, абыроймен сомдап шығуға ұмтылыңдар. Сонда халықтың ризалығын алып, еңбектеріңнің жемісін жейсіңдер.

-Ғұмырыңыздың 64 жылын Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрының сахнасына арнап, халқымызды өнеріңізбен сусындатқан Сіздің өнегелі өміріңіз кейінгі ұрпаққа жұғысты болсын! Сізге айтар алғысымыз шексіз.

P.S. Бүгін Астананың Орталық концерт залында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұжымы Ұлыстың ұлы күніндегі Наурыз шашу думанына қатысты.  Министрліктің құтты қонағы болып келген Айша апамыз біздің тойымызға құр келмеген екен. Сахна төрінде шабыт шақырған 101- дегі халық әртісі  көрермен қауымға әннен шашу шашты.

Ғ. Сәрсенұлы

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969