Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Асқанға - тосқан 7087 3 пікір 4 Сәуір, 2017 сағат 20:40

Бигелдінің өзі галлюцинацияға ұшыраған

Аbai.kz ақпараттық порталының почтасына белгілі журналист Жұмаш Көкбөрінің Бигелді Ғабдуллин туралы жазған материалы келіп түсті. Біз аталмыш мақаланы толық жариялай отырып, екінші тараптың да айтары болса, оларға да мінбер беретінімізді ескертеміз. 

Аbai.kz ақпараттық порталы

Central Asia Monitor» деген кілең қазақтар шығаратын орысша газеттің сотталып келгенге дейінгі бас редакторы болған Бигельди Габдуллин туралы әлеуметтік желіде бір-екі ауыз пікір айтқаным үшін осы газетте менің өмірбаянымды тәптіштеп жазған не мақала, не суреттеме, не өсек-аяң екені белгісіз бір жазба шықты.

Ал, менің білетінім, Бигельди Габдуллин қалың қазақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы есеңгіреген жоқшылықтан есін жинай алмай жүргенде, ол өкіметке қарсы «ХХІ век» деген аузына келгенін айтатын газет шығарып (кімнің ақшасына екені жұмбақ), саусағына алтын жүзік тағып, шырттай киініп, астына шетелдік көлік мініп, шалқып жүретін еді. Оның бұл газетінде өкіметке жапқан толып жатқан өсек-аяңды былай қойғанда, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы талай дүние жазды. 

Сөйтіп жүргенде ол қарамағындағы журналистерді тастап, Атлант мұхитының ар жағынан бірақ шықты. Елбасымыздың кешірім беріп, біраз жылдан кейін қайтып келіп, енді не орысша, не қазақша емес, «Central Asia Monitor» деген газетті шығара бастады. Шығарса шығара берсін, бірақ осы газеттің Қазақстанда сайда саны, құмда ізі жоқ, «казахский национализм» деген тақырыпта қайта-қайта материалдар ұйымдастыруы, адам сескенерлік іс болды. Өйткені, сонау 37-жылдардағы қазақ зиялыларын атып, асу мен қуғын-сүргін салып, 1986 жылғы Желтоқсандағы қырғын кезінде де осы бір «казахский национализм» деген сөз қазақ халқының басына қара күн туғызып еді.

Енді міне, «Central Asia Monitor» соның үшінші кезеңін бастады ма деп қорқамын. Мен осыны айттым. Менің жүрген, тұрғанымды ғаламтордан із кесіп іздестірген Бигельди Габдуллиннің газетіне ұқсап, оның жатқан-тұрғанын, отбасындағы өзгерістерді тізбелемей-ақ қояйын. Бірақ оның облыс әкімдерін, ірі-ірі қалталыларды қорқытып ақша сұрағаны, сол үшін сотталғаны туралы естігенде оның қандай адам екенін әбден түсінгендей болдым.

Бәсе, әне бір кезде Биекең бас редактор болып тұрған, сотталар кездің алдында газеттің бірнеше нөміріне Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев туралы не мақала, не суреттеме, не журналистік зерттеу деуге келмейтін отбасы, ошақ қасындағы қатын-қалаши әңгімені қайта-қайта қаулатуынан-ақ шошып едім. Сол мақалаларда Қырымбек мырза мен ақсақал жазушы Ә.Нұрпейісовтың арасындағы әлдебір ренішті жағдай қосарланып отыратын еді. Бұл жолы мақала авторы О. Сүлейменов үшін шыр-пыр бола қалыпты.

Ал О.Сүлейменов туралы қазақ арасындағы пікір екіге айрылғаны бір бүгін емес. Ол осыдан жарты ғасырдай бұрын, әсіресе, Алжас Амарович (орыс тілділер оны осылай атайды) «Адамға табын, Жер енді» деп күркіреп өлең оқыған Кеңес заманында-ақ басталған. «Central Asia Monitor»-дағы мені кекетіп-мұқатпақ болған «жазбада» «Олжас» деген сөз Семей Ядролық полигонын жаптыру жолындағы шежіреге алтын әріптермен жазылған» деген сөз бар. Олжастың қазақ үшін кім екені туралы ПЕН клубты Бигельдинге бере салған ақсақал Ә.Нұрпейісовтың қандай пікірлер айтқандарын Бигельди өте жақсы біледі. Ал Алжас Амаровичтың оның Семей полигонын жаптыруға тікелей қатысы жоқ, ол тек ұрандар көтеріп шыққан жиындар мен қойылым, шоулардың басы-қасында (онда да жоғарғы жақтың тапсырмасымен) жүргені туралы газеттерде талай рет жарияланды. Олжас ҚХК партиясын басқарып тұрған кезде партияның бағдарламасына ұсынылған қазақ тілін өркендету, қазақ халқының қайта өрлеуі және басқа да ұлттық мәселелерге байланысты ұсыныстар алынып тасталғаны туралы материалдар да біздің қолымызда бар.

О. Сүлейменовтің қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге және Қазақ Республикасы деген атауға қарсы шыққанын, қазақ әдебиеті «вторична» дегенін, Иманғали Тасмағамбетов 2006 жылдың 1-қаңтарынан бастап Алматыда бүкіл іс қағаздарын қазақшаға көшіреміз дегенде осы Алжас Амарович ер-тоқымын бауырына алып тулағанын жұрттың бәрі біледі.

Ал, тағы да Алжас Амарович туралы біздің қолымыздағы толып жатқан сын-пікірлерді, қазақтардың наразылығын айтпағанда ол басқарған Невада-Семей қозғалысына қатысты қаржылық тексерулер материалдарының өзі Олжекеңнің абыройын айрандай төгуге мол жетеді!

Айтпақшы, мен туралы осы газеттегі жазбада мені галлюцинацияға ұшыраған деген сөз бар. «Галлюцинация» миға зақым келген, есалаң дегенді білдіреді. Елбасымыздың мейірімділігінің арқасында қылмысы үшін түрмеде бар болғаны екі ай отырып, шартты түрде бес жылға сотталып, пойыздан түсіп жатқан Бигельди Габдуллиннің бір әйелді құшақтап алып, еңкілдеп жылағанын теледидардан көріп, галлюцинация, яғни, миға зақым келген деген осы шығар, әйтпесе, екі ай емес, екі жыл отырғанда мына түрімен Биекең не болар еді деп тағы қайғырғанбыз.

Ал «Central Asia Monitor» бұдан былай не ұйым, не партия, не қозғалыс емес «казахский национализм» деген жымысқы мақалалар басуды тоқтатуы керек.

Жұмаш Көкбөрі

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969