Баукеңнің елесі немесе "қопарып" сөйлейтін қатындар
Бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбайдың «Атқосшы» деген әңгімесінде дастархан басында отырған азаматтарды Баукеңнің «Сендер ата жолын ұмыттыңдар!» сөгетіні бар. Сол сияқты ата жолынан, дәстүр-салтымыздан ажыратататын уақиғалар әттең-ай дегізеді. Таяуда өте бір құрметтейтін ініміздің қазасына байланысты құдайы Асқа қатыстық. Сол жерде суырылып тұрған бір әйел дастарханды жүргізсін. Дауысы нық, шегелегендей. Құран оқылмай тұрып ал бір жарты сағат көсілді дейсіз. Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін түрі бар. «Біз қопарып сөйлейтін, қотарып сөйлетін адамдармыз» дейді.
Жүргізгенінде мін жоқ. Ешкімнің аузын аштырмайды. Дастархан басында сыбыр-күбір әңгіме шықты. «Шариғатта әйел адамды тіпті жерлеуге де қатыстырмаушы еді, әйел адамның қаза дастарханын жүргізгені несі?» десті. Біз де ойланып қалдық. Шынымен де той емес, құдалық емес, әйел адамның өзеуреп қаза дастарханында сампылдауы көрер көзге де, естіген құлаққа да жағымсыздау көрінді. Салт-дәстүрді ардақтамайтындар не ұялып өзі қоймайды, не келген жұрт ештеңе айта алмайды. Бөтеннің дастарханы болған соң амалсыз шыдады.
Қаза дастарханын әйел билеген сөлекет жағдай тіпті орыстарда да жоқ. Осы жиынға Баукең қатысып отырғанда ғой, «қопарып» сөйлейтін қатындар жым болар еді. Ендеше Баукеңнің әруағын сыйлап, біз де ата жолымыздан адаспайық, ағайын! Қанша жерден шешен болса да, көсем болса да қаза дастарханының тізгінін әйел-тамадаларға беруден аулақ болайық!
Марат Тоқашбаев
Facebook-тегі парақшасынан