Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3587 0 пікір 13 Мамыр, 2009 сағат 21:37

Қазақстан кеденшілерінің Байқоңырдағы акциясы

Наурыз айының 31-і күні Байқоңыр қаласындағы отандық кеденшілер “Кеден келбеті айқын” атты журналистік десант акциясын өткізді.

Наурыз айының 31-і күні Байқоңыр қаласындағы отандық кеденшілер “Кеден келбеті айқын” атты журналистік десант акциясын өткізді.
Акцияға арнайы шақырылған жалдық сипаттағы өңірден сыртқы экономикалық бағыттар бойынша жұмыс жүргізетін қазақстандық және ресейлік мемлекеттік орган қызметкерлері, республикалық телеарналардың аймақтық тілшілері, облыстық бұқаралық ақпарат құралдары мен жергілікті басылымның өкілдері қатысты. Стратегиялық маңызы зор айлаққа осыдан он алты жыл бұрын ірге тепкен  Байқоңыр кедені өз қызметі аясында ресейліктердің құзырындағы ғарыштық кешен мен “Крайний”, “Юбилейный” әуежайларына қоса Төретам темір жол бекетін және іргелес Ақай қыстағын да қамтиды. Бұл сала қызметкерлерінің басқа өңірлердегі әріптестерінен ең басты ерекшелігі – Қазақстан-Ресей арасындағы екі жақты қол қойылған халықаралық Шарттар мен Келісімдерді басшылыққа алады. Олардың арасында республикамыздың Кеден комитеті мен федералдық мемлекеттік Кеден комитетінің “Байқоңыр кешеніне Ресей Федерациясынан әкелінетін және Байқоңыр кешенінен Ресей Федерациясына шығарылатын тауарлар мен көлік құралдарын оңайлатылған кедендік рәсімдеу мен кедендік бақылау жүргізу туралы” уағдаластығы да  бар. Айрықша мәртебе берілген аймақта шекара қызметінің болмауына байланысты жергілікті кеден ұжымы бұл міндетті де қоса атқаруға мәжбүр.
– 2007 жылы рәсімделген жалпы тауарлар мен көлік құралдарының сыртқы сауда айналымы 2 млрд. 467 млн. 856 мың АҚШ долларын құраса, былтыр бұл көрсеткіш 2 млрд. 913 млн. 206 мыңға жетті, - деді Байқоңыр кеденінің бастығы, кеден қызметінің подполковнигі Қайырбек Дүрменбаев жиналғандар алдында. – Кедендік төлемдер мен салық көлемі де соңғы төрт жылдан бері өсіп келеді. Осы бағытта отандық мамандар мемлекеттік бюджетке 221 млн. 679 мың теңге түсірген. Бұл бастапқы болжамның 112 пайызға жоғары орындалғандығын айғақтайды.
Әкімшілік тосқауылдарды азайту мақсатында тындырылған шаруалар да аз емес. Ең бастысы, кедендік декларацияны тіркеу және шығару жұмыстарын “бір терезе” жүйесі бойынша реттеу білікті маманның біріне бекітілген. Бұл бастама уақыт көлемін мейлінше қысқартып, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың шығындарын үнемдеуге мүмкіндік беруде.
 
Нұрлан МЕРАЛЫ,
“Сыр бойы”.
Байқоңыр қаласы.
03.04.09
МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ ІСІНЕ МӘН БЕРІП ОТЫР
 
Наурыздың 27-сінде облыстық мәслихаттың кезекті ХV сессиясы болып өтті.  
Күн тәртібіне алғашқы мәселе – облыстағы орта және шағын кәсіпкерліктің жайы, оларды қолдау шаралары туралы облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов баяндама жасады. Жыл сайынғы Елбасы Жолдауында аталған саланы дамытуға байланысты нақты міндеттер қойылып келеді. Осының нәтижесінде Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдайлар жасалып отыр. Өткен жылы біздің өңірде шағын кәсіпкерлік орындары 4,7 млрд. теңге көлемінде салық түсімдерін түсірді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 500 млн. теңгеге артық. Былтыр кәсіпкерлік нысандарын тексеруге мораторий жариялануы бұл саланың дамуына оң әсерін тигізді.
Әлемдегі қаржы дағдарысы еліміздегі орта және шағын кәсіпкерлік саласының өрісін тарылтып, кейбір көрсеткіштерге кері ықпал етті. Алайда, біздің өңірде бұл бағытта нәтижелі жұмыстар жүзеге асырылып отыр. Саланың дамуында қаржылық-несиелік ресурстардың алатын орны ерекше. Сондықтан өткен жылы кәсіпкерлік нысандарын несиелендіру мақсатында жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңге көлемінде қаржы қаралды. Қаралған қаржының тең жарымы “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы әріптес банктерге аударылды. Экономиканың басым бағыттары бойынша 63 жоба облыстық комиссияның қарауынан өтіп, аталған банктерге несиелендіруге ұсынылған. Осының нәтижесінде кәсіпкерлік нысандары ұсынған 9 жоба қолдау тауып, оған 107 млн. теңге қаржы бөлінді. Кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы Байқоңыр қаласында 5 жұмыс орнын ашуды көздейтін бір жоба несиелендірген. Бұл мақсатта 60 млн. теңге қаржы игерілді. Сонымен қатар өткен жылы “Даму-аймақтар” бағдарламасы бойынша облыс көлемінде жалпы құны 167 млн. теңгені құрайтын 10 жоба қаржыландырылған.
Екінші деңгейлі банктер тарапынан несиелеу бағдарламасына қатал талаптар қойылған. Ол орта және шағын кәсіпкерлік нысандарын бюджет есебінен несиелеу бағдарламасының баяу жүруіне алып келді. Осыған байланысты биылғы жылы аталмыш мақсатта облыстық бюджеттен бөлінген 250 млн. теңгені толық игеру мақсатында “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” облыстық филиалының несиелеу тетігін енгізу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Ол ауылдық жерлердегі кәсіпкерлердің несие ресурстарына қол жетімділігін арттырады.
Баяндамашыдан кейін депутаттар тарапынан сауалдар қойылды. Депутат Нұрмұрат Ерманов бүгінгі күні қалада “Жібек жолы" каналы бетондалып, облыс орталығын аяқсумен қамту мәселесінде оң істер атқарылып жатқанына ризашылығын білдірді. Алайда, қаланың “Арай” аймағында тұратын тұрғындар каналдан су алу мәселесінде қиындықтар көрмей ме? Өйткені, “Арайда” қаншама халық есік алдына көкөніс-бақша дақылдарын егіп, кәсіпкерлікпен шұғылданады. Сонымен қатар ағыны қатты каналда балалардың суға түсу қауіпсіздігін сақтау жайы қалай болады деген пікір бар. Облыс басшысы “Жібек жолы” каналын ретке келтіру мақсатында барлық шаралар ескерілгенін айтып өтті. Қаланың “Арай” аумағындағы тұрғындар да аяқсусыз қалмайды. Бұл аумаққа су арнайы бетондалған арықтар арқылы жеткізіледі. Каналда қауіпсіздік сақтау мәселесі де назардан тыс қалмаған. Балалардың суға түсуіне қолайлы 7-8 орын белгіленген. Ол жерлерде қауіпсіздікті сақтау шаралары ескерілген.
Депутат Қалқазбек Әжібеков  жергілікті жерлерде салынып жатқан кейбір әлеуметтік нысандардың жобалық құны неліктен қайта қаралып бастағанына байланысты сауал қойды.
Облыс әкімі бұл орайда дағдарыс жағдайына байланысты құрылыстың жобалық құнының қайта сарапталғанын жеткізді. Мәселен, алғашқыда 250 млн. теңгеге жобаланған балабақша құрылысы қайта сарапталғаннан кейін 150 млн. теңгеге дейін шегерілген. Өйткені, дәл сондай ғимарат Ақтау қаласында соңғы айтылған қаржыға салынуда. Бұрнағы жылдарда жобалық құн бойынша жұмыстар ретсіз жасалған. Енді ондай ағаттықтарға жол беруге болмайды. Осының нәтижесінде үнемделген қаржылар өзге әлеуметтік жұмыстарға пайдаланылады.  
Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға қолбайлау болып отырған жайлар аз емес. Осы орайда депутат Алмагүл Божанова көп жағдайда елдегілердің несиеге қолжетімділігі төмен болып жататынын айтты. Өйткені, қаржылық-несиелік ұйымдардың талабы қатаң. Оған кез-келген адамның шамасы келе бермейді. Сонымен қатар мемлекет қаржысына салынып жатқан кейбір әлеуметтік нысандар мәселесінде ағаттықтар да кездеседі. Мәселен, көп жағдайда жергілікті жерлердегі коммуналдық мәселелер шешімін таппаған. Осының салдарынан қаншама қаржыға салынған ғимараттарда аталған мәселелер ескерусіз қалады. Ал депутат Жарылқасын Шәріпов кәсіпкерлікті дамыту бағытында импортты алмастыратын тауар өндіретін кәсіпорындарға назар аудару керектігіне тоқталды. Біздің өңірде шұбат және қымызды ұнтақ түрінде өндіріп, экспортқа шығаруға мүмкіндігі бар өндіріс орындарын қолдауға маңыз берілгені артық емес. Бұл орайда М.Жайымбетов біздің өңірде ірі наубайхана, жылыжай және құс фабрикасын іске қосу жобалары ойластырылып отырғанын айтып өтті. Баяндамашының сөзін толықтырған  облыс әкімі өткен жылы кәсіпкерлермен кездесуде аталған жұмыстарды жергілікті іскер азаматтардың назарына салғанын тілге тиек етті. Осы мақсатта талап білдірген азаматтарға коммуналдық жағынан қолдау жасалады. Алайда, әзірге бұл іске бел шешіп кірісетін кәсіпкерлер табылмай отыр. Облыс басшысы осы орайда сырттан келген компаниялардың жұмысын мысалға келтірді. Олар өндірген өнімдер біздің еліміздің өзге өңірлерінде шығарылмайды. Мәселен, каучук шығару әзірге біздің облысымыздың еншісінде ғана болып отыр. Сондықтан кәсіпкерлік саласын несиелендіруде алдағы уақытта халықтың сұранысын қанағаттандыра алатын кәсіпорындарға баса назар аудару маңызды. Ал салынып жатқан әлеуметтік нысандардың коммуналдық жүйелерін іске қосу мақсатында бірқатар жұмыстар белгіленген. Оған қажетті қаржылар аудан бюджетіне мақсатты трансферттер арқылы бөлінеді. Осының арқасында аудан басшылығы салынып жатқан нысандардың коммуналдық проблемаларын шешу мақсатында нақты жұмыстар жүргізеді. Сол маңнан скважина қазу қажет пе, су құбырларын тарту қажет пе? Оны жергілікті басшылық өздері анықтайды.   Депутат Нұрлан Құдайбергеновтің былтыр инвестициялық форум неліктен өткізілмей қалды деген сауалына Болатбек Баянұлы ұсынатын  лайықты жобалар түспеуінен оны өткізу қажет деп табылмағанын алға тартты. Депутат Қылышбек Әбішев ауыл шаруашылығы құрылымдарын қаржыландыру мәселесі сын көтермейтінін жеткізді. Атап айтқанда, былтыр тұқым дайындауға қаралған субсидия игерілмей қалған. Бұл сауалға М.Жайымбетов “Қазагроқаржы” АҚ облыстық филиалы арқылы қаржыландыру ойластырылып жатқанын атап өтті. Биыл ауыл шаруашылығы құрылымдарын қолдау мақсатында республикалық бюджет есебінен біздің облысқа 1,6 млрд. теңге қаржы қаралған.
Депутат Әділбек Әйімбетов өзі басшылық жасайтын “Қамыстыбас” балық питомнигінің жұмысын кеңейту мақсатында көлдер тауарлық шаруашылығын дамытудың маңызы зор екенін айтып өтті. Бұл бағытта Қамыстыбас көлдер жүйесінің негізінде бірқатар іс-шараларды жүзеге асыру көзделген. Алайда, оны қаржыландыру мәселесі қиындық келтіреді. Көптеген қаржылық-несиелік ұйымдар түрлі себепті желеу етіп, оны қолдауға құлық таныта бермейді. Балық шаруашылығы саласының белгілі маманы Құдайберген Саржанов та осыған орайлас ой айтты. Бүгінгі таңда Арал теңізі мен Сырдария өзенінде қаяз балығын өсіру жұмысы қолға алынған. Бұл әлемде кездеспейтін балық түрі саналады. Жұмыстың жүргізіліп жатқанына биыл төртінші жылға аяқ басты. Нәтижесі де көңіл демдерліктей. Бұрынғы жылдарда тұқымы құрып кете жаздаған балық түрі қазір көбейіп келеді. Осы мақсатта оны сақтау мәселесін ескермесе болмайды. Соңғы жылдары облыс басшылығы тарапынан аймақтағы көлдер жүйесін қалпына келтіру бағытында іргелі істер жүзеге асырылуда. Әрине, бұл біраз уақытты қажет ететін үлкен жұмыс. Дегенмен, бүгінгі күндері атқарылуға тиістілері баршылық. Мәселен, Аманөткел плотинасын жөндеу арқылы сол маңдағы көлдер жүйесін реттеуге болады. Осының нәтижесінде 15 көлді суландыруға жол ашылады. Бұл маңда 6 ауылдық округке қарасты 10 елді мекен бар. Аталған жұмысты жүзеге асыру арқылы 100-150 адам балық шаруашылығына көңіл бөліп, кәсіпкерлікпен айналыса алады. Осының нәтижесінде келешекте жылына 100 мың тоннадан астам балық өндіруге болады.  Бұл үшін жергілікті бюджет есебінен қомақты қаржы талап етіледі. Аталған жұмыстар бүгінгі күндері жүзеге асырылмаған жағдайда келешекте оған қазіргіден бірнеше есе көп қаржы жұмсауымыз мүмкін.
 
Әділжан ҮМБЕТ, “Сыр бойы”,
Қызылорда облысы.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366