Екінші думаның екі күні (жалғасы)
(жалғасы. Басы мына сілтемелерде. Бірінші сілтеме, Екінші сілтеме).
Астарлы жоба
Ақыры ағарту министрі Петр Михайлович фон-Кауфман халық ағарту мәселесіне байланысты заң жобасымен халық өкілдерінің алдына шықты. Жүзінен парасатты байсалдылық ескен, жасы елулерді еңсерген осынау ақсүйек Думада күл астында бықсып жатқан отқа май құярмын деп ойламаған да болар-ау. Қалай болғанда да, министрдің жобаны Думаға ұсынған және онысын депутаттар талқыға салған бір күннің өзінде пікірлер шарпысы өрт бап лаулап, шегіне жетті. Айналып келгенде, отаршыл империяның жүрек айнытар екіжүзді бейнесі іс жүзінде Таврия сарайы күмбезі астындағы рухани айнаға шағылысқандай айқын көрініс тапты.
Жалпы, Екінші Думаның пленарлық мәжілістерінің буырқанып, қызу айтысқа толып өтетіні әдетке айналған-ды, бірақ, меніңше, депутаттардың тап осы оқу мәселесін талқылауы қилы көзқарастарды жалаңаштап, айрықша бет жыртысуға апарды ғой деп ойлаймын. Дұрысында, отаршылдықтың жабайы түрі өршіген империяда ұлт мәселесінің шиеленісіп тұрғанын көрсетті. Думаның жалпы жиналысының бір ғана күнінің өзі. 1907 жылғы 4 мамырда өткен отырыс. Қалай дейсіз ғой?
Империяның ағарту министрі гофмейстер фон-Кауфманның Дума мүшелері алдына шығып, министрлігінің жалпыға бірдей міндетті болмақ бастауыш оқу жүйесін құру жайындағы көзқарасын түсіндірді. Және соны қамтамасыз етуге тиіс заң жобасын Мемлекеттік Думаның талқылауына ұсынды. Мұнысы өз ретімен жасалған орынды шара екені рас. Жоспар жақсы, игі ниеттен туған. Бүкіл халыққа бастауыш білім беру дегеніңіз, шіркін, арман ғой. Әсіресе әліпті таяқ деп білмейтіндер толып жатқан біздің қыр үшін бұл бір ертек емес пе. Дегенмен шу туғызған мәселенің өзі сол жып-жылмағай жобадан басталды ма деймін.
Мен, әйтеуір, гофмейстер мырзаның әдемі сөздерін тыңдау үстінде біртүрлі тіксініп қалдым, өйткені оның талдауларында бұл министрлігіңіздің мұсылман жұртын есепке қоспағанын аңғардым. Біздің былтырғы жылғы тамыздың екінші жартысында өткен үшінші съезіміздің шешімдері, ондағы мектеп ісіне қатысты қабылдаған қаулыларымыз далада қалғандай көрінді. Министрлікке, үкіметке жіберген өтініштеріміз назарға алынбаған боп шықты.
Мәселен, мен империя бойынша сипаттаманы, тіпті, қызыға тыңдадым деуіме болады: ер адамдар арасындағы сауаттылар үлесі 29-дан 33 пайызға дейін, ал әйелдер арасында бұл көрсеткіш – 13 пен 6 пайыз арасында екен. Демек, ерлердің үштен бірі, қыз-келіншектердің оннан бірі ғана хат таниды. Ағарту саласында атқарылуға тиіс жұмыс шаш-етектен деген сөз. Солай деп жалпылама ойлағандықтан, әлгі пайыздық деректер келтірілгенде, мен оларға соншалықты терең мән бермеген едім. Алайда артынша министр мырза соларды ұлтқа қарай жіліктеген кезде, мен еріксіз, жоғарыда айтқанымдай, мұсылмандар қозғалысын толғантып жүрген жәйттерді еске түсірдім.
Фон-Кауфман империя халықтары арасындағы сауаттылық деңгейін жекелеген ұлыстардан алынған деректермен сараптады. Олары мынандай боп шықты: жаңағы айтқан орташа есеп ішінде Ресейдегі немістердің хат танитын ерлері 59,9, ал әйелдері – 58,5 пайыз екен. Литвалықтар мен латыштарда ерлер мен әйелдердің сауаттылығы шамалас – 52 пайыздан көрінеді. Еврей ерлерінің 49, әйелдерінің 28,9 пайызы хат таниды. Финдерде ерлердің 35, әйелдердің 27, поляктарда ерлердің 35, әйелдердің 29 пайызы мектеп көрген.
– Ал ең соңғы орында орыстар тұр, – деді министр мырза, –орыстың ерлерінің 29, әйелдерінің 9 пайызы ғана хат таниды.
Талдауы сонымен бітті. Қазіргі таңда орыстардың осындай аз мөлшердегі бөлігінің ғана сауаты бар екендігі ағарту министрлігін қатты ойлантады. Сондықтан да Орыс Думасы осы орайда министрліктің жобасын үлкен жанашырлықпен қарастырып, тиісінше қолдау көрсетер деп ойлайды.
Оның статистикасы біздің исі мұсылман жұртының ешқайсысын ескермеген болып шықты. Ал бірақ министр мырза оның себебін түсіндіруге тырыспады. Бірден, келтірген сараң цифрлары негізінде-ақ, заң жобасын дәйектеуге көшті. Мойындау керек, депутаттар алдында ол тамаша сөздер айтты. Әйелдердің хат тануына, сауат ашуына үлкен мән беру керектігін әңгімеледі.
– Әйел дегеніміз – ана ғой, – деді баяндама жасап тұрған үкімет шешені терең түйсіне сөйлеп, – ішінен жарып шыққан өз перзентінің алғашқы ұстазы болуға оны табиғаттың өзі тағайындаған...
Көңілге толқыныс әкелетін сөз.
Менің көз алдыма бірден үлбіреген мөлдір көз Ғалимам келді. Мен оны ана жылы жазда Қоянды жәрмеңкесінде тұңғыш рет көріп, керемет жақсы көріп кеткен едім. Ашық мінезді, даусы бұлбұлша құйқылжыған тамаша әнші, сүйрік саусақтарымен кербез күйлерді нәшіне келтіріп тартатын домбырашы қыз бір көргеннен менің есіл-дертімді жаулап алған.
Көзден бұл-бұл ұшты ғой деп жүрген ем, ойда жоқта Питерде көрдім – астанада оқиды екен. Былтыр әр түрлі жағдайда кездесіп, әңгімелесіп жүрдік. Достық қарым-қатынас жасадық. Шынымды айтсам, мен оған кәдімгідей-ақ ғашықтық сезіммен қарадым, тек жүрегім лүпілдеп, тілім байланып, ойымды білдіруден тайсақтай беретінмін. Ақыры, сол достық күйде ғана қалған тәріздіміз. Жә, бұл, әшейін, сөздің ретімен еске түсіп кеткен жәйт.
Осында оқып жүргендіктің жемісі шығар, Ғалима өзі оқитын институттың тарихын тәп-тәуір білетін. Қыздарды оқыту бұдан бір жарым ғасырдай ілгеріде Екінші Екатерина патшайымның Санкт-Петербургте арнайы оқу орнын ашқан пәрменімен бастау алды деген мағлұматты кездескен кездерде маған сүйсіне айтып берген.
Асыл текті қыздарды патша сарайы маңындағы және жалпы зиялы ортадағы тіршілікке бейімдеп тәрбиелейтін қауым ретінде бой көтерген оқу орны әуелде Смольный монастыры жанынан ашылған екен. Ұзамай Смольный асыл текті қыздар институты деп аталыпты. Бірақ жылдан жылға көбейе түскен ақсүйек қыздармен оқу-тәрбие жұмысын жүргізуге монастырь бөлмелерінің аздығы және тарлығы уақыт өткен сайын өткір сезіле берсе керек. Жалпы, институт тәрбиеленушілерін жан-жақты білім негіздеріне жақындату үшін монастырьдың жарамсыздығы, бұл ерекше оқу орнына арнайы ғимарат керек екендігі сол императрицаның кезінде-ақ белгілі болған екен, тек оны салғызу Бірінші Александр патшаның еншісіне тиіпті.
– Смольный институтын салу үшін жер таңдау және құрылысын шапшаң, екі жыл ішінде бітіру Ұлы Екатеринаның сүйікті немересі Благословенный Александрдың кезінде жүзеге асты, – деп мақтанышпен жария етті Ғалима.
Архитекторы Джакомо Кваренги деген сәулетші екен. Ғалиманың айтуынша, ол Италиядан Ұлы Екатеринаның тұсында келіп, Петрбор мен Патша Ауылында көптеген әсем ғимараттар тұрғызған адам. Институттың ішін оқушы қыздардың бар жағдайына қолайлы етіп жасаған сол. Сабақ өтетін сыныптар және тәрбиеленуші қыздар мен тәрбиешілер тұратын бөлмелер әбден ойластырылып істелді – бәр-бәрі өте ыңғайлы жасалынған.
– Мұғалімдеріміз біздің институтты елдегі ең озық оқу орны дейді, империяның өзге ірі қалаларында кейінгі жылдары пайда болған басқа институттар осының жобасымен салынуда көрінеді.
Ғалима оқып жүрген Смольный институтында тарих, жағырапия, шет тілдерін, музыканы оқытады, би билеп, сурет салуды, сонымен бірге, асыл текті зиялы ортада өзін ұстау мәнеріне, қыздарға қажет басқа да машықтарға үйретеді екен. Институтқа тек дворяндардың қыздарын ғана қабылдайды.
Онда менің құрбым бұған қалай тап келді дейтін шығарсыз? Ғалима ел жақта орысша оқытатын қыздар училищесінде сауат ашқан-ды. Аталары үкіметке сіңірген еңбегі үшін Ресей империясының құрметті азаматы атанған. Сондай дворяндық мәртебе берілген әулеттен болғандықтан, ол Смольный институтына кідіріссіз қабылданса керек.
Тұлымы желбіреп келіп, алғашында төменгі жастағы оқушылардың формасы боп табылатын ақшыл қоңыр көйлек киіпті. Сосын көгілдір және сұр формамен жеткіншек шағын да осы оқу орны қабырғасында өткізген, енді, жасөспірімдік белесіне сай, жоғарғы сыныптағылар киетін ақ формамен жүр. Бірақ ол үш жыл оқылуы тиіс жоғарғы сыныптың бірінші жылын ғана бітірді. Былтыр жазда ауылына каникулға аттанды да, қайтып оралмады. Онда отбасында орнаған әлдебір қиын жағдайға байланысты қалып қалды.
Былтыр жазғытұрым Ғалима маған болашақ патша Екінші Николайды үш-төрттегі сәби кезінде көргенін, тура алдында тұрып, домбырамен ән салып бергенін айтып қайран қалдырған еді. Ол тақ мұрагері цесаревичтің қазақ даласымен, қазақтың тіршілігімен және тұрмысымен таныса келген сапарын даусы сыңғырлап, майын тамыза айтты. Сол шақ жайында сәби күнгі әсерін толықтыратын мағлұматтарды бертінде естіп біліп алғандығынан болар.
Патшазаданы дала төсіндегі әсем безендірілген киіз үйге үкімет алдында беделі зор, жас та көрікті алпауыт Мұхамеджан мырза мен оның зайыбы Қарашаш сұлу бастап кіріпті. Дастархан қазақтың сан түрлі дәміне толып тұрған. Ғалиманың малынып киінген екі әпкесі талшыбықтай бұралып, қымыз құйған кесені патшазадаға айрықша ізетпен апарып ұсыныпты. Сосын оған қазақтың ән-күйі тарту етілген. Өнер көрсетушілер арасында сәби Ғалимаға да кезек тиген екен.
Қадірменді қонаққа Мұхамеджан мырза меймандос қазақтар атынан сәнімен жиһаздалған тамаша киіз үй сыйлап, күміс әбзелдері мен ер-тұрманы, алтындалған шашақты жабуы көз тартқан сәйгүлік мінгізіпті.
– Ол жап-жас, жүзі сондай жылы, мейірбан кісі еді, – деді Ғалима күлімсіреп. – Маған қол соғып, қошемет көрсетті. Мұхамеджан атамнан менің қаншаға келгенімді сұрапты. Питерге жіберіп оқытыңыз деп кеңес беріпті. Өзі біздің елді аралап қайтқаннан кейін үйленіп, таққа отырыпты ғой. Енді көрсе тани ма екен...
Шіркін, жастық қиял-ай. Сосын айналадағы дүбірлі оқиғаларды айтып, мейірбан кісінің тоғыз жүз бесінші жылдың тоғызыншы ғинуарында өзіне өтінішпен келе жатқан қалың жұртты оққа байлағанын еске түсірген едік. Сонда ол тілек білдіруші қауым арасында әйелдердің де көп екеніне, олардың өмірде табиғат белгілеген ерекше орыны бар екеніне де қарамаған...
***
Бірақ мына жасамыс ағарту министрі мырза жап-жас патша дегенде емешегі үзіле сөйлеп тұр. Бәлкім, тәртіп үшін солай болуы керек те шығар.
– Осы заң жобасын сіздерге ұсыну құрметі маған Государь Императордың қалауы бойынша тиіп отыр, – деп жария етті ол.
Ағарту ісін Бірінші Петрдің өте жоғары бағалағанын әңгімеледі. Фон-Кауфман Бірінші Петрді – біздің Монархтарымыздың ішіндегі: «Білім алу – ешқандай да артықшылық емес, ол – халықтың мұқтаждығы», – деп жария еткен тұңғыш Монарх деп атап айтты.
– Халық қажетіне қызмет ететін шақ Ұлы Петр дәуірінен кейін шындап бастала алмай тұр еді, оны бастатып отырған – Аса Ұлы Мәртебелі Император Екінші Николай...
Осыларды аян қыла келе, ол:
– Білімді сөзсіз мойындаған біздің Монархтарымыздың ішіндегі тұңғыш Монарх заманынан бері күні тууын тосып тұрған – халық бұқарасына қызмет ететін ағарту сынды ұлы іске қозғау салу құрметі маған тиіп отыр, – деп тебіренді.
Ұлы іске қозғау салу жолдарын таратып түсіндіре тұрып, фон-Кауфман бір кезде орыс халқының жанашыры түрінде таусыла сөйледі:
– Күні бүгінге дейін орыс халқы өз жер аумағының ұлан-ғайыр бөлігінде жаратылыстың барша тамашасына кенеле қойған жоқ, – деген аңдамасымен бөлісті. – Орыс халқы табиғи қазынасы бай жерлерді пайдалануға қажетті машыққа жеткілікті дәрежеде ие болған жоқ, – деп, пайымын одан әрі таратты. – Ал орыс халқы қабілетті және дарыннан да кенде емес. Бірақ қараңғы. Соның салдарынан ұтылып отыр. Біздің табиғи байлығымызға ұмтылып, сырттан біліммен қаруланып келіп жатқандар көп. Сонау өзінен мәдениеттірек көршілерімен экономикалық күресте біздің осынау ашық-жарқын халқымыз барып тұрған қауқарсыздық көрсетуде.
Қызық та түсініксіздеу пайым. Бұл тұжырымды қазақ еліне ағылып келіп, жері мен табиғи байлығын табыспен игеріп жатқан орыс өкілдеріне таңу қиын. Олармен экономикалық күресте нағыз қауқарсыздық көрсетіп жатыр деп қазақ халқын айтуға болар еді. Бірақ министр қазақты өмірде бар деп есептеп тұрмаған тәрізді.
– Мұндай ахуалға жайбарақат қарауға болмайды, – деп ол әлгі баяндағанын түйіндеп жатты. – Бұл жағдай Россия мемлекетін өзінің тері мен қанын төгіп жинастырып алған жергілікті орыс халқына айрықша ауыр тиеді. Және, мойындауымыз керек, қазіргі ахуал орыс халқының көңіліне келерлік, тіпті, кім-кімді де қынжылтарлық күйде болып тұр.
Мұнысында бір жасандылық бар секілденді. Меніңше, үкіметтің ұдайы қоңсы елдерді шауып, жер-суын басып алып отырған қылмысты харекеттерін ол орыс халқының ісіне балап көрсетіп тұр.
Шынында да, «өзінің тері мен қанын төгіп Россия мемлекетін жинастырып алған» деген жақсы сөздің астарында үкіметтің көрші ел-жұртты әскери күш қолданып жаулап алушылықтарын жасыру әрекеті жатыр емес пе? Бір кездері, Алтын Орда ыдырағаннан кейін, жеке иеліктерде шашырап жатқан ұсақ орыс князьдіктерін бір орталыққа жинастыру – құрметтеуге әбден ылайық шара. Бірақ одан кейінгі тірліктері – құдай берген қоңсыларына шапқыншылық жасап, қанды қырғынға ұшырату және олардың жерін өзіне күшпен қосып ала беру де оң бағалануға тиіс пе?
Жә, бүгінгі күн тәртібінен алшақтап кетпейін. Осынау үкімет мүшесі баян еткен жәйттің түйіні сол – халық ағарту министрлігі заң жобасының негізіне бұдан қырық пәленше жыл ілгеріде тұжырымдалған принциптерді алыпты. Оларды Азаткер-Патшаның реформаларына байланысты шаруалар туралы ереже жасаған комиссиялар көрсеткен екен.
Олар сол кезде-ақ село мектептері желісін жасауды кешеуілдетпеу керек екенін мойындаған көрінеді. Және халық мектептерін құру үшін ұстанылуы тиіс принциптердің негізгілерін де алға тартыпты. Соларды мұқият қарастырған министрлік міне, енді, уақыт талап еткен заң жобасын жасап, қадірменді Мемлекеттік Думаның қарауына енгізіп отыр.
Гофмейстер Петр Михайлович фон-Кауфман бек сенімді – селоларда училищелер ашу өте қажет. Оларды аша отырып, үкімет тарапынан шаруа тұрмысын жақсартуға бағытталған елеулі іс-шара жүргізіледі.
Шаруа сословиесін имандық-адамгершілік тұрғыда жақсарту мәселесін үкімет өте маңызды деп есептейді. Ол ауылшаруашылық өндірісін жетілдіру жағына ғана емес, жүргізіліп отырған күллі реформаның жүзеге асуына да әсер етерліктей, алдағы міндеттердің атқарылуына септесуге өте жақын тұр. Өйткені бүгінгі жазылып жатқан қаулылардың көбінің орындалуы мен көзделген мақсатқа жету соған тығыз байланысты. Яғни шаруа сословиесі жаңа жағдайдағы өз құқтары мен міндеттерін жақсы білетін жағдайға жеткенде ғана реформа сәтті жүреді. Ал бұл шаруалар арасында сауат ашуды дұрыс жолға қойғанда және олардың тұрмысына қажет бастапқы мағлұматтарды сауаттылық негізінде таратуға қол жеткізгенде ғана ықтимал болмақ.
Айтып тұрғаны министр мырзаның тек өз ойы емес – шаруа қауымы тұңғыш рет, Азаткер-Патшаның ерік-жігеріне сәйкес, мемлекеттің азаматтық өміріне қатысуға тартылған кезде, орыстың таңдаулы адамдары осылай ойлаған.
Мен оның жөн сөздерін тыңдай отрып, ойға баттым. Қазақ елінде жер өлшеуші болып істеген орынборлық депутат Тимофей Седельников Бірінші Думада өте белсенділік танытып еді. Азаткер-Патша заманынан бергі оқиғаларды терең талдап, үкімет саясатының кемшіліктерін бадырайтып ашып берген. Қазақ басына түскен жер-су мәселесін депутаттар алдына қалай жайып салды десейші. Менің сол ағам қазір осында отырса, мына патша әкімінің әдемі сөзінің астарын жілікше шағар еді.
Патша әкімі тағы сандық деректер келтірді.
Империядағы халық саны былтырғы жүргізген есептері бойынша 141 миллион 500 мың екен. Олардың ішінде мектеп жасындағы балалар 12 миллион 736 мың деп саналады. Солардың тек 5 миллион 389 мыңын ғана оқытуға мүмкіндік бар көрінеді. 7 миллион 300 мыңнан астам балаға мектептерде орын жетпейтін.
Бала оқытып жатқан мектеп саны шамамен 90 мыңдай. Балалардың бәрін оқумен қамту үшін тағы 160 мыңнан астам мектеп керек.
Әр бастауыш мектепке орта есеппен 390 сомнан қазына қаржысы жұмсалады. Ол негізінен мұғалімнің сыйақысы ретінде беріледі. Өйткені мектептің күллі күш-қуаты мұғалімде. Мұғалім шәкірттерді тек оқытып қана қоймауға тиіс, ол тәрбиеші де.
– Мен педагогика тарихына қайрылып, педагогиканың атасы Платонның беделіне сілтеме жасасам деймін. – Фон-Кауфман тәтті дауыспен сөзін сабақтай берді. – Ол өзінің «Заңдар» дейтін шығармасында адам баласы табиғатынан жуас та момын деген ойды айтады. Тек тәрбиенің арқасында ғана ол өзгереді. Өзгеріп, жалпы жануарлардың ішіндегі ең таңдаулы түрге айналады. Ал ешқандай тәрбие көрмей өскен адам, немесе жалған, теріс тәрбие алған адам жануарлардың ең жаманына айналады. Аңдардың бір жағымсыз түріне енеді. Егер біз өз балаларымыздан Платон айтқандай аң тұрпаттыларды дайындағымыз келмей, адал азаматтарды тәрбиелейміз десек, онда біз мектептерімізге тәрбиеші-мұғалімдер керек екенін ұғуымыз керек. Ендеше қаржыны осылай бағыттау ләзім, мұндай ұлы мақсатқа жұмсауға ақшаны аяу күнә болып табылады.
Неткен әдемі сөз. Одан әрі ол тіпті ғажап сөздер айтты. Ақшаны оқу ісінен аямаудың әсіресе қазіргі сәтте аса маңызды екенін әңгімеледі. Патшаның 1906 жылғы 5 қазанда шығарған пәрмені бойынша – бұдан былай мемлекеттік қызметке кіруге күллі нәсіл, тек, тұқымның перзенттері бір кісідей хақылы көрінеді. Себебін түсіндірді.
– Өйткені барлық сословиенің құқтары теңестірілген, – деді ол, – енді бастауыш мектепте білім ала бастаған кім-кімнің де оқуын одан әрі жалғастыруына кедергі келтірілмейді. Олардың қай-қайсысының да уақыты келгенде мемлекетті басқаруға қатысуына шек қойылмайды. Ешкімнің де бұл орайдағы мүмкіндігі шектелмейді.
«Біздің қазақтың да ма?» – сол сәтте санамда осындай сауал сумаң етті. Миымның алыс бір түкпірінде әкімдер тіршілігіндегі сөз бен істің үйлесіп-қабыса беруі екіталай-ау деген күдік те бықсып жатты.
Ұзамай Дума мүшелері менің басыма келген көмескі ойларды айқындауға кіріскендей болды. Жарыссөз кезінде министр мырзаның әдемі сөзі сұрықсыз іс-әрекеттерін бүркемелеген шымылдық екені мәлім бола түсті.
(Жалғасы бар)
Бейбіт Қойшыбаев
Abai.kz