Сенбі, 23 Қараша 2024
Кеше мен бүгін 4962 17 пікір 16 Сәуір, 2017 сағат 22:01

Ердоған билігі пост советтік елдердің билігіне ұқсап келеді

Түркияда парламенттік билік жүйесінен президенттік басқару жүйесіне көшуге  байланысты бүкілхалықтық референдум өтіп жатыр. Түрік халқы конституцияға перзиденттің құзіретін күшейтетін өзгерістерді қолдап дауыс берсе,  Түркияның болашағы қандай болмақ?  2002 жылдан бері Түркияның премьер-министр ретінде басқарған

Ердоған елдің ішкі сыртқы саясатында жеткен жеңістері мен жеңілістері  де баршылық. Түркия Республикасы Ердоған билік басына келгелі елеулі экономикалық жетістіктерге жетті. Өнеркәсіп, туризм, сауда саласында өсулер болды. Ірі жолдар, көпірлер салынып, ірі құрылыс нысандары бой көтерді. Экспорттан бюджетке түсетін табыс көлемі артқан. Халықтың әл- ауқаты жақсарды. Діни мектептен түлеп ұшқан Ердоған халыққа діни еркіндік берді. Бір сөзбен айтқанда осы оң өзгерістер Ердоғанның халық қолдауына ие болуына себеп болды.

Эконмикалық қарқынды дамығанымен соңғы жылдардағы Түркияның тыныштығы бұзыла бастады. Таяу Шығыс аймағындағы болып жатқан оқиғалар бұл елге де өз әсерін тигізіп келе жатыр. Сириядағы жанжалдары, бас сауғалаған босқындар, елдегі күрд мәселесі, сыртқы елдермен саяси салқындықтар Түркияның саяси есебінде көп жаңылыстырды.

Ердоған 2012 жылы Сирияда көтеріліс басталғанда: «Бұйыртса Асад биліктен тайдырылып, халық көтелерілісі жақын арада бітеді, Шамда Әмауи мешітінде жұма намазын оқып, Салахаддин Аюби, Біләл Хабаши, Ибн Арабидің мазарын зиярат ететін боламыз» деген еді.

Арада бес жыл өтті. Сириялықтар биліктен кеткен Асадты, жақын уақытта біте қалған көтеріліс, ел арманындағы үкіметті көрмеді. Сирияның тоз-тозы шықты. Сириялықтар да қазір түсіне бастады. Түркияда нан жеп отырғасын ішкі ойларын айта бермейді, арабша білсең суыртпақтап сұрасаң Түркия үкіметіне ренжіштерін айтып жүр.  Асадтың биліктен кетуін талап етіп отырып алған Ердоған, қазір Асадтың билікте қалуына да көніп отыр. Елдің ойраны шығып, жарты миллион адам өліп, ел босып кетті. Қайда Ердоғанның Асадты тақтан тайдыртам дегені?

2015 жылы Ресейдің ұшағын атып түсірді. Онысы Сирия жаққа құлап түсті. Осы ретте НАТО-ның бас хатшысы Иенс Столтенберг Ресей мен Түркияның арасындағы көзарас мәселесі деп даудан теріс бұрылды. Түрік басшысы орыстар тағы бұзса тағы атам деп, ертесі Ресейдің ұшағы екенін білмедік деп бөсті. Путинге дөң айбат шегіп еді, бәленбай айдан соң ақыры кешірім сұрауға мәжбүр болды. Тарихта түріктер ешкімнен кешірім сұрамағанын білеміз. Басшысы дұрыс саяси тактика жасай алмай елін ұятқа қалдырды. Орыстың ұшағын түріктің ұшағымен емес, анау сол қорғап отырған түркімендеріңе мықты қару беріп, жаттықтырып соларға атқызып түсіртсе Ресей түсінетін еді ғой?!

Жақында Ердоған сириялық 3 миллион босқынға Түркия азаматтығын беретінін мәлімдеді. Мұнысы Конституцияға да қарама-қайшы. Кез-келген ел болсын,  өтініш берген адамның өзіне азаматтықты оңай бермесі белгілі. Тіптен мұнша адамға да. Әлде бұл Әділет және Даму партиясының сириялық босқындардың алдында өзінің қате саясатын ақтап алғысы келген кезекті амалы ма?

Жақында Министр Нуман Куртулмуш та Сирияның осындай күйге түсуіне әуелден біздің дұрыс саясат жүргізбегенімізден болды деп мойындап отыр. Елдегі болып жатқан оқиғалар мен проблемалар да барлығы Сирия мәселесімен байланысты дейді.

2003 жылы АҚШ «ядролық қаруы  бар»  деп  Иракқа кіргені мәлім. Сол кезде премьер-министр болған  Ердоған АҚШ әскерінің Иракта әскери операция жүргізуі үшін 62 мың коалиция әскері мен әскери ұшақтардың инжирлік әуе базасын пайдалануына рұқсат беру қаулысын мәжілістен өткізуге тырысты. Алайда 533 депутат қатысқан дауыс беруде  250 қарсы, 264 мақұл, 19 қалыс қалу нәтижесінде бұл қаулы қабылданбай қалған-тұғын. Түркия мәжілісінің бұл қаулысы одақтасы АҚШ-тың көңілін қалдырды. Ирактағы әскери операцияларға әскер мен әскери ұшақтарын Сауд Арабиясы мен Үнді мұхитында кемелер арқылы тасымалдауына мәжбүр болды.

Ердоған АҚШ бастаған коалиция құрамында Түрік әскерін де қатыстыруға ынталы болды. Дегенмен депуттаттардың қарсы дауыс беруі нәтижесінде Түркия бұл ұрыстарға қатыспады. Тек өзінің Инжирлик әуе базасын АҚШ бастаған коалиция күштерінің Иракқа кіру үшін пайдалануына рұқсат берді.

АҚШ әскері кіргеннен кейін Ирактың тоз-тозы шықты. Күнде жарылыстан оншақты адам өлетін, халық кедейшілікке түсіп, босқындар қатарын толтыруда.

Халық алдындағы жиындарда – Ей Америка, Ей Ресей, Ей Еуропа сен.... деп шірене сөйлейтін Ердоғанның саяси көреген қадамдар жасамауы, өркөкіректік пен саяси таяз диалогтары елдің сыртта да беделін айтарлықтай түсіріп жібергеніне куәміз. 2016 жылдың жазында Ердоған Африкадағы Уганда мемлекетіне ресми сапармен барды. Уганда президенті өзі биіктеу көмкерілген ағаш тақта отырып, Ердоғанға қарапайым орындық ұсынып кездесу өткізді. Бұл жайт Түрік басылымдарында қызу талқыға түсті.

Ердоғанның АҚШ-та әйгілі боксшы Мұхаммед Әлидің жерлеу рәсіміне барғанда да құрметсіздікке тап болған. Табыт үстіне бір шүберек қағба матасын қойдыруына, ертесі күні жаназа рәсімінде сөз сөйлеуіне де рұқсат берілмеген. Ал Түркияның бас мүфтиі Мехмет Мөрмез де құран бағыштай алмай кері қайтты.

Түркия бұрынғы демократиялы ел емес, саяси басқару тұрғысынан постсоветтік елдердің қатарына түсіп келе жатқандай. Ердоған басқаратын Түркияда былтырғы әскери төңкерістен бері елде саяси еркіндік пен билікке қарсы сын-пікір айту қиындаған. Әскери төңкеріске қатысы бар деген айыппен жүз мыңға жуық адам жұмыстан шығарылды. Ғаламтор мен баспасөз құралдары биліктің қатаң бақылауында. Саяси салмақты кадрлар да биліктен шеттелді. Статистикаға сүйенсек елде бұрынғы жылдармен салыстырғанда түрлі қылмыс саны мен алаяқтық, зорлық зомбылық, жұмыссыздық көбейгенІ байқалады.

Референдум қорытындысына сәйкес билік бір ғана адамның қолына көшер болса Түркия елі ендігі, Ердоғанның кезекті саяси соқпақ сүрлеу жолдарымен жүруіне тура келмек.

Мағжан Кеңесұлы

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5391