Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Аласапыран 11922 20 пікір 21 Сәуір, 2017 сағат 12:32

Орыс сыныптарына Манеза мен Чиншанло қазақ тілін үйрете ме?

Ерлан Сағадиев басқаратын Білім және ғылым министрлігінің өте асығыс, әбжіл қимылы қаншама қаржыны желге ұшырып жатыр. Былтыр ғана осы министрлік мектеп оқулығына «Қырымды Ресейдің субьектісі» деп жазып, туыстас украин халқының ашу-ызасын туғызып еді.

Бұл қадамның саяси қателік екені мойындалып, Украинадан кешірім сұрап, аталмыш кітаптар қайта басылатын болған-ды. Министрліктің бұл қателігі үшін мемлекет қалтасынан қанша қаржы жұмсалды? Оны сұраған да, сұратқан да ешкім болған жоқ. Есесіне 2015 жылы басылған, қазір қолданыста жүрген кітаптарда мұнан да сорақы қателіктер өріп жүр.

Мысалы, орыс сыныптарына арналған 5 сыныпқа арналған «Қазақ тілі» кітабында «Олимпиада жеңімпаздары – біздің мақтанышымыз» деген арнайы тақырып берілген.

Рас, 2012 жылы Лондонда талай саңлағымыз алтын алып, тақиямызды аспанға лақтырған едік. Оның арты допинг дауына ұласып, қуанышымыз су сепкендей басылды. Әрине, бәрінің бұлай боларын кітапты дайындаған Т.Артықова, Л.Бисенова, М.Боранбай секілді ғалымдар болжай алмаған болар. Десе де біздің министрлік неге асығыс кітап дайындайтынын түсіне алмақ емеспіз.

Біріншіден, Қазақстанның бар жетістігі олимпиаданың алтынымен өлшенбеуі керек.

Екіншіден, М.Манеза, С.Подобедова, З.Чиншанло, И.Ильин секілді спортшылар мен қазақ тілі арасында қандай байланыс бар? Ғылыми тұрғыда осы екі саланы бір арнаға тоғыстыру кімге, не үшін қажет болды?

Үшіншіден, қазақ мақтаныш ететін заманның тұлғалары М.Манеза, С.Подобедова, З.Чиншанлолар ма?

Төртіншіден, М.Манеза, С.Подобедова, З.Чиншанло қазақ тілін бізге үйрете ме?

Әрине, жоқ. Министрлік кітап дайындар кезде ұзақ болашаққа көз жібере білуі керек қой. Бүгінде саясаттың кесірінен допинг дауы барлық чемпиондықты тартып алды. Ал, біздің балаларымыз қате ақпаратпен сусындап жатыр. Қарқынды даму жолына түскен Қазақстан өз балаларына қате тарихты оқытып жатуы – министрлікке сын емес пе?

Жалпы, мың жылдық тарихы бар қазақ үшін кеше ғана болған, тарихи сараптан өтіп үлгермеген оқиғаларды оқулықтарға енгізуді қою керек. Осындай әр қателік үшін арнайылап кітап шығара беруге қазақтың қаржысы жетпейтінін Сағадиев мырза білуі қажет.

Мұндай қателік орыс сыныптарына арналған 8 сыныптың да (2016 жылы жарық көрген) кітабында кеткен.

Қазақ тілін үйрету үшін Денис Тен, Илья Ильин, Роза Рымбаеваларға арнайы тоқталу қаншалықты қажеттілік?. Кітапта «Суретте берілген кімдер? Оларды табысты адамдар деуге бола ма?» деген тапсырма беріліпті. Теннің орнына – Шоқан Уәлихановты, Ильиннің орнына – Қажмұқан мен Балуан Шолақты берсе, орыс сыныптары қазақтың нақ мықтыларын білмес пе еді? Роза апайымыз осыдан елу жылдан кейін оқулыққа енері анық дүние. Сондықтан да оның орнына Шара Жиенқұлова немесе Роза Бағыланова тұрса тарихи әділеттілік деген сол емес пе?

Осы кітапта табысқа жеткен талай бизнесмендер жайлы ақпараттар берілген. Ол бизнесмендер күні ертең Әблязов секілді елден қашып кетіп жатса, не болмақ? Оны ойлайтын министрлік жоқ секілді.

Орыс сыныптарына арналған бұл кітап Қазақ тілі пәніне арналған кітаптан гөрі идеологиялық парақшаға, яки газетке көбірек ұқсайды.

Мәселен, «Елді индустрияландыру Мәңгілік ел идеясына кіре ме? Жасыл энергетикаға көшу ше?  Мәңгілік ел болып қала беру үшін еңбек етуді басты міндет деуге бола ма?» деген секілді сұрақтар қазақ тілі ғылымына қатысы бар деп кім айта алады?.

Осы кітапты оқушыларға ұсынған министрлік пен ғалымдар Қазақ тілі кітабын дайындап отырғандықтарын ұмытып, Парламентке Ассамблеядан тоғыз депутат сайланғанын айтып «лағып» кетіпті. Қазақ қазақ тілінде депутаттық сауал жолдай алмайтын дептутаттардың жайын оқулықтан оқысын дегені ме?

Қош! Оқушы білім алуы қажет. Ол білімді тәуелсіздіктен кейінгі жылт еткен жетістіктерге теліп, көгендеп қоюға болмайды. Тым құрыса осыны білмейтін министрлікке не демек керек?

Сіз не дейсіз?

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1972