Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Көкжиек 6873 0 пікір 26 Сәуір, 2017 сағат 14:37

П.К. Услар. Қазақ даласындағы төрт ай

(Жалғасы. Естелік-жазбаның басы мына сілтемелерде тұр: http://abai.kz/post/49234;http://abai.kz/post/50361; http://abai.kz/post/51010; http://abai.kz/post/51171; http://abai.kz/post/51553)

Жолға шығатынымызды отрядқа жаңа ғана хабарладық, сол-ақ екен, қуанышты тірілікпен жорыққа дайындық басталып кетті. Содырларды тезірек қуып жетіп жеңеміз, сосын Сібірдегі игілікті елімізге қайтамыз деген үміт әрбірімізге қуат берді. Біздің жорыққа дайындалуымыз көп уақытты қажет етпейтін;   бәрі бұрыннан дайындалып қойылған; тек күннің жартастардың артына жасырылуын күтеміз. Кеш түспей жорыққа шығуға болмайды. Жол бастаушылардың айтуынша, 60 шақырым сусыз жермен жүреміз, сондықтан тек түнгі салқынмен жұру қажет. Күндізгі ыстықта жолға шықсақ, сусыз жермен жүру кезінде бірнеше күндік жорықтан кеше ғана  тыныққан аттарымызды шаршатып, діңкелететініміз анық.

Ұлытаудың аңғарларына біршама мұңайып көз тастап қарайлап тұрмын. Бұл жерлерді енді ешқашан көрмеспін деген ой, Ұлытаумен бейжай қоштасуымды қаламайды.  Рас, алғашқы көрген кезімде ол маған онша тартымды болмай көрініп еді, бірақ мұнда бірнеше күндерімді мамыражай қамсыз тыныштықта өткіздім. Сөз жоқ, бұл күндерім менің жадымда жарық күндер болып қалмақ. Мұнда өткізген қиял мен сезімдерге толы бейбіт күндерім мені Ұлытаумен жақындатты. Талай рет оның тік жартасты қыраттарына шығып, атымды тасқа жазып қалдырмақ болдым. Көп адамдар саяхатшылардың ешкім танымайтын өзінің аттарын кез келген жерлерге жазуға деген құмарлығына күледі; бұл жұқпалы жол ауруын атаққұмарлық деп неге қабылдайтындарын түсінбеймін. Менімше бұл мәселеде тіптен басқа себеп бар: әрбір адам барлық нәрседен өзіне тілектесті іздейді; тіпті жаны жоқ заттардың  да оны ұнатқанын қалайды.  Бір жерде болғаның жайлы көңіліңде естеліктерді қалдыра отырып, ол жерде өзің жайлы   із қалдырмағаның көңіліңді мұңайтады.   Сондықтан да менімше, ондай адам көңілінде қалған құпия сезімді қанағаттандыру үшін өз атын сенімді етіп жазып қалдыру жағын ойлайды. Бірнеше апта біздің отрядтың  болғандығынан тіріліп қалған  Ұлытау біз кеткен соң екі сағаттан кейін баяғы үнсіз тыныштыққа тұнып, шөл далалық қалпына қайта енетінін көз алдыма келтірдім. Мүмкін жарты жыл өтер, тағы біреу келіп жалғыз қалған Едігенің зиратының жалғыздығын бұзып, киіктерді үркітер немесе  мына жасыл аңғарларды өзінің толық иелігіне алу үшін біздің кетуімізді күтіп жатқан болар.

Кешкі сағат жеті шамасында бәріміз атқа қондық, авангардымыз бұрын кетіп қалған; олардың артынша біз де қозғалдық. Ауа райы тамаша, аспанда бір шөкім де бұлт жоқ.   Күні бойы  шаршатқан ыстықтан кейін  самал желдің соққанына табиғаттың өзі де  рахаттанып демалып  тұрғандай.  Жарқайың-Ағаштан Ұлытауға жеткенше менің қасымда болған кісілердің санының аз болғанына үйреніп қалған басым, қазіргі қасымда келе жатқан отряд маған тұтас бір армия сияқты көрінеді. Бос кездерінде тазартылған найзалары мен қылыштары, мылтықтары батып бара жатқан күннің сәулесімен найзағайдай жарқылдайды. Әсем киінген казактарымызға біздің тұтқындарымыз қарама-қарсы көріністе келеді. Ойларында қашу деген болмасын деп оларды ең жаман аттарға әдейі мінгізіп қойған едік.  Тұтқындарды ескі киізге ораған болатынбыз, себебі ұстаған кезде киімдері быт-шыт болып жыртылған еді. Әрқайсысының қолы мен аяғы байланған, казактар олардың аттарының тізгінін қолдарына ұстап келеді. Тұтқындар бізге жол бастаушы ретінде қызмет етуге уәде берді, Кенесарының ауылына апаратын болып келістік. Отрядтың екі қатарында бірнеше түйелердің тізбегі жүріп келеді, Ұлытаудағы еркіндіктен айырғаны үшін ренжіген түйелердің өкіруі бүкіл айналаны жаңғыртады. Бүкіл далаға отрядтағы қазақтарды жұмсап жібердік, бұл қазақтарды белгілі бір тәртіппен жүруді үйретеміз деп шаршап келеміз. Көпшілігі кішкене топтарға бөлініп жүріп келеді, әр топтың ортасында сөзуарлығымен тыңдаушыларды қасына жинап ертегілерді, басынан кешкен оқиғаларды айтатын адам болады, бірақ оның айтқан оқиғаларына ешкім сенбейді, ал ертегілерге ақжарқын көңілдерімен жақсы сенеді.  Бұл ертегілердің басты кейіпкері - ерекше қарулылығымен және күшімен аты шыққан, сиқырлы әлемге қарсы күресетін  палуан. Бірақ, қазақтардың барлығы әңгіменің тартымдылығына қызыға бермейді, көпшілігі дұшпанмен кездесіп қалуымыз мүмкін деген ойдың өзінен қорқып, ұрыс бола қалса қауіптен қорғайтындардың көңілін алып өзіне қаратпақ болып зеңбіректердің жанынан айналшақтап шықпайды. Қазақтардың зеңбірекке қандай ерекше құрметпен қарайтынын көз алдыңа елестету қиын. Олардың ойынша зеңбіректің қирату мүмкіндігінің шексіздігі сонша, олар үшін зеңбірек құдды тірі жан сияқты. Іс болған кезде отрядтағы қазақтар зеңбіректің қасына топырлап жиналады. Егер олар осы құдіретті қарудың қасында болса, онда қауіпсіздігі сақталады деп ойлайды. Кейде оқталған зеңбіректің аузынан әрең қуып жібересің.

Соншама қорқақтығына қарамастан біздің қазақтар жорыққа мерекеге жиналғандай керемет киініп алды. Көпшілігі үстіндегі алқызыл шұғадан тігілген сәнді шапандарын жорыққа ыңғайлы болатын қарапайым киімге ауыстырған да жоқ.  Мұның өзі отрядымызға  таң қалатын алабұжақ өң берді. Көпшілігінің бастарындағы орап алған қызыл орамалы,  қараторы бетіне жарасып оларды түріктердің бас киіміне ұқсатты.  Басқалары бастарына черкестің абалақ-жабалақ шеңбері бар үлкен құлақшындарын киіп алыпты. Олардың үлкендігі сондай, Фронда мен Людовик ХIV  заманының опаланбаған париктеріне ұқсайды. Бірақ, бұл киініп алғандар – ауқатты тұратындар болатын, олар  орыс офицерлерінің алдында өздерінің сәнді киімдерін жарқ еткізіп көрсетпек болғаны. Қалғандарының  үстеріне кигендері алба-жұлба, жалаңаш денесін жабатын ештеңе таба алмағандар. Олардың басты қаруы – ұзын ағаш сырықтың ұшына темір үшкір бекітіп алған найза. Көпшілігінің найзаларының ұзындығы сонша, онымен  қимыл жасау өте қиын; бірақ әр қазақ point d’honneur  руынан болғандықтан, найзасының ұзындығы бірінен бірі асып түсуі қажет. Сонымен бірге әрқайсысында сабы ұзын балта, неше түрлі қылышпен, шақпақты немесе пистонды мылтықтың орнына білтелі мылтықтармен қаруланған.

Серіктерімді түгел қарап үлгірген жоқпын, ымырт қараңғыланып айсыз түн болып қалыпты. Бұл түнді ешқашан ұмытпаспын! Аттардың дүбірі, адамдардың дауысы қосылып белгісіз шуылға, сабырмен ағып жатқан үлкен өзеннің шуына ұқсап кетті. Даланың топырағының қара түсі ауа қараңғылығымен  қосылып, жердің бетіндегі ештеңені көріп көз тоқтатындай  болмады.  Байронның Каины сияқты қиялыңа ерік берсең,  бос кеңістікке күннің сәулесі жетпей тұрған сияқты. Оның есесіне аспанның күмбезі өте жинақы әдемі сияқты көрінеді. Ауаның ерекше құрғақтығы жұлдыздарға ғажап жарық беріп тұр. Атмосфераның қалыпты кезінде көрінбейтін жұлдыздардың өзі бүгінгі түні айқын көрініп тұрды. Ешқашан және еш жерде бұған дейін қазақтың шөл даласындағы жұлдызды аспан маған бұлай  терең әсер етпеген еді.  Алтынмен және алмазбен  шұбарланған осы бір керемет көкшіл бояуды көріп,  барлық қазынасын өз бойына жинаған бишара дала көк аспанға қарама-қарсы болып көрініп, жердің ұнамсыз түрі  көз алдымда қайғылы бейнеде тұрды!

Бұл өңірде баратын жерімізге жол көрсететін,  бағыт ұстауға көмектесетін ешқандай нүктелердің жоқтығын айтқан болатынмын. Оның есесіне аспан жолдың бағандарына жазулармен жазып қойғандай жол көрсетіп, жолымызды айқын көрсетіп отырды.  Қазақтар түгелдей жол көрсететін Темір қазық жұлдызын жақсы біледі. Жол басшылар осы жұлдызға қарап, соның бағытына сәйкес бір жерден екінші жерге қалай баруға болатынын айтып отырады. Жұлдызға тіке қарап тұрып немесе оны оң құлағына ұстап немесе желкесіне қойып немесе басқа бір белгілі жағдайға қойып жолбасшы отрядты қап-қараңғы түнде жолдан адастырмайды және  толық сеніммен жүреді, тек анда-санда жұлдызға қарап бағытын тексеріп отырады. Қазақтардың жадымызға көмектесетін біздің географиялық картамыз жайлы ешқандай түсінігі жоқ екені онсыз да белгілі; олардың бір жерден бастап бағыт алған соң барлық бағытты қалай есінде сақтайтын қабілетіне таң қаласың. Егер аспан жабырқаңқы болып Темірқазық көрінбесе, онда жол табу қиындау болады; бірақ мұндай кездерде де аңғарымпаз жолбасшылар қиын жағдайдан жол табады. Олар жолға шығар кездегі желдің бағытын біледі де, бір рет алған бағытын соған қарап ұстанып отырады. Қараңғыда  төбешіктерді қолымен сипап ең ылғалды жағын терістік деп алады. Таңның атуына қанша уақыт қалғанын Үлкен Аюдың (қазақтар оны  «Жеті қарақшы» деп атайды) әртүрлі орналасуына қарап анықтағанын талай рет көріп таң қалдым. Бұл жұлдыздардың орналасуы түннің белгілі бір  уақытында жыл мезгіліне байланысты өзгеріп тұрады. Соған қарамастан тәжірибелі жолбасшылар ойша тез есептеп, уақытты қалта сағатындай дәл айтып береді.

Түні бойы тоқтамай жүріп келеміз, анда-санда аттан түсіп тізгіндеп те жүреміз. Аз-аздап аспанда жұлдыздар сөніп, бір кезде күн шапағын жайып жарқырап шықты. Қараңғылықпен бірге  салқындық та жоғалды; бір кезде  шыдатпайтын ыстық басталды. Дала тіптен басқа жаңа түрімен, бұрын болмаған қайғылы күйімен көрінді. Жазық емес ештеңе байқалмайды. Жердің тегістігі сонша, судың бетіндей немесе бильярдтың бетіндей, барлық жерінде шашылған майда тастар мен бақалшақтар. Анда-санда сыйдыйған жалғыз тал шөпті байқауға болады, түк өспейтін құп-құрғақ жер. Біз қазір тұрған өлке жайлы айқын түсінік алғыңыз келсе, онда көз алдыңызға Мәскеу шоссесінің кеңейген жерінен көкжиекпен түйіскен жеріне дейін көз алдыңа келтіріңіз. Ешқандай бір жануардың ізін де байқамадық; ауада қозғалып жүрген құс та жоқ. Оның орнына, адам баласы оны көргенде ішкі сезімімен жек көретін жәндіктер бұл жерді өз меншігіндей иеленіпті. Кесірткелердің құжынаған албасты түрлері аттардың аяғының астында толып жүр; дәу құрбақалар тастан тасқа секіріп жүр, бүйелердің қожалақ түрлері тіп-тік індеріне кіріп кетуге асығуда. Бірнеше рет кавказдық ескі таныстарым – шаяндарды көрдім. Казактар мен қазақтар қайта-қайта аттарынан түсіп кездескен жыландарды өлтіріп жүр, олардың пікірінше бұл нағыз игілікті іс.

Ыстық пен шаршағандығымыз қосылып бәрімізді ұйқы қыса бастады, шыдамсызданып үзеңгіге тұрып құдық көрінбей ме екен деп қараймыз. Жолбасшылар айтқан құдықтардан су ішіп,  аттарымызды жемдеп, суғарып алуға тиіспіз. Бір кезде құдық екенін білдіретін бірнеше жасыл нүктелерді  көріп жүрісімізді тездеттік.  Ұйқысыз түннен кейін салқын киіз үйді аңсап шөлімізді қандырамыз деп қиялдап келеміз. Жолбасшылар бізден бұрын құдыққа кеткен еді, олардың қайтып келіп «келесі құдыққа жетуіміз керек, бұл құдыққа өлексе тастап кетіпті, суы бұзылған» деген адам өлтірерліктей хабарын естігендегі ренішімізді көрсеңіздер. Қазақтардың   бұл аймақтағы ең жиі қолданатын, ең тиімді  әскери әдісі. Біздің отрядтар жүреді-ау деген жолдардағы құдықтардың барлығына өлген аттар мен иттерді тастап бүлдіріп кетуге тырысатын болады. Құдайға шүкір, линияда күшала (мышьяк) қымбат, әйтпесе олар бізді осы тәттімен де сыйлаған болар еді. Істейтін амалымыз жоқ. Аттарымыздың шаршағанына қарамастан, өзіміз де шаршадық, бірақ алға жүру керек. Жолбасшылар айтты: алдымызда 20 шақырым жерде көл бар, оның суы көктемде тұщы болуы мүмкін, бірақ суы түгел қурап та қалуы мүмкін. Осы бір «мүмкін» деген сөз онша жұбатқан жоқ, құдықтың қасында да ұзақ тұру мүмкін емес еді, себебі оның айналасындағы ауасының өзі микроорганизмдерге толы. Егер сол кезде біздің отрядқа сырттан қараған адам болса, ол біздің әрқайсымыздың түріміз Бишара Кейпіндегі Рыцарьды еске түсіретіндей еді; аттарымыз да нағыз Росинанттар еді. Аттардың жүгін жеңілдету үшін жаяу жүрдік, қолымызға тізгінді ұстап, кездескен жыландар мен кесірткелерді қамшымызбен аяусыз сабап келеміз, ашуымызды біреуден алу керек қой.

Таңертеңгі сағат 11 болып қалған еді. Аспан от шашып тұрған шыныдай күйдіріп тұр. От шашып тұрған күнді бірнеше минутқа болса да жауып қызған  сәулелерден қорғайтын бір шөкім де бұлт жоқ, ауада ыстықты азайтатындай ешқандай қозғалыс жоқ. Атпен жүрсең қалғытып ұйқыға бұратындықтан жаяу жүріп бойды сергіту керек болып тұр. Жыландармен күресіміз ұйқымызды қашыруға көмектесіп тұр. Мен еш жерде  бауырымен жорғалаушылардың мұндай көп жерін көрген емеспін. Тек осыдан бірнеше жыл бұрын Шығыстағы жыланы көптігімен аты шыққан Кавказдағы Муғань даласында  болғаным бар.  Біркелкі дала көрінісі мен аттардың тағасының ырғақпен тастарға тиіп шақ-шұқ етуі шаршағандығыммен және ыстықпен қосылып шамалы уақыт мелшиіп қалдым.  Бір сәтте  алыс емес тұсымнан  аппақ қардай болып көрінген, жарқырап жатқан үлкен түз даланы көрдім. Бұл көріністің керемет ерекшелікті болғанына қарамастан, әуелгі сәтте оған онша мән бермей ұзақ қарадым. Даланың үстімен жасаған жорығымыздың кезінде алдамшы көрініс мені талай рет алдап ойнағаны сонша, көзіме сенбейтін күмәншіл болып кетткенмін. Бірақ бұл жерде алдамшы елесті кінәлау бекер. Сүйтсек, біз түгел кеуіп қалған тұзды көлдің жағасымен жүріп келеді екенбіз, көлдің түбіндегі тұзды кристалдар  қалыңдығы бірнеше фут (фут – 30,48 см. С.Ж.) біркелкі тұтас масса болып қалған екен. Тұздың еш қоспасы жоқ, жерден алып тамаққа салып пайдалануға болады. Осыдан кейін ырымға қалай сенбейсің? Шашылған тұз жамандықты білдіреді дейді, шынында да табиғат Қазақ даласының осы бөлігіне тұзды көл-көсір етіп төгіп, бұл жерлерді мәңгілікке ештеңе өспейтін етіп иесіз қалдырыпты. Адам бұл тұзды шөлді жерлерге өте сирек келеді, келе қалса тағдырға налып бұл жерден тезірек кетіп өмір сүруге қолайлы жер іздейді. Тұзды даладан көзімді басқа жаққа бұрдым, кристаллмен шағылысқан күн сәулесі көзімді шыдатар емес.  Бұдан кейін тұзды алаңдар аяқ басқан сайын кездесе берді. Тоғай болып өскен қамысты құрғақ көлдер мен тұзды көлдер – Каспий теңізінің шығысынан басталып Үстірттің терістігіне, Арал теңізі мен Балхашқа дейінгі кеңістікті алып жатқан ұланғайыр аймақтың айрықша құрамды бөлігі мен белгісі болып табылып әртүрлі жергілікті атауларды иемденеді: Нарын құмдары, Үлкен және Кіші борсық, Қызылқұм, Қарақұм және Бетпақ дала. Бетпақ дала  атауы осы өлкеге өте сай келеді.

Бір уақытта жолбасшылар айтқан көлге де жеттік-ау. Көлді қалың қамыс басып кеткен, қамыстарының биіктігі бірнеше сажын (сажын – 2,13 метр, орыс өлшемі. - С.Ж.) болады. Көлдің ортасында аттарымызға, өзімізге жарамды тұщы суы бар қандай бір болмасын бірнеше шалшықтар қалған болар деп үміттенген едік, бірақ көлдің  көлемі бірнеше шақырым болып жайылып жатқандықтан қамыстың арасынан ол шалшықтарды табу оңай емес. Отрядтың бір бөлігі кенеттен болып қалуы мүмкін шабуылды тойтару мақсатында көлдің жағасында қалды, қалған бөлігі осындай қамысты көлдерде көп жүретін жабайы шошқалар салған соқпақ жолдарға түсіп су іздеуге кетті.  Мен солардың бірімен кеттім. Қалың қамыстың көлеңкесімен жүрудің қаншалықты рахат екенін сезіну үшін, бірнеше сағат бойы қайнаған ыстық даламен жүруің керек. Казактардың  қамыстың арасында бірін бірі көрмей айқайласып сөйлесуі, ормандағы саңырауқұлақ теріп жүрген орыстардың серуендерін есіме түсірді. Бір кезде: «Су! Су!» деген қуанышты айқай естіліп бәріміз дауыс шыққан жаққа барған кезде бірнеше шалшықты көрдік. Әбден түсі кетіп қалған, жағымсыз дәмсіз су, оған қарайтындай жайымыз жоқ, қымбат көмбе тапқандай  қуандық. Ең болмағанда әрі қарай жүруді тоқтатып, 80 шақырымдық жорықтан кейін демалыс жасап аламыз. Не дегенмен еш демалыссыз жасаған қиын жорығымыз қымбатқа түсті, отрядқа ере алмай зорыққан екі түйені жолда тастап кеттік. Қазақтар оларды найзамен түйреп іштерінен бірнеше жарамды еттерін тамаққа деп кесіп алды. Тамақ жөніне келгенде қазақтардың еш кірпияздығы жоқ халық, оларға жорық кездерінде  тамақ тауып берудің еш қиындығы жоқ. Өлген аттар мен түйелерді ұнатып (жаңсақ пікір. - С.Ж.) жей береді, оларға бұдан келер еш пәле жоқ. Дайындайтын астары өте қарапайым және соғыс кезінде өте ыңғайлы. Шикі еттің бірнеше тілігін ертоқымының астына салып қойып, ондаған шақырым жүргеннен кейін  әбден жұмсарған етті жеуге дап-дайын күйінде суырып алады. Біздің тамақ жөніндегі білгір мамандарымыздың қайсысы осы бір қазақтар дайындаған еттің дәмін татып көрді екен.

Лагерьді көлдің қалдық ылғалымен өскен әжептәуір қалың шөпті жиегіне орналастырдық. Киіз үйлерді тігіп қойғанымыз сол, біздің қазақтар отрядтағы барлық темір заттарды: қазан, үзеңгі тағы басқаларды жинап у-шу жасап даңғырлата бастады. Бес минуттай уақыт жасалған бұл у-шудың мақсаты, жақын маңда жүрген жыландарды қуып жіберу үшін екен, шынында да бұл таптырмайтын әдіс деп айтады. Оны аздық еткен қазақтар лагерьдің айналасын жылқының қылынан жасалған жіппен қоршап қойды. Жыландар мұндай жіптің үстінен ирелеңдеп өтпейді дейді. Қауіпті көршілерден өзімізді осылай  қауіпсіздендіріп ұйқыдан әбден шаршаған  бәріміз, қарауылдардан басқалары, ұйқыға кеттік.

Бірнеше сағаттан соң оянған кезімізде, шынында да қазақтардың жыландарға қарсы жасаған сақтық шаралары тиімді екеніне көзім жетті. Киіз үйіміздің іші толған кесірткелер мен құрбақалар, олар да біз сияқты қайнаған ыстықтан қашып пана іздеп жүрсе керек, бірақ бірде бір жылан жоқ. Десек те, кесіртке, бақалар мен бірге болу бізге ұнамады, әсіресе жинап қойған киімдеріміз бен етігіміздің ішіне тығылатындағы. Киініп жатқаныңда сондай ұнамсыз күй сезінесің.

Көлдің суының дәмінің ұнамсыз болғаны сонша, оның орнына қымыз ішуге батылдандым. Алғашқыда қазақтың атақты сусынының дәмі, әсіресе иісі өте ұнаған жоқ, бірақ көп ұзамай үйреніп кеттім, шынында да, ыстықта шөлді жақсы қандырады екен. Емдік қасиеттері жайлы ештеңе айта алмаймын, себебі ол кездердегі денсаулығымда кемдік жоқ болғандықтан, дәрі есебінде ішудің қажеті жоқ еді.   Омбыда қымызды барлық ауруларға қарсы әмбебап санап, көктем басталысымен сібірлік malades imaginaires еркегі мен әйелдері қырық литрлік бөшкелермен ішеді. Сібірде аты шыққан, жұрт сыйлайтын бір доктор маған қымыздың ғажап емдік қасиеттері жайлы көп айтқан болатын. Мен бұл докторға Ганнеманн мен Присницаның атағына жеткің келсе, Кумысопатия деген қымыздың емдік қасиетіне негізделген жаңа емдеу жолын жаса деп кеңес бергім келеді.

Кешке қарай қазақтар аң аулап қызықтамақшы болды. Жан-жағымызда шошқалардың табыны толып жүр. Олардың көптігін қамыстардың арасына салған жолдарынан, аунағанды жақсы көретін шошқалардың жапырған қамыстарынан көруге болады. Аңшылардың абыройына әжептәуір қатты жел соқты. Олар соны пайдаланып көлдің біраз бөлігін басқа жағынан бөлу мақсатында  адамдардың қалың тобын қамысқа орналастырды.  Көлден қашқан шошқаларды далаға айдау үшін көлдің шетіне атты адамдарды орналастырды. Белгі берілген сәтте қамыстың ішіндегі аңшылар от қойды,  өрт желдің бағытымен лаулай бастады. Бірнеше минуттан соң қамыстан шыққан алты қабан ашық далаға қарай қашты. Атты аңшылар, қолдарында найза, қиқулап қуа жөнелді. Тек екі қабанды далаға қуып үлгердік, қалғандары қайтадан қамысқа кіріп кетті. Аң аулауымыз біраз уақытқа созылды. Шошқалар ұзақ жорықтан енді ғана демалып үлгерген біздің аттарымызға қарағанда жүйрік екен. Жеткізбес еді егер тіке қашқан болса, кері бұрылып қамысқа тығыламын деп қайта-қайта бұрыла береді. Шалт бұрылуға  онша мықты емес екен. Аңшылар  біраз қуып ақыр соңында найзамен бірнеше соққы жасап екеуін құлатты.  Кешке казактар шошқаның етінің дәмін татты, қазақтар заңы тыйым салғандықтан қол тигізбеді.  Қазақтардың киіктің етінен басқа аңның етін жегенін байқамадым, соған қарамастан түгелдей аңшы. Көздеріне аң түссе болды қуа жөнеледі,  бекерден бекер атты шаршатпаңыздар деп әрең тоқтатып жүрдік. Сыйлық ретінде бірнеше рет ұстаған бөлтіріктерін әкеп беріп жүрді. Бұл әдемі хайуандармен не істейтінімізді білмейміз, жазылмаған тәртіп бойынша сыйлық жасағандарға темекі немесе сигарларды жауап сый ретінде қайтару қажет.

Келесі күні таңертең күннің шығуымен бірге тұрып алға жүрдік. Ендігі бағытымыз – солтүстік-батыс, Жыланшық деп жалпылама аталатын бірнеше жылғалардың ағысымен солтүстік-батысқа жүреміз. Бұлай деп аталуына осы  өңірде жылғалардың жағасында  кездесетін жыландарды көптігі себеп болса керек.  Түз даланың сипаты Ұлытаудан шыққан алғашқы күнгідей түк шықпаған қу дала емес. Тағы да май сара шөбі кездесе бастады, Жыланшық өзендерінің жағалауларында сирек болса да жүзгін,  малға жарамды шөптер әжептәуір бар екен. Тезірек жүруге тырыстық, шолғыншыларының ұсталғаны жайлы хабарды естіп біз жетемін дегенше Кенесары Үлкен Торғайдан қашып кетпесін деп асықтық. Көп ұзамай осыдан бір ай бұрын осы жермен жүрген ауылының ізін көрдік. Шашылып жатқан қойдың сүйектері мен  күлдердің қалдығы арқылы содырлардың түнеген жерлерін аңғару қиын емес-ті.  Оларды қуып жету үшін күні-түні тоқтамай жүруге риза едік, бірақ аттарымыз бен түйелерімізді әбден болдыртып алмас үшін ол шыдамсыздығымызды тоқтатуға мәжбүр болдық.  Жорығымыздың ауырлығы, жемшөптің аздығы мен бұзылған судың салдары оларға зиянды әсерін тигізе бастады. Арықтап жүре алмағандарының бірнешеуін күн сайын тастап отыруға мәжбүр болдық. Бұл жағдай содырларға біздің тарапымыздан үлкен басымдық беріп отырды. Олардың қарамағында жылқылары көп болғандықтан шаршағандарын жаңа аттармен жиі ауыстырып отыруға мүмкіндіктері болды. Ал біз болсақ, линиядан алыс болғандықтан отрядтағы қолымызда бар мүмкіндіктермен қанағаттануға мәжбүр едік. Торғайға жақындаған сайын дұшпанға қарсы сақтық шараларды көбейте бастадық. Бір жерден екінші жерге тек түнде көштік, себебі ашық күндері  отрядтың күндізгі қозғалуынан көтерілетін шаң оншақты шақырымнан көрінетін. Бұл сақтықтарымызға қарамастан содырлар біздің жақындап қалғанымызды біліп қойыпты. Оның себептері мынадай.

Бізге Үлкен Торғайға жетуге екі қонатын жер қалған болатын. Күтпеген жерден ентігіп шолғыншыларымыздың бірі шауып келді. Оның қорыққандығы сонша, көпке дейін ештеңені сұрап біле алмадық.  Біраздан соң ғана, қырылдаған дауысымен айтып берді:  қасындағы екі жолдасымен даланы бақылауға шығып, отрядтан 40 шақырым жерде қос ат мінген саны кемінде жүз адам болатын шайканы көрген. Олар шолғыншыларды көрген сәтте қуа жөнеліпті. Бірақ оның аты  басқалардыкінен жарамды болғандықтан жеткізбеген. Атының бірін тастап кетуге мәжбүр болыпты.  Айтуынша қасындағы серіктері тұтқынға түскен болса керек. Дереу 25 казактан тұратын партияны жарау аттарға мінгізіп содырларды қуып жетуге жұмсап,  өзім де солармен жөнелдім. Бес шақырымдай жүріп жалғыз атпен (екінші шаршаған атын тастап кетіпті) келе жатқан бір шолғыншыны кездестірдік. Бұл шолғыншы да біз естіген әңгімені айтты, бірақ бірінші шолғыншыға қарағанда салқынқандылау болғандықтан серігі айтқан жүз адам жиырма болды. Үшінші Бәжім деген шолғыншының содырлардың қолына түскеніне күмәніміз болған жоқ.  Олардың қалдырған ізі жатқан жерге дейін бардық, бірақ Бәжімді еш жерден таба алмадық. Содырлар ол жерден елу шақырымдай жерге кетіп қалған болса керек, бишара шолғыншымызды аяғаннан не пайда, ештеңе істей алмаймыз. Қайтып оралып отрядқа қосылдық. Ал отрядымыз болса, тездетіп жүріп Торғайға жақындап келеді.

Келе жатқанымызды енді содырлардан жасырып қажеті жоқ: олардың біз жайлы білмеуі мүмкін емес. Тезірек қуып жету үшін күннің мезгіліне қарамай, аттарымызға бес сағаттық жолдан соң тек екі сағат қана демалыс беріп жүріп келеміз. Түздегі далалық жорықтарда мұндай тәртіппен жүруді тәжірибелі казактар мен қазақтар аттар үшін өте ауыр деп санайды. Бірақ, амал жоқ, тиісті тәртіпті сақтамауға мәжбүрміз, су мен жемшөптің жағдайымен де санасуымыз керек. Дегенмен Торғайға жақындаған сайын су мен жемшөптің жағдайы тәуір бола бастады. Жолымызда ешкімді кездестіргеніміз жоқ, бірақ аттаған сайын жаңа жүрген аттың іздері кездеседі. Айналамызда Кенесарының шолғыншылары сырттан бақылап келе жатқаны айдан анық, бірақ оларды қууға ешқандай мүмкіншілігіміз жоқ. Біздің қазақтар содырлардың жақын жүргендігінен қорыққандары соншама, отрядтан бір қадам да алыстамайды, зеңбірекке жақын болғысы келеді. Түнде бірнеше рет алыстан шашыраған оттың ұшқындарын көрдік. Бұл кәдімгі қазақтың белгісі. Әр шолғыншының қалтасында шақпақ тас жүреді, екі тасты ұрып от шығарып серіктеріне өзі жайлы хабар беріп тұрады.

Ақыры, кеш мезгілінде Үлкен Торғайдың Тон-Қайма аяқ өткеліне де  келіп жеттік. Торғайдың жағалауы біршама таулы және ондағы өсімдіктердің көптігі сондай, қолдан өсірген баққа ұқсайды. Көптеген гүл шашқан итмұрындар, күміске ұқсайтын ұсақ жапырақтары бар, қазақтар жиде деп атайтын бұталар өзеннің жағалауында толып өсіп тұр. Бір ғана сәтте бізді түк өспейтін қу мекиен даладан табиғаттың рақымы түскен өлкеге алып келген мына  суретке сүйсіне қарап қызығып тұрмын. Кенеттен өткел іздеуге кеткен қазақтардың зарыққан дауысы естілді. Дауысқа шауып барсам, көз алдымда тыр жалаңаш, басы жоқ өлік, жақын жерде шабылған бас жатыр, оған қарап тұтқынға түскен Бәжімді таныдық. Өліктің денесінде сау жер жоқ, көп жерінде күйген жаралардың ізі. Бишара басы балтамен шабылғанға дейін сұмдық азаптауға түссе керек. Содырлар әдейі өлікті өткелдің қасына, орыстарды қолдайтындарды осындай жаза күтіп тұрғанын біздің қазақтар көрсін деген мақсатпен қойып кеткен болса керек. Мұны ойлап тапқан Кенесары өзінің жерлестерінің мінезін жақсы білген болса керек. Айтса айтқандай,  біздің қазақтарды ерекше мұң басқандай, алдағы содырлармен болатын  ұрысты емес, артына, арт жақта қалған отбасы мен туған ауылына  көп қарайтын болды. Бұл көрініс казактарға керісінше әсер етті. Олардың ызадан қаны қайнап, қанішерлерден қалайша кек алуға асыққаны байқалады. Бұл қайғылы кездесу бізді бір минут та тоқтатпады. Дереу  түйелерді арғы бетке өткізе бастадық; өткелден өту біраз уақытты алды. Бұл кезде қазақтар қабір қазып, мүрдені бөзге орап жерлеп жатты. Жаңа ғана пайда болған моланың үстіне жаңа туған ай сияқты орақтың белгісі қойылды. Марқұмды ешқандай салт-дәстүрсіз, үстіне бұталар салып жерлеген қазақтар артымыздан қалмай Торғайдың келесі бетіне өттік.

Ақмола облысы, Қазақ даласы, Торғай облысы, 1826-1850, Омбы, әскери іс, көтерілістер,  (бүліктер), Қазақстанның тарихы, қазақтар, казачество, біздің халықтардың кухнясы, медицина, (денсаулық), халық шығармашылығы, табиғат, (флора мен фауна), аңшылық

 Н.Н.Каразин   Қазақтардың жерлеу салты.

Ол жақта бізді бұрынғыдан да маңызды жаңа қауіптер күтіп тұрды. Жаңа түскен кешкі қараңғылық қоюлана бастады, сол кезде көкжиектің шетінен ерекше шұғылалы жарық көрінді, жарық үлкейіп бізге жақындай бастады. Тәжірибелі казактар бірден түсінді, содырлар біздің қозғалысымызды тоқтатпақ болып даланы өртеген. Бір жарым айдан бері далада бір тамшы да жаңбыр жаумағандықтан Торғайдың даласында өскен қалың шөбі құрғап тұр еді. Сорымызға қарай тура бетімізге қатты жел соқты. Өрттен құтылу үшін Торғайдан қайтып өтсек жетіп жатыр, бірақ олай етсек, уақыттан біраз ұтылар едік, қараңғыда өткелден өту де қауіпсіз емес. Біз басқа әдіске көштік.  Казактар мен қазақтардың есептеуінше өрт бізге бір сағаттан бұрын жетпейді. Бір сағат уақыт өзімізді оттан қорғауға толық жетеді екен. Тездетіп Торғайдың жағасынан екі шақырым алыстап отқа қарсы тура жүріп тоқтадық. Дереу казактар мен қазақтар ұзын бір линияға тұрып, әрқайсысы от шығарып алдындағы құрғақ шөпті өртей бастады. Жалын жарты минуттай бықсып ойланып тұрғандай болды, міне бір жерде от жалыны шапшып жанды, сосын екінші, сосын үшінші, төртінші жерде... екі минуттан кейін үлкен от қатары бізден алыстап Торғайға шаба жөнелді.  Бұл керемет көрініске сүйсінбей қарамау мүмкін емес, бірақ ол ұзаққа созылған жоқ  Жел өртті бізден айдап басқа жаққа алып кетіп өзеннің жағасына жетіп оның тік жағаларында жоғалып кетті. Өз істерімізбен айналысып кетіп артымызда не болып жатқанында жұмысымыз болған жоқ. Бір түсініксіз дауыс естіледі:  алыстағы сарқыраған судың немесе шауып келе жатқан көп  аттардың топыры артымызға бұрылтып қаратты. Даладағы өрттің  суретінің сұмдық бейнесі қорқынышты алпауыттылығымен толық көрінді. Жел от теңізінің үстінде қыдырып жүргендей.  От жалынының толқыны біресе жоғары көтеріліп даланың ұланғайыр кеңістігін жарқыратса, енді бірде түннің қараңғылығымен күрестен  шаршағандай болып жерге құлайды.  Қасқырлар мен киіктің үйірлері топ-тобымен уақыт сайын арамыздан жүгіріп өтіп жатыр. Әншейінде адамдардан қорқатын бұл жануарлар оттан қашып бізге көңіл аударып жатқан жоқ. Қарақұстар отрядтың үстінде  саңқылдап дауыстап ұшып жүр, сірә  өмір сүріп жатқан табиғатын тып-типыл еткен соғыс үшін бізге ұрысып жатқан сияқты!

Тып-типыл етіп өртеген кеңістігімізбен Торғайға шегініп асықпай өрттің тынуын күттік. Көп ұзамай өрт біз осыған дейін тұрған линияға жетті. Жел адамды тұншықтыратын түтінді алып жеткізді, бірақ өрт белгіленген сызықтан аттап өте алмады. Жейтін шөп таба алмаған от жол іздегендей бір жерді айналып бір сәт тұрды да жалп етіп сөніп қалды. Ұзақ уақыт көз алдымызда тұрған жарық сөнген кезде, түн бұрынғыдан да қараңғы болып кеткендей. Сол заматта алға жүріп кеттік. Көп ұзамай жел түтіннің бұлттарын қуып тастаған соң, ашық аспан қайтадан ашылып төбемізде біздің жол көрсетушіміз – Темір қазық жарқырап тұрды.

Күннің шығуына екі сағат қалғанда кішкентай көлге келіп тоқтадық, көлдің жағасында түнгі өрттен  аз-кем шөптер аман қалған екен. Атқан таң  адам баласы  көз алдына елестете алмайтын қайғылы картинаны алдымызға жайып салды. Түз дала түгелдей біркелкі қап-қара түсте; бұдан асқан құлазыған алапаттың шегі болмас; жан-жағымызды  өлі  тыныштық билеген;  таңғы шапақты бір де бір құс өз әнімен қарсы алмады. Бәрі өлген сияқты, тек біз ғана жаппай қырылудан аман қалған сияқтымыз.  Ұзақ қарай алмадым, шаршаған көзім ұйқыға тартады, шешінбей жерге құлай кеттім. Көп ұзамай   рақымы түскен ұйқы мені Қазақ даласынан алысқа алып кетті.

Ұйқы ұзаққа созылмады. Лагерьдегі жаппай апалаң-топалаң мені оятып жіберді. Алғашында түк түсінбедім, сосын басқа айқайлармен қатар «шабуыл!» дегенді естіп ұйқымнан ояндым. Бірнеше минутта көптен күткен қонақтарды күтіп алуға дайын болдық. Бізде  70 казактан тұратын, толық қару-жарақты, ерттелген, ауыздықталған аттарымен дайын тұратын кезекші деп аталатын бөлім болатын. Осы бөлім шабуылшылардың алдынан қарсы шауып кетті. Оларға бекеттегі отрядқа жиналған казактар да қосылды. Дереу лагерьге барлық аттарды жинап алдық; басқалар да жылдам қимылдап, еш күйбеңсіз аттарын ерттей бастады, артиллерия бір мезетте ұрысқа дайын болды. Мен кезекші бөліммен аттанып бара бердім.

Алдымыздан ешқандай тәртіпсіз, құйындай шауып келе жатқан қазақтардың үлкен тобырын көрдік. Олардың  айқайы мен қиқуы құтырғандардың байбаламдарына ұқсайды.  Мылтық атар жерге жақындаған кезде тобыр аттарын тізгіндеп тоқтатып тұра қалды,  бізге, аз ғана казактың тобына ұмтылып жұмыла жапырып жіберудің орнына бір орнында тұрып «Абылай, Кенесары!» деген айқайлармен құлағымызды тұндыра бастады. Сосын арасындағы кейбір батырлары бізге қарсы білте мылтықтарынан ата бастады, өздеріңіз ақ түсінерсіздер, бұл оқтардың қаншалықты зиянсыз екендігін, қолдарында білтелі мылтық, аттары айналшақтап тыпыршып тулап тұр. Арамыздан бір оқ та зу етіп өткен жоқ. Ұрыс майданының дәл шетіне шауып келген батырлары да болды, олар бір дөңгелек жасап айналып, сол жасаған ерлігіне риза болып, сосын асыға қашады.  Шайканың ешқандай дайындалған іс жоспары болмағаны көрініп тұр; әркім өзінің білгенінше қимыл жасауда. Бізді кенеттен қапы қалдыра алмағасын, ешкім де сәтті табысқа жетемін деп үміт күтпеген. Олардың бұл жағдайда  ақылға қонымды бір ғана ісі болды – қашу, тезірек қашу; бірақ өздерін өздері көздері қарайғанша айқаймен қоздырған жағдайы бұл қауіпті оларға көргізбеді. Олар орындарында қаһар шашып қала берді, бұрынғыша ешқандай бес сезіміміздің біреуіне де әсер етпейтін мылтығымен оқ атуын тоқтатқан жоқ, мыстандардың айқайына ұқсас қиқуларын да еш қаперге алған жоқпыз. Осы арада казактарды бөлімі асығып тобырға қарсы оқ атты. Бірнеше батырлары аттарының аяғының астына құлады, бірақ бұл да олардың әскери қызуқандылығын тоқтатпады. Біздерге тағы 100 казак келіп қосылды. Оң қанаттан бір зеңбірек алға шығарылып атуға дайындала бастады. Оны көрген қазақтар абыр-сабыр тобырға айналып біздің сол қанатымызға жиналып құтылмақ болды. Бірақ ол жақта басқа зеңбірек дайын тұрған еді, оның картечь оғы өте жақын жерден дәл тигізіп оқ атты. Артынша оң жақтағы зеңбірек атып үлгеріп дүрмектің дәл ортасына гранатын тигізді. Онсыз да еш тәртіпсіз орналасқан тобырға осы  екі оқтың  қандай ойран салғанын көз алдыңа елестету қиын болмас. Ат пен адамдар бір біріне құлап жатты; бәрі лап қойды; казактар шабуылға шықты, бірнеше сәттен кейін ұрыс орнында  ондаған өлген, ауыр жараланған содырлар жатты. Біздің күштерімізге сол кезде отрядтағы қазақтарымыз да қосылды. Ұрыстың әуелгі барысында олар саналы түрде лагерьде қалған болатын; бірақ жерлестерінің тықсырылып жатқанын көрген қазақтар ат пен қаруды олжа қылармыз деген үмітпен  соңынан қуа жөнелді. Содырларды біраз уақыт қудық, бірақ ештеңе шықпады. Аттары біздердікіне қарағанда  жүйрік, оған қоса ұрыс алаңынан 10 шақырым жерде қосалқы аттарын даярлап қойыпты; ерекше шалт қимылмен екінші аттарына мініп алды, бұрынғы аттарын біз олжаламасын деп түйреп кетті. Көп ұзамай көзімізден ғайып болды. Сүйтіп, жеңіс бізге онша көп пайда әкелген жоқ, бірақ біздің қазақтардың рухын ерекше көтерді. Қазақтарымыз қайтадан отрядтың алдына шықты, қайтадан Кенесарыны және оны қолдаушыларды ерекше жек көретіндігін айта бастады. Олардың ойынша, осы уақытқа дейінгі көрген азаптары мен қиындықтары үшін сыйлық алатын уақыттары жетті, бұл мақсатта жолдарында кездескен болыстарды тонағаны дұрыс.  Әрқайсысы жақын уақыттарда өздеріне түлкі астары бар қара қошқыл   барқыт тон, жүйрік ат, ең соңында қалың мал төлемейтін сұлу әйел алсам дейді.  Біз ақшасыз преферанс ойнаған адамға қалай таңқалып қарасақ, қазақтар – соғысқан адамның тонамауы мүмкін емес деп ойлайды.

Кенесарының бізге шабуыл жасағандағы ойы – біздің аттарымызды  айдап кетпек еді. Сонда ғана біздің экспедицияның  ісі біткен болар еді. Ең болмағанда, оның ойынша, біз Кенесарының содырларын жеңеміз де, қашқан соң соңынан қуа бастаймыз, сүйтіп аттарымызды әбден болдыртамыз. Бұл кезде оның ауылдары мал-мүлкімен қауіпсіз жерге көшіп кетеді. Біздің аттарымыздың шаршағандығын білгендіктен, Кенесары өздеріне қуып жетеді деп еш қорықпады. Бірақ өткен уақыттағы экспедициялардың тәжірибесінен содырлардың бұл қарапайым қулығын байқағандықтан, бұл қулыққа түспедік. Көшіп жүрген ауылдардың қозғалысын бақылап тұрғандықтан, содырларды көп шығынға түсіретінімізді білдік, амалы жоқ Кенесары мал-мүліктерін қорғаймын деп тағы да алдымыздан шығатыны анық. Көтерілісшілердің болысындағы ауылдары бізді адастырмақ болып әр жаққа көшіп кеткені көрініп тұр. Біз қой мен түйелердің ең көп із қалдырған жолын таңдап сол ізбен  тоқтамай жүріп отырдық.  Қазақтар бізге қарсы даланың шөбін өртеу әдісін де қолдана алмады, себебі бұрын оларға бір рет одақтас болған жел бұл жолы басқа жаққа соқты. Көп ұзамай қашқан ауылдардың көшіне ілесе алмағандықтан  тастап қалдырылған, зорыққан тұтас қой отарлары жолымызда кездесе бастады. Отрядымыздың азық-түлігіне қажет болады-ау деген мөлшердегі қой санын алып, қалғандарын жүруімізге кедергі болмасын деп тастап кеттік. Күн сайын мұндай олжалардың саны көбейе берді. Көтерілісшілер енді түйелерін, оған қоса киіз үйлері мен қазан-ошақтарын, барлық мүлкін тастай бастады,  тек жеке бастарын құтқаруды ойлап атпен кетіпті. Кездескен мына бір жағдай маған және бәріміздің көңілімізде терең әсер қалдырды. Келе жатсақ, алдымыздан жасы үш шамасында, жап-жалаңаш, аштық пен шаршаудан боп-боз боп кеткен ер бала жүгіріп келеді. Бізді көріп, адамдар екенімізді, тамақ беретінімізді түсініп дауыстап қуана жүгірді. Осы бір жүректің сезімін шымырлататын балалық сенімнің тереңдігін айту қиын, бәріміз де баланы маңдайынан сипадық. Бала кішкентай қолдарымен бір жақты көрсете бастады, көрсеткен жағына барсақ, жерде жатқан тағы екі қыз баланы көрдік. Біреуінің жасы бірнеше айлық болса керек, өліп қапты, екіншісі екі жас шамасында, әлсіреген, әрең дем алып жатыр. Балаларды дереу өзімізге алдық. Келесі күні, ағасы мен қарындасы сауығып, казактар жасап берген түйенің қомында кәрзеңкеде отырып ойнайтын халге жетті.  Сірә, балалар әке-шешесі жоқ жетімдер болса керек, сондықтан да содырлар оларды еш ойланбастан ай далада қасқырларға жемге, аш өлімге қалдырып отыр. Ата-анасы болса, табиғатқа жат іске барады деп ойлауға да болмайды. Дегенмен, бұрын қазақтың әйелдері шекарада өз балаларын сатыпты, бірақ ол жағдай аштық кезінде болып, балаларын аштықтан өлтірмеу үшін ондайға барған, басқа кездері анасы баласын еш уақытта тастамайды.

Осы уақыттың барысында қазақтардың шағын топтары аттарының жүйріктігіне сеніп қастарымызға әжептәуір жақын келіп жүрді. Ұстап алуға дайындала бастасақ, қаша жөнеледі. Көпке созылған бұл жаза тартпаушылық оларға батылдық бере бастады,  осыны пайдаланып  тіл ұстамақты ойладық, Тіл бізге Кенесарының ауылдарының қай жерде екенін білу үшін өте қажет болатын.  Бірнеше казакты торуылға бөлдік, ол топқа мен де кірдім. Торуыл жасайтын жерге көп кеңістікті алып жатқан қамыстың арасынан орын алдық. Осы кезде отряд сол қамысқа жақын жерде аялдауға тоқтады. Тыныштық сақтап құр бекер ұзақ уақыт отырдық. Күн еңкейіп батуға жақындаған кезде лагерьге қайтуға дайындала бастағанымызда, кенеттен қамыстың арасындағы шошқалар салған жолмен келе жатқан  атқа мінген қазақты көрдік. Бәріміз тұра ұмтылдық, бірақ ол біз оны қоршап аламыз дегенше атын бұрып үлгеріп бар қарқынымен шауып ала жөнелді.  Артынан  қудық, бірақ ол иреңдеген жолдармен қашып таптырмай кетті. Бұл сәтсіздіктің ренішімізді тудырғаны сонша, қазақты ұстағанша қамыстан шықпаймыз деп бел будық. Біздің сорымызға бұл соқпақ жол шартарапқа тарайтын басқа да жолдармен қосылады екен. Қуғынның қызуқандылығына салынамыз деп қарапайым сақтық шараларын ұстанбаппыз. Ұзақ қуып айдалада жалғыз келе жатқанымды кеш сездім. Бір уақытта енді түсе бастаған қараңғылықтың арасынан менен алыс емес жерде жүрген сайын жиіленген қамыстың арасынан жол салып келе жатқан атқа мінген қазақты көрдім. Жақсы қаруланғанмын, сондықтан ештеңеден қорықпай шаба жөнелдім, қазақты тұтқынға алайын немесе  жайратайын деген оймен.. Қазаққа жақындап қалғанмын, сол кезде артымнан аттың дүбірін естіп бұрылдым. Дәл осы сәтте оң иығымды бірнәрсе күйдіріп жіберді, басыма соққы алдым. Сол заматта жан-жағымның барлығы түрлі түсті шапақтарға толып кетті. Ар жағында не болғанын білмеймін.

(Жалғасы бар)

Орыс тілінен ацдарған Сағат Жүсіп

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019