Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 22353 18 пікір 5 Мамыр, 2017 сағат 13:14

Қазақтың тағдыры әйелдердің қолында

 

Үстіміздегі жылдың 8 наурыздағы 9-нөмерлі «ДАТ» газетіне шыққан ақын Мырзан Кенжебай мырзаның «Әйелдері бұзылған ұлт жойылады» деген мақаласы исі қазаққа ой салғаны даусыз. Нақты мысалдар мен дәлелдер келтіріп жазған Мырзекеңнің тәрбиелік мәні бар осы мақаласына өз ойымда жүрген кейбір мәселелерді қосқым келіп, қолыма қалам алып отырмын.

Атамыз қазақ қыз балаларды ерекше қадірлеген. Сонымен қатар олардың тәрбиесіне үлкен мән беріп отырған. «Қыздың жолы жіңішке», «Қызға қырық үйден тыю» деген мақалдар – соның куәсі.

Қазақ тұрмысқа шықпаған қызды босағаға емес, төрге отырғызатын. Тұрмысқа шығатын қыз балаға (ол кезде көбінше сырттай жасынан атастырып қоятын) жеке үй тігіп, оны жеңгесімен бірге тұрғызып, үй шаруасын, тамақ жасау, әсіресе табақ тартудағы, табаққа тартылатын әр сыбағаның алатын орнын үйрету, қайнағалары мен қайныларының аттарын атамай, жанама ат қою, аталары мен апаларына сәлем салу, тіпті үлкендерге шай құйып беру (оның да өзіндік мәні бар) сияқты ұлттық салтымызға сай тәрбиелік мәні зор істерді үйрететін болған.

Қыз бала тұрмысқа шығып, келін болып барғанда, осындай тәрбиелік жөні бар істерді біліп барған. Ондайды жете білмеген келіндерге «тәрбие көрмеген» деп сын көзбен қарайтын. Сондай сөзге қалмас үшін, ата-анасы қыздарына мүмкіндіктің барынша салт-дәстүрді үйретіп отырған. Қазір, Мырзекең айтқандай, орекең мен батыстың «озық» үлгісін алған кейбір келіндер аталарына сәлем жасамақ түгілі, оларды Пәленше Пәленбаевич деп атын атайтын келіндер пайда бола бастады. Кеудесін, анарының түймесінен басқасын көрсетіп жүретін, темекі шегу мен ішімдік ішуді мақтан тұтатын «өте тәрбиелі» қыздар көбейіп кетті. Бұл – салдар. Ал себебі арыда жатыр.

Қазір бізде матриархат басым болып тұр. Ер азаматтардың құқықтары әйелдерден төмен. Бұрын әйелін талақ ететін жігіттер өте сирек еді. Керісінше, жесірін жатқа бермейтін. Оның мәні тереңде жатыр. Ол тікелей ұрпақтың болашақ тағдыры. Ал қазір не көп – ажырасу көп.

Неге? Ол мына біздегі ер мен әйелдің құқығы бірдей деген ұлтты көгертпегір гендерлік саясаттың кесірі. Ол мақтан емес, болашақта ұлтты жоятын саясат... Қазір бізде ажырасуға арыз берген әйелдің сөзі – сөз. Күйеуінің пікірін тыңдайтын заң жоқ. Одан ешкім сұрамайды да. Сотқа күйеуі бармаса да, сот мырзалар екеуін сырттай ажыратып, күйеуіне алимент төлеуді міндеттеп жібереді. Бұл саясат түбірімен дұрыс емес. Егер ажырасуға әйел арыз беретін болса, оған күйеуі келісім бермесе, алимент төленбейді десе, әйелдер арызын дереу қайтарып алар еді. Сонда ажырасу азайып, бала әкесіз жетім болмай, әке тәрбиесін алып өседі.

 

Бүгінгі әйелдерге баланың әкесі – табыс көзі ғана. Әке тәрбиесін көрмей өскен ұл мен қыз болашақта шешесі сияқты болғысы келетіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан оларға шеше негізгі тұлға. Олардың қыздары да шешесі сияқты ажырасып алып, «емін-еркін» өмір сүргісі келетін болып өседі.

Өткенде бір шенеулік «...бізде қызмет істейтіндердің 56 пайызы әйелдер» деп соғып тұр. Бұл мақтан емес. Сонда әйелдердің басым көпшілігі қызмет істесе, баланы кім табады? Қазақ ұлты қалай көбейеді? Жоқ, әлде ұлт жоқ жерде мемлекет болмайтынын шенділер түсінбей ме? Әйелдердің қызмет істеуіне еш қарсы емеспін. Өз әйелім кезінде бес бала тауып, қызметінен қалған емес. Мен қатарлас достарымның да әйелдері алды сегіз бала, арты төрт бала тауып, қызметтерін тастамай еңбек етті.

Бірақ ажырасу деген пәле біздің замандастарымызда болған емес. Қазір бір бала, әрі кетсе екі бала тауып (фигурам бұзылады деген сылтаумен) немесе бала таппайтып «ақылды» әйелдерге (бұлар ұлттың болашағын ойламай, бүгінгі күнін ғана ойлайтын ақылы аздар және ұлтты жоюшылар қатарында) не айтуға болады?

Мен тек қана көп бала тапқан әйелдердің мемлекеттік кез келген қызметті істеуіне қосыламын. Ұлтты өсіру ісі мемлекеттік деңгейде шешілуі керек. Ол үшін жасы 30-дан асқан жанұяға, егер төрт баладан кем баласы болса, екінші рет үйленуді заңдастыратын заң керек. Екінші, үшінші рет үйленгендерге мемлекет материалды көмек көрсетуді іске асырған дұрыс (квартира, жер телімін немесе ақшалай). Сонда іші тар, қызғаншақ әйелдер еріне тоқал алғызбас үшін, міндетті түрде 4-5 бала туары сөзсіз.

Ал жігіттеріміз үштен, төрттен әйел алып жатса, қазақ қыздары қытайға, негрге, неміске, тағы басқа ұлттарға күйеуге шығу деген пәле тоқтар еді. Қайдағы бір қытайдың баласын баққанша, өз ұлтының баласын тәрбиелегенін мақтан тұта отырып, қазақтың санын көбейтіп, мемлекетіміз нығая түсер еді. Олардың арасынын Абай мен Шәкәрімдер тумасына кім кепіл?

Меніңше, бәйбіше, тоқал болуға намыстанбау керек. Бізде Абайдың әжесі Зере (шын аты Тоқбала) сияқты мақтан тұтар қазақ әйелдерінің символы аз емес қой. Сол Зере әжеміз Құнанбайдың төрт әйелінің бірі емес пе еді? Қазақтай көп қырғын көрген халық кемде-кем. Өткен ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығы кезіндегі,1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс кезіндегі патша жендеттерінің қаруы жоқ жасақтарды зеңбірек, пулеметпен қырғаны, 1921-22 және 1932-33 жылғы қолдан ұйымдастырған ашаршылықта қырылған халық,1937 жылғы репрессия, шетелге қашып, онда қырылғандар және Сібірге жер аударылып, онда қаза тапқандар мен неміс фашистерімен болған соғыста қырылғандар санын әлі ешкім дөп басып айта алмайды. Шамамен бұл цифр 5–7 миллионның ар жақ-бер жағы болады. Сонда да қазақ жер бетінен жойылып кетпеді.

Біздерді жойылудан аман алып қалған – алтын құрсақ аналарымыз. Олар бірі бәйбіше, бірі тоқал болып, аз дегенде бес-алты бала тауып, елдігімізді, ұлтымызды сақтай отырып, мемлекетімізді аман алып қалды. Келешекте ұлтымызды азайтпай, мемлекетімізді сақтап қалудың бірден-бір жолы – көп әйел алуды заңдастыру болып табылады. Біздің депутаттар «көкеміздің атын қалаға беру керек» деп, халыққа пайдасы жоқ жағымпаздықпен сабан-су сөзді сапыра бергенше, келешекте отанымызға пайдалы осындай игі бастаманы көтергені дұрыс болар еді.

«Еркектер екі әйел алса, біз екі байға тиеміз» деген баяғы депутат «қыздан» құдай сақтасын. Жалпы, елімізде халықтың санын көбейту жайлы ойланып жүрген шенді-шекпенділерді байқамадым. Көрші қытай қазір бұрынғы бір бала ғана туатын заңын өзгертіп, екі балаға рұқсат берді. Соның нәтижесінде өткен жылы халқы 18 миллионға өсті. Бұл дегеніңіз бір Қазақстанның халқынан көп.

Сонда біздің мемлекет бір жанұяда төрт-бес баладан кем болмасын деген заңды неге қабалдамасқа? Денсаулығы көтермеген әйелдер жетімдер үйінен бала асырып алсын. Мұндай заңды қабылдауға қарсы адам – мемлекетіміздің болашағына қарсы деп ойлаймын.

Мемлекеттің байлығы – халық. Халықты көбейтіп жатқан әйелдерге мемлекет тарапынан беріліп жатқан бір реттік 86 мың жәрдемақы өте аз. Меніңше, бірінші балаға 200 мың, екіншісіне – 400 мың, ал үшінші балаға 600 мың, одан әрі әр балаға 300 мыңнан, алты бала тапқан анаға 2 миллион өтем беріп отырса – өте дұрыс болар еді. Екі миллион беріп жатса, көптеген әйелдер алтыншы баласын табуға қарсы болмас еді. Негізі, еліміздің болашағы осы жас нәрестелерге тиеселі өз ақшаларын беріп отырған ешқашан қате болмайды. «Жақсы әйел жаман еркекті хан жасап, өзі ханның әйелі болады, ал жаман әйел жақсы еркегін құл жасап, өзі құлдың әйелі болады» немесе «Әйелі жақсының ағайыны араласып, жақын жүреді, жаман әйелдің ағайыны араласпай, қашық жүреді» деп қазақ тауып айтқан. Осындай жақсы мақалдармен бірге «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман әйелдер қайдан шығады» деген де мақал бар.

Расында, олар қайдан шығып жүр? Менің бұл жазған мақалам менің жеке пікірім. Осы жазғаным көптеген жеке басын ғана ойлайтын әйелдер мен келешекті болжағысы келмейтіндерге ұнай қоймас. Бірақ қазақ түбі осыған келеді.

Берік БАЛТА

«Общественная позиция» (проект «DAT» №17 (381) от 4 мая 2017 г.

 

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373