Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 7254 0 пікір 10 Мамыр, 2017 сағат 09:43

Орыс парламентіндегі жер-су мәселесі

SONY DSC

Алаш қозғалысының бастапқы жылдарындағы маңызды іс-әрекеттердің бірі – қазақ қайраткерлерінің ұлт мүддесі жолында жүргізген парламенттік күресі еді. Жер үшін Ресей Мемлекеттік думасының екінші шақырылымында болған шайқастың бір көрінісі жайында төмендегі материал сыр шертеді.

ОРЫС ПАРЛАМЕНТІНДЕГІ ЖЕР-СУ МӘСЕЛЕСІ

(Өтеміс Өмірбековтың дәптерінен)

 

  1. Ғабидолла Тоқай
  2. Иракли Церетели
  3. Петр Леонас
  4. Рашид қази Ибрагимов
  5. Үкімет басы П. Столыпин
  6. 2-ші Мемдума төрағасы Ф. Головин

Тарихи миниатюра

 

Санкт-Петербург, 16.05.1907

 

Думаға келіп сөйлеген Столыпинді тыңдағанда ұққанымыз – үкімет басы үшін ұлт мәселесі елеуге тұратын нәрсе емес секілді екен. Ал бірақ біздің мұсылмандардың мұңы – осы орыс революциясы басталғалы бері өткен үш съезінде де түйінделгендей, тапталып бара жатқан рухани шаруаларды түзетіп алу еді. Алайда  оған әзірге билік назар аударар емес. Елемейді тіпті.

Мұсылман-депутаттар кешегі мектеп мәселесінде үлкен дау тудырған жарыссөз кезінде табанды көзқарас ұстанды. Үкіметтің іс-дағдысы мен пиғылына қасақана, өздері тұратын аймақтарда ана тілінде оқытатын бастауыш мектептер болуын қалайтынын батыл мәлімдеді. Үкіметтік мектептерді сынады. Балаларға бірден орысша сауат ашқызудан шошынды. Бұл мәселеде империядағы орыстан басқа өзге текті халықтардан өкілдік еткендер түгелдей бірауызды болды.

Ал оған үкімет тұрғысынан ойлайтындардың қалай қарайтынын кеше ғана ап-айқын көрдік. Тіпті, солардың ыңғайындағы, әлде сойылсоғары боп табылатын қаражүздікшілдер беттері бүлк етпестен, түркі-мұсылмандарға, әй-шәй жоқ, Түркияға көшіп кетіңдер деуге дейін барды ғой. Бұл жайында біз де, басқалар да жазды, ел тез құлақтанды.

Бір күні бас редакторымыз Рашид қази редакцияға келген хаттардың әлдебіреуі жайында бөлмесінде отырған баршамызға қуана айтты да, жоғары көтеріп көрсетіп, ішінде жазылғандарды сүйсіне оқып берді.

Думадағы у-шу құлағына жетісімен Ғабдолла Тоқай атты албырт жас ақын «Кетпейміз!» деген өлең жазыпты. Текеден екен. Мен бұрнағы жыл соңында сонда болып, қазақ партиясы съезіне қатысып қайтқанмын. Қаладағы көзі ашық азаматтар түгел жиналған сол басқосуда ол болды ма, жоқ па, қайдам. Болған шығар. Тез бауырласып кеткен Жанша досым мені талай кісімен таныстырып еді, бәлкім солардың ішінде оны да көрген шығармын, бірақ мен оны, әйтеуір, көзіме дәл елестете алмадым. Қалай болғанда да, сөзі жүрекке жылы тиді.

Ол халық өкілдігі жиналысында жұртты алалауды кәсіп қылған, мұсылмандарды Түркияға кетіргісі келген қаражүздікшілерге, олардың көсемі Пуришкевич пен оның сыбайластарына: «Сендерге жақсы көрінсе, сонда өздерің бара қойыңдар, мырзалар!» – деп сергек жауап беріпті. Ал «біз осында тудық, осында өстік, осында өлеміз. Орыс жеріне айналған атамекенімізге бізді тағдырдың өзі байлаған» деген тұжырымын жыр тілімен әдемі жеткізіпті.

Соны тыңдағанда, керемет риза болдық. Бәрімізді  өз жерімізде, өз елімізде өгей қылған «қара жүздік» имансыздарына поэзия сөздерімен берілген осынша ұтымды жауап газетке шыққанда алыс-жақын баршаны разы етті. Оны түсінер пуришкевичтер бар деймісің.   Олар көзқарасынан айныған, жоқ, бірақ олардың сондай ерсі де қатерлі пиғылы бізді ынтымаққа шақыра түсті.

Дегенмен, пікір алуандығы сақталып тұр.

Бізге баспа ісіндегі беделді сөз айтатын алқа мүшелері сынды қабылдайтын ағаларымыз Рашид қази, Ильяс әпенді, Сәлімгерей сұлтан қорытқан ойлар үлгі болатын. Біз ұлттық шет аймақтардың жергілікті басқару органдарында, соттың төменгі буындарында іс өз  тілінде болуын, әр жердегі түркі жұрттары ішінде түсінікті өз тілдерінде жұмыс істеуін қалайтынбыз. Үкімет сотын жаппай кіргізе бермей, ел арасында беделі зор халық соттарын сақтап қалуды табандылықпен қолдайтынбыз. Бұл орайда депутаттардың өзгеше пайымдауы бізге аса естілмейтін секілді еді. Негізгі фракциядағылар да, еңбек тобы мен кадеттер қатарындағылар да – бәрі  бір ауызды көрінетін.

Әйтсе де, күдіктенетіндер бар екен. Әсіресе аграрлық мәселеде әрқилы көзқарас бары байқалды. Көбі помещиктер жерін әділ ақысын төлеп сатып алу жағында. Тура кадеттер тәрізді ойлайды. Ал еңбек тобындағылар тәркілеу бағытын ұстанды. Осы ретте фракция ішіндегі басқосуларда айтыс туып жүрді, бірлі жарым пікір пленарлық мәжілісте де айтылып қалды.

Әсіресе, мектеп дауының ертесінде болмақ талқылау біздің айрықша күткен сәтіміз еді. Онда депутат Қаратаев сөйлемек болатын.

 

***

Қатты у-шу туғыза тұрып, түркі-мұсылман депутаттары мектеп саласындағы бағдарламасын бекем мәлім етті. Енді  жария етілген мүдденің заңда көрініс табуы үшін күресу қажет. Алдағы уақыттарда, заң жобасын комиссияда қараған кезде, сөйтіп жоба мәтінімен тікелей жұмыс істегенде, бағдарламалық мақсатты баянды ету жолдарын ойлау ләзім.

Біздің досымыз Слава бұл орайда  бізбен бір пікірде-тін. Ол мұсылман депутаттардың өз көзқарастарын Дума мінбесінен танытуларына біз тәрізді сүйініп те, және олар сөйлеген кезде жекелеген қаражүздікшілердің шабалануына күйініп те жүретін. Ертең аграрлық мәселені талқылау жалғасады дегенде, ол Жасайға қарап:

– Білесің бе, белгілі бір күштер ертең сендердің депутаттарыңды мінбеге шығартпауға тырыса ма деймін, – деп қалды.

– Белгілі  бір күштер... – Жасай қабағын тыржитты. – Махмудов, Хасанов, Мақсудовтар олардың қытығына әбден тиді демекпісің?

– Меніңше, үстінен түстің. Оларға өз тұқымдары мен іштеріндегі және батыстағы діндестері төндірген қатер де бастан асып жатыр, жетпегені – мұсылмандардың бас көтерулері еді...

Слава «мұсылмандардың бас көтерулері» хақында түсінік бере кетті. Олар аграрлық комиссиядағы жарыссөздерде олар тым белсеніп көзге түскен көрінеді. Бір киргиз-депутат қайта-қайта, тіпті, үкімет алдына мәселе қойып жүр екен. Ол үкіметтің қоныс аударуды қараған әлдебір отырысына да қатысып, көп наразылық айтыпты деседі. Биліктің түрлі буынына киргиз жер-суы жайында   депутаттық сұрау салуға да сол ұйтқы болуда – міне сондықтан да осының бәрін енді Дума мінберінен дуылдатуға жол беруге болмайды деген ұйғарым бар тәрізді. Бұлар Славаға өзінің ең сенімді ақпарат көздерінен мәлім...

– Білемін, киргиз-депутат дегенің – сұлтан Қаратаев қой, – Жасай күрсінді, – оған кадеттер жер-су жайындағы партиялық бағдарламасы үшін былтырдан бері тістерін қайрап жүр. Қаражүздікшілермен жұлдызы қарсы келетіні екі бастан түсінікті.  Дегенмен  біз оны сөз алар деп үміттенеміз. Мұсылман фракциясын былай қойғанда, оның тілектестері солшылдар арасында да көп.

Слава басын шайқады.

– Суасты ағыстарын білмей тұрсың, досым менің.

Ол өзінің бір беделді кадеттің пікірін естігенін айтты.  Оның беделді кадеті ой орамымен қаражүздікшіден де асып түсіпті. Жабайы  киргиз өкіліне Дума мінберінен сөз беруге үзілді-кесілді қарсы екен.  Сонау көшпенділерді орыс парламенті төріне шығармақ түгіл, оған салсаң, баяғы қанышер Шыңғыс ханның жабайы тұқымдары ретінде, мүлдем көздерін жою керек депті. Оның пайымдауыша, Америкада жаңа дүние есігін ашқандар қызыл тәнділерге қандай көзқарас танытса, орыс мемлекетінің іргесін кеңейтушілер де жалпақ даланы жайлаған жабайыларға тап сондай көзбен қарауға тиіс...

– Яғни, түзде қуып жүріп, аң аулағандай, атып тастап кете беру керек, – деп мысқылдады Жасай. – Олар солай етіп те жүр, досым менің. Империя Думасы сол бассыздықты тоқтататын болуға керек. Және оны істейтіндер, шынымды айтсам, мұсылман-депутаттар емес, тек социал-демократтар.

Менің аға-досым Жасайдың бүйрегі социал-демократиялық партияға айрықша бұратыны маған көптен белгілі.  Үкіметке петиция әзірленген Қоянды жәрмеңкесі кезінде оның билікті састырған уытты  сөздері әлі құлағымда сайрап тұр, өте шетін пайымдары былтырдан бері Дума мінберінен сөйлеген социал-демократтарды естіген сайын есіме түседі. Слава да, мен де оның Джапаридзе, Церетели секілді солақай депутаттармен бас қосқан топтар арасына жиі баратынын да білетінбіз.

Оның, тіпті, Бірінші Думаға дейін-ақ социал-демократтардың большевик деп аталатын қанатына құлағаны, солар тәрізді шетін ойлап, парламенттік күреске сенбеушілікпен қарағаны, өзі секілді солақай жолдастарымен бірлесіп,  біздің мұсылман қайраткерлерін Төменгі Новгородтағы алғашқы съезде қатты сынағаны да көз алдымда.

Осы ретте оның депутат Қаратаевқа солшылдар арасында тілектестікпен қарайтындар мол деуінде мән барлығы даусыз-ды. Жалпы, біздің бұл сұлтан ағамыз өткен ғасырдың соңғы онжылдығында Кутаиси жағында заң қызметін атқарған, көптеген грузин князьдерімен жақын аралас-құралас болған, пікірлері жарасқан, байланыстары әлі үзілмеген кісі. Керек десең, ол грузиндер арасында қызметте жүрген жылдарында бүгінгі депутат Церетелидің өзі түгіл, оның әкесін – ақын Георгий Церетелиді де жақын білген көрінеді.

Менің көңілімді Слава біреулерден естідім деп айтқан – қазақтарды «Шыңғыс ханның қанышер жабайы ордаларының тұқымдары» деген анықтама күпті қылып тұр еді, бір кезде әңгіме жәйлап сол тақырыпқа ойысты. Оған қызба Жасаймен бірге, салқынқанды Мұхамеджан қосылды. Слава оларды аузын ашып тыңдады. Мен үшін де мүлдем жаңалығы көп әңгімелер еді. Бәрін айт та, бірін айт, әңгіменің тоқетері – бүгінгі Ресей империясының құзырына қаратылған ел-жұртқа үкімет көрсетіп отырған рухани да, экономикалық та зорлық-зомбылық баяғы заманғы Шыңғыс хан империясының алдына қойға мақсатынан әлдеқайда зұлым да қатерлі дәрежеде жүзеге асырулы деген тұжырымға тірелетін.

– Шыңғыс ханның балалары батысқа Балтыққа дейін тереңдеп, Ұлығ Ұлыс құрды, оны Алтын Орда деп атады. Орыстар олардың қоластындағы бодан жұрттың бірі болды. Бірақ, бодан жұрт деген аты ғана, оның рухани да, экономикалық тұрғыдан да дами беруіне шек қойылған жоқ. Алтын Орда оның дініне тимеді, орыс  шіркеулеріне тыйым салған жоқ. Қыз алысып, қыз берісіп, өмір сүріп жатты.

Мұхамеджан Александр Невскийден бастап, Жауыз Иван* төңірегінен, Борис Годунов дәуірінен қызық мысалдар айтты. Сосын қайтадан пайымының  негізгі желісіне оралды.

 

*Иван Грозный.

 

– Сөйтіп, орыс князьдерімен құдандал-жекжат боп кеткен заманда, баһадүр хан Батудың кезінде-ақ, әсіресе оның ізбасарлары билеген бертінгі заманда, күмбірлеген қоңыраулар үні орыс жерінде қаптай түсті. Ұлығ Ұлыс хұкіметі орыс князьдіктерінің экономикасын тежеген жоқ, олардың пұтқа табынған заманнан тез алыстап, бір құдайға илануына, бірігуіне септесті, баюларына еш қарсылығы болмады. Бар  мәселе – Алтын Ордаға тәуелділігін ұмытпауында, яғни салығын уақтылы төлеп тұрса болғаны деп есептеді.  Ал кейінірек ұйысқан Орыс империясы іс жүзінде Шыңғыс империясының ел басқарудағы, әскер басқарудағы күллі тиімді де жақсы дәстүрін  қабыл ала отырып,  құзырына қаратқан ел-жұртқа мүлдем басқаша көзқарас танытып келеді...

– Демек, қаражүздікшілдер шын тегін білмейтін, алғыс сезімінен ада адамдар, – деп түйді Жасай. – Оларды тек империяның соры деп білу керек.

– Алайда империя үкіметі олай ойламайды білем, – деді Слава. – Қайта, білетіндердің айтуынша, оларды қилы бұзақылық әрекетке айдап салып отырады.

Сол аңғарым рас па, жоқ па, империя құзырына қаратылған күллі бөтен текті жұрттарға үкіметтің жасап жүрген қандай жақсылығы бар, жоспары қандай, бұл бір көп ойлантатын мәселе еді.

 

***

Мен аграрлық мәселе бойынша он алтыншы мамырда жарыссөз қайта жанданады деген хабардан кейін осы жайында көп ойландым. Жолдастарымның әлгіндей сұхбаты отқа май құя түскендей болды. Жадымдағы жәйттерді сыни көзбен шолдым. Дума мінберінен айтылған кей маңызды сөздерді осы бүгінгі ағарту жайлы жарыссөзден кейін тағы еске түсірдім.

Бірнеше күнге созылған оқу ісін талқылаудан кейін, жер-суды пайдалану жайындағы жарыссөзді жалғастыру Мемлекеттік Дума мәжілісінің 16 мамырдағы күн тәртібіне енгізілді. Бақытжан Қаратаев сұлтанға сөз осы   отырыста тиді.

Бұл күні Екінші Дума өзінің 39-отырысын өткізген еді. Дума сол күні пленарлық мәжілісінің жұмысын түстен кейін, сағат екі жарымдарда бастаған. Содан парламент үзіліссіз үш жарым сағат бойы  кеңес құрды. Бақытжан сұлтанға кезек кешкі сағат бес-жарымдар шамасында тиді. Оның сөзі жер мәселесінде біздің қайраткерлердің аяусыз күресетінін танытып, шешеннің өзінің жұлдызын дау-дамайсыз жарқыратты. Сұлтан үкіметтің озбырлығын жаңа қырынан әшкереледі.

Бірақ оның сөзінің мәтінін келтірерден бұрын, мен оған дейін сөйленген бірер сөзге тоқтала кетсем деп отырмын. Неге олай етпегімді, солармен танысқанда, өздеріңіз де ұғасыздар.

 

***

Бұдан екі айдан астам уақыт бұрын, алтыншы наурызда, үкімет басы Столыпин Думаға алғаш келгенінде:

– Монархтың ерік-жігерімен жасалып отырған өзгерістер біздің отанымызды құқықтық мемлекетке айналдыруға тиіс, – деген-ді.

Бұл мәлімдеме өте әсерлі естілді.

Петр Аркадьевич Столыпин өзі басқарып отырған үкіметтің осы орайда басшылыққа алатын негізгі шамшырақ іспетті ойын аян етті.  Соңғы уақытта жасалып жатқан реформалардың бәрінен жаңа құқықтық қатынастар туындайтынын әңгімеледі.  Сол жаңа құқықтық қатынастар бағыты көрініс табатындай ережелерді жасау үкімет тарапынан басты мақсат етілетінін айтты.

Шынымды айтсам, бұл қағиданың мән-жайын да, оның нені діттегенін де  мен естіген сәтте дәл ұға қоймағанмын-ды. Кейінірек, ересек кісілердің талқылауларын тыңдап, үкімет басының сөзін газеттен қайта оқығанда, оның негізгі шамшырақ іспетті ойын –жасалмақ заңдардың тіршілікте бекем орнығуы туралы айтып отырғанын аз-аздап түсінгендей болдым.

Премьер Столыпин жазылған заңдардың азакматтар алдындағы  міндеттерді дәл айқындап беретініне күмән келтірді. Ол:

– Жазылған заңдар орыс мемлекетінің  бодандарының құқтарын қорғамайды, – дегенде, мен тіпті қайран қалдым.

Иә, ол заңдар құқық қорғайды деп айтуға болмайды деді. Сосын неге олай ойлайтынын түсіндірді.

– Өйткені, – деді ол, – заңдар жекелеген адамдардың түсіндірулері мен оны орындауға тиіс көпшіліктің сондай түсіндірулерден кейін құбылып кететін ерік-жігеріне тәуелді болып тұр.

Халық заңды «терте тәрізді» дейді ғой, Столыпин сол мәтелді еске салды. Оны өзім де талай естігем, тертені қалай бұрсаң – арба солай қарай дөңгеленіп жүре береді емес пе, заң  да сондай, күштінің бағыттаған жағын ғана қорғайды дейтін. Бас министр сол ұғымды өзгерту керек екенін айтты. Заң әділ, қатал, тура, бұрмалауға көнбейтін болуға керек. Үкімет солай ойлайды. Сондықтан заңды теріс ниеттілердің бұрмалап түсіндірме жасауына жол берілмеуге тиіс, бар жағдайда да әділ,  қатал, тура заң үстем болуға керек деп санайды. Ол бұл ойларын соншалықты сенімді, салмақты, сабырлы  үнмен баян қылды да, түйген түйінін мынандай сөздермен аян етті:

– Россияның жаңадан құрылып жатқан мемлекеттік  өміріне бекем ұстын жасайтын заңдар керек. Міне, сондықтан да, Үкімет Мемлекеттік Дума мен Мемлекеттік Кеңестің қарауына сондай заң жобаларын тізбектеп тұрып ұсынбақ.

Сосын ол халықтың жекелеген топтарының тең құқықтылығына апаруға тиіс заңдарға тоқталмайтынын айтты. Діни сенім еркіндігін қамтамасыз етуге тиіс заң жөнінде де ештеңе демейтінін ескертті. Себебі олардың қажеттігі айқын, ешқандай қосымша түсіндірме беруді талап етпейді, – ол осылай ойлайды. Сондықтан да уақыт өткізбей, қазіргі сәтке дейін үкімет төтенше ретпен өмірге енгізген заңдар жайында Думаға түсінік беруді парызы санайтынын аян етті.  Өйткені олары шаруалар тұрмысын жағдайластыруға қатысты екен.

Сол орайдағы айтпағын салтанатты мақаммен:

– Патшаның әлденеше рет бодандарының жағдайын жақсартуға байланысты білдірген ықыласын орындауды кейінге қалдыру мүмкін емес болғандықтан және жер-су мәселесіндегі жайсыздықтан қиналған шаруалардың табанды түрде қайталап айтқан тілегін   ескерусіз қалдыру мүмкін  болмағандықтан, – деп құлпырта бастады да, сонысынан бір кем емес әсерлі сөздермен әрмен қарай сабақтады. – Россия халқының ең көп бөлігінің өмірін мүлдем бұзылудан сақтайтындай, іріп-шірудің алдын алатындай шараларды өмірге шұғыл түрде, еш аялдамастан енгізу жайында үкімет өзіне міндеттеме алды.

Зал тым-тырыс тыңдап отыр. Премьер әр сөзін салмақтай сөйледі. Жақсы сөздер айтты.

–   Себебі шаруаларға олардың мұқтаждықтарынан заңды жолмен құтылу ретін көрсету – үкіметтің міндеті болып табылады, – деді ол. – Осы міндетін атқару арқылы үкімет зорлық-зомбылықтың, бұзақылық жасау мен түрлі тәртіпсіздіктердің орын алуына жол бермеуге бел байлап отыр.

Содан соң шаруаларды мұқтаждықтарынан құтылдыру үшін  үкіметтің оларға мемлекет жерлерін беру жөнінде заң шығарғанын айтты.  Ал Ұлы Мәртебелі Патша болса, оған қосымша, шаруа игілігін ойлап, оның дәулетін арттыру мақсатында, уделдік және кабинеттік жерлерді де  шаруаларға беру жайында әмір етіпті.  Ал Столыпин басқарып отырған Патшаның үкіметі Ұлы Мәртебелінің тілегін жерге тастамақ емес. Үкімет Патша еркіне сай, жерді шаруалардың емін-еркін сатып алу мүмкіндігін арттыру үшін, Шаруа Банкі жарғысына өзгерістер енгізіпті.

Ол да ештеңе емес. Үкімет шаруалардың общиналардан шығу мүмкіндігін қамтамасыз ету орайында, олардың жеке қожалық құру және хуторлық иелікке көшу мүмкіндіктерін жеңілдететін заң шығарыпты. Адам еркіндігі, бостандығы, адамның еңбегінің азаттығы сынды түсініктермен қабыспайтын қылық – жеке тұлғаны құрықтау екені белгілі. Үкімет төрағасының айтуынша, міне, сол әдет жойылады, яғни шаруаны общинаға күштеп бекіту тәртібі келмеске кетеді. Оны қамтамасыз ету үшін, арнайы заңдар ойластырып отыр, олардың бәрі үкімет тарапынан Мемлекеттік Дума мен Мемлекеттік Кеңестің қарауына ұсынылады.

Осындай хабарламасынан кейін Столыпин үкіметтің өз парызын сезінетінін айтты: Россияның тарихи аманатын сақтау керектігін, ел ішінде тәртіп пен тыныштық орнату қажет екенін үкімет біледі.

– Ұлы Мәртебелінің үкіметі табанды және таза орыстық үкімет болуға тиіс, солай болады да, – деп аяқтады ол Думаға тұңғыш бас сұққандағы сөзін.

Оның «Ұлы Мәртебелінің үкіметі таза орыстық үкімет болуға тиіс» деген ұйғарымы күні кеше құлаққа түрпідей тиген қаражүздікшілдер ниетімен қабысып жатты. Бұл ұйғарымды  талайлар тітіркене тыңдады-ау деймін. Өйткені Ресейді өз елім деудің астарында үкіметтің де тек «таза орыстық үкімет» емес, баршаға ортақ үкімет болуын тілеу жатыр ғой...

Премьерге оң қанат ду қол шапалақтап құрмет көрсетті. Ал ортаңғы және сол жақтағы депутаттар тым-тырыс отырды. Есесіне олар мінберге шыққанда, жарқ-жұрқ от шашып, қаһар төге сөйледі.

Столыпинді сынаған сөздер ішінен Кутаиси депутаты Ираклий Церетелидің айтқандарын келтірсем жетер. Церетели отыздан енді асқан жігіт.  Сібірде айдауда болып үлгеріпті, революция дүмпуімен  оралған соң, Мемдумаға сайланғанға дейін өз елінде журнал шығарып тұрыпты.  Жасайдың айтуынша, Қаратаев грузиндер арасында тергеушілік қызметте болғанында оны да, оның әкесін де білген тәрізді. Жалпы, жоғарыда айтқанымдай, грузин халық өкілдерінің сұлтанға жақсы үйіріліп жүргенін өзім де аңғаратынмын.

– Халық өкілі азаматтар! – деп бастады ол сөзін, – Думаны қуып жіберген үкіметтің, әскери-дала соттарын құрған үкіметтің бүгін Думада тұңғыш рет көрінуі жиналыстың басым көпшілігі тарапынан жаназада тұрғандай үнсіздікпен қарсыланды. Бұл жәйт талайды таңғалдырар. Алайда тура осы үнсіздік арқылы біздің қарсылығымыздың күллі күш-қуаты көрінді. Біздің ашу-ызамыздың терең тұңғиығы көрініс тапты.

Зілді сөзді жұрт демін ішіне ала тыңдап отыр. Церетелидің түйіп-түйіп, үстемелете  айтқандары әлдекімнің шекесіне тоқпақтап шеге қаққандай, біреулерді тітіркентіп, шошытып жатыр еді.

– Өйткені елді түгелімен соғыс жағдайы шынжырымен бұғаулаған, ұлттар мен ұлыстардың таңдаулы ұлдарын түрмелерге тыққан, ел-жұртты әбден кедейлендірген, жұтатқан, ашыққандарға арнап бөлінген тиын-тебенді ысырап қылған үкіметке деген халықтың шынайы көзқарасын айшықтап жеткізе алатын басқа тәсіл жоқ, – деп күркіреді шешен. – Бүгін біздің көз алдымызда мінбеге шыққан үкіметтің аузымен – ескі крепостнойлық Россия үкіметі сөйледі!

Ол алғашқы Думаны қуудың сипатына оралды. Одан кейін үкіметтің жаңа Дума шақырылғанға дейінгі істері мен бүгін жария еткен ең соңғы ресми мәлімдемесі не көрсетеді дегенге тоқталды. Мұның – биліктен айрылғысы келмейтін министрлер кеңесінің шын келбеті мен табиғатын баршамызға айқын ашып көрсететінін әңгімеледі.

– Үкіметтің әлгіндегі мәлімдемесі мен бұған дейінгі әрекеттері тіпті  соқырлардың да көзін ашты,  – деп төндіре түсті депутат Церетели, – самодержавиелік үкіметтің миллиондаған үлессіз шаруалар есебінен шалқып жүрген  помещик-крепостник тобымен үзілмес байланыста екенін әркім түсінді.

Кейбіреулер оны бұдан әрі де тыныш тыңдай беруге шыдамаған болу керек, ақыры, оң жақтан ашулы айқайлар шықты:

– Өтірік! – деп үстелді қойып қалды бірі.

– Жоғал! Түс мінбеден! – деп даурықты екіншілері.

– Жалған! Жала! Кет!

Бұл айқайларға зал сол қанаттан, шешен сөзіне разылық білдірген ду қол шапалақтаумен жауап берді. Мұрты қайқайған Головин төраға үстелінен басын айбарлана көтеріп, айнала қарады. Сосын қоңырауын шылдыр еткізді де:

– Мырзалар, мен сіздерге мынаны ескертуді парызым деп білемін, – деді, – естеріңізде болсын, шешенді тек қана мен тоқтата аламын,   жадтарыңызда ұстаңыздар – шешенді тоқтатуға тек Дума төрағасы ғана қақылы.

Тағы да оң қанаттан наразы айқай, сол қанаттан разы қол соғу орын алды. Дума төрағасы Головин байыппен ескертпесін сабақтады:

– Шешеннің сөзінен оны тоқтатуға ілік боларлық ештеңе тауып тұрған жоқпын, мұны ашық мәлімдеуді борышым деп білем. Тәртіп сақтауларыңызды сұраймын. Кезексіз сөйлемегендеріңіз жөн. Жалғастыра беріңіз, депутат мырза.

Церетели қаба сақалын сипап, терең тыныс алды.

– Осында оң жақта отырған халық өкілі мырзалар құдды менен жалған сөз шыққандай, әлдеқандай өтірік туралы айқайлады. Естеріңізде болар, бірінші Думаны үкімет не үшін тарқатып жіберген еді? Ол Думаны жер-су мәселесіне бола қуды! Бірінші  Дума жерді мәжбүр ету жолымен бөліп алу жайында мәселе қойған кезде, үкімет баса-көктеп, помещиктердің мүддесін қорғап шыға келді. Бұл мәселеде үкімет қобалжуды, толқуды білген жоқ. Сосын, думааралық кезеңде, яғни өзінің елде ешбір бақылаусыз қожайындық жасаған кезеңінде, ол бірінші кезекте тікелей крепостник-помещиктердің мүддесін қорғаумен шұғылданды.

Оң қанат тісін шықырлатты. Сол қанат ынтыға құлақ түрді.

– Айтыңыздаршы, жерді шаруаларға бөліп беру талабына, феодалдық жер иеленушіліктің бұғауында тұншыққан күллі жаңа Россия қойып отырған талапқа үкімет қалай қарады? Теріс қарады! Ол бұл орынды талапқа – жерді сатуға шығаратыны жөніндегі шешімдерімен жауап берді!

– Мықты! – деп сыбыр етті Жасай.

Үкімет онсыз да жұтаған еңбекші халықты Шаруа Банкі арқылы жаңаша қанауға жол ашты! Сөйтіп, шаруаларды соңғы тиынына дейін тақырлауға – жерді екі есе қымбатқа сатуға келісетін помещиктердің қалтасына бар ақшасын құюға мәжбүр етуде. Үкіметтің жобасын ұға қойып, бағаны күрт өсірген жер иелері мен қазына жерлерін сатумен шұғылданушылар онсыз да жарымай отырған еңбекші жұртты одан сайын қанай түсуде. Біліп  қойыңыздар мұны, халық өкілі азаматтар!

Жасай разы. Алақанын ысқылап, Славаның иығынан қақты.

– Енді, міне, қаржы-қаражат тұрғысынан толығымен күйреу алдына тірелген үкімет осы Думаны шақыруға мәжбүр болды. Және қандай оймен десеңізші! Ресми баспасөз бетінен оқыған боларсыздар, онда былай деп жазылып жүр: Мемлекеттік Дума өзінің жер мәселесіне байланысты ұстанатын бағытымен бет-пердесін анық көрсетеді, ел  игілігі үшін жұмыс істегісі келе ме, жоқ па, ниеттері тез-ақ байқалатын болады. Міне, осылай деп жазып жүр. Ал осы жазбаларды өзімізге түсінікті тілге аударар болсақ, өкіметтің мұнысы былай дегені: «Егер Дума біз ұсынған заң жобаларын қабылдамайтын болса, онда біз қайтадан мәселені белден басамыз». Яғни – «Думаны қайтадан қуып жібереміз!» Міне, бүгін үкімет жер жөніндегі заңдарын Думаның қарауына беруге ынта білдіргенін айтып тұр. Демек, әлгі алдын ала қорқыту расқа айналып тұр. Ол, әшейін, мезгілінен біршама бұрынырақ жария боп, сыртқа еріксіз жарып шықты деген сөз.

Сол жақтан қол соғылды.

– Крепостник-помещиктер үкіметі үшін аграрлық саясат – ең басты, ең маңызды мәселе. Үкіметтің күллі думааралық жұмысының өзі крепостниктер бюрократиясының тарихи дамуды тоқтатуға тырысқан жандәрмен әрекеті болып табылады. Мырзалар, естеріңізде болсын, күллі Россияны езу мен қанауға негізделген тәртіп тарихи даму үдерісі тарапынан біржолата айыпталды және тарихи даму үдерісі ол тәртіпке қатал үкімін айтты.

Тағы да сол қанаттан сүйсініс нышандары сезілді. Жасай да жайнап отыр. Слава жағын таянып, ойлана тыңдауда.

– Ал үкімет өмірден әлдеқашан артта қалған реформа қиқымдарын безбендеп, бізге маңызды кескінмен ұсыну арқылы халықты тағы да алдағысы келеді, – деп әшкерелеу сөзін төпеп жатыр шешен. –  Бұрын-соңды болмаған репрессиялық шаралар  жүргізу арқылы – үкімет елдегі ұшқын атқан тіршілік белгілерін мүлдем жойғысы келеді. Ол еңбектің капиталмен күресіне араласуда. Бұл  ретте де өз экономикалық мүддесін қорғаған жұмысшыларды қатаң жазалаумен шұғылданып жүр. Ол жүздеген жұмысшыларды көшеге лақтырып тастап жатқан локауттарды* өзі ұйымдастыруда.

 

*жұмысшылар қойған талаптарды орындамау мақсатымен капиталистердің өз кәсіпорындарын жауып тастауы.

 

– Рас! – деп гүр ете түсті әлдекім.

– Үкімет  жұмыссыз қалған жұмысшылар мен ашыққан шаруалар үшін қоғамдық көмек ұйымдастыру ісіне тыйым салуда. Ол осы орайда дабыл көтеріп жүрген баспасөзді, саяси одақтар мен жиналыстарды  қатаң да қатыгездікпен қудалауда. Кісі өлтірусіз, бүлдіру, қаусатусыз, экзекуциясыз* бір күн де өтпейді! Және бәрінің артында үкімет тұр!

 

*бұл жерде – тәнге жарақат түсіріп жазалау мағынасында.

 

Сол қанаттан разы күрсініс естілді. Церетели тоқтар емес.

– Наразы тұрғындарды террор жасау ықтималдығымен қорқыту мақсатында – үкімет Россияның үштен екі бөлігіне соғыс жағдайын жариялаған, – деп айыптай түсті ол билікті. – Үкімет  Россияны генерал-губернаторлардың бақылаусыз билік жүргізіп, озбырлық жасауына лақтырып тастады. Ол алып Россия губернияларын біріне бірі тәуелсіз сатрапиялар* қатарына айналдырды. Тәжірибелі ойран салушылардың басшылығымен, алдын ала белгіленіп қойылған арандатушылардың белгі беруімен, түк жазығы жоқ қалың бұқара тұратын тұтас махаллаларды оқ астына алып жаппай атқылауды үкімет ұйымдастырып жүр.

 

*бұл жерде – қатыгез, озбыр, есірік әкім басқаратын аймақ мағынасында.

 

Оңшылдар ақыры тарс жарылды. Біреулері аяғымен еденді соқты.

– Жалған!

–  Өтірік! – деп бірнешеуі қосыла айқайласты.

Оң қанаттан шыққан бұл дауыстарды сол жақтан оларға қарсы ду ете түскен қолшапалақ көміп кетті. Дума төрағасы қатаң кескінмен қоңырауын қайта-қайта шылдыратты. Тамағын кенеп, әлденеше рет:

– Тәртіп бұзбауды сұраймын, – деді.– Депутат мырзалар, тыныш!

Қаражүздікшілер арасынан біреу көтерілді. Кишиневтік  депутат Крушеван екен. Ол  қызынып:

– Егер сөз сөйлеу жеке басты масқаралап қорлауға тірелер болса, онда біздің қолымыздан келетіні… – дей бергенде, Дума төрағасы  Головин шыдамсыздана:

– Тоқтаңыз, – деп зірк етті, – мұнда бірде-бір жеке адам ауызға алынған жоқ.

Церетели залға қарады:

– Жалған дейсіздер ғой. – Сұқ саусағын көкке көтерді. – Тым болмаса депутат Герценштейнді өлтіргендерді еске түсірсеңіздерші. Фин билік орындарының кісі өлтірушілерді атын атап, түсін түстеп, жазалауды талап еткеніне қарамастан, олар әлі күнгі аман-есен ел ішінде шалқып жүріп жатыр ғой. Солар ертең тағы бір қылмысқа айдап салынар деп ойламайсыздар ма?

Есіме өткен жаз сарт ете түсті. Слава таңертең пойыздан түскен өзінің Мәскеулік бір әріптесі әкелген хабарды аян етті.

Первопрестольныйда  қаулап тұрған өсек бойынша, кеше ғана депутат Герценштейн опат бопты. Бірінші Думада үкіметтің жер саясатын тас-талқанын шығара сынаған халық қалаулысын біреулер жазым етіпті. Алайда көп ұзамай-ақ оның бекер екені белгілі болды.  Депутат  Герценштейн дін-аман, Дума тарқатылған күннен бері әйелімен бірге Териокиде демалып жатыр.

Бірақ біз бұл жаңалықты санамызға сіңіріп үлгерген жоқпыз, жаңылыспасам, сол күні кешке қаралы жаңа хабар жетті. Пойыздан секіріп түскен еңгезердей әлдебіреу мейманхана алдында әйелін ертіп тынығып жүрген депутатты тапаншасын кеудесіне тіреп тұрып атып салыпты да, қашып  кетіпті. Слава мәскеулік жолдасынан трагедияның алдын ала, болмай тұрып болды деп естігенін және қанды оқиғаның  іс жүзінде Мәскеуде тараған өсектің ертеңіне ғана орын алуын сараптай келе:

– Қаражүздікшілер үкіметтің құпия полициясымен ауыз жаласқан, дау жоқ, – деп қорытқан болатын.

Қазіргі Церетелидің биік мінбеден айиып тұрғаны да соған саяды.

Оң қанаттан біреу ызбарлана айқай салды:

– Сіздердің шынтақтарыңызға дейін қанға малынған.

Церетели саспай, қолын мінбердің жақтауына қойып тұрып, бар дауыспен:

– Кімнің қолы қанға бояулы екенін біз жақсы білеміз, – деп іле жауап қатты.

Оң жақ шулап қоя берді. Сол жақ пен орта тұс қол соғып жатыр. Төраға мәжілісті тәртіпке шақыруда.

– Тәртіп сақтауларыңызды сұраймын, Мемлекеттік Дума мүшесі мырзалар! Тынышталыңыздыр! Шешеннің сөзін бөлмеулеріңізді өтінемін, мырзалар!

Оң жақтан жуан дауысты біреу:

– Шешенді тоқтату керек!  Ал сіз бізді тоқтатасыз, – деп гүжілдеді.

Головин қоңырауын үстін-үстін шылдыратып, қатал үнмен өтінішін қайталады:

– Тәртіп бұзбауды өтінем! Шешеннің  сөзін үзбеуді сұраймын!

Жалтыр бас, қалың сақалды депутат Пуришкевич орнынан атып тұрды да, көзі алақ-жұлақ етіп:

– Төраға мырза, мұнда шыдап отыру мүмкін емес, – деп айқай салды, – жалалы сөздерді бұдан әрі тыңдау мүмкін емес.

Оны қасындағы серігі қостады:

– Иә, ахуал  сондай! Шешенді тоқтатыңыз, төраға мырза!

Зал іші шуға толды. Тыныштық орнату оңайға түспеді. Төрағаның сабырлы да табанды түрде талап етуімен депутаттар әрең дегенде тиышталғандай болғанда барып қана, Церетели сөзін жалғастырды.

– Міне енді баршаға аян, – деді ол залдағы әріптестерін мінбеден түксие шолып, – ескі Россияны қорғау ісі, помещиктердің артықшылықтарын қорғау ісі тек қана жалдамалы қаусатқыштардың көмегімен, тек қана жалаң зорлық-зомбылық арқылы жүзеге асуы ықтимал. Бірақ мұндай әрекетке үміт артқан үкімет, әрине, тарихи дамудың қуатты  тегеурініне төтеп бере алмайды. Оны қалауынша  игеруі, өз дегеніне жүргізе алуы әсте мүмкін емес.

– Өтірік! – деді жиренген үнмен оң қанаттағы орындықтарда отырған топ ішінен бір депутат.

Тағы да Пуришкевич пе деп қалдым. Немесе соның қасындағы бір пікірлесі.

– Ақиқат! – деп, мінбедегі депутат оны бірден тойтарды.  – Бүгін үкімет осы жерден жұртты тыныштандыру жөнінде және ел ішінде тәртіп орнату жайында әңгімеледі. Бірақ ол өзінің тек қана жазалауды көздейтін іс-шараларымен ел ішіндегі түсініксіз жағдайды одан әрі өршітті ғой ойлаймын.  Үкімет  өзінің олақ ісімен халық наразылығын одан әрмен күшейтті.

Неге екенін, оңшылдар бұл жолы тым-тырыс. Церетели залға тік қарап тұрып, ағымдағы ахуалды былай сипаттады:

– Ескі режим мен барша жаңа, өскелең Россия арасындағы бітіспес қайшылық күн өткен сайын айқын бола түсуде. Халықтың барша қабаттары – өнеркәсіп-сауда және село пролетариаты, ұсақ және орта буржуазияның қалың тобы, миллиондаған шаруа, – осы таптардың бәрі өз мүдделерін қорғау үшін өздерінің күштерін ұйымдастыру мүмкіндігіне мұқтаж.

Жасай сыбыр етті:

– Шындық. Және оңшылдарға ұнамайтын шындық…

Слава қасын керіп, басын изеді.

– Міне солар елді жеркенішті крепостнойлық бақылаудан құтқару ісіне, құлдықтан азат ету ісіне құштарлық танытуда. – Шешен саусағын безей сөйлеп тұр. – Міне солар осынау жасампаз іске ұмтылуды қош көріп, оянуда, жандануда. Помещиктер үкіметі өз тіршілігі үшін жанталаса күрескен сайын, өмірдің бүршік атқан белгісін неғұрлым қатаңдықпен басып-жаныштаған сайын, халық наразылығы да соғұрлым өршелене өсіп барады. Революциялық қозғалыс тереңнен өріс алып, қанатын жая, кеңейе түсуде!

Бұл хабарға оңшылдар шыдас берді. Бірақ шешен ойын:

– Революцияны жасап жүргендер – үкімет крамольник* деп атайтын біздер емес, халықты қорлап, түрлі  қақтығыстарға мәжбүрлеп апарып жүргендер – біздер емес… – деп өрбіте бергенде, оны:

– Бұлтақтамаңыз, сіздерсіздер! – деп, жалтырбас Пуришкевич  зілдене үзіп жіберді.

 

*саяси қылмыскер.

 

Көсемі бастап берген соң қарап қалсын ба, серіктері  оның жан-жағынан қаһарлана жамырап,  айыптауды үстемелей түсті:

– Өтірік сөйлемеңіз!

– Бар пәле сіздерден!

– Крамольниктер!

Қоңырау сыңғыр етті. Головин түнеріп:

– Тәртіпке шақырамын, мырзалар! – деді. – Ес жиыңыздар!

Церетели қолын көтерді. Шуды басып кетуге тырысып, тамағы жыртылардай айқайлаған дауыспен:

– Дегенмен біз емес, – үкімет! – деді. – Крепостнойлық құрылысты қайткенде сақтау мақсатымен, ел-жұрт сілкінісін күшпен жаншуға тырысқан ескі үкімет!

Ғажап. Зал сап тиылды.

– Ескі  үкімет өзінің олақ та озбыр әрекеттерімен бұқараны ашындырып отыр. – Шешен үкіметке шабуылын үдете түсті. – Ескі  үкімет ұлы тарихи күштердің шығар жолын жауып отыр. Шығар  жолды бөгеу арқылы ол ұлы тарихи күштерді қапаста сығылысып-тұншығуға мәжбүр етуде. Біліп қойыңыздар, үкімет  қоғамды алапат жарылысқа бағыттауда!

– Дұрыс! Дәл! – деді әлдекім сол қанаттан.

Депутат Церетели екпіндей түсті:

– Осы Думаны сайлаған халық оған өз үкімін шығарып та қойды. Үкіметке деген ашу-ыза, жеркеніш сезім үкімет тарапынан халық тілегі алдына қойылған мыңдаған кедергіні бұзып-жарып шықты!

Баспасөз ложасында самал ескендей болып, бірнеше кісі бірден айтқан:

– Мықты! – деген сүйсіністі сыбыр қалықтады.

– Міне, енді, халық өзінің ерік-жігерін көрсеткен осынау шешуші шақта, – Церетели сәл тыныс жасап алды да,  сөзін қолын сілкілей сабақтады, – халық қызметшілері өздерінің күллі ұмтылыс, ойлау арнасын сол халықты тығыз топтастыруға жұмсауға тиіс!

Солшылдар қол соқты. Оңшылдар ызадан жарыла жаздап отыр.

– Жә, жетеді! – деп қалды оң жақтағылардың бірі.

– Жеткілікті сайрадың, – деп жатыр келесісі, – түс мінбеден!

Шешен оларға көңіл аударған жоқ.

– Өйткені елді ойсыратып бара жатқан зорлықшылдардың жабайы бейбастақтығын тек халықтың өзі тікелей қолдау жасаған жағдайда ғана тоқтатуға болады, – деді ол жайбарақат үнмен. – Сіздердің естеріңізде болу керек, халық өкілі азаматтар, бұдан он ай бұрын депутат Набоков Бірінші Дума мінбесі биігінен, бұлтартпас құқыққа сүйене отырып, үкіметке былай деп еді ғой: «Атқарушы билік заң шығарушы билікке бағынатын болсын!», – естеріңізге түсті ме? Содан екі ай өткенде  атқарушы билік найза күшіне сүйеніп, заң шығарушы билікті қуып тарқатып жіберді. Бұдан қандай қорытынды шығады? Үкіметтің ұйымдасқан күшіне халықтың ұйымдасқан күші қарсы қойылмайынша, іс түзелмейді. Яғни атқарушы билік өз еркімен берілмейді. Ол ел ісін басқару тетігінен өздігінше кетпейді. Ол заң шығарушы билікке өліп бара жатсын бағынбайды…

Басы жалтырап, қалың сақалды Пуришкевич ұшып тұрды.

– Төраға мырза, – деді ызадан қыза бөртіп, – жақтасқаныңыз жетер енді! Тоқтатыңыз  шешенді! Ол, тіпті, осы жерде көрінеу-көзге үкіметті құлатуға шақырып тұр…

Зал шуылдап кетті. У-шуға араласа, біраз уақыт қоңырау шылдыры үзілмеді. Ақыры Головин түксиіп, дабыр саябырсығанда:

– Шешен мырза, – деді Церетелиге қарап, – қарулы көтеріліске шақыру жасамауыңызды сұраймын.

(Жалғасы бар)

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377