ТӨРТ ҚАҚПАЛЫ ШАРДАРА
Қазақтың құт мекені Қазығұрт етекте қалып барады. Таспадай тартылған жолмен Шардараға қарай тартып келеміз. Алдымыздан бір-бірімен жалғаса орналасқан ауылдар ұшыраса бастады.
ҚОЙНАУЫ ҚАЗЫНА, ЖЕРІ БАЙ
Күре жолдың екі беті қыбырлаған тіршілік. Несібесін жерден теріп үйренген жұрт қақыраларын қалқитып тігіп қойып, дала жұмысына кірісіп кетіпті. Бір кездері азып-тозған елді мекендердің аз жылдың аясында ес жиып, еңсе тіктеп қалғанын байқайсыз. Сарыағаш ауданының шекарасына ене бере алдымыздан атақты Қапланбек ауылы көрінді. Аядай ғана ауылдың атын кезінде осында орналасқан совхоз-техникум мен шарап зауыты күллі Қазақстанға жайған. Совхоз-техникумды қайдам, ал шарап өндірісінен ауыл әлі қол үзе қоймаған секілді. Жолдың екі бетіндегі жүзім плантациялары осыны айғақтап тұрғандай. Жүзім демекші біз қыс бойы қымтап, баладай баптайтын осы жемісті көршілеріміз көмбейді екен. Қысы жылы, жазы жайлы жұмақ өлке бар кереметін алдыңа жайып салады. Сарыағаш қаласынан өтіп барамыз. Сол жағымызда бір кездері қазақ құтты қонысы болған Шаш, қазіргі өзбек астанасы Тәшкенге таяқ тастам қалғанын көрсеткен тақтайша тұр. Сарыағаш қаласының шетіне "Алып" сауда қалашығы орын теуіпті. "Астана-жаңа қала" идеясымен салынған қалашық сәулетімен көз тартады. Міне, "Абай" ауылы. Аумағының өзі анау-мынау аудан орталығындай болатын елді мекенге тоқтап, суретке түстік. Қойнауы қазына, жері құт мекенге тәңірі бар кереметін түгел тізіп қойғандай.
ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ ШӨЛІН БАСҚАН ШАРДАРА
Өткен ғасырдың орта шешінде СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің арнайы қаулы қабылдап, соның негізінде Шардара су қоймасының іргесі қалана бастады. Алып құрылысты "Главриссовхозстрой" бас басқармасының құрамынан құрылған "Шардара құрылыс" басқармасы жүргізіпті. Жаушықұм алқабына 1958 жылы алғашқы қада қаққан құрылысшылар тұрағы әуелі Сырдария поселкесі атанса, арада 10 жыл өткенде ауқымы ұлғайған елді мекенге қала мәртебесімен қатар кемерін кеміріп жатқан алып су қоймасының есімі берілді. Қазақстанның оңтүстігінде мақта мен күріш өндірісін ұлғайтуға байланысты жасалған қадам құтты болып, кеше ғана бұйығып жатқан маң дала үйрек ұшып, қаз қонған айдынға айналды.
Дәл қазір қоймада 5 млрд 175 млн текше метр су жиналыпты. Арнасай жағынан қалаға кіретін ұзындығы 5,3 шақырымдық бөгеттен дария арнасына секундына 100 текше метр су жіберіліп жатыр. Былтыр жоғарыдан келіп түскен 800 текше метр судың 70 пайызы Сыр диқандарына жіберіліп тұрыпты. Қазір ондай молшылық жоқ, өйткені "Қайраққұмда" су жиналып жатыр. Сыйымдылығы 19 млрд, текшеметрлік "Тоқтағұлда" жатқан су қажетті көлемнің үштен біріне әзер жетеді. Әйтсе де шардаралықтар "Сыр диқандарының несібесін кемітпеуге күш саламыз"-деп отыр. Былтырғы егіс науқанында су қоймасынан етектегі біздің елге 13 млрд текше метр су босатылса, биыл қызылордалықтарға комитет бекіткен су пайдаланудың арнайы рұқсаты бойынша 10 млрд. 28 млн текше метр су тиесілі.
Шөл даланың таңдайын жібіткен "Қызылқұм" магистралды каналына да су осы бөгеттен босатылады. Құрылысы 1966 жылы басталған каналдың 2-кезеңі 1984 жылы аяқталды. 1990 жылдарға жоспарланған жұмыстарды жүзеге асыру мүмкін болмағандықтан Қызылқұм 106 шақырыммен тұйықталған. Тек осыдан 2 жыл бұрын Дүниежүзілік банк өкілдері ауданға арнайы келіп, канал құрылысын ары қарай жүргізу жұмыстарына жұмсалатын қаржылық шығындарға зерттеу жүргізіпті. Секундына 200 текшеметр су қабылдауға мүмкіндігі бар Қызылқұм өз жағалауына қоныстанған 10 шақты ауылдың мақталығы мен бау-бақшасын суландыруға еркін жетеді. Кеңес Одағы тарағанға дейін бұл аймақта күріш те өсірілген. Ауылдағылар қиыншылық қамытын киген тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауылшаруашылығын әртараптандыруды бастаған өңірде кеше күрішпен айналысқан құрылымдар мақта өндірісіне бейімделіп үлгерген екен.
Арнасайға қарай бет түзеп келеміз. "Оңтүстік сушаруашылығы" РМК филиалы болып саналатын "Шардара су қоймасын пайдалану" мекемесінің бастығы Хамит Айтөреев әңгімешіл болып шықты. Кезінде Хрущев бастап, сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 1-хатшысы Юсупов қоштап Мырзашөл аумағын ала тақиялы ағайындарға "Алың!"-деп сұраусыз сыбаға ретінде ұсынғанын білеміз. Өзекеңдер де әбжілдік танытып жаңа елді мекендердің жаны мен малынан гөрі әуелі жерін өздеріне қаратып алған. Кейін тарихи қателік қайта қаралып, Мырзашөл аумағы өзімізге қайтарылғанмен түгін тартсаң, майы шығатын құнарлы өлкенің біраз бөлігі Өзбекстан иелігінде қалды. Алып елді басқарған кездегі азғантай абыройына БҰҰ мінберін бәтеңкесімен тоқпақтаған көргенсіз қылығы көлеңке түсіретін Никита Сергейұлының өзімбілермендігінің белгісіндей болып алдымыздан ала бағандар сораяды. Арнасайға апаратын жолдың бір жағы біздікі, екінші беті Өзбекстан иелігінде. Тоспаға жеткенше Өзбекстан аумағын әлденеше рет кесіп өттік. Кейін білгеніміздей Арнасайдың арғы бетіндегі 2 қазақ ауылы әлі Өзбекстан аумағына қарайды екен.
АЙДАҺАР КӨЛ - АЙДАРКӨЛ
Осыдан 4-5 жыл бұрын сырмінез Сырдария тосын мінез танытып, жағалауын жайпап өткенде қызылордалықтардың аузынан түспеген Арнасайда тұрмыз. Сөз реті келгенде айта кетейік, атақты Арнасайыңыз көлденеңі 2 шақырымға жетпейтін өзек қана. Арнасайдың ар жағында ертегідегі алып айдаһардай Айдаркөл жатыр. Өзбекстанның Науайы, Жызақ атырабындағы үлкен көл саналатын Айдаркөліңіздің аумағына 50 млрд. текше метр су емін-еркін сияды. Яғни біздің Шардарадан 10 есе үлкен. Мамандар есебіне сүйенсек, 1994 жылдан бері Шардарадан Айдаркөлге қарай 38 млрд текше метр су аққан. Былтырдың өзенде Арнасай арқылы Айдаркөл акваториясына ауған судың көлемі 980 млн. текше метрге жеткен. Әрине, екі ел арасында жасалған келісімдер негізінде. Келісім демекші, мемлекетаралық құжаттар талаптарын жүзеге асыру біздің тарапымыздан кідіріссіз жүзеге асырылады. Ал оңтүстік өңірлер тұтас топан суға қарық бола жаздаған қайбір жылдары сын сағаттың өзінде саудаласып, таразының басын өздеріне қарай баса түскісі келген көршілеріміз туралы бұлай айта алмас едік. Сондықтан да қазір ала тақиялы ағайынға тәуелділіктен құтылудың барлық қам-қарекеті жасалып жатыр. Өзағамызда Шардарадан түсетін су көлемі азая бастаса "Достық" каналы арқылы Мақтаралға баратын суды байлап қоятын әдет бар екен. Бұл қылығы ежелден екі елдің арасын жалғаған бас арықтың "Достық" деген атына жараспайтын жүгенсіздік екенін ескермеген жұртқа не дерсің? Осы тығырықтан шығу үшін қазір Мақтарал диқандарына 50-60 текше метр жеткізетін насос орнатылып жатыр. Қазір құрылысы қауырт жүріп жатқан "Көксарай" су реттегіші салынып бітсе айрылысар достай ердің артқы қасын сұрайтын қоңсыларымыздың қиқарлығынан құтылатын күн алыс емес шығар. Көршілеріміздің өзек бойына салып алған 2 су тоспасынан кері лықсыған толқыннан Арнасайды шайып кетер қауіп туындағандықтан 2003 жылдан Қытайдың "Геоинжирининг" компаниясы ұзындығы 2 шақырымдық бөгетті жөндеу жұмыстарына кірісіп, 3 жылдың ішінде су тоспасын нығайту жұмыстарын толық аяқтапты. Секундына 2075 текше метрге дейін су жібере алатын бөгет басы тап-тұйнақтай.
Наурыз айының ортасынан бастап Шардарадан Арнасайға су жіберу тоқтатылды. Жалпы өздеріндегі су айдындарына қатысты жасалып жатқан жұмыстарды жеті құлыптың астына құпиялап ұстайтын Өзбекстан ғалымдары тағы бір қауіптің шетін шығарды. Егер Шардарадан Арнасайға бөлінер су азайса, онсыз да тұзы басым Айдаркөліңіз өлі көлге айналып шыға келеді. Соған қарамастан көрші ел оқымыстылары бірігіп көлдер жүйесінде балық шаруашылығын дамыту мәселесіне бас қатырып жатыр. Осы жерде айта кетейік, өзбек ғалымдары тынымсыз ізденісінің арқасында Айдар-Арнасай көлдер жүйесін Рамсар конвенциясына сәйкес арнайы қорғалатын сулы-батпақты аймақтар қатарына енгізіп үлгеріпті.
АҒАЙЫНҒА ҚҰТ БОЛҒАН АБАТ МЕКЕН
Жолбасшымыз Хамит әңгіме шертіп келеді. Түрлі қызметте істеп ысылған жігіт ескілікті әңгімелерге де жүйрік екен. Көне түріктердің "төрт қақпа" деген сөзінен шыққан Шардараның арғы-бергі тарихын ақтарып келе жатқан ол бізге әйгілі "Ұстатпайтын кекшілдер" фильмінің кейбір көріністері түсірілген тұсты көрсетті. Кеңес чекистеріне қолғанат болған кішкентай кекшілдер пойызбен жүйткитін дала қазір бос жатыр. Кешегі жекешелендіру кезінде өзіне бұйырған темір жол рельсін бір байшікеш сатып жіберіпті.
Қалаға кіре берістегі бөгетте "Шардара су электр стансасы" АҚ бекеті күзетшісінің рұқсатымен толқып жатқан теңізді суретке түсірдік. Құрылысы су қоймасымен қатар жүрген су электр стансасы қазір облыстың 40 пайызын электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр. Осында бақылауды қатар жүргізетін су электр стансасы мен "Шардара су қоймасын пайдалану" мекемелерінің тәртібі бойынша бөгетке тоқтауға мүлдем болмайды. Әйтсе де Сырдың ата басылымынан келген біздерге түсіністікпен қараған ағайындарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Басылым демекші биыл 80 жасқа толатын "Сыр бойын" алпысыншы жылдары басқарған редактор Ұзақ Бағаевтың кезінде Нарыннан бастап дария бойын жағалаған газет тілшісі Зұлқарнай Сахиевтің жолжазбасын сол жылдар оқырмандары әлі ұмыта қоймаған болар. Сол үрдісті жаңғыртқан бас редакторымыз Серік Пірназардың бастамасымен қырық жылдан астам уақыттан кейін ат ізін салған біздерді де Шардараның бауырмал жұрты жатырқаған жоқ.
Жартығасырлық тарихы бар ауданда 76 мыңнан астам халық тұрады. Көршілес аудандармен салыстырғанда тұрғындарының саны шектеулі Шардараның жер көлемі бәрінен ауқымды - 1 млн. 295 гектар. Теңізді өңірді 4 мың жылқы, 2 мың түйе, 160 мың ұсақ мал өсіріледі. Аудан экономикасының негізгі бөлігін ауылшаруашылығы саласы құрайды.
...Теңізден енші бөліскен елден қайтып келеміз. Тірлігі бір болғанмен тұрмысы бөлек бейнетқор жұртқа қызыға қарайсың. Қарайсың да, өркендеген өңірдің берекесі дүйім ел несібесін айырып отырған теңізден бастау алатындығын түсінесің. Шалықтай бер, Шардара!
Мұрат Жетпісбаев, "Сыр бойы".
Қызылорда-Шымкент-Шардара-Қызылорда.
04.04.09.
“ҚАЗЫҒҰРТТЫҢ БАСЫНДА КЕМЕ ҚАЛҒАН...”
Күнделікті лездеменің бірінде бас редакторымыз Серік Пірназар Наурыз мерекесі қарсаңында көршілес Оңтүстік Қазақстан облысына сапарлап барып қайтуымыз қажеттігін ескерткен. Ресми сапарлар болмаса, газет тілшілері өзге өңірлерге көп шыға қоймайды. Бірақ бұл жолы сапардың жөні бөлек-Наурыз Қазығұрттан басталған. Сонымен жолға шықтық..
ШАПАҒАТЫН ШАШҚАН ТАУ
Облыс орталығындағы мұрағаттан өңір тарихына қатысты деректерді іздестіріп, Қазығұртқа қарай түске тармаса шықтық. Қыс күпісін әлдеқашан тастаған жап-жасыл Шымқаладан 40 шақырымдай ұзай бере, адамзат тарихындағы орны ерекше киелі тау сілемдері көзге шалына бастады. Биіктен қарасаң алақанның аумағына сыйып кетердей жұмақ өлкені көргенде желмаясына мініп жұртына жерұйық іздеген Асан қайғының Қазығұрт жайлы «Жігіті көп, ері көп. Ел төресі мұнда екен. Жемісі көп, жері көп, жер төресі мұнда екен..» дегені есімізге оралды. Жаратқанның назары түскен жазиралы өңір бар сұлулығын алдымызға жайып салды. Тау төбесі көрінгеннен-ақ жан-жағына алаңдап келе жатқан біздің Бөкең-облыстық “Сыр бойы” газетінің фототілшісі, белгілі Болат Омарәлі «Кеме!»-деп күбір ете қалды. Фотоаппарат көзімен талай көкжиекті шалып үйреніп қалған Бөкең биік төбе үстіндегі бұлдырап тұрған кеме монументін де алғаш байқапты. Әйгілі «Қазығұрттың басында кеме қалған...» деген аңыз желісінде жасалған монумент көзге айбынды көрінеді. Айналма жол уақытша жабық болғандықтан, жаяу көтеріліп суретке түсірдік. Қырынан қарасаң қазір-ақ қыр басынан сырғып түсердей әсер қалдыратын кеме сұлбасы шынымен де адамзат тарихының осы өңірден бастау алатынын айғақтап тұрғандай. Бізде сауапты іске сыпсың сөздің де араласа жүретіні бар ғой. Кейін ел азаматтарынан естуімізше әуелгіде кешен жобасы бұдан да ауқымды болған көрінеді. Айналасына бау-бақша егіп, демалыс орнына айналдыру да көзделіпті. Амал қанша, ол идеяның игілікке айналмауына аяқпен емес, ауызбен жүретін ағайындар көп “көмегін” тигізіпті. Өзімізден басқа кімге ренжиміз. Әйтпесе, Иран журналисінің қарсылық ретінде Бушқа лақтырылған бәтеңкесі жерге түсіп үлгірмей жатып, арабтардың ескерткіш орната қойғанын естігенбіз. Талай мемлекетке тырнағын батырған диктаторға бағытталған кебісті әлдеқандай қылып әспеттеп жатқан арабтар «Пайғамбар кемесі әл-Жуди тауына тоқтаған» деген болжамдарын расқа шығаратын сәл ғана ілік табылса қайтер екен деген ойға қаласыз.
Аудан елді мекендері тығыз орналасқан екен. Жол бойында жанына әппақ целлофан қалта қойып, қол бұлғағандар жиі кездесе бастады. Сөйтсек, кәдімгі қозықұйрық. Жер ананың жаңбырмен-ақ көктейтін жемісін пайда көзіне айналдырған көршілеріміздің әрекетіне риза боласың. Тар өзекті қуалай қонған мына ауылға Жіңішке деген атты тауып қойған екен. Міне, әйгілі Шарапхана. Орта ғасырларда үлкен мәдениет орталығы болған шаһар. Қазіргі ауыл аты да осылай аталады екен. Ертеде соқпа дуал арқылы төртке бөлінген қала атауын зерттеушілер көне түркі тілінде сандық мағына берген «шор» сөзімен байланыстырады. Тіпті әу баста төрт өзеннен бастау алған Сырдария түбірі «шорда» жатыр деген ғылыми болжам жасалады. Бабалар қоныс еткен құтты мекенді әйгілі Келес өзені орай ағады. Желмаясын желдірген Асан баба «Екі Келес, бір Талас, бал татыған жерің-ай, Ағайының аралас, тату екен елің-ай. Желмаяма өңгеріп алып кетер едім-ай, сыймаған соң алдыма. Қап, дүние дедім-ай» деп тамсанатын әйгілі Келес айнадай жарқырап жатыр..
АҢЫЗДЫҢ ЖАЛҒАСЫ
Осы уақытқа дейін тылсымның сырын ашпаққа ұмтылған адамзат баласы топан су қаптағанда Нұх пайғамбардың кемесі қайырлаған қасиетті мекенді іздеумен келеді. Жаратушының жер бетіндегі пенделерін пиғылына қарай жазалап, пайғамбар кемесін паналағандар Алла тағаланың қаһарынан аман қалды деген дерек көктен түскен қасиетті төрт кітапта да айтылады. Сонымен Нұх кемесі қай тауға тоқтаған, еврейлердің Синайы ма, арабтардың әл Жудиі ме әлде армяндар айта беретін Арарат па, біздің Қазығұрт па?
Аты аталғанда кез-келген армян арқаланып шыға келетін Арарат тауы Түркия аумағында жатыр. 1905 жылы осы таудан кемені өз көзімен алғаш көрген адам-ағылшын Джордж Хагопиан. Алайда ол содан кейін кеме тапқан жерін есіне түсіре алмаған күйі 1972 жылы 77 жасында дүниеден озды. Арараттың да басында кеме қалғанын дәлелдемек болған тағы бір адам Ресей авиаторы-Росковицкий. Ол 1916 жылы тау басынан әскери крейсерге ұқсайтын кемені байқап, сол дерек бойынша Петебургтен шыққан арнайы экспедиция кипарис ағашынан жасалған алып қайықтың шіріген тамтығын суретке түсіріп алады. Зерттеушілер биіктігі 16 метрлік кеменің ұзындығы-167, ені-50 метр екендігін анықтаған. Әйтсе де кейін суреттер жоғалып, кеме қалған жерді қайтып табу тағы да мүмкін болмай қалады. Тек осыдан бірнеше жыл бұрын ғана әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары америкалық зерттеушілер Рон Валет пен Доналд Хесселдің иран-түрік шекарасына жақын маңдағы тау етегінен тағы бір кеме тапқанын жария етті. Анкарадағы Ата Түрік атындағы университет қызметкері Салих Байрактуан алып қайықтың жасын 100 мың жыл деп белгілеп те жіберді. Бірақ түрік ғалымының кеменің тау басынан емес етегінен табылуын жер бетінің өзгеріске ұшырауынан деп түсіндіргеннен басқа тосын жаңалық жөнінде толымды ештеңе айта алмағаны белгілі. Осыдан күдіктенген әлем зерттеушілері індете келе кеме қаңқасының Нұх қайығына ұқсатып қолдан жасалған көшірме екендігін әйгіледі. Осы жерде айта кетейік, магниттік өрісі басым Қазығұрт төбесінен ұшақ ұшпайды. Дұрысы, ұша алмайды. Қандай алып әуе лайнерінің өзі тау төбесіне келгенде теңселіп кететін көрінеді.
2005 жылы Ресейдің «Аргументы и факты» басылымының екі нөміріне Дмитрий Писаренконың «Нұх пайғамбар кемесі. Ол қайда?» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада орыс журналисі «Космопоиск» қоғамдық ғылыми бірлестігі жүргізген зерттеу қорытындыларын жария еткен. Ондағы мәліметтер бойынша Арараттың қарлы шыңдарынан түсірілген суреттегі кеме емес, жанартау атқылауынан пайда болған ұзындығы 200 метрдей қазаншұңқыр. Ал осы уақытқа дейін «ақ түсті қаңқа» деп қабылданып келген сұлба аумағы пойыз вагоны аумағындай мұз сүңгі болып шыққан. Ғылыми бірлестік тұжырымынша Синай мен әл-Жуди тауларында да пайғамбар кемесі тоқтады деген пікірге табан тірететіндей ештеңе жоқ. Әйтсе де осыдан кейін іле-шала тағы бір орыс басылымы «Комсомольская правда» газеті осы тақырыпты тағы қозғады. Қашаннан қазақ десе қаны қатып қалатын «КП» бұл жолы да ескі әдетіне басып, «Тағы бір әулиелі жер табылды»-деп мысқылдап, байыпқа емес байбаламға жүгінетіндіктерін танытып қалды. Бірақ олардың ойбайы Қазығұрттың адамзат тарихындағы орнын аласарта алмайтыны анық.
Жергілікті зерттеуші Бектай Шетен Қазығұрт жайлы тағы бір аңыз шертті. ..Таулар соғысы деген аңыз бойынша Нұх пайғамбар кемесін басына қондырған Қазығұрттың бағын көре алмаған биік мұзарттар соғыс жариялапты деседі. Сонда Өгем, Қаржан тауларының бұл қылығына ашуланған Қазығұрт «Ордабасы, ұлыма айт! Қызылсеңгір, қызыма айт! Қыңыраққа бар да қайт»-деп айналасындағы тауларға жар салыпты деседі. Сонда таулар татулығынан сескенген Өгем мен Қаржан сабасына түсіпті. Ғалым Молдияр Серікбаев Батыс Тянь-Шань сілемінде жеке тұрған Қазығұрт шамамен 300 млн. жыл бұрын пайда болып, 65-70 млн. жылдай су астында болған деген болжам айтады. Оған тау айналасынан табылған мұхит құмы дәлел.
ҚАЗЫҒҰРТ АТАУЫ ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?
Қазығұрт аты алғаш рет IX ғасырлардағы жазбаларда кездескен. Оғыздар мен печенегтер арасындағы соғыс жайлы жырда Қазығұрт тау ретінде аталады. Ал Әбілғазының «Түрікмендер шежіресінде» Қазығұрт туралы екі дерек айтылады. Оның бірі Оғызханның күңінен туған алты ұлының бірі Қазығұрт болса, екіншісі тау атауы деп көрсетілген. Жазушы Сәуірбек Бақбергенов бұл жайлы әділдікті айтатын қазы және түркілердің тотемдік белгісі-құрт (қасқыр) деген сөзден жасалған деген пікір айтқан. Ал араб географтарының жазбаларында Кукрд деп жазылған тау дыбыстық өзгеріске ұшырап қазіргі атын иеленді деген болжам айтушылар да кездеседі. Тау атауы жайлы мынадай да аңыз бар. Топан судың беті қайтқасын алғаш жерге Нұх пайғамбардың өзі түсіп, қазық қаққан деседі. Әулие табаны тиген жер әуелгіде Қазықұрды кейіннен Қазығұрт аталып кетіпті. Өзге жұрт қалай өзеуресе де тау басындағы жазықта “Кеме қалған”, “Пайғамбар тоқтаған”, “Пайғамбар саусағы”, “Ғайып ерен, қырық шілтен”, “Әңгір ата” аталатын қасиетті орындар бар. Кеме сұлбасындағы тастар маңында табиғаттың заңдылығына бағынбаған Ақбура бұлағы төменнен өрге қарай ағып жатыр. Бір қарағанда шахмат тақтасының бетіндегі тастардай әсер қалдыратын көрініс Жаратқанға “Жау қолына түсірме”-деп жалбарынған қырық қыз деседі. Туған топырағын қорғаған қыздар ақ тасқа, ал бейғам елге тұтқиылдан тиіскен жау жасағы қара тасқа айналып кетіпті. Ұлы жол бойына орналасқан қаланың өнер мен білім ордасына айналғандығын басқа емес ертедегі жиһанкез Марко Полоның өзі жазып кеткен. Византия тарихшысы Менандр осы “Кеме қалған” шыңының жанындағы “Орда қонғанда” батыс түрік қағаны Истемидің Византия мемлекетінің қолбасшысы Земархты қабылдағаны жайлы дерек қалдырған.. Осы тауда ежелгі Майқы бидің парсының жер қайысқан қолын айламен қайтарғандығы жайлы аңыз да сақталып қалған. Исі қазақты бір тудың астына біріктірген Сабалақ бозбала кезінде осы баурайда Төле бидің түйесін баққан. 1728 жылы Қазығұрт маңындағы Ордабасыда қазақтың игі жақсылары елдің малын талаудан, жанын қамаудан қорғау жайлы бәтуаласып, жоңғарларға күйрете соққы берген. Қасиетті тау ұлт үшін осынысымен ыстық. Осы өңірде туып, Қазығұрт жайлы көркем дүние де, ғылыми-танымдық еңбектер де жазып, киелі мекенді шығармашылығының алтын арқауына айналдырған Қалаубек Тұрсынқұловтың бастамасымен Бектай Шетен, Зұлпықар Әбдірасыл секілді жергілікті зерттеуші-қаламгерлер энциклопедиялық сипаттағы көлемді кітап шығарыпты. Соны дайындау кезінде тау басына шыққандар төмендегі тастар тізбегінің крест (+) белгісін құрайтынын байқаған. Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінен де табылған бұл таңба осы өңірдегі ежелгі мәдениеттің бір-бірімен тығыз байланысты болғанын аңғартады.
Осы өңірдің тумасы, қазір “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абрахманов ауданның 75 жылдығына байланысты деректі фильм түсіртуге мұрындық болыпты. Аудан әкімшілігінің қызметкері Сапар Қалботаев фильмді түсіру кезінде тау үңгірлеріне енген телеоператорлар камераларының жарығы жиі сөніп қала бергенін айтады. Жергілікті тұрғындар бұл құбылысты тылсымға толы таудың тағы бір құпиясы деседі. Атты адам еркін жүретін үңгірлер жолы Қазығұрттан 120 шақырым жердегі Отырардан шығарады.
НАУРЫЗ ҚАЗЫҒҰРТТАН БАСТАЛҒАН
Аңыз бойынша Нұх кемесі Қазығұртқа келіп қайырлағанда күн мен түннің теңескен мезгілі екен деседі. Сол сәт пайғамбар да мерейленіп, қолдағы асын кемедегі тіршілік иелеріне үлестіріп берген екен. Кеме тау басына келіп тоқтаған соң 300 жылдан кейін Наурыз атты адам ежелгі мерекені тойлауды қайта бастаған дейді. Демек, осыдан 12 600 жылдан астам бұрын жер бетін топан су қаптаған деген қазіргі зерттеушілер дерегіне сүйенсек, Наурыз тарихы 12-13 мың жылға созылады.
Бір өзі бір ғылыми орталықтың жүгін арқалап жүрген белгілі этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы 1970 жылы Мәскеудегі Ленин кітапханасынан ерте кезде араб қарпімен жазылған “Наурыз” атты жырға кезігеді. Ұзақ жырда Нұх пайғамбардың өзі күн мен түн теңескен мезгілде шашу шашып, кемесіндегілердің бұл күнді мерекелегені жазылады. Осыған сүйеніп, Ұлыстың ұлы күні Қазығұрт баурайынан бастау алған деген тұжырымға тоқтаған ғалым бұл мәселені түбегейлі зерттеуге кіріседі. Тынымсыз ізденген ғалым ежелгі қытай жазбаларынан ғұндардың бұл күнді ерекше мерекелеп, 365 жігіттің әрқайсысы бір күйден шерткені жайлы дерек тапқан. Қазір ғалымның жеке қорында жүздеген баспа табақтай материал жинақталыпты. 2006 жылы “Наурыз-Қазығұрттан басталған” деген іс-шараны өткізуді қолға алған аудан әкімі Нұржан Әжіметов Жағда Бабалықұлы мен жазушы Қалаубек Тұрсынқұловтың ұйымдастыру мәселелеріне көп көмек тигізгенін айтады. Кезіндегі бабалар дәстүріндей 3 жүзге сауын айтпаса да, айналадағы ағайынды түгел жиған сол тойға Алматы, Астана, Жамбыл, Тәшкен атырабынан арнайы өкілдер келіп қатысыпты. Кіндігі осы топырақта кесіліп, Қазығұрт жайлы талай аңызға қанып өскен аудан әкімі Нұржан Нұрмағамбетұлы мынадай бір қызық әңгіме айтты. Жергілікті өнерпаздардың жер бетін топан су қаптағанын көрсететін театрландырылған қойылым кезінде шынымен де аспаннан жаңбыр шелектеп құйып, аяқ астынан дауыл көтеріліпті. Кеменің тау басына қайырлайтын тұсы бейнелегенде нөсер сап тыйылып, аспан шайдай ашылыпты. Бір қызығы, келесі жылы да осындай жағдай айна-қатесіз қайталанған. Нұржан Нұрмағамбетұлы ауа райы орталығы мен интернеттегі мәліметтерге сүйенетін адамдарды қайта-қайта қапы қалдыратын табиғаттың бұл құбылысын таудың тылсым қасиетімен байланыстыра қарайды. Талай сырды бүгіп жатқан тауға қарап тұрып, жер бетіндегі тіршілік атаулыға жан бітіретін ұлыстың ұлы күні жайлы аңыз авторы басқа емес қазақ болғанына марқаясың.
ЕКІ КЕЛЕС, БІР ТАЛАС
Аумағы 4,5 мың шаршы шақырымды құрайтын Қазығұрт өзендер өрнектеген өлке. Құр Келес пен Сулы Келес, Талас өзендері қосылып Шарбақты су жүйесін құрайды. 1928 жылы Қаратас ауданы болып құрылып, кейін уақыт ағымымен атауын сан өзгерткен аудан 1993 жылдан Қазығұрт аталады. 19 ұлт пен ұлыстан құралған 100 мыңнан астам тұрғын тату-тәтті тірлік кешіп келеді. Қазығұрт-тау секілді еңсесі биік азаматтар елі екен. Басқаны бөтенсімейтін бауырмал ағайынның басын қосқан жер екен. Сапар барысында бізге аудан әкімі Нұржан Әжіметов, аудандық әкімшілік қызметкері Сапар Қалботаев, аудандық “Қазығұрт тынысы” газетінің редакторы Бектай Шетен, “Қазақстан” Ұлттық телеарнасының Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Ғани Қалмаханов мырзлар көп көмек көрсетті. Қасиетті өңірге табаны тигенде әйгілі Асанқайғы бабамыз “Жемісі көп, жері көп жер төресі мұнда екен, жігіті көп, ері көп, ел төресі мұнда екен”-деп бекер сүйсінбеген екен. Үлкен сайды қуалай қонған Қазығұрт етекте қалып барады. Алдымызда Шардара.
Мұрат Жетпісбаев, “Сыр бойы”
Қызылорда-Шымкент-Қазығұрт-Қызылорда.
21.03.09