Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Айқай 13273 4 пікір 27 Мамыр, 2017 сағат 12:58

 Үптелген қаржы мен жер дауы: Үржар ауданында тексеріс басталды!

 

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданына қарасты 91 432,5 га жер телімін Қытай компанияларының үлесі бар "Бəтуа "ЖШС мен бірнеше серіктестіктің заңсыз алып алғандары анықталып, болған іске жауапты тұлғаларға байланысты мемлекеттік органдар тарапынан тексеріс басталып жатыр.  Осы жайтты редакциямызға қоңырау соғып хабарлаған қоғам белсендісі Айдын Егеубаев мырза (суретте) мәселенің мән-жайын былай деп баян етті:

- Өткен сәуір айының 5-і күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровпен  қоғам белсенділері: Мақсат Ильясұлы жəне мен - Айдын Егеубаев кездескен болатынбыз. Кездесу барысында Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында  91 432,5 га жер телімін Қытай компанияларының үлесі бар "Бəтуа "ЖШС-мен бірігіп бірнеше серіктестіктің заңсыз алып алғандары анықталғаны,   бұларға мемлекет тарапынан миллиардтаған қаржы берілгені жəне Қытай мемлекетінен келген миллиондаған (АҚШ доллары) инвестициялардың қандай мақсатқа жұмсалғаны туралы мəселелерді талқылаған болатынбыз.  Сол талқылаудың түйінінде Мемлекеттік қызмет істері жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Үржардағы ахуалды тікелей  өзінің бақылауына алатынын жəне тексеріс тобын құрып нақты жұмыс жасайтынын айтқан еді. Міне, содан кейін  Үржар ауданында тексеріс басталды. Тексерістің жұмысымен мен де Үржарға келіп қалдым.

Айдын мырза, сонда тексеріс тобының құрамына қоғам белсендісі ретінде сіз де мүше болдыңыз ба, әлде сіз азаматтық талап тантып жүрсіз бе?

- Тексеріс тобына арыз иесі ретінде кірдім. Оның үстіне бұл тексерісті Шығыс Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті  менің 5 сәуір айында Қожамжаровтың қабылдауында болған кезде берген арызымның негізінде қарап, қазір Үржар ауданында арнайы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тергеушілері жұмыс жасап жатыр. Тексеріс тобына кіруімнің себебі – сол.

Сонда Үржар ауданында 91 432,5 га жер телімдерін Қытай компанияларының үлесі бар "Бəтуа "ЖШС  заңсыз иеленген бе?  

Иә, заңсыз иеленген. Аталған серкітестіктің соншама үлкен жерді заңсыз алғанын ШҚО экономикалық соты дәлелдеген болатын.  Сот шешімі бойынша,  алынған жерлер заңсыз деп танылды.

 

Демек мемлекет тарапынан берілген субсидиялар да заңсыз болғаны ғой?

- Әрине, заңсыз. Сот шешіміне байланысты қазір аудан деңгейіндегі атқамінерлер, аудандық жер комиссиясының мүшелері, жер қатынастары бөлімінің қызметкерлері  сұраққа алынып, тергеліп жатыр.  Меніңше, осы аталған мемлекеттік қызметкерлер қатаң жазалануы керек. Сондай-ақ, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан берілген субсидиялардың қалай, қайда, қайтіп жұмсалағыны да тексерілуі қажет.  Облыс басшылары да осы іс үшін жауап беруі тиіс.

- Қазір тексеріс, тергеу беті қалай?

- Қазір Қытай компаниялары мен бірлескен серіктестіктердің басшыларынан да жауап алынып, тексеріліп жатыр. ШҚО-да тексеріс болғаннан кейін бас кеңселері Алматы қаласында орналасқандықтан Алматы қаласында да тексеріс жалғасады. «Бәтуа» ЖШС-нің құжаты бойынша, Үржар ауданында 500 адам жұмыс жасады деп көрсетілген. Ендеше, жұмыс жасаған адамдармен жұмыс беруші арасында келісім шарт жасалды ма? Зейнетақы қорына ақша аударылды ма? Барлық заң талаптары сақталды ма? Осының бәрі тексерілетін болады.

Қытай мемлекетінен 2010 жылдан бері қарай "Бәтуа" ЖШС-не қанша қаражат келді, бұл қаражат қайда жұмсалды – тексеру тобы бұны да анықтайтын боламыз.

Бір қызығы бұл тексеріс енді басталды. Былтырдан бері басталған тексерістер  енді ғана қозғалды.

- Түйіндей айтқанда, Үржарда үптелген қаржы мен жер дауына нақты кімдер жауап беруі керек?

- ЗАҢСЫЗ ЖЕР БЕРГЕН ƏКІМДЕР, ЖЕР КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІ, ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ   ЖӘНЕ  ЗАҢСЫЗ ЖЕРГЕ МЕМЛЕКЕТТЕН  МИЛЛИОНДАҒАН ҚАРЖЫ БЕРГЕН МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕ БАСШЫЛАРЫ ЖАУАП БЕРУІ КЕРЕК! ӨЙТКЕНІ ЕЛ – ИЕСІЗ, ЖЕР – КИЕСІЗ ЕМЕС!

Cұхбаттасқан Д. Қасенұлы

Abai.kz

 

 

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052