Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 9191 0 пікір 7 Қыркүйек, 2010 сағат 12:43

Сыр өңіріндегі ағартушылар хақында

Қали ОМАРОВ, география ғылымдарының кандидаты, доцент, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті  ғылыми зерттеулерді үйлестіру басқармасының бастығы

Мемлекетімізді қалыптастыру, іргесін бекіту, халықтың рухани мәдениетін, дүниетанымын жетілдіру, сауаттандыру, әлеуметтік жағдайын көтеру жұмыстарымен айналысқан, отаршылар ықпалына қарсы күрескен, имандылық пен білімділікті насихаттаған, құнды шығармалар жазып, ғажайып туындыларды дүниеге келтірген ғұлама-ағартушылар мен қайраткерлердің ұлтымызды ұйыстырудағы рөлі орасан болғаны бүгінде тарихи шындыққа айналды.

Халқымыздың сан ғасырлар бойы ұлы Шығыс өркениетінің аясында дамығаны белгілі. Ұлтымыздың перзенттері білім мен ілімнің озық үлгілеріне ислам мәдени орталықтарындағы орта және жоғары оқу орындарында сусындады. Осы оқымысты-ғұламалар бүкіл ел аумағында мешіт, медресе, мектеп ашу арқылы сауаттандыру, имандылыққа тәрбиелеу, кәсіпке баулу және т.б. ағартушылық қызмет жүргізіп, мемлекеттік биліктің мызғымас тірегі болды.

Қали ОМАРОВ, география ғылымдарының кандидаты, доцент, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті  ғылыми зерттеулерді үйлестіру басқармасының бастығы

Мемлекетімізді қалыптастыру, іргесін бекіту, халықтың рухани мәдениетін, дүниетанымын жетілдіру, сауаттандыру, әлеуметтік жағдайын көтеру жұмыстарымен айналысқан, отаршылар ықпалына қарсы күрескен, имандылық пен білімділікті насихаттаған, құнды шығармалар жазып, ғажайып туындыларды дүниеге келтірген ғұлама-ағартушылар мен қайраткерлердің ұлтымызды ұйыстырудағы рөлі орасан болғаны бүгінде тарихи шындыққа айналды.

Халқымыздың сан ғасырлар бойы ұлы Шығыс өркениетінің аясында дамығаны белгілі. Ұлтымыздың перзенттері білім мен ілімнің озық үлгілеріне ислам мәдени орталықтарындағы орта және жоғары оқу орындарында сусындады. Осы оқымысты-ғұламалар бүкіл ел аумағында мешіт, медресе, мектеп ашу арқылы сауаттандыру, имандылыққа тәрбиелеу, кәсіпке баулу және т.б. ағартушылық қызмет жүргізіп, мемлекеттік биліктің мызғымас тірегі болды.

Ресей отаршыларының халқымызды ұлттық келбеттен, тілден, діннен, жерден айыруға ба­ғыт­талған стратегиялық саясатына 200 жылға жуық жүйелі қарсылық көрсеткен де ағартушылық ұстанымдағы қайраткерлеріміз. Ішінара  жүзеге асырылған осы стратегияны толық орындау үшін  империяның лайықты ізбасары Кеңестік жүйе көр­некті ағартушыларымызды, олардың дәстүрін тү­бегейлі жойғанда ғана қол жеткізетінін түсінсе ке­рек. Тарихи тұрғыдан өте қысқа уақыт ішінде мед­ре­се-мешіттер ойрандалды; ислам қағидаларының орнына коммунистік идеология енгізілді; мәдени, тарихи, рухани мұраларымыздан айыру мақсатын­да алфавитті ауыстырды; бүкіл қазақты сауатсыз, ал әлемдік өркениеттің шамшырағы Шығыс мәде­ниетін «ескі», Ресей білімін «жаңа» деген ұғымдар­ды санамызға сіңірді; жерді басқару еркінен айы­рып, қоғамымызға жат таптық көзқарасты күштеп таңу арқылы халқымыздың үштен бірін босқынға айналдырды, жерімізге ділі жат, салт-дәстүрі басқа келімсектерді қаптатты. Осындай нәубет, зобалаңға ашық қарсылық көрсеткен алаш зиялылары мен ишан, ахун, молда және т.б. ұлт ағартушыларын әлеуметтік топ ретінде жойды.

Білектің күші, найзаның ұшы, жүректің ру­хы­мен қазақтың жерін қорғаған арыстар мен асыл­дарымыздың жанқиярлық ерлігін, ерен ең­бегін, ұлағатты істерін ұлықтау жұмыстары Қазақстан тә­уелсіздігі жарияланған алғашқы жылдарынан қар­қын алды. Отаршылдық кезеңде қордаланып қал­ған ақтаңдақтардан арылып, жаңаша таразыланған төл мұраларымызды келер ұрпаққа аманаттау - ұлт мүддесіне жауап беретін ұлы іс екені ақиқат. Қазақ­стан Республикасының Президенті Н.Ә.Назар­баев­тың: «Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын Республиканың жер бетінде барлығы үшін, тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қор­ғаған қайсар жандардың әруағының алдында қашан да қарыздармыз», «Бабаларын қалтқысыз қастер­лей алған халық балаларының болашағын да қапы­сыз қамдай алмақ», деген толғаныстары әрбірімізді ұлттық тарихымызды, ата-бабаларымыздың өнеге-дәстүрін қадірлеп, қастерлеуге шақырады.

Сыр өңірі - бүкіл алашқа мәлім дүлдүл ақын, шайырлар, батыр, билер мекені ғана емес ахундар мен ишандар, молда мен мақсым атанған оқымысты, ғұламалардың елі. Саясат, өнер, білім, ғы­лым са­ласында биік деңгейден көрінген Сыр бойы пер­зенттерінің Орта Азия ғана емес, бүкіл Шығыс мәдениетінде алар орны берік. Олардың қатарында қазақтың өз алдына дербес ел ретінде құрылуына, мәдениетін дамытуға  үлкен еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ағартушы күрескерлер бар.

Қазақ даласында ағартушылық істі ишандар мен ахундар, оқымысты ғұламалар өрістетті. Олар ел өміріндегі ықпалды  әлеуметтік топ ретінде халықты мұсылман дінінің басты ұстанымы  имандылыққа тәрбиелеген, мешіт салдырып, мед­реселер ашқан, Шығыстың классикалық әдеби мұраларын на­сихаттаған, Ресей империясының отаршылдық сая­сатына өздері жүргізген діни тәлім-тәрбие, оқу-ағарту істері арқылы кедергі жасаған шын мәнін­дегі күрескерлерге айналды.

Сыр елінен шыққан ағартушы ұстаздар фи­лософия, грамматика, лингвистика, шығыс тарихы мен әдебиеті, астрономия және т.б. жаратылыста­ну салалары бойынша кәсіби білікті болған. Бұлар негізінен Мекке, Медине, Бағдат, Шам, Ыстанбұл, Каир, Кабул, Герат, Хиуа, Хорезм, Үргеніш, Са­марқанд және т.б. мәдениет орталықтарында оқы­­ған. Өңір халқын ағартуда Бұхарадағы «Кө­кіл­таш» медресесінің орны ерекше болды. Медресе түлек­терінің қатарында Сыр өңірінде өздерінің дербес мешіт-медресесін ашқан ағартушы-ұстаздар көптеп саналады.

Сыр өңірінде ағартушылық қызмет жүргізу арқы­лы ұлт мүддесін қорғаған мемлекет, қоғам және руха­ниат қайраткерлерінің бір қатары төмендегідей.

Асан Қайғы Сәбитұлы (XIV ғ. соңы - XV ғ. ортасы). Мемлекет қайраткері, ақын, философ. Әкесі Сәбит Арал өңірін мекен еткен. Қазақ халқын бір ту астына біріктіруге күш-жігерін аямай жұмсаған. Қазақ хандығының ұраншысы Асан Қайғының этикалық, поэтикалық зерде және философия, гуманизм бағыттардағы дүниетанымдық мұралары халыққа мирас. Есімі бүгінге дейін ноғай, өзбек, түркімен, қырғыз, қарақалпақ халықтары арасында құрмет тұтылып келеді.

Сайд Ахмат Жалаладдин Қосани (1461-1542 жж.). Сыр өңірінде Мағзаман әулие атымен белгілі. Са­марқанда тіл білімінің синтаксисі, морфология са­ласы бойынша біліктілік алған ол кейін оқуын Таш­кентте жалғастырған. Жасы отызға жетпей діни білімі мен іліми дәрежесіне сай Мақдум Мағзам атағы берілген. XVI ғасырдың алғашқы ширегінде Жа­ңа дария - Сырдария аралығын мекендеп, ағарту­­шы­лық қызмет атқарған. Діни, саяси әлеуметтік мәсе­ле­лер, мемлекеттік іс басқару жүйелері туралы отыз­дан астам іргелі ғылыми еңбектер жазып қалдырған.

Мақтұм Cейіт Баба (1590-1663 жж.). Сырдария ауданы Шаған ауылының солтүстік-батысында дү­ниеге келген. Ол ислам дінін берік ұстанған аса сауатты, ғұлама тұлға. Жарлыларға болысып, иман­дылықты насихаттаған, сөйтіп ел құрметіне бө­ленген. Ұрпақтарының арасынан мешіт ұстаған 20 ишан шыққан.

Қожжан қожа (1595-1676 жж.). Бағдат, Бұқара сынды ірі мәдени орталықтарда білім алған. Оның атағы Сыр елі мен Өзбекстан жеріне, Қарақалпақ өңіріне кең тараған. Сыр өңірінде мешіт салдырып, ауыл-ауылдарға шәкірттерін жіберіп, жас балалар­дың діни білім-тәрбие алуына барынша ықпал етіп отырған.

Мәдіқожа (Махди) - XVII ғасырда Сыр өңірін­де өмір сүрген оқымысты, көріпкел әулие. Мәдіқо­жа Түркістан өлкесіндегі Қожа Ахмет Ясауидан кейін­гі халықты ұлы да игі істерге бастаған екінші тұл­ға саналады. Сырдария ауданының Жетікөл елді мекенінде Мәдіқожа атындағы мешіт және ескерт­кіш бар.

Әйтеке би Байбекұлы (1644-1700 жж.). Мемлекет қайраткері. Әйтеке би бес жасында ауыл молдасы­нан сауатын ашқан. Ол Самарқандағы «Ұлықбек»,  «Тіллә-қари», «Шердор» медреселерін тәмамдаған. Әйтеке би дін, құқық, аспан әлемі, жағырапия, та­рих, математика пәндерін жетік меңгеріп, араб, пар­сы, шағатай, өзбек тілдерінде сөйлеген. Медресені бітірісімен туған ауылына оралып, әкесі Байбек­пен, ұстазы Қосуақпен бірге ел басқару істеріне арала­сады. Жиырма бес  жасында барша Кіші жүз халқы оны бас би етіп сайлаған. 1680 жылы Тәуке хан таққа отырған кезде «Хан кеңесі» құрамына енген. 1684 жылы «Жеті жарғы» заңын жасап, қабылдауға елеу­лі үлес қосқан. Бүгінде Қызылорда облысындағы Жа­ңа Қазалы кенті Әйтеке бидің есімімен аталады.

Мүсірәлі сопы әзиз - Әжіқожа Жәдікұлы (XVII ғ. екінші жартысы - XVIII ғ. басы). 1680 ж. Күлтөбеде Тәукені хан сайлағаннан кейін билер Әжіқожаны бүкіл қазақтың пірі деп жариялайды. Есіміне сопы әзиз деген атақ қосылады. Қазақ халқы әдет-жосындарының жиынтығы «Жеті жарғы» заңын әзірлеуге қатысқан.

Сейтбембет әулие (XVIII ғ. аяғы - XIX ғ. ор­тасы). Сейтбембет Хиуа, Бұқара медреселерінде оқып, Бағдат, Мысыр, Шам, Мекке, Медине, Герат қалаларында білімін жетілдірген. Ол Сыр бойы халқы арасында үлкен сый-құрметке, зор рухани ықпалға ие болған.

Айқожа ишан Темірұлы (1773-1857 жж.) Таш­кентте, Бұхарада, Ауғанстанда діни білім алған. Айқожа ишан Жаңақорған өңіріндегі Қарасопыда мектеп-медресе ашып, ағартушылық қызмет жүргізіп әрі иман­дылық тәрбиесін берумен айналысқан. Ақтас­тағы Айқожа ишан мешіті Сыр өңіріндегі ірі тарихи ескерткіштердің бірі.

Марал ишан Құрманұлы (1780-1841 жж.) - бұрынғы Қазалы, Торғай және Қостанай уездеріне айрықша мәлім болған ислам ағартушылығы дәстүрінің көрнекті тұлғасы, қоғам қайраткері. Бұхарадағы діни оқу орындарында оқып, Шығыс ғылымы мен ілімін игерген. Сыр бойына келген соң халықтың сауатын ашып, мәдениетін көтеруге көп еңбек сіңірген. Сырдарияның бір саласы Қараөзектің бойына жағалай 7 мешіт-медресе («Қара бөгет», «Байбол», «Ишан ауылы», «Қырғы мешіт», «Қолаңтөбе», «Қышмешіт», «Оспан ишан», «Қамыр төбе» мешіттері) салдырған. Бұларда бала оқып, тәлім алған. Ресей империясы отаршылдық саясатына және Хиуа хандығы басқыншылығына қарсы ымырасыз күрес жүргізген. Бейіті Қармақшы ауданы Баба атындағы қорымда.

Құлболды ишан (шамамен 1785-1860 жж.). Сыр­дария ауданы Жетікөл мен Айдарлы ауылдарының арасында дүниеге келген. Бар саналы ғұмырын мұ­сылманшылықты насихаттап, шәкірт тәрбиелеуге арнаған. Жас кезінде Ханқожаның медресесінде ді­ни сауаттанады. Бұхарада, Ауғанстанда жоғары білім алады. Елге  оралған соң Ысмайыл Әздүр мешітінде имам болып, бала оқытады.

Оразай ишан Бұғыбайұлы. Ол 1809 жылы дүниеге келген. Ауыл молдасынан хат таниды. Оразай ишан Торғай өңірінде халықты дінге уағыздау, сауатын ашу бағытында көп еңбек сіңірген. Сырдарияның арғы бетінде (Сұлутөбе тұсында) «Зіңкетер» деген жерде мешіт ұстап, бала оқытқан.

Қалқай ишан - Қалмұхамед Маралұлы (1815-1870 жж.). Әкесі Марал ишаннан діни тағылым алып, кейін Бұқара мен Бағдат қалаларындағы ді­ни медреселерді тәмамдаған. Қалқай ишан мешіт, медресе салып жастарға білім берумен қатар, елді егіншілікке үйреткен.

Молдашер ахун Жамұратұлы (1825-1904 жж.). Өз заманында оқымысты, ғұлама кісілердің бірі атанған. Бұхарадағы Көкілташ медресесін үздік тәмамдаған соң тағы екі жыл жоғары білім алып, ахун атанған. Грамматика, лингвистика, философия, жаратылыстану саласы пәндерін жетік меңгерген. Оның Қазалы, Қармақшы өңірлерінде арабша, парсыша сауат ашатын мектептері болған. Ресейдің отаршылдық саясатына ашық қарсы болған ол біраз ауылдарды бастап 1868 жылы Бұхараның Тамды өңіріне қоныс аударған.

Мырзабай ахун Азаматұлы (1833-1916 жж.). Жалағаш ауданы Мәдениет ауылдық округінде дүниеге келген. Ауылында сауат ашқаннан кейін Бұхарадағы «Көкілташ» медресесін 1854 жылы бітірген. Ұстаздық қызметінің алғашқы жылдары Өзбекстандағы Бируни қаласы маңындағы Тақта­көпір ауылында бала оқытады. Елге оралғасын мешіт-мектеп ашып, ағартушылық қызметін жал­ғастырады. Туған ауылы қазір Мырзабай ахун есімімен аталады.

Әлібай ахун Қосқұлақұлы (1835-1928 жж.). Са­рықұм деген жерде дүниеге келген. Әуелі ауыл мол­даларынан, кейіннен Ораз ахуннан дәріс алған. Хорезм қаласынан діни медресені бітіріп келгесін Сарықұмда халықтың күшімен мешіт салған. Бұл мешітте көптеген жастар білім алған. Кейіннен ел­дің белгілі адамдары Қаратөбе деген жерден Әлі­бай ахунға арнап жаңа мешіт салғызады (бұл мешіт қазіргі Ақтөбе облысының аумағында). Мешітте шәкірттерге дәрісті ахунның өзі оқыған.

Ораз-Мұхамеджан ахун Бекетайұлы (1836-1894 жж.). Сыр бойындағы алғашқы  ағартушылар­дың бірі, халықты имандылыққа шақырған рухани ұстаз, діни қайраткер. Әуелі ауыл молдасында сауат ашып, кейін Бұқарадағы Көкілташ медресесінде оқы­ған. Осы медреседе көшірмеші, аудармашы бо­ла жүріп «Төрекей» атты екі томдық кітап жазған. 1860-1861 жж. өз ауылында молда, кейіннен «Сары­құм» мешітінде имам болып, бала оқытқан.

Мұңайтпас би Лапин (1838-1918 жж.). 1896-1906 жж. Кеңтүп болысын басқарған. 1903 жылы «Хан ағаш» деп аталатын мектеп ашып, балаларды оқытқан.

Алтайбек ахун (1841-1913 жж.). Сыр өңіріндегі Кеңтүп болысы мен Көткеншек болысы маңында қазіргі «Қожық» қыстауы деп аталатын жерде туып-өскен. Әуелде ауыл молдаларынан, кейін Бұхара­дағы медреседе оқыған. Алтайбек ахуннан тараған Құлахмет, Нұрахмет, Сұлтан Қожықовтар қазақ өнерінің шоқ жұлдыздары саналады.

Бәймен ахун (1846-1916 жж.). 19-шы ғасырдың 90 жылдарынан бастап, Сыр еліне белгілі Кіребай қажы мешітінің имамы болған. Бәймен Троицк қаласындағы «Расулия» медресесін тәмамдайды. Кейін Уфа қаласында оқуын жалғастырып, «Ахун» атағын алады. Өзі оқыған медреседе балаларға дә­ріс оқиды. Отыз жылдан соң туған жеріне келіп, ме­шіт­ке имам болады. Ұлағатты ұстаз ретінде көпте­ген дарынды, зерек шәкірттерінің медреселерде оқуы­на бағыт-бағдар берген.

Тапал ахун - Нұрмұхаммед Қадырұлы (1848-1921 жж.). Ол білімді Хорезмде алған. Ауылына екі ме­шіт салдырған. Мешіттегі шәкірттеріне орыс тілін қоса оқытқан. Сыр бойындағы ислам ағарту­шылары­ның ішіндегі ірі тұлғалардың бірі, оның дамуына өзін­дік үлесін қосқан қайраткер.

Әбдірахман би Тәжіқожаұлы (1848-1932 жж.). Жаңақорған ауданында Өзгент болысына қарасты «Көк жиде» деген жерде дүниеге келген. Әбдірах­ман ғұлама, білімді би болған. Бұхарадағы медре­сені бітіріп, елге келгесін Қызылордадағы Айтбай мешітінің іргесін қалаған. Кейін туған жері Өзгентте өзі ашқан мешітте бала оқытып, молдалық еткен.

Тілеуқұл ишан (шамамен 1854-1930 жж.). Тілеу­құл Қазалы ауданы, Кәукей ауылында дүниеге кел­ген. Ол Бұқара қаласындағы медреселердің бірін­де оқыған. Терең біліміне сай ишан атанып, туған өлкесіне 1880 жылдары оралған. Сырдың төменгі ағысы бойында мешіт ашып, елді имандылыққа, рухани­лыққа тәрбиелеу әрі балаларға білім беру жұмыс­тарын жолға қойған.

Бабай ишан Жүнісұлы (1857-1937 жж.). Бабай сауатын ауыл молдаларынан ашып, кейін Бұхара­дағы медресені тәмамдайды. Балаларға білім және тәр­бие берумен қатар ел арасында билік, төрелік айтқан. Бабай ишанның мешіті Сырдария ауда­нындағы «Болтай» деген жерде.

Қалжан ахун Бөлекбайұлы (1857-1916 жж.). Ауыл мектебінде дәріс алған ол кейіннен Хиуа, Бұхара қалаларының діни оқу орындарынан фи­лософия, астрономия ілімін және араб, парсы тіл­дерін меңгеріп шығады. 1889 жылы Көкілташ медре­сесінің заң бөлімін ойдағыдай бітіріп, «ахун» атанады. 1892 жылы Қалжан ахун Сыр бойындағы қазіргі Тереңөзек қыстағына жақын жерден мешіт салдырып, оның алғашқы имамы болады. Балаларға білім беру ісіне бар өмірін арнаған.

Алдашбай ахун Ерназарұлы (1858-1936 жж.). Қазақ даласына аты мәлім болған ағартушы ұс­таздардың бірі. Ол қазіргі Қызылорда облысы Қар­мақшы ауданы Тұрмағамбет ақын ауылы ма­ңа­йын­дағы «Ақбас табаны» деген жерде дүниеге кел­ген. Алдашбай 1864-1876 жж. әйгілі ұстаз Ораз ахун­­ның медресесінде оқиды. Ұстазының ақыл-ке­ңесі­мен 1876-1886 жж. Бұхара қаласындағы «Кө­кіл­таш» мед­ресесінде білім алады. Елге оралған Ал­даш­байға халық мешіт-медресе салып береді. 1890-1924 жыл­дар аралығында осы білім-ілім ордасынан мыңнан аса Сыр өңірі жастары оқып, сауаттанған.

Садық ахун Қодарұлы (1860-1937 жж.). Ол қазіргі Сырдария ауданына қарасты Ақжарма ауы­лында дүниеге келген. Садық Тапал ахуннан жеті жыл дәріс алады. Сонан соң ол Ораз ахунның мешіт-медресесінде 2 жыл оқиды. Сыр елінің белгілі ба­тыры Қалданның ауылында 1884 жылға дейін мешіт ұстап, шәкірт тәрбиелейді. Кейін Бұхарадағы «Көкіл­таш» медресесінде 4 жыл оқып, «ахун» атағын алған. Бұған қоса медресе жанындағы арнайы мектепте емдеу ісін игерген. Садық ахун 1888 жылдан бастап туған жеріндегі мешітте имам болады. 1900 жылы Қармақшы ауданындағы «Иіркөл» маңынан мешіт салдырып, сонда ұстаздық етеді. Ол бала оқытумен қатар емшілікпен де айналысқан.

Ахмет ишан Оразайұлы (1861-1927 жж.). Сырдария ауданы  «Зіңкетер» елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Оразай ишаннан сауатын ашып, кейін Бұхарадағы діни медреседе оқыған. Сарысу, Телікөл бойында  мешіт пен мектеп ұстаған. Білімдарлығы мен ақыл-парасаты, әділдігімен Ақмола, Торғай, Жезқазған өңірлеріне аты мәлім болған. Өз үйінің жанынан орысша білім беретін мектеп ашқан. А.Байтұрсынов, М.Дулатовқа «Қазақ» газетін шы­ғаруға қаражат жағынан қолдау көрсеткен. Газет бетінде қазақ балаларына арналған оқулыққа бәйге жариялап, отырықшы өмірдің артықшылығы тура­лы мақалалар жазған («Қазақ» -1913, № 6). Қазақ­стандық педагогика ғылымының, ағарту  саласының дамуына   үлкен үлес қосқан.

Ақмырза ишан Төсұлы (1882-1930 жж.). Ақмырза Қармақшы ауданында (Қуаңдария) дүниеге келген.  Ауыл молдасынан сауат ашқан ол Бұқарадағы «Көкілташ» медресесінде білімін жалғастырған. Ақмырза Бұқара, Ыстанбұл, Кабул, Герат, Уфа, Қазан қалаларында 16 жыл оқып, түрік, араб, парсы, ағылшын, орыс тілдерін жетік меңгереді. Өзінің сарқылмас рухани қазынасы мен терең білімін халықты ағарту ісіне арнаған. «Хадис», «Түрік иман» атты еңбектер жазған. Ақмырза «Кеңтүп» деген елді мекенде салынған мешітте бес жылдай балаларды оқытқан. Бұдан соң ол Қуаңдария мешітінде имам болып, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген. Ишан тө­ңі­регіне асыраушысынан айрылған жоқ-жұқа­ларды, панасыз қалған жетім-жесірлерді топ­тас­тырып, мешітке түскен қаржыны соларға бөліп беріп отыр­ған. Қуаңдарияның бойындағы суар­малы жерлерге дәнді және бақша дақылдарын ек­кізіп, халықты кәсіпке баулыған. Оның ғылыми мұрасы бүгінде  діни жоғары оқу орындарында пайдаланылуда.

Қарамолда-Мұхамеджан (1888-1937 жж.). Шір­кейлі өңірінде туған. Сауатын өз әкесінен ашқан Мұхамеджан 8 жасында Бұхарадағы «Көкілташ» медресесіне қабылданған. Оқуын бітіріп, сопылық атақ алған. Туған жері «Қабылкөлде» мешіт ұстаған. 1910 жылдан бастап Жаңақорғандағы Айқожа ишанның мешітінде дәріс оқыған. Оның екінші ұлы Қалтай Мұхамеджанов Қазақстанның халық жазушысы.

Сүлеймен ишан Есейұлы (1888-1969 жж.). Бұ­қарадағы «Көкілташ» медресесінде дәріс алған. Араб, парсы, тәжік, орыс тілдерін жете меңгерген. Ме­шіт ұстап, халыққа мұсылмандықты, иман­ды­лық­ты, са­уаттылықты уағыздаған. 1949-1965 жж. Қы­зылор­да қаласындағы Айтбай мешітінің имамы бол­ған.

Қожаназар ишан (XIX ғ. ортасы - XX ғ. басы). Ауыл мешітінен  білім алғаннан кейін Бұхарадағы діни жоғарғы оқу орнында 7 жыл оқиды. Қазалы өңірінде 1897 жылы мешіт салдыртады (қазіргі Әйтеке би кентіндегі  Қожаназар ишан мешіті). Осы мешітте қыстақ маңайындағы көптеген ауылдар­дың балалары оқыған.

Айтмұхамед (Айтбай). 1887 жылы дүниеге келген. Түркістан қаласы жанындағы Қарнақ елді мекенін­де оқып, «молда» атағын алған. Бұхарада діни, Ташкентте орысша білім алған. XX ғасырдың бас кезінде Сыр өңірінде мектеп ашып, онда өзі қазақша, жары орысша бала оқытады. Олар бірнеше буын ағартушыларды тәрбиелеп шығарған. Айтбайдың ұлы Өмірзақ бүгінде ҚР ҰҒА академигі.

Жаппар мақсым Сейдахметқажыұлы (1890-1973 жж.). Жаппар Жаңақорған ауданына қарасты Қарасопы елді мекенінде дүниеге келген. Ол  ауылдық мешіттен дәріс алып, Өзбекстан медреселерінің бірінде білімін  жетілдірген. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Жаппар мағзымды сол кездегі ел басшылары аудан имамы етіп тағайындап, арнайы құжат берген. Соғыс қажетіне өзінің жеке есебінен 20000 мың сом ақша өткізген. Өмірінің соңына дейін Жанақорған ауданының халқын имандылыққа тәрбиелеу ісіне өзіндік үлесін қосты.

Алшынбаев Рахым (1893-1980 жж.). Аламесектегі екі жылдық орыс-қазақ мектебін (1911ж.), Қос­та­найдағы Ы.Алтынсарин ашқан мектепті, Троиц­кідегі «Расулия» медресесін, Бұқара медресесін (1917ж.), Уфадағы мұғалімдер семинариясын (1919ж.), Абай атындағы Қазақ педагогикалық институ­тын (1931ж.) бітірген. 1929 ж. ашылған Азат мектебінің тұңғыш ұйымдастырушысы. Ол тіл ғылымына елеу­лі үлес қосты. «Қазақ тілінің грамматикасы» оқулы­ғын (1937 ж.), «Педтехникумда қазақ грамматика­сын оқыту методикасы» оқу құралын (1941ж.) жазған.

Басапа ишан Алдабергенұлы. 1946 жылы дүние салған. Басапа Дәулетназар ахунның діни мектебін бітіріп, Бұхара қаласындағы Бұхарама-Шәріф жо­ғары оқу орнында оқиды. «Ишан» атағын 1922 жы­лы алған ол Жалағаш ауданы «Ақарық» ауылында «Азат» мешітін ұстаған. Балалардың сауатын ашып, тәр­бие-ағарту жұмыстарын жүргізген.

Абдулпаттаев Оспан (1898-1979 жж.) - белгілі ұстаз, ағартушы. Діни мектептерде сауатын ашқан. Қызылордадағы алты айлық мұғалімдер курсын (1917 ж.),  Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищені (1939 ж.) бітірген. 1922 жылы Қараөзекте алғаш рет кеңестік жүйе бойынша  бастауыш мектеп ашқан. Білім беру саласын дамытуға елеулі үлес қосқан.

Сыр елінде халыққа рухани тәрбие беру, сауықтыру әрі жас ұрпақты сауаттандыру саласында риясыз қызмет атқарған ағартушылардың еңбегі байыпты зерттеулерді әлі де қажет етеді.

Түркі жұртының абызы Қорқыт Ата байыз тапқан қасиетті өңірде  ағартушы-қайраткер баба­ларымыздың дәстүрлері үздіксіз жалғасып келе­ді. Осы қатардағы Мүкім ата, Тобағабыл, Мамырбай, Алдажар, Әмит, Қауыс, Ысқақ, Көшім, Керей, Жар­мұхамед, Мақсұт, Жанназар, Сәруар, Алтынқожа, Махмұт, Әззам ишандардың халық ортасында жа­саған имандылық-адамгершілік, тәлім-тәрбиелік қыз­меттері ұрпаққа өнеге. Кезінде ағартушылық рөлдері жоғары болған Қожабай, Ерімбет, Еш­ма­ғанбет, Сайыпназар, Шәймағанбет және т.б. ахун­дар мешіттерінің іздері әлі жоғалған жоқ.

Халқымыздың ислам діні ұстанымдары аясын­да тәрбиеленуін табанды түрде насихаттаған оқы­мысты молдалар - Ибрайым, Мамырайым, Есназар, Қосназар, Солтанай, Мақұл шайхтар, Үсейін, Шерман, Бақыр, Ысмайыл, Ысқақ, Ремет, Пірше, Шоқбар Ізтілеуұлы, Есмахан Қауғаұлы, Құндақбай, Сыдық, Әшіман, Асан, Омар, Әбділмүтәллап, Ибадулла, Жұмаділла, Сейдахмет, Оспан, Мұсахан, Сапар, Іскендір, Балта, Мұстафа, Үсейін, Бұрхан, Мәді, Махмұд, Инаят, Жүсіп, Тайман және т.б. қасиетті тұлғаларымыздың ұлағаты ел жадында.

Сыр елінен шыққан қайраткер, оқымысты, ұстаздардың және т.б. зиялы қауымның ағартушылық қызметін төмендегіше топтастыруға болады:

- еліміздің іргесін бекітуге, әлемдік өркениетке қосылуына, ұлттық мәдениетті дамытуға ықпал ету;

- мешіт салып, елді имандылыққа, руханилыққа тәрбиелеу;

- медресе-мектеп ашып, халыққа білім беру жұмысын ұйымдастыру;

- Шығыс ойшылдарының мұраларын зерделеу, тарих, тіл-әдебиет, өнер, философия, медицина, фармацевтика, астрономия және т.б. ғылым сала­лары бойынша іздену;

- халықты ауру-сырқаудан емдеу, салауатты өмір салтын насихаттау;

- елді кәсіпке баулу және отырықшы өмірге машықтандыру;

- халықтың әлеуметтік жағдайы төмен әлжуаз топтарына қамқор-пана болу, қайырымдылық көрсету;

- Ресей империясының отаршылдық ықпалына қарсы халық арасында мұсылмандық-ағартушылық насихаттау жұмыстарын жүргізу;

- араб-парсы, түркі-шағатай тілдеріндегі жаз­­ба әдеби, фольклорлық мұралардың классикалық үл­гіле­рін қайталай жырлаған қолжазбаларды тара­ту, кітап етіп жариялау;

- Ресей білім жүйесі аясында оқу-ағарту жұ­мыстарын ұйымдастыру;

- Кеңес үкіметі кезіндегі идеологиялық қыспаққа қарамастан, отаншылдық, ізгілік,діни-мұсылмандық тәрбие беру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру.

Үш ғасырға жуық созылған бодандық дәуірін­де өз жерімізде азшылыққа айналып, тіліміз бен ділімізден айрылатын қауіпті шекке жақындадық.Дегенмен, отарлаушылардың сан-қилы қастан­ды­ғына қарамастан тамырын тереңнен алған ұлттық рухымыз, құнарымыз, намыс-жігерімізді сақтап қала алдық.

1991 жылғы 16 желтоқсанда Ата-баба ама­наты, ел мұраты азаттықтың ақ таңы да атты. Осы­ның арқасында ана тілімізді дамытуға, рухани жаңғыруымызға, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраларымызды зерделеуге, салт-дәстүрімізбен қай­та табысуға, еліміз үшін ерен еңбек еткен пер­зент­терімізді ардақтауға кең жол ашылды. Мемлекет мұраты, ұлт мүддесіне жауап беретін осы қатардағы шаралар жүйелі жалғасын тауып келеді.

Бүгінде әлемдік өркениет өрісіне бет бұрған Қазақстанда Ислам дінінің ұлт тұтастығын сақтау­дағы маңызы ерекше болып отыр. Оның тәрбиелік, ағартушылық қызметіне, халықтар достығы мен конфессияаралық қарым-қатынасты нығайтудағы рөліне үлкен мән берілуде. Елімізде соңғы жылда­ры әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің қатарынан 3 бірдей съезі өткізілуі, Қазақстанның «Ислам Конференциясы» ұйымына 2011 жылы төрағалық етуге сайлануы осының айғағы.

 

«Қазақ тарихы» журналынан

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383