Рухани жаңғыру: Жетісу жұртшылығы жазушылармен жүздесті
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының мақсаты мен мүддесін қалың бұқараға жеткізіп, кең көлемде насихаттау жұмысына ерекше мән беріліп отыр. Жетісу жұртшылығы да рухани жаңғыруға өзіндік үндерін қосып, маңызды басқосуар мен келелі кездесулерге белсене қатысуда.
Күні кеше қалың қауым «Ақындар мен батырлар елі» деп үлкен құрметпен атайтын Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылындағы аудандық кітапханада осы тақырыпта тағы бір тағылымды жүздесу өткізді, деп хабарлайды «Айқын» газеті.
Әдебиетсүйер қауым есімдерін жатқа білетін, кітаптарын жастана жатып оқитын елге белгілі жазушылар Мархабат Байғұт пен Несіпбек Дәутайұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының ел болашағы үшін үлкен міндеттер жүктейтінін жұртшылыққа жеткізуге тырысты.
Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облысынан жыр алыбының туған жеріне арнайы әрі ардақты мақсатпен келген қаламгерлермен кездесуге аудандық мекеме, бөлім басшылары мен қоғамдық ұйымдар жетекшілері қатысты. Мәдениет пен әдебиет саласының адамдары сүйікті жазушылармен жүздесуге бір кісідей жиналды. Кездесуді өткізуге мұрындық болған Қазақстан халқы Ассамблеясы.
Бірінші болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Қаныбек Айтжанов Елбасының өз елімізде ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттердегі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, саясаткерлердің жоғары бағасын алған бағдарламалық мақаласының маңызы мен мақсат-мұраты жайында егжей-тегжейлі баяндай келе, оңтүстіктен ат арытып жеткен жазушыларға сөз берді. Жазушы, журналист, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі Мархабат Байғұт рухани жаңғырудың қалың бұқарамен бірге қолына қалам ұстаған қауымға да соны серпіліс әкелгенін айтты. Мұндағы басты міндет те руханият саласында тер төгіп жүргендерге жүктелетіндігін, соған сай бағдарламалық мақалада айтылғандарды іс жүзіне асыруға барлығымыз ат салысуымыз қажеттігіне де тоқталды.
Жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Жамбыл» әдеби-көпшілік журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры Несіпбек Дәутайұлы да әріптесінің тұшымды ойын толықтырып, одан ары толғады. Еліміздің Тұңғыш Президентінің халықты рухани жаңғыртудағы сарабдал саясаткерлігін, көреген көшбасшылығын, ұлт мүддесін көздеген батыл бастамаларын кеңінен қозғады.
Жазушылармен жүздесуде Елбасының ел болашағын баянды етуге бағыталған бағдарламасының ұлтымыз үшін аса маңыздылығы, өнегесі өрелі екендігі жайлы пайымды пікірлер мен тұжырымды ойлар ортаға салынды. Қос қаламгердің бастамасы алдағы кезде де жалғасын тапса жақсы болар еді деген ұсыныстар айтылды. Шындығында, Елбасының бағдарламалық мақаласын атқарушы билік өкілдерінен гөрі, есімдері ел жадында жатталған, мыңдаған оқырмандары асыға күтетін руханият майданының нағыз сардарлары болып саналатын мықты ақын-жазушылар насихаттаса, қазақтың бай тілімен кестелеп жеткізсе, халық оны дұрыс қабылдар еді. Келешекте ұлтымыз табысты болуы үшін әрбір қазақстандық бәсекеге қабілетті, сана-сезімі жоғары, білімді, сауатты болуы тиіс. Ұлттық кодты, мәдениетті сақтап, жаңа заман жетістіктерін бойға сіңіре отырып, жалпыадамзаттық құндылықтармен рухани баюымыз қажет. Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы, жалпыұлттық патриотизмді дәріптейтін «Туған жер» бағдарламасы, ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін көрсететін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы біздерді рухани тұрғыда жаңа белестерге бастары сөзсіз.
Құрметті қонақтардан кейін сөз алған белгілі журналист Күмісжан Байжан, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қырғызбек Атагелдиев, ақын Гүлнар Өмірзақова Елбасының бағдарламалық мақаласына байланысты ой-пікірлерін білдірді.
Дереккөзі: inform.kz