Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Бетбұрыс 9749 42 пікір 14 Маусым, 2017 сағат 13:37

Фурмановқа – Әбілқайыр, Масанчиге – Махамбет, Розыбакиевке – Кекілбаевтің аты берілсе...

Алматы қаласындағы Фурманов даңғылын Әбілқайыр ханның, Масанчи көшесін Махамбет Өтемісұлының, Розыбакиевті – Әбіш Кекілбаевтің атымен атайтын уақыт жетті. Бұл үшеуі де бүкіл қазаққа ортақ тұлғалар. Әбілқайыр үш жүздің қолын бастап, қазақ даласын жаудан тазартты. Қазіргі Қазақстанның аумағында Әбілқайырдың атының тұяғы тимеген жер жоқ. Махамбет Өтемісұлының өлеңдерімен сусындамаған қазақ кемде-кем. Ал, Әбіш болса, классик жазушы.

Фурманов Дмитрий Андрейұлы Фурманов азамат соғысының нақты  тарихын адам танымастай етіп бұрмалаған кеңестік мифологияның іргетасын қалаушылар қатарында болған қаламгер. Өтірікті шындай етіп, қазақтың тарихын бұрмаланған адамның орнына Әбілқайырдай ханның аты тұрса несі айып? Абылай хан екеуі Күләш Бәйсейітованы (Фурманов пен Абылай хан көшелері қатар орналасқан. Ортада Күләш Бәйсейітова көшесі бар) ортаға алып, қатар жатпай ма? «Әбілқайыр қазақты орыс бодандығына байлап берді» дейтіндер табылар. Бірақ, Әбілқайырдың ерлігі мен қазақ тарихындағы орнын ешкім жоққа шығара алмайды.

Мағазы Масанчи деген де Азамат соғысының батыры. 1920 жылдары Ташкентке басмашыларды жоюға қатысқан. Ол кездегі басмашы дегені біздің аталарымыз болып шығуы ғажап емес. Қазақстанда дүңгендердің мектебін ашып, ұйымын құрып жүрген азаматқа өз тұлғамыз жоқтай Алматының орталық көшесінен ат беруіміз мемлекет ретінде ұят іс. Егер де осы көшеге Гетенің, Пушкиннің һәм басқа да әлемдік тұлғалардың аты берілсе, оған жақ ашпас едік. Мағазы Масанчи Алматының кіндігіндегі көшенің атын иеленетіндей қазаққа қызмет еткен жоқ. Сондықтан, қазақ поэзиясының батыры Махамбеттің ескерткіші орнатылып, осы көшеде қасқайып тұруға тиіс.

Розыбакиев Қазақстанда Кеңес Үкіметін құруға атсалысқан адам. Біз Кеңестік дәуірге тиесілі барлық атаулардан арылып болып қалдық. Ленин, Сталин, Калинин, Коммунизм, т.б атаулардың бәрі келмеске кетіп жатқан тұста коммунист Розыбакиев мызғымай тұр. Розыбакиев қазақ халқы үшін не істепті? Қандай еңбегі сіңіпті? Бұл көшеге кеше ғана қайтыс болған, әдебиет пен мемлекеттік қызметтің ауыр жүгін қатар арқалаған Әбіштің аты берілсе, бүкіл қазақ бір серпілмей ме?

Бұл үш атау бірден берілсе, ұлттық санаға үлкен серпіліс әкелер еді. Неге? Мұндағы үш тұлға да – батыстың азаматтары. Біздің елде Әбілқайыр – батысқа, Абылай хан – орталыққа, Қабанбай – шығысқа қана қажет тұлғадай көше аттары өз өңірінің азаматтарына ғана берілетін үрдіс қалыптасқан. Алматыда Әбілқайыр, Махамбет (кіші көшелер бар болуы мүмкін), Әбіш атында үлкен көшелер болса, батыста сең қозғалар еді. Олар Абылай мен Қабанбайларға бет бұрар еді. Мұны көрген солтүстік пен оңтүстік қарап жатпас еді.

Біздің айтпағымыз - осы.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

42 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048